А. А. Чаймарданова. Шығыс Қазақстан облысы. Өскемен қаласы. ШҚМУ. Халықаралық қатынастар факультетінің I курс студенті. «Әркімнің өзіне ыстық туған жері»



Дата03.07.2016
өлшемі91.78 Kb.
#174038




А.А. Чаймарданова. Шығыс Қазақстан облысы. Өскемен қаласы. ШҚМУ. Халықаралық қатынастар факультетінің I курс студенті.
«Әркімнің өзіне ыстық туған жері»

«Бостандық пен тәуелсіздікті жеңіп алу жеткіліксіз,

оны табанды түрде қорғап, нығайтып, ұрпақтарға

қалдыру қажет...

...Егер біз өз мемлекетімізден айырылып,

егемендігіміздің стратегиялық негіздерін, өз жерлеріміз

бен ресурстарымызды қолымыздан шығарып алсақ,

бізге кешірім жоқ».

Н.Назарбаев.

Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар. Ол – тәуелсіз Қазақстан. Мемлекеттік тәуелсіздігіміз жарияланғаннан бері Қазақстанды әлемнің жүзден астам елі таныды. Біздің еліміз бірқатар аса беделді халықаралық ұйымдарға, оның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымына, Халықаралық валюта қорына мүше болып қабылданды.

Егеменді ел болып, халқымыз өз еркімен тұңғыш Президентін сайлады.

Елтаңбамызды, Туымызды белгіледік. Қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілді.

1991 жылы қазақ жігіті Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшып, ұлттың мерейін көтерді.

Біздің туымыз - тәуелсіздік, тілегіміз – бейбітшілік, тыныштық. Еліміздің тұтастығын, жеріміздің бүтіндігін, халықтарымыздың жарастығын аман сақтау - әрбір азаматтың борышы.

Қазақ елі жұмыр Жердің үстінде өз орнын белгілеп, досқа иіліп, дұшпанға шалқайып тағдыр талқысында өмір өзегін ұрпақпен жалғастырып келеді.

Туған жерімізде талай-талай өркенді өзгерістер, жақсы жаңалықтар болып жатыр. Ең бастысы – тату-тәтті ынтымағы жарасқан көп ұлтты халқымыз бар. Олардың барлығы дерлік еліміздің ашық аспаны мен көкшіл туының астында бейбіт өмір кешіп жатыр. Түріне, нәсіліне қарамастан бірдей білім алып, Қазақстан Республикасының Ата Заңы негізінде өздерінің Отанына айналған қазақ еліне барынша қызмет етіп, беделін үстем етіп келеді.

Қазақ елінің Көк байрағын әлем чемпионатында желбіреткен Ольга Шишигина, проза саласында қазақ тілін ана тілінен жетік меңгерген Қазақстанның халық жазушысы Герольд Бельгер, көпшілігімізге танымал ақын әйел Надежда Лушникова қандай құрметімізге де лайық.

Кіндік қаны тамған жерінің қадірін түсініп, сондағы жергілікті ұлттың мәдениеті мен дәстүрін мойындап келген қазақстандық бауырларымыз бүгінде қазақ мәдениетін бізден кем білмейді.

Кең пейілді қазақ халқының дархан даласын жайлаған барша ұлт өкілдері қазақ жерін – «Отаным» дейді. Мұндай мақтаныш сезіммен айтылған жалынды сөз жанымызды жадыратады.

«Отан» деген сөз қазақ тілін білетін кез-келген адамның көз алдына өзінің атамекенін елестетіп, жүрегін тербейді.

Осы бір сөзде адамға ой салатын терең мағына жатыр.

Жүгі нарда, қазаны теңде болып, көшпелі ғұмыр кешкен қазақ халқы ертеден-ақ үш нәрсені бойтұмардай қасиет тұтып, қадірлеп өтіпті. Олар – туған ел, туған жер, ана тілі. Ертеден ақындардың ел – жұртын, өзінің туып-өскен жерін жырға қосуы, батырлардың туған ел топырағында өлсем деп арман етуі тегін емес.

Қазақ елінің бүгінгі таңда іргелі, мәдениетті, өркениетті елдер қатарына қосылып, ізгі ниетті адамдар назарына ілігуі оңайлықпен келген жоқ.

Біздің туған еліміз, кең байтақ жеріміз, қазақтың жанымен, қанымен, ержүрек батырларының ерлігімен сақталған, қорғалған.

Елі үшін, жері үшін, туған халқы үшін атқа қонып, қолына найза ұстап өткен батыр бабалар алдында бүгінгі ұрпақ, яғни біздер қарыздармыз. Олардың білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап қалған кең байтақ қазақ жері - өз ұрпақтарына қалдырған мұрасы, тапсырған аманаты.

Жорықта жолың болсын, азаматым,

Болыңдар жаудан кекті қайтаратын.

Кеудеңде шыбын жаның болса егер,

Жоғалтпа жер бетінен қазақ атын, - деп Қожаберген жырау жырлағандай қилы заманда ержүрек батырларымыздың ақылдылығы, отансүйгіштігі елімізді сақтап қалған жоқ па?

Мұндай мақсаттарға жету үшін қазақтың XVIII ғасырдағы Абылай, Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібек, Шапырашты Наурызбай, Еспембет, Баян, Олжабай, Өтеген сияқты батырлары жанын шүберекке түйіп, ерліктің теңдесі жоқ үлгісін көрсетті.

Халқымыздың ардақты батырлары Қарасай мен Ағынтай - ел темірқазығы. Соғыста Қарасай батыр қалмақ батырын қылышпен қақ айырып ерлік көрсетсе, Ағынтай жұдырығымен жеті қалмақты қатар ұрып жыққан.

XIX ғасырда қазақ елі Ресей империясының отарлауына қарсы күресті. Қазақстанның Ресейге қосылуына байланысты хан билігінің жойылуының, ғасырлар бойы қалыптасқан халықтық дәстүрдің бұзылуы – Кенесары Қасымұлы көтерілісін туғызды. Атасы Абылайдың кезіндегі қазақ хандығын қалпына келтіру үшін жан-тәнін аямаған Кенесарының айбынын, көрегендігін, ерекше қажыр-қайратын атамасқа болмайды. Өзінің «Оқжетпес» атты дастанында Мағжан:

Арқада Бурабайдай жер болмайды,

Алашта Кенекемдей ер болмайды – деп тегіннен-тегін жазбаған тәрізді.

Елін, жерін қорғап, туған халқының тәуелсіздігі үшін жандарын пида еткен қазақ батырлары – Кенесары мен Наурызбай, Есет, Бекет, Жанқожа, Исатай мен Махамбет ерліктері тарих бетінде мәңгі қалды.

Қазақ халқы әрқашан күшті де жылдам, төзімді де құрметті батырларын ерекше сыйлаған ғой.

Төле, Қазыбек, Әйтеке билер, Ақтамберді, Бұқар жыраулар және XX ғасырдың басындағы А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейхан, Ж. Аймауытов, С. Торайғыров, М. Жұмабаев, т.б. ұлт зиялылары мен қайраткерлер Елжандылықты сөзбен ғана емес, іспен де көрсете білді.

Атамекенге деген сүйіспеншілік туған отбасына, туып-өскен ортаға, туған топырағы мен табиғатына деген сый-құрметтен басталады. Сондықтан да Елжандылықтың қайнар көзі- адамгершілік қасиеттер десек, артық болмас.

Отаншылдықтың іргетасы – ұлтжандылық. Өз ұлтын сүйіп, оның мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын азамат қана өз еліне адал болады.

Біздің Отанымыздың, тәуелсіз Қазақстанның тарихында болашақ ұрпағы үшін «ақ найзаның ұшы мен ақ білектің күшін» аямай, туған елі, жері үшін жанын шүберекке түйген ерлер аз болмаған.

Аса көрнекті мемлекет қайраткері, саясаткер, дипломат, қазақ жерін біріктіруші Абылайдың өмір жолы, ерлік даңқы, ақылы мен айласы, қолбасшылық қабілеті бүкіл қазаққа аңыз болып тараған. Қазақтың бірде бір ханы оған дейін де, Абылайдан кейін де шексіз билікке ие болып, халық құрметіне бөленген емес. Абылай хан парасаты – атамекені үшін күрескен барша қазақтың ұраны болды.

Қазақ халқының жоңғарларға қарсы күресі – Отаншылдықтың айшықты түрі.

Туған халқымыздың өткен тарихына көз жіберсек, отансүйгіштіктің керемет үлгілерін көреміз. Талай-талай қас батырлар жанын қиып қорғап қалған, талай арулар махаббат құрбаны болған, талай өзегі өртенген өкінішті жандар мен қуаныштан жүрегі жарыла шаттанған пенделердің куәгері болған қасиетті Отанымыз – Қазақстан!

Ол көне замандардан басталатын тарихы бар, аса бай ел. Қазақстан жерін ежелден қоныстанып келе жатқан ел қазақ халқы. Қазақ халқы – дархан жүректі, кең жазира көңілді, ақынжанды халық.

Көп ұлтты Қазақстан халқына Отансүйгіштік қасиетті қалыптастыратын азаматтық келісім, ұлттық бірлік.

Жас ұрпақты отансүйгіштікке және атамекенге деген жауапкершілік сезімге тәрбиелеу бүгінгі ұлттық негізде білім беру жүйесіндегі қоғамда маңызды орынды иеленіп отыр.

Халқымның бөркін аспанға атар қуанышында, қазақ елінің бет-бейнесін паш етер сән-салтанатта тұғырға көтерер ұлттық мақтанышымыз – рәміздер.

Рәміздеріміздегі көк аспан кеңшіліктің, биіктіктің белгісі. Ашық аспанға тараған күн сәулелері сәулетті өмір санатын көрсетіп тұрғандай, биіктегі жарық жұлдыз Отанымыздың жұлдызы биіктеп, бақыт жұлдызынан нұр шашып тұрғанын бейнелейді. Елтаңбамызда алтын шаңырақ Қазақстанның «қара шаңырақ» деген қасиетті сөзінен алынып, шаңырақ астындағы халықтар бірлігін талап етіп, халықтың қасиетті шаңырағы биіктеп, отбасына күн ананың жарығын шашып, бақыт жұлдызынан нұрын төгіп тұр.

Егемендігіміздің енді бір белгісі - қасиетті ана тіліміз. Түсіне білгенге қазақ ұлты ешбір ұлттан, қазақ тілі ешбір тілден кем емес.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ана тілін жетік білу, мемлекеттік тілді және бір шетел тілін меңгеру-мектепті бітіретін жастардың міндеті» деп атап көрсетті.

Менің ойымша, басқа тілді құрметтеу – азаматтықты тәрбиелеудің ең басты белгілерінің бірі және Қазақстандық Отаншылдық сезімін тәрбиелеуде мемлекеттік тілді оқып-білудің маңызы өте зор.

Біздің, яғни студенттердің Отаншылдық түсінігін қалыптастыруда қазақ тілі мен әдебиетінің алатын орны ерекше. Әдебиет – халықтың рухани азығы. Мысалы, М. Әуезов шығармашылығына назар аударсақ, оның әлемге әйгілі «Абай жолы» роман-эпопеясындағы көріністер, әсіресе өзге ұлт өкілдеріне қасиетті қазақ халқының тұрмыс-салтын, әдет-ғұрыптарын, мәдениеті мен әдебиетін таныстыруда баға жетпес байлық.

Қазақ әдебиетінің құнарлы саласының бірі – поэзия.

Бүкіл сұрапыл соғыс жылдарындағы халықтың тыныс-тіршілігін, Отан қорғаудағы іс-әрекеттері мен қажырлы қайраттары жөнінде жазуда қазақ ақындары тысқары қалмады. Ұлы Отан соғысының айбынды патриот тілшісі болып, жауға қарсы жырларымен ұрандап, халықты қажырлық пен намысқа шақырды. Сондай ақындардың бірі – Д. Әбілев.

Дихан Әбілев сол бір сұрапыл жылдарда әрі солдат болып қарумен жауын жаншыса, әрі ақын болып ұшқыр қаламмен отандас жауынгерлер мен халықты ерлікке үндеді. Соғыстың ауыртпалық кезеңінде Отанға деген ыстық сезім, махаббаттан туған осындай өлеңдердің идеялық маңызы өте зор болды.

Қазақ әдебиетінде ақын-күрескер, өз Отанының патриоты деп Қасым Аманжоловты ерекше атап өтуге болады. Қасымның патриоттық жырларынан халық жанының батырлығы, қуаттылығы, елжандылығы терең сезіледі.

«Жан дүниесі бай адам өз халқының тарихын, мәдениетін біледі. Сонымен қатар бауырлас халықтың мәдениетімен, тарихымен, таныс болып, сыйлай білсе, ол екі есе байи түспек» деген Абай сөзін жадымызға сақтап, жаттап өссек нұр үстіне нұр болар еді.

2009 жыл үшін тарих бетінде қалар ерекше жыл болды. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Б.М. Сапарбаев аты дүние жүзіне әйгілі, дарынды, қазақтың дана, ұлы ақыны, ұлы Абайға Өскеменнің төрінен орын беріп, ескерткіш орнаттырды.

Өркениетке бет алған егеменді еліміздің ендігі болашағы - ұрпақ тәрбиесі деген ұлы міндетпен ұштасып жатыр, онсыз болашағымыздың бұлдыр елес, тек қиял екені даусыз. Меніңше, ең алдымен, болашақ Қазақстан азаматының бойына ұлттық идея, отансүйгіштікті қалыптастыра білуіміз қажет.

Халқымыздың ата құлқы, ана сүтімен сінген осы Отаншылдық, ерлік, намыскерлік мінез кешегі сұрапыл соғыста ерекше көзге түспеді ме?

1945 жылы мамырдың 9-ында Ұлы Отан соғысы кеңес елінің жеңісімен аяқталды. Биыл, мамырдың 9 күні неміс-фашист басқыншыларының екінші дүниежүзілік соғыста қайта бас көтерместей болып жеңілгеніне 65 жыл толады.

Бұл Ұлы Жеңіс бұрынғы Кеңес Одағы халықтарының «Барлығы - майдан үшін, барлығы Жеңіс үшін!» деп жанқиярлықпен шайқасқан Ұлы ерлігінің арқасында қамтамасыз етілді.

Ұлт пен ұлыстың, үлкен мен кішінің патриоттық сезімі буырқана оянып, ата-ана мен аға-іні үшін, қара орман мен қалың ел үшін мың қиындық пен мың бір сынға түскен боздақтардың қанымен келген Ұлы Жеңіс бұл.

Бұл қуанышты көру - біреуге бұйырыпты, біреуге бұйырмапты. Көптеген ардагерлеріміз өмірден озып, «о дүниелік» болып кетті. Қазір олардың қатары сиреп қалды.

Ұлы Отан соғысы жылдарында барлығы 11600 жауынгер мен офицерлерге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді, солардың 497-сі қазақстандықтар. Олардың ішінде 100 батыр – қазақтар. Ұлы Отан соғысының батыры атағы алғаш рет 1941 жылғы 22 шілдеде 19-танк дивизиясының командирі, генерал-майор К.А. Семенченкоға берілді. Соңғы Кеңес Одағының Батыры атағы 1991 жылы 11 желтоқсанда аты аңызға айналған ержүрек жауынгер Бауыржан Момышұлына берілді.

Қазақ қыздары Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлова – Шығыс қыздарынан тұңғыш рет Батыр атағын алды. Бұл атаққа Т. Бигелдинов, Л. Беда, С. Луганский, И. Павлов екі мәрте ие болды.

Ұлы Отан соғысына Шығыс Қазақстаннан 100 мыңнан аса адам қатысты.

Гитлерлік басқыншылармен күрестегі ерліктері үшін төрт мыңнан аса біздің жерлестеріміз ордендер және медальдармен марапатталған.

Бүгінде облысымызда қалған көзі тірі жалғыз Кеңес Одағының Батыры – біздің жерлесіміз, зыряндық ардагер Павел Кольцов. Ол биыл 20-қаңтарда жүз жасқа келіп, ғасырлық тойын атап өтті. Ал соғыс басталған кезде Кольцов отыздан енді ғана асқан, тепсе темір үзетін жігіт болатын. Павел Ресейдің Краснодар өлкесіндегі Майкоп атты қалада тұрып жатқан еді. Автобазада жүргізуші болып жұмыс істейтін, сонымен қатар механиктер дайындайтын мектепте оқып жүрді. Курсты аяқтауға екі-ақ апта қалғанда Ұлы Отан соғысы басталып кетті. Он жыл бұрын әскер қатарында болып келген ол бірден-ақ майдан даласына аттанады.

Ұлы Отан соғысының қаһарман жылдары одан ары алыстап барады.

Соғыс жылдары дегенге өте көп нәрсе сияды: сұрапыл соғыс сындары, жеңістің ащы қасіреті, қуанышы мен бақыты, қан майдандардағы қайсарлық, қарапайым еңбек адамдарының ерен ерліктері.

Қанша уақыт өтсе де кеңес халқының қайсар ерлігі мен батырлығы, жаужүректілігі адамдардың, келер ұрпақтың жанында, олардың жүрегінде мәңгі сақталады.

Қазақ халқы өз ұрпағының өнегелі-үлгілі, білімді, өнерлі, еңбексүйгіш азамат болып өсуін армандаған.

Ақын Мағжан Жұмабаев:

Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты,

Қырандай күшті қанатты –

Мен жастарға сенемін! –

деп, келешегімізді жасаушы да, жалғастырушы да жастар екендігін зор көрегіндікпен айтқан.

Бабалар жолын жалғастырып, ағалар ісін алға апару үшін біздерге, жастарға, ең алдымен, білім, ізденіс керек.

Біз, бүгінгі студент – ертеңгі ел тұтқасы, өмір иесіміз.

Жоғары оқу орны қабырғасынан алған біліміміздің тиянақты да сапалы болуы – ертеңгі еліміздің іргетасының берік қалануының айғағы.



Қазақстан елінің, қасиетті жерінің бүгінгі келбеті, келешек мақсаты мен жарқын жолдары кең де даңғыл боларына мен кәміл сенемін!

Пайдаланылған әдебиеттер



  1. Көркем суретті Қазақстан тарихы. 3-том «Қазақ энциклопедиясы». Алматы, 2007.

  2. Мы - дети той большой войны. / Сост. С.Ф. Белобородов. - Усть-Каменогорск: Изд-во ВКГУ. 2001. – 308 с.

  3. «Жалпыбілімдік 12 жылдық білім беру жүйесіндегі оқытудың үштілділік мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. Семей, 2008. «Тенгри» баспасы. 484 бет.

  4. Ақ Ертіс. 2001/2. – 91 бет.





Достарыңызбен бөлісу:




©www.dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет