8-дәріс. Педагогтің педагогикалық қызметінің мәні мен құрылымы



бет1/3
Дата25.03.2024
өлшемі23.44 Kb.
#496421
  1   2   3
ЖМП-8


8-дәріс. Педагогтің педагогикалық қызметінің мәні мен құрылымы
Жоғары оқу орны қызметінің негізгі мазмұны бірнеше функцияларды орындауды қамтиды: білім беру, тәрбиелеу, ұйымдастырушылық және зерттеу. Жоғары оқу орнында оқыту шартты түрде үшке бөлінеді: 1) педагогикалық бағыттылық; 2) зерттеушілік бағыттылық; 3) педагогикалық және зерттеушілік бағыттылық.
Педагогикалық қабілет пен педагогикалық іс-әрекет құрылымына келесі компоненттер жатады: конструктивті, ұйымдастырушылық, коммуникативтік және гносеологиялық.
Конструктивті қабілеттер тактикалық мақсаттарды жүзеге асыруды қамтамасыз етеді: курсты құрастыру, жеке тарауларға нақты мазмұнды іріктеу, сабақтарды өткізу түрлерін таңдау және т.б.
Ұйымдастырушылық қабілеттер студентермен және басқа оқытушылармен қатынастарды орнату жеңілділігі оның коммуникативтік қабілетінің және қарым-қатынаста құзыреттілігінің даму деңгейіне байланысты. Қарым-қатынас тек қана білім берудің құралы емес, ол эмоционалдық сергіту, қызығушылық ояту, бірлескен әрекетке ынталандыру және т.б. қызметтерін де атқарады. Осыған байланысты қарым-қатынас жоғары орны оқытушысының қызметінде маңызды орын алады. Жоғары оқу орны оқытушылары – ғылыми ақпарат тасымалдаушысы емес, студенттердің танымдық әрекетінің, өздік жұмыстың, ғылыми шығармашылығының ұйымдастырушылары.
Гносеологиялық компонент – бұл жоғары оқу орнында оқытудың кәсіби әрекетінің негізін құрайтын білім мен іскерліктерінің жүйесі, сонымен бірге сол әрекеттің тиімділігіне әсер ететін танымдық әрекетінің белгілі бір сапалары. Бұл сапаларға болжамдарды құру және оларды тексере алу, қарама-қайшылықтарды сезе алу, алған нәтижелерді сыни бағалай алу жатады. Педагогикалық қабілетті құрайтын гносеологиялық компоненттің маңызды құрамдас бөлігі танымдық әрекеттің, яғни білімді меңгеру әрекетінің негізін құрайтын білім мен іскерлік. Гносеологиялық қабілет оқыту әрекетінің негізін құрайтын болса, педагогикалық шеберліктің жоғары деңгейіне жетуді анықтайтын қабілет жобалау және жоспарлау қабілеті болады. Жобалау қабілеті педагогикалық әрекеттің стратегиялық бағыттылығын қамтамасыз етеді және соңғы нәтижеге бағдарлана алу, студенттердің болашақ мамандануына байланысты өзекті мәселелерді шешу іскерліктерінде көрініс табады, курсты жоспарлауда ол курстың оқу жоспарындағы орнын есепке алумен және басқа пәндермен байланыстарын орнатумен сипатталады. Ондай қабілеттер педагогикалық тәжірибенің жинақталуымен дамиды.
Педагогикалық мамандық «Адам-Адам» типіндегі мамандықтарға жатады. Е.А.Климовқа сәйкес, бұл мамандықтың типі адамның келесідей сапаларымен анықталады: адамдармен жұмыс барысында тұрақты түрде өзін жақсы сезіну, қарым-қатынасқа қажеттілік, ойша өзін басқа адамның орнына қоя білу, басқа адамдардың ойын, ниеттерін, көңіл-күйін, адамдардың өзара қарым-қатынастарын тез түсіне алу қабілеттілігі, түрлі адамдардың тұлғалық сапалары туралы білімдерді ойында ұстай алу және сақтай алу және т.б. Е.А.Климов бойынша бұл кәсіби саланың адамдарына төмендегілер тән: 1) жетекшілік ету, басқару, үйрету, тәрбиелеу іскерліктері, «адамдардың түрлі қажеттіліктерін қанағаттандыру бойынша пайдалы әрекеттерді жүзеге асыру» қабілеттілігі; 2) тыңдау және тыңдай алу қабілеті; 3) кең дүниетаным; 4) сөйлеу (коммуникативті) мәдениеті; 5) басқа адамның сезімі мен мінезін түсіне алу, адамның мінезіне, қимыл-әрекетіне, сезімдерінің көріністеріне қарай отырып оның ішкі дүниесін жобалай алу; 6) «адамға жобалаушылық тұрғыдан қарау», ол адам әркезде одан да жақсы адам бола алатынына сенуге негізделеді; 7) бірге уайымдау қабілеттілігі; 8) байқағыштық; 9) «халыққа қызмет көрсетудің дұрыстығына сенімділік»; 10) стандартты емес жағдайларды шешу іскерлігі; 11) өзін-өзі реттеудің жоғары дәрежесі. Бұл «Адам-Адам» типіндегі мамандық субъектісінің жалпыланған портреті. Бұл типке кіретін педагогикалық мамандық бұл сипаттамаларымен қатар ерекше талаптарын қояды, олардың ішіндегі ең маңыздысы кәсіби құзыреттілік және дидактикалық мәдениет. Е.А.Климовтың пікірінше, бұл типтегі мамандықты таңдауға қарсы көрсеткіштерге сөйлеу мүкістігі, сөйлеудің айқын болмауы, тұйықтық, қарым-қатынасқа бейімсіздік, тым баяу қозғалу, адамдарға немқұрайлылық.
А.К.Маркова бойынша педагогтің кәсіби маңызды сапаларының құрылымы төмендегідей: 1) объективті сипаттамалар: кәсіби білімдер, кәсіби іскерліктер, психологиялық және педагогикалық білімдер; 2) субъективті сипаттамалар: психологиялық позициялар, ұстанымдар, тұлғалық ерекшеліктер. А.К.Маркова бойынша педагогтің кәсіби маңызды сапаларына төмендегілер жатады: педагогикалық эрудиция, педагогикалық мақсатқа бағдарлық, педагогикалық (практикалық және диагностикалық) ойлау, педагогикалық интуиция, педагогикалық импровизация, педагогикалық байқағыштық, педагогикалық оптимизм, педагогикалық тапқырлық, педагогикалық көрегендік және педагогикалық рефлексия. В.А.Крутецкий жалпылама түрде педагогикалық қабілеттерді ұсынып, оларға келесідей анықтамалар берді: 1. Дидактикалық қабілеттер – білім алушыларға түсінікті етіп оқу материалын жеткізу, пәнге қызығушылығын тудыру, белсенді дербес ойлау қабілеттері. Дидактикалық қабілеті бар оқытушы қажет жағдайда оқу материалын қайта құрастыра алады, оны педагогикалық жағынан бейімдейді, қиынды жеңіл етеді, түсініксізді түсінікті етеді. Кәсіби шеберлік өзіне материалды түсінікті және әдемі ұсынуды ғана емес, онымен бірге білім алушылардың өздік дербес таным әрекетін, дербес ізденіс әрекетін ұйымдастыру қабілеттерін қамтиды. 2. Академиялық қабілеттер – ғылым саласына қабілеттілік (математика, физика, биология, әдебиет және т.б.). 3. Перцептивті қабілеттер – білім алушының ішкі дүниесіне ене алу қабілеті, психологиялық байқағыштық, білім алушыны түсіне алу. 4. Сөйлеу қабілеттері – сөйлеу, ым және пантомимика арқылы өз ойын, сезімін білдіре алу. Педагог сөзі әрдайым ішкі күші және рухымен, сенімділігімен сипатталады. Ойын еркін, анық, қарапайым, түсінікті етіп жеткізу. 5. Ұйымдастырушылық қабілеттер – біріншіден, білім алушылар ұжымын ұйымдастыру, оны нығайту, ұжымды маңызды міндеттерді шешуге ынталандырып бағыттау, екіншіден, өз жұмысын дұрыс ұйымдастыра білу қабілеттері. 6. Авторитарлық қабілеттер – білім алушыларға тікелей эмоционалдық жігерлі әсер ету қабілеті және соның негізінде олардың алдында беделге ие болу. 7. Коммуникативті қабілеттер – білім алушылармен қарым-қатынасты құру қабілеттілігі, білім алушылардың тілін табу, олармен мақсат бағдарлы қатынасты орнату қабілеттілігі, педагогикалық такттың болуы. 8. Педагогикалық қиял – прогностикалық қабілеттер – бұл білім алушылардың тұлғасын тәрбиелік тұрғыда жобалау бойынша өз әрекеттерінің салдарларын, нәтижелерін болжай алу қабілеттілігі. 9. Іс-әрекеттің бірнеше түрлері арасында зейінді тарату қабілеті. Тәжірибелі, қабілетті оқытушы материалды баяндау мазмұны мен формасын, өз ойының (немесе оқушы ойының) барысын бақылап отырады, сол кезде қатар барлық білім алушыларды назарында ұстайды, олардың шаршауы, жалығуы, зейіндерінің шашыраңқылығы, түсінбеуі, тәртіптің бұзылуы сияқты белгілеріне сезімтал, байқағыш.
Н.В.Кузьмина және оның мектебі дамытып жатқан педагогикалық қабілеттер тұжырымдамасы, педагогикалық жүйе бес құрылымдық элементті: мақсат, оқу ақпараты, байланыс құралдары, оқушылар мен мұғалімдер және бес функционалдық элементті: зерттеушілік, жобалаушылық, коммуникативтік, ұйымдастырушылық, конструктивтік қамтитынын дәлелдеді. Бұл элементтер жеке педагогикалық іс-әрекеттің функционалдық элементтері: гносеологиялық, зерттеушілік, жобалаушылық, конструктивті, коммуникативтік, ұйымдастырушылық. Н.В. Кузьмина педагогикалық қабілеттердің екі деңгейін бөліп қарастырады: перцептивті-рефлексивті және жобалаушылық қабілеттер. Н.В.Кузьмина бойынша, педагогикалық қабілеттердің бірінші деңгейін сипаттайтын перцептивті-рефлексивті қабілеттер өзіне «сезімталдықтың үш түрін» қамтиды: нысанды сезіну, ол эмпатиямен және оқушы қажеттіліктері мен мектеп талаптарының сәйкес келуін бағалаумен байланысты; шаманы, өлшемді сезу немесе педагогикалық такт және қатысы бар екендігін сезіну. Сезімталдықтың бұл көріністері педагогикалық интуицияның негізі болады. Н.В.Кузьмина бойынша, педагогикалық қабілеттердің екінші деңгейін сипаттайтын жобалаушылық қабілеттер оқытудың жаңа, өнімді тәсілдерін жасауға бағытталған. Бұл деңгей өзіне гностикалық, жобалаушылық, конструктивтік, коммуникативтік және ұйымдастырушылық қабілеттерді қамтиды. Гностикалық қабілеттер оқыту әдістерін шығармашылық тұрғыда және тез меңгеруден, жаңа оқыту тәсілдерін жасауға бейімділіктен көрініс табады. Жобалаушылық қабілеттер білім алушыларды міндеттерді дербес өздігінен шешуге дайындайтын, оқыту мерзімінде тапсырма-міндеттерде көрініс табатын оқытудың соңғы нәтижесін ойында елестете алу қабілеттілігінде көрініс табады. Конструктивті қабілеттер бірлескен ынтымақтастыққа негізделген шығармашылық жұмыс атмосферасын құрудан, іс-әрекеттен, білім алушыны дамыту мен өзін-өзі дамыту мақсаттарына сәйкес сабақты құруға қабілеттіліктен көрініс табады. Коммуникативтік қабілеттер қатынасты, байланысты орнатудан, педагогикалық бағдарланған қарым-қатынасты орната алудан көрініс табады. Н.В.Кузьмина бойынша бұл қабілеттер төрт фактормен қамтамасыз етіледі: идентификацияға қабілеттілік; білім алушылардың жеке ерекшелігіне сезімталдық, байқағыштық; жақсы дамыған интуиция; суггестивті сапалар – білім алушыларға тікелей эмоционалды – жігерлі әсер ету қабілеттілігі, ол оқытушының жеке тұлғалық сапалары кешенінен құралған, нақты айтқанда сенімділік, төзімділік, табандылық, талап қоюшылық, білім алушыларды тәрбиелеу мен оқыту үшін жауапкершілік және т.б. сонымен бірге бұл факторларға сөйлеу мәдениетінің факторын қосуға болады. Ұйымдастырушылық қабілеттер топта білім алушылардың әрекетін ұйымдастыру, оқу материалын меңгерту, білім алушылардың өзіндік әрекетін ұйымдастыру тәсілдерін таңдай алу, оқытушының өз әрекетін өздігінен ұйымдастыру тәсілдерін іріктей алу қабілеттілігімен сипатталады.
Н.А. Аминов пікірінше, педагогикалық қабілеттерді саралау негізі ретінде табыстылық ұсынылады. Оның екі түрін ажыратып көрсетеді: жеке – адамның өзінің бұрынғы қол жеткізген нәтижелерімен салыстырғандағы жеткен жетістіктері және әлеуметтік – адамның басқа адамдардың қол жеткізген жетістіктерімен салыстырғандағы жеткен жетістіктері. Біріншісі – жеке (ресурстық) табыстылық, екіншісі – бәсекеге қабілеттілік. Қабілеттерді Н.А.Аминов, адамның белгілі бір іс-әрекетте табыстылығын қамтамасыз ететін, оның бәсекеге қабілеттілігін жоғарылататын сол адамның жеке-психологиялық ерекшеліктері деп қарастырады. Н.А. Аминов педагогикалық қабілеттерді анықтаудың тест кешендерін жасаған: а) педагогикалық қабілеттердің бастапқы компоненттерінің көрініс табуын анықтауға бағытталған тесттік әдістемелер (жеті тест); б) педагогикалық әлеуетті анықтауға бағытталған тесттік әдістемелер (алты тест); в) педагогикалық шеберліктің көрініс табуын анықтауға бағытталған әдістемелер (жеті тест).
В.А.Богданов бойынша, адамның бәсекеге қабілеттілігін жоғарылатуда маңызды рөлді қиялдау деп аталатын психикалық процеске атқарады, себебі жаңа бірдеңе ойлап тауып оны жүзеге асыру қабілеттілігі адамға басқа адамдар алдында басымдыққа ие болуға мүмкіндік береді. Сондықтан, қиялдың (креативтілік) дамуын перцептивті қабілеттердің негізгі компоненті деп есептеуге болады. Педагогикалық іс-әрекетте жоғарылатылған бәсекеге қабілеттілік эмоционалдық күйреу синдромына, яғни эмоционалдық ресурстардың әлсіреуіне төтеп беру қабілетін арттырады. Педагогикалық іс-әрекеттің маңызды сапасы – ол эмоционалдық күйреу синдромына немесе психофизиологиялық әлсіреуге төтеп бере алу.
И.А. Зимняя педагогикалық мамандыққа сәйкестіліктің үш деңгейін ұсынады. Бірінші деңгей, кәсіби жарамдылық. Ол адамның биологиялық, анатомиялық-физиологиялық және психикалық ерекшеліктерімен анықталады. Педагогикалық мамандыққа жарамдылық адамның интеллектуалдық даму талаптарына сай болуын, тіл мүкістігінің болмауын, психикалық ауытқушылықтың болмауын қарастырады. Педагог мамандығына сәйкестіктің екінші деңгейі адамның педагогикалық іс-әрекетке жеке тұлғалық дайындығының болуымен сипатталады. Бұл дайындық өзіне «Адам-Адам» типіндегі мамандыққа бағыттылықты, адамның дүниетанымдық кемелділігін, коммуникативті, дидактикалық қабілеттерді қамтиды. Педагогикалық мамандыққа сәйкестіктің үшінші деңгейі адамның басқа адамдармен өзара әрекеттесуін, педагогикалық қарым-қатынасқа қосыла алуын сипаттайды.
Педагог тұлғасының кәсіби маңызды сапаларының бірі – оның «тұлғалық бағыттылығы». Н.В. Кузьмина бойынша, тұлғалық бағыттылық – кәсіби-педагогикалық іс-әрекетте жетістікке жетудің маңызды субъективті факторлардың бірі. Н.В. Кузьмина іс-әрекеттің негізгі стратегияларын таңдауда бағыттылықтың үш типін негіздейді: 1) шынайы педагогикалық, 2) формальді педагогикалық және 3) жалған педагогикалық. Бағыттылықтың бірінші типі ғана педагогикалық ісәрекетте жоғары нәтижелерге жетуге көмектеседі. Шынайы педагогикалық бағыттылық оқытып жатқан пәннің құралдарымен білім алушы тұлғасын қалыптастыруға, пән мазмұнын білім алушы дамуының қажеттіліктеріне бейімдеуге деген тұрақты мотивацияның болуымен сипатталады. Шынайы педагогикалық бағыттылықтың негізгі мотиві – педагогикалық іс-әрекет мазмұнына деген қызығушылық. Педагогикалық бағыттылықтың ең жоғарғы деңгейі – сол таңдалған іс-әрекетке қажеттілікпен айқындалатын педагогикалық бейімділік.
Кез-келген пәннің оқытушысының психологиялық портреті өзіне келесі құрылымдық компоненттерді қамтиды: 1) адамның жеке сапалары, яғни оның индивид ретіндегі ерекшеліктері - темперамент, нышандар және т.б.; 2) оның тұлғалық қасиеттері, яғни оның әлеуметтік болмыс иесі - тұлға ретіндегі ерекшеліктері; 3) коммуникативті қасиеттері (интерактивті); 4) статустық-позициялық, яғни ұжымдағы жағдайының, рөлінің, қатынастарының ерекшеліктері; 5) іс-әрекеттік (кәсіби-пәндік); 6) сыртқы мінез-құлықтық көрсеткіштері.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©www.dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет