Қалыптасқан қазақстан- 2050 стратегиясы нұрлан темірбеков, Д. Серікбаев атындағы ШҚмту ректоры, профессор. Айқын да жарқын бағдарлама


Сұхбаттасқан Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ//Түркістан.-2013.-14ақпан.-4б



бет2/4
Дата08.06.2016
өлшемі327.5 Kb.
1   2   3   4

Сұхбаттасқан Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ//Түркістан.-2013.-14ақпан.-4б.

Қазақстандағы жоғары білім
ҚАЗҰУ-ДАҒЫ КЕЛЕЛІ ЖИЫН
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында: «Біздің ендігі міндетіміз – егемендік жылдары қол жеткізгеннің барлығын сақтай отырып, ХХІ ғасырда орнықты дамуды жалғастыру», – деп атап айтты. Осы орайда біздің атқаратын шаруамыз – ел абыройы мен ғылым беделін көтеру, жастарды жаңа биіктерге жұмылдыру. Қазір білім министрлігі жастарымызды бакалавр – магистр – докторантура жүйесіне сәйкес ғылымға тартуда. Мемлекет бөлген қомақты қаржы жастардың шетелге шығып, әлемдік тәжірибені меңгеруіне, зертханаларда жұмыс істеп, рейтингті журналдарда мақала жариялауына мол мүмкіндік туғызып отыр.

Елбасы тапсырмасын жүзеге асыру барысында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да гуманитарлық және жаратылыстану ғылыми мамандықтары бойынша «Қазақстан – 2050» стратегиясындағы жаңа ұрпаққа білім беру бағдарламалары» деген тақырыппен Республикалық оқу-әдістемелік кеңестің отырысы өтті. Аталған кеңеске Қазақстандағы жетекші оқу орындарының проректорлары, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің факультет декандары мен кафедра меңгерушілері қатысты.

Еліміздің инновациялық дамуына жоғары дәрежелі мамандар керек екені сөзсіз. Бұрынғы кадр даярлау жүйесі түбегейлі өзгертуді қажет етеді. Елбасы білім берудегі ең бірінші басым­дық ретінде инженерлік-техникалық мамандықтардың дамуын айтты. Инженерлік-техникалық мамандықтарды оқытудағы жаңа бағдарламалар STEM – «Science, Technology, Engineering, Mathematics» жүйесіне (ғылым, технология, инженерлік дисциплиналар, математика) негізделіп жасалады. Бұл жүйе жоғары білім берудегі бағдарламаларды қайта қарап шығуға мүмкіндік беріп, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесінде студенттерді шығармашылық тұрғыдан ынталандыруға жол ашпақ. Студенттердің ғылыми зерттеу жұмыста­рына араласып, ғылымның жаңа, тың бағыттарын меңгеруге бетбұрыс жасауына, экономика саласында кәсіби қалыптасуына ықпал етеді. Оқу-әдістемелік кеңестің отырысы барысында жоғары оқу орындарындағы білім беру бағдарламаларын студенттер мен оларға жұмыс берушілер қалай бағалайтындығы, аталған бағдарламалардың білікті маман даярлауға тиімділігі, STEM жүйесінің білім беру бағдарламаларына әсері талқыланды. Сонымен қатар, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің оқу ісі жөніндегі проректоры Әбдібеков Уәлихан «Қазақстан – 2050» стратегиясы аясында білім беру бағдарламаларын қалыптастырудағы STEM ұстанымы» тақырыбындағы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бірінші проректоры Нұрманбетова Жәмила «Құзіреттілік негізінде білім беру бағдарламаларын жобалау мәселелері мен шешу жолдары», «Тұран» университетінің оқу-әдістемелік жұмыстары бойынша проректоры Арупов Акимжан «Құзіреттілік негізінде білім беру бағдарламалары жүйесіндегі сабақтастық: мектеп-колледж-бакалавриат-магистратура-Ph.D» атты баяндамалары тыңдалды. Кеңесте 28 бакалавриат, 3 магистратура мамандықтары бойынша типтік оқу бағдарламаларын, оқулықтар мен оқу құралдарын ҚР БҒМ бекітуге ұсынды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессор-оқытушылар құрамының ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектерінің көрмесінен басталған жиын мәжіліс, дөңгелек үстелмен жалғасып, университет мұражайы мен механика-математика факультетінің зертханасымен танысумен аяқталды.
Әсел Әнуарбек,

ҚазҰУ-дің студенті//Түркістан.-2013.-14ақпан.-12б.




Адам капиталы: әлемдік деңгейге қалай жетеміз?
Дамыған АҚШ, Еуропа елдерінде мемлекеттік капиталдың 70-80 пайызын адам капиталы құраса, қалған бөлігі табиғи ресурстар мен жылжымайтын мүлік, өнеркәсіптік қорлардың (зауыт, фабрика, ғимараттар) үлесіне тиесілі екен. Ал Қазақстанда керісінше. Еліміздің мемлекеттік капиталының 68 пайызын табиғи ресурс құраса, 21 пайызы – өндірістік қорлардың еншісінде. Ал адам капиталы тек 11 пайыз екен. Яғни бұл – Қазақстанның қарыштап дамып жатқаны тек табиғи ресурстардың арқасында деген сөз. Ал қай салада да дамытушы күш боп саналатын адам капиталының жағдайы мүшкіл. Бұл мәселеде өзге елдермен иық теңестіру үшін Қазақстанға адам капиталын кем дегенде 5-6 есе өсіру қажет. Алматыда өткен «Медиатехауыл» және «Адам капиталын дамыту бағдарламасы – жол картасының» тұсаукесерінде сарапшылар осылай деп мәлімдеді. Сондықтан бірнеше жылдарға арналған осындай ауқымды бағдарламаларды жүзеге асыру қажет. «Халықаралық адам капиталы институтының» директоры Жанұзақ Әкімнің айтуынша, «Медиатехауыл» жобасының мақсаты – еліміздің түкпір-түкпірінде орналасқан ауыл тұрғындарын сапалы білім мен заманауи ақпараттық технологияларға қол жеткізуіне жағдай жасау. Еліміздегі түрлі саяси партиялар, ұлттық қомпаниялар, қоғамдық ұйымдар мен отандық ғалымдар бірлесе дайындаған адам капиталын дамыту бағдарламасы туралы мамандар былай деп пікір білдіреді.

Нәдір НӘДІРОВ,Ұлттық ғылым академиясының академигі:

– Адам капиталы – негізгі байлық. Адам капиталы болмаса, ел дамымайды. Өйткені ғылыми прогресті, тілді, ғылымды дамытатын – адам баласы. Адам баласының интеллекті, ақыл-ойы, білімі болмаса, қалай дамиды? Сондықтан барлық бағдарламалардың бастауында адам капиталы тұруы керек. Мәселен, Кеңес Одағы кезінде оның ешқандай басқа мемлекеттермен байланысы болған жоқ. Десе де, мамандардың арқасында барлық сала ілгерілеп отырды. Тағы бір мысал, Израильді алайық. Даласы құм, табиғи байлығы да аз. Соның өзінде сүттен 40-тан аса тағам жасап, ауыл шаруашылығындағы ең жоғарғы технологияларды қолдануда. Мұнайы да, түсті металы да жоқ Жапония адам капиталының арқасында дамыған елдердің алдыңғы қатарында келеді. Сондықтан адам капиталы бірінші орында тұруы қажет. Бұл институтты біз тәуелсіздік ала сала ашып, осы бағыттағы шаруаларды бірден қолға алу керек еді. Кеш те болса, Білім және ғылым министрлігі, Ұлттық академия басшылары халықаралық адам капиталын дамыту институтын ашты.

Меніңше, осы институттың, олар қолға алған жобалардың келешегі зор. Оны дамыту үшін қаржы қажет. Сондықтан мемлекеттің араласқаны жөн.

//Айқын.2013.-14ақпан.-19б.




Асқар Жұмаділдаев, академик

Алдына мақсат қойған адам бәріне жетеді.
Өткен жыл сіз үшін табысты болды. Мемлекеттік сыйлық алдыңыз. Бұл сіздің адал еңбек, маңдай теріңізге берілген баға іспеттес...

- Иә, сыйлық алдым. Бірақ еңбекті мұнымен өлшеуге, бағалай салуға болмайды. Мәселен, әл-Фарабидің еңбегін ештеңемен өлшей алмайсыз. Мысалы, шақырыммен, таразымен еңбектің өлшей аласыз ба? Жоқ. Айналып келгенде, ұлттың парасаттылығы осындай өлшеуге келмейтін нәрсені бағалай білуде. Мысалы, Кант. Оның еңбегін қалай өлшеуді білмейсіз. Бірақ Кант екенін білесіз. Біздің жұмысымыз да осындай. Мұны да біреу ұғады, біреу ұқпайды...



- Бәсекелестеріңіз көп болды ма?

- Әрине, көп болды. 12 жұмыс түсті. Бірінші сынақтан соң 4 жұмыс қалды, одан кейін екі жұмыс...Осы жерде айта кететін жағдай, соңғы уақытта ғылымды бағалауға Президентіміз ерекше көңіл бөліп отыр. Әсіресе, еңбектің сапасы жоғары бағалана бастағаны қуантты. Біреулерден сырттан соғылатын телефон арқылы шешіледі деп жатады.Өз басым ешкімге хабарласқан жоқпын, ешкім де маған хабарласқан жоқ. Шүкір дейтініміз, менің атыма шетелдерден көрнекті математиктер - 12 адамнан пікір түсті. Олардың сөзін тастау мүмкін емес қой.



- Осы сыйлықтан соң шетелдердегі әріптестеріңіз қызметке шақырған жоқ па?

- Шетелдерден шақыру сыйлыққа байланысты емес, шақыру бұрын да болған. Есесіне, әлі күнге өз елімде Мемлекеттік сыйлық алмағаныма таңғалғандар болды. Шақырулардың барлығынан өзім бас тартқан соң, қазір қойды. Мен үшін Қазақстанның өзінде де қызмет істеу жаман емес. Бұрын елден түрлі жағдайда кетіп қалу оқиғалары болған. 1995 жылы мен де кетіп қалғанмын. Жаман болған жоқпын. Қазір базардан қайтқан адамбыз. «Артымызда не қалады?» деген сұрақ ойға қалдырады. Сондықтан туған жерде түпкілікті қалып, қызмет жасауды дұрыс деп шештім. Өмірге бейімделіп, амалсыз кейбір нәрселерге мойынсынуды үйрендім. Амалсыз...



- Адалдық демекші, соңғы жылдары ұзақ уақыт шетелдерде белгілі университеттерде дәріс оқыдыңыз, небір айтулы сыйлықтар алдыңыз, осының өзі дамыған елдерде даңқты ғалымдардың еңбегін жоғары бағалайтындығына көз жеткізген боларсыз...

- Әрине, дамыған елдерде нақты ғылымға назар аудару мен еңбекті бағалауда алалау деген атымен жоқ. Қайта кім ғылымға барынша үлес қосып келеді, сол лайықты сый-құрметке ие. Мысалы, Германия президентінің қолын қысып, ғылым саласындағы әлемге әйгілі сыйлықты 40 жасымда - 1995 жылы алдым. Александр фон Гумбольдт қоры беретін халықаралық сыйлық Германия ғалымдарымен бірлесе жұмыс істеген, осы салада жетістіктері әлемде мойындалған ғалымдарға азаматтығына қарамастан беріледі. Құны 60 мың евро тұратын сыйлыққа жыл сайын 100 адам ұсынылады. Онда да тек болашағынан үміт күттіретін жастар.

Міне, ғылымға қамқорлық деп осыны айтыңыз. Бұл қаражатқа отбасыммен Германияда екі жыл тұрдым. Балаларым сол жерде мектепте оқыды, бақшаға барды. Біреу маңдай тер еңбегіңді бағалап отырса, құрмет көрсетіп жатса, ол жерден қалай кетіп қаласың, сол құрметке лайықты неге еңбек етпеске? Александр фон Гумбольдт деген азамат өте бай кісі болған. Ешкім өкпелемесін, «Өзбек байыса үй салады, қазақ байыса қатын алады» деген әзіл-шыны аралас сөз өзін-өзі дәлелдеген. Ал немістеріңіз байыса, елдің игілігіне қаражатын аямай төгеді екен. Американы аралап, алғашқы болып Американың картасын жасаған да - Гумбольдт. Бүкіл байлығын бала-шағасының аузынан жырып, ғылымды дамытуға қалдырған. Даңқты сыйлығын беру арқылы неміс жастарының олардан терең дәріс алып, ғылымға бет бұруына дәнекер болады. Болашақты ойлау дегеніміздің өзі - осы. Италияда мұсылмандардан шыққан жалғыз Нобель сыйлығының иегері Абдусалам деген азамат бар. Ол да ЮНЕСКО-ға ұсыныс жасап жүріп, Италиядан жоғары физика институтын ашқызған. Мұнда да әлемнің даңқты ғалымдарын шақыртып, дәріс оқытады. Осындай тамаша тәжірибе көп. Тек бұл мәселе біздің де қалталы азаматтарымызды ойландырып жатса, әрине қуануға болады.

- Мұсылмандар дегенде, сіздің Иран президентінің де қолынан сыйлық алғаныңызды естіген едік?

- Иә, имам Хомени ақпан айында билікке келген. Елдегі ұлы төңкеріс күні Иран жұрты 10 күн демалады. Олардың халықаралық әл-Хорезми атындағы сыйлығы да халықаралық аренада белгілі. Ғылым-білімнің барлық саласы бойынша ірі жетістіктерге жеткен, осы салаға еңбек сіңірген, жаңалық ашқан әлемнің озық ойлы азаматтарына жыл сайын беріліп келеді.

Хорезми - мұсылман қауымынан әлемде тұңғыш шыққан ғалым. Ибн Сина, Омар Хаям бәрі осыдан кейін тұрады. Халиф әл-Момонның «Даналықтар үйі» - біздіңше Ғылым академиясы болған. Ағайындылар екі бағытты, екі көзқарасты ұстанған. Інісі бағытын соғысқа ғана арнағанды жөн көрген, «мұсылмандар соғысуы керек» деп есептеген. Ал ағасы «біз әлемді тек ғылыммен бағындыруымыз керек» деген.Осы соңғы ұсыныс шын мәнінде мұсылмандар үшін әлі күнге маңызын жойған жоқ. Әсіресе, қазақ үшін ғылымды игерудің жөні бөлек. Осы салада білікті, білімді, іскер азаматтар көбейгенде ғана көркейетініміз анық. Айтып отырмын ғой, жер шарында осындай санаулы мемлекет бар. Олар бүкіл мақсат-мүдделерін ғылымды дамытуға арнап қойған. Айталық, шведтердің Нобель сыйлығын алу деген - ақырет. Мұның барлығы - мықты идея.

- Осындай тың идеялар Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бері қолға алынды ма, алғашқы қадамдар жасалды ма?

- Жасыратыны жоқ, осы бағытта белгілі бір жұмыстар жүргізілді, белгілі бір нышандар болды. Өкінішке қарай, бұл мәселенің бәрі іске аспады. Оның себебі бар: ғылымды ғалымдар емес, шенеуніктер шешетін қоғамда осылай болады. Біз ғылымды саясатпен араластырып жібереміз. Жарамсыз жарнама жасауға әуеспіз. «Айдағаның бес ешкі, ысқырығың жер жарадының» кері бұл. Айталық, шетелге барып болымсыз сыйлықты алып келетіндер де көбейді. Тіпті бұл өнер адамдарының арасында да халықаралық сыйлықты алуға әуестер тобы пайда болды. Сөйтіп, кейде біз өзімізді-өзіміз алдап, өзіміздің көңілімізді өзіміз жұбатып жүрміз. Бірақ жұрт қазір са­уатты ғой. Мәселен, халықаралық жеңіл-желпі қор көп. Соларға 10 мың АҚШ долларын берсең, қалаған сыйлыққа қолыңызды жеткізеді. Осылайша «ақымақты алдаудың» кебін киіп жүрміз.

Біз атышулы «Борат» фильмі шыққанда қандай намыстандық? Бірақ уақытша ғана. Боратшылдыққа қарсы тұру үшін, біз ең алдымен, өзімізді-өзіміз алдаудан безінгеніміз жөн. Өзіңді ешкім танымайтын елдің сыйлығын алып келу - күлкілі. Ал күлкі традегиямен аяқталады. Сондықтан біз дін, мәдениет, өркениет деген секілді уақытша шаралар өткізіп, уақыт өлтірмеуіміз керек. Бұл әдеттен арылмасақ уақыт бізді өлтіруге даяр тұр. Қандай жиынға қандай қонақ келсе де айтатыны Кот Леопольд айтатындай: «Ребята, давайте жить дружна!» деген жаттанды сөз. Сенбесеңіз, сол басқосулардың нәтижесін ой елегінен өткізіңізші? Осы орайда Елбасының өзі қажеті жоқ жиындарды тоқтатуға ұсыныс жасады емес пе. Ендеше, ойланайық!

- Барлығы сыйлықтан шығып кетті ғой. Біз үшін әлемді аузына қарататын сыйлық тағайындауға әлі кеш емес пе?

- Жоқ, ғылымда еш нәрсе де кеш болмайды және ол қай кезде де өзекті. Мысалы, «өнер өлмейді» деп келдік қой. Қазір бұл сөзді ғылым ауыстырды деуге болады. Сондықтан Махмұд Қашқари, Шоқан Уәлиханов атындағы халықаралық сыйлық тағайындап, әлемді аузына қаратқан ғалымдарды шақыртып, жоғары оқу орындарында дәріс оқытып, сыйлығын беріп жатсақ, бұл - еліміз үшін зор мәртебе. Нағыз жарнама осы болмақ. Артисті алдауға болады, ал ғалымды, ғылымды алдай алмайсыз. Ең алдымен Түрік дүниесіне ортақ халықаралық сыйлық жасап алсақ, ары-қарай ілгерлеуіміз оңай.



- Бұл үшін не істеу керек?

- Түк істеудің керегі жоқ. Тек ақыл керек. Мысалы, Хорезми сыйлығының қаражаты қанша екенін білесіздер ме? Бес мың доллардай ғана. Бұл даңқты ғалымдар үшін түк те емес. Әңгіме ақшасында емес, әңгіме - халықаралық деңгейінде, назарда. Ең алдымен соған лайықты адам болуы тиіс. Ғылымы мен білімін, ғалымдағы ғажайып жаңалықтарын білетін елдің ғана сыйлығын мықтылар алады. Олар біздегі кейбір азаматтар секілді 5-10 мың долларға сыйлықты сатып алуды өлім деп біледі.

Бір қызық айта кетейін, шетелдерде қарапайым қонақүйлер қыста босап қалатындықтан, оларға жұмсалған шығынды жабу үшін «халықаралық мерекелер, салтанаттар» ұйымдастырылады. Халықаралық сыйлық тапсыру рәсімі деп шақырып, келген қонақтардың есебінен ғимаратты 4-5 ай ұстау шығынын өтеп алады. Соған барған біздің қазақтар мәз, «сыйлық алдық» дейді масаттанып. Содан қоғамға, Қазақстанға келген пайда қандай? Сұрап көріңіздерші? Олар осы арқылы шығынға батқан бір байдың тұрмысын түзеп келгенін байқамай қалады. Сондықтан сөзге тоқтауды үйренейік, сөзге тоқтататын азаматтарымыздың кеңесіне құлақ асайық. Біреуге ойда-жоқта демеуші болғанша, соған жұмсаған қаражатты ел ішінде иігілікті жұмыстарға арнасақ, нұр үстіне нұр болар еді. Айналадағы алаяқтыққа жол беремес үшін де ғылым керек...

Мәселен, әл-Хорезмиді жұрт неге мойындайды? «Альгоритм» деген сөз Хорезмиден шыққан. Мына компьютеріңіз альгоритмнен құралады. Неге? Оның кітабын бірінші оқығандар таңғалған. Өйткені ғұламаның идеялары өмірлік маңызы бар идеялар болып шықты, әлемге қызмет ете бастады. Мысалы, Рим санымен ХІІ мен ХІІ көбейтіп көріңізші? Осыны оқыған Еуропаның монахтары жағасын ұстаған. Осындай өтірік айпайтын, алдамайтын, нағыз ғылым адамдарына ұсынылған сыйлықтың халықаралық беделге ие болуы оңай.



- Бізде ғылымнан бұрын басқа салалар бойынша әлемді аузына қаратуға ниеттілер көп. Менің айтайын дегенім, ғылымнан бөлек жер шарына танылуға жол жоқ па?

- Айтыңызшы, сол жолды тапқан адам бар ма? Жоқ. Кешіріңіздер, біреулер өз өнерімізбен, музыкамызбен танытамыз деген пікірді айтып қалады. Шырылдаған шындықты айтайықшы, қазақтың қара домбырасы өзінен басқа ешкімге қажеті жоқ. Тіліміз де сондай...Сондықтан өзіміз игеруге, білуге тиістіні игеріп, біліп жүргеніміз орынды. Айталық, тіліміз бай-бай дейміз, сол бай тілді бәріміз меңгеріп кеттік пе? Туған тілін кім кедей деп айтады. Ешкім. Ал домбырамен, тілмен әлемді таңғалдыру деген - бос сөз. Осындай ұсақ-түйек жасанды жарнамамен қазақ пен қырғыз ғана айналысып келеді. Жақында қырғыз президенті «адамзат қырғыздан таралған» деген пікір айтып қалды. Адам ұялатын сөз. Сол сияқты қазақтар Шыңғыс ханды қазақ деуден танбай келеді. Ал адамзат қырғыздан шықты, Шыңғыс хан қазақ делік. Сонда не шықты? Одан да елдің тұрмысын түзеуге, ғылымын дамытуға күш салайық. Демек, бос сөзден іске көшу керек. Қазаққа пайда әкелетін осы ғана.

Ағылшындардың мақтанғанын көрдіңіз бе, неміс те, француз да сондай. Соған қарамастан, ағылшын тілінсіз әлемді аралай алмайсыз, немістің көлігінсіз жер бетін елестете алмайсыз, француздың иісмайларынсыз деген секілді. Бізге де осындай бірдеме жасау керек. Нақты технология, нақты ғылым, нақты бизнес жасасаңыз, жер шарының кез келген мемлекеті сізді мойындайды. Біз енді осыған бет бұрғанымыз дұрыс.

- Сіз шетелдердің мықты университеттерінде ұзақ жылдар бойы дәріс оқыдыңыз. Мықты тәжірибе жинақтадыңыз, жастардың беталысы туралы не айтар едіңіз?

- Біздің студенттердің білімі олардың жастарымен салыстырмалы түрде айтқанда еш кем емес. Біздің жастарымыз шетелге барса, бірден оқуға түсіп кетеді. Неге? Өйткені емтиханның 70 пайызы математика. Кеңестік оқу жүйесінің мықтылығы осында және әлі күнге сол екпінмен келеміз. Мұның жемісін көріп жүрміз. Алайда әңгіме басқарып отырған азаматтарға байланысты. Айталық, жүз қойды бір арыстан басқарса не болады, бір арыстанды жүз қой басқарса не болады? Мәселе осында. Біздің мықтыларымыздың барлығы далада қалып жатыр. Оларды пайдаланып жатқан ешкім жоқ. Бір ғана мысал. Шетелдерде білім алушы жастарға елге келіңдер дейміз? Келді, ары қарай не болды? Түк те жоқ. Себебі ары қарай жүйе дұрыс құрылмаған. Мысалы, «Мерседес» алдық. Бірақ оның әйнек сүрткішінің орнына «Запорожецтің» сүрткішін салдыңыз, дөңгелегінің орнына арбаның дөңгелегін салсаңыз, не болады? Күлкілі емес пе? Біздегі жағдай да осы секілді әңгіме.



- Білікті жастар ой-арманын іске асыра алмайды дейсіз ғой...

- Оның қисық болатын себебі, жүйенің өзі қисық. Менің ылғи айтатын бір мақа-лым бар, соны тағы қайталаймын: «Есек арбаны сүйреуі керек». «Есектің еңбегі адал, еті арам» деген де сөз бар. Бізде керісінше, жағдайлар жиі ұшырасады. Мына технология дегеннің еңбегі адал, бірақ жұртқа жақпайтын да осы. Өйткені қиын, түсінбейді. Дегенмен мемлекетті алға сүйрейтін да түбінде осы. Техноградтық ғылым адамның басы секілді. Тек уақыт жоғалтпау керек.



- Осыдан біраз уақыт «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген қыз-жігіттердің біразы шетелде терең білім алып келгендігін, алайда оларға ұсынылған қызметтің жалақысы төмендігін айтып, жоғарыдағыларды ойға қалдырды. Осыған көзқарасыңыз қалай?

- «Болашақ» - өте дұрыс бағдарлама.Оның құрылуына үлес қосқан адамның бірі - мен. Жоғары Кеңестің алғашқы депутаты болдым. Сонда менің сайлауалды бағдарламамның бірінші пункті жастарды қолдау еді. «Болашақтың» алғашқы бағдарламасын мен жазып Сенбаевқа ұсындым. Ол кісі Елбасына жеткізіп, ақыры сәтті іске асты. Бұл үшін Президентке айтар алғыс шексіз. Біріншіден - шетелде оқып келудің пайдасы зор. Елге келген соң, оларға көмектесу үшін айрықша бағдарлама жасауды ұсы-нып жүргендер бар. Мұны өз басым түсіне алмадым. Шын мәнінде білімді жас бәсекелестік жағдайында қызметті өзі табуы тиіс. АҚШ-та немесе Батыс Еуропада жоға­ры білім алсаңыз да сіздің ұтатыныңыз өз біліміңіз емес пе? Осылай болуы керек. Мұның барлығы студенттің кінәсі емес. Бұған осы саланы басқаратындар кінәлі. Айталық, жұмысқа орналастыруға дейінгі тамыр-таныстықты тоқтатпайынша, іс алға баспайды. Адамда ұят деген болуы керек. «Сен мықтысың, сенің де балаң мықты болады» деген теория жоқ. Бәсеке бәріне бірдей болуы тиіс.

Қараңызшы, былтыр мен ауылға барып қайттым. Мектепте компьютер толып тұр. Бірақ жарық жоқ. Осы секілді түкке тұрмайтын мәселемен

тоқтап қалатын шаруа бізде көп. Ғылым жүйелілікті ұнатады. Жүйесіз нәрсе жүйкеге тиеді, жұмысқа кедергі келтіреді.

Елбасымыз өте дұрыс, өте орынды мәселелерді көтереді, нұсқау береді. Президенттің дұрыс бағытын ілгерілетуде басқарушы орындар ұдайы бүйректен сирақ шығаруға құмар.

- Сіз ҚБТУ-да дәріс беріп жүрсіз. Студенттердің қарым-қабілеті қандай?

- Жалпы, Кембридждің аты мықты. Қазақта «Ата атымен қыз өтеді, мата атымен боз өтеді» деген мақал бар. Бірақ Кембриджді бітіргендердің президент болғанын көрдіңіз бе? МГУ бітіргендер президент болып жатыр ма? Әңгіме онда емес, мәселе адамның өзінің басында. Сіз талапты, еңбекқор болсаңыз, бәрін алып кетесіз.Қазір жұмыс істейтін адамға барлық жағдай бар. Осы жағынан алғанда мен Назарбаевқа тағы да рақметімді айтар едім. Алдына мақсат қойған адам бәріне жетеді.

Бұл оқу орнында көзінде оты бар қыз-жігіттер көп. Соған ризамын. Бұлардың арасынан елге адал қызмет етуге ынтық жастардың аз болмасы анық.

- Мектептерде 11 сыныпқа дейін оқытылатын математика пәні екені анық. Шетелдерге байқауларға барып, жүлде алып жат­қандар да көп. Осыған қарап елімізде математика ғылымы қаншалықты дамыған деп ойлайсыз?

- Мынадай парадокс бар. Жыл сайын балалардың бәрі математиканы оқиды, қазақ тілінде оқиды. Алайда қазақ тілін оқып бәрі қазақша сөйлеп кетіп жатқан жоқ. Математика да сондай. Математика - құрал. Оны үйреніп алып, басқа жаққа кетіп қалатындар да бар. Енді жеңімпаздар туралы айтсақ, бәрі ебін тауып елден кетіп қалады. Сонда біз математиктерді шетелге дайындап жатқан болып шығамыз. Айналып келгенде, мен сұмдық математик дегендерге қарамаймын. Негізінен, ғылымға келгендердің барлығы ауылдан келген, орташа оқыған, онша тіл білмейтін балалар. Мәселен, спортқа барған байдың баласын көріп пе едіңіз? Жоқ. Математика да сондай, элиталы емес.

Сондықтан «жеңімпаз болдық» деген сөз де салыстырмалы нәрсе. Онда тұрған не бар. Одан да біз «енді 10 немесе 30 жылдан кейін қандай боламыз?» деген сұрақтарға жауап іздейтін мәселені алдыңғы орынға қоюымыз керек.

- Бұған тоқталып отырғаным, соңғы кездері дарынды балаларға арналған мектепер ашылып жатыр. Атынан ат үркеді. Дегенмен осы білім ордаларында біліктілігі жоғары ұстаздар қалыптаса қояр ма екен?

- Бұл күдігіңіз рас. Менің де күмәнім бар. Атына затына сай қылу үшін бе, әйтеуір құйылып жатқан қаражат та көп. Шіркін-ай деймін, осы қаражатты менің ауылымдағы №45 мектепке берсе ғой. Қазіргі аты - «Ақ орда». Мыжырайып тұр. Мұндай мектеп көп. Осыларды жөндесек, ауыл баласының рухы көтерілер еді, оқуға құлшынысы артар еді. Осыған дейінгі даңқты ғалымдарымыз сол мектептерден шыққанын қалай ұмытуға болады? Сондықтан елімізде іргелі мектептерді анықтап, білім сапасын тексеріп, қаражатты соларға құйған жөн. Таза бәсекенің жоқтығы осыдан көрініс береді.Қомақты қаражат құю арқылы кез келген нәрсені көркейтуге болады. Бұл жерде көп ақша салынған білім ордасының күштеп болса да дамитыны даусыз. Сонда өз екпінімен-ақ ілгерілеп келе жатқан білім ордасының кінәсі не? Қазір қарап отырсаңыз, елімізде ерекше көзге түсіп жатқандар - мамандандырылған математика мектептері мен қазақ-түрік лицейлері. Ашылмай жатып «Кембридж болдық» деуге негіз бар ма? Жоқ. Демек, үздік мектептерді қаржыландыру арқылы өзгелерін де биікке көтеруге болады. Мықты мектепті де, университетті де шәкірттеріне қарай анықтайсыз. Осыны ойлау орнына жасанды жарнамаға әуестігімізді қоймаймыз.

Мен қазақтың көркейіп, өсіп-өнуіне шын жүректен тілектеспін. Бірақ әрнәрсені жөнімен істеп, бөссек те жөнімен бөскеніміз дұрыс қой. Ең алдымен біз жібі түзу мұғалім тауып алайық. Мықтының өзін мойындамақ түгілі танымай жүргенімізде «дарындымыз» деп жүргеніміз шынында да күлкілі емес пе? Бір қызық айтайын: Өмірбаев деген даңқты математик кісі бар. Сол кісі Астанадағы Назарбаев Университетіне барса, ешкім сізді танымаймыз деп жұмысқа алмай қойыпты. Қазақтан шыққан мықты математиктің танымаған білім ордасының басшылары туралы не айтуға болады? Биліктегілер ғылым саласындағы мықтыларымызды түгел біледі деу - ағаттық болар еді. Жаңағы Өтілбаев 90 ғылым кандидаты мен докторын дайындады. Ал Өмірбаев халықаралық математика қоғамының сыйлығын алды. Ойлап қарасаңыз, олар көп емес. Соның өзін биліктегілер түгел білмейтіні даусыз. Мұндай жағдайлар жиі ұшырасады. Бұл - біздің қасіретіміз.

- Шәкірт тәрбиелеу демекші, сіз өз мектебіңізді ашу ойыңызда бар ма?

- Иншалла, мен ешкімнен кем емеспін. Асып бара жатқан атақ-даңқым жоқ. Қарапайым математикпін. Мені ешкіммен салыстырмаңыздар. «Математикаға бет бұрған қазақтың қарапайым баласы» деген атақ маған жетеді. Әңгіме қоғам үшін дені дұрыс, ойлау қабілеті түзу, үмітті ақтайтын азаматтар тәрбиелеуге қал-қадірімізше үлес қоссақ, сол бізге жеткілікті.

Ең алдымен қисық-қыңыр ойлау, қазақбайшылықтан арылуымыз қажет. Мысалы, «Немістің жұмысы деген басынан аяғына дейін істеледі. Сынбайды, бірімен бірі үйлесіп тұрады. Қазақшылық дегеніміз, бәрі жақсы басталады да, аяқ жағына келгенде бірдеңе-бірдеңе... сиырқұймышақтанып кетеді.

Мен ғалым адамымын, берер білімім жоғары оқу орындарына арналған. Студенттер, аспиранттар даярлауым керек. Ғылыми мектеп қалыптастыруым қажет. Осы салада бір жұмыстарды қолға алайын десең, әйтеуір бір кедергі алдыңнан шығады...



- Соңғы жылдары Ғылым академиясы таратылып, «Ғылым ордасы» өмірге келді. Академия мүшесі ретінде бұл сізге қаншалықты әсер етті?

- Бізде академияның екі түрлі мүшесі бар. Бірінші және екінші сортты. Алғашқылары - арнайы грант алатындар, академияның таратылуына да себепші солар. «Ғарыштық жылдамдықпен» жабылған мекемені өз басым алғаш рет көрдім. Ғылым академиясы - мемлекеттің символы. Мысалы, Францияда Наполеонның кезінде қалыптасқан академия әлі тұр. Өйткені ол - символ. Біздің ғалымдарымыз өз академиясын өздері тұншықтырып өлтірді.

Бұл жерде мен академия бір сұмдық мекеме еді деп айта алмаймын. Кемшілігі бар, рас. Бірақ оның жоғынан бары жақсы еді. Сүрінбейтін тұяқ, қателеспейтін адам болмайды. Адамның ұлылығы - қателесуінде, мойындауында емес, соны жөндеуінде. Меніңше, академияны қайта ашу керек. Мүмкін бұрынғыдай емес, жаңаша құру керек секілді. Қазір ол қоғамдық ұйымға айналды. Бар-жоғы белгісіз. Ешқандай жұмыс механизмі жоқ.Міндеті те жоқ.

Академиктердің екінші сортындағылар - ақша алмайтын академиктер. Олар қоғамдық ұйымның мүшесі. Ауылға барғанда жора-жолдастарға, кемпіріңіздің алдында мақтануыңызға болады. Бітті. Францияда академияның 10 түрі бар. Мүшелері де санаулы. Жұмыс істеп тұр. Олардың мықтылығы өз сөзін кез келген жерге өткізе алады. Мәселен, Француз академиясы - біздегі А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты секілді. Олар бір сөзді жылдар бойы зерттеп, осылай жазамыз деп қабылдаса бітті. Солай жазылады. Бізде мұндай іске биліктегілер де, басқалар да аты-жөні жоқ араласады. Беделді жинаудың өзі осындайдан басталады.

Меніңше, осы тектес бір мекеме қазаққа да керек десек, осы академия болуы керек еді. Мәселенің бәрі академияға тіреліп тұр десек, қате болар еді, әрине. Академиясыз да дамып жатқан ғылым бар. Алайда өзге түгілі көршіге қарап таңғалып қоямыз. Мысалы, Ресейде ғылым академиясына мүше академиктер айына кемі 2 мың доллар алады. Бұған Путин кезінде қол қойған. Қырғыздар 200 доллардай алады. Түрiкмендер мен өзбектер де сондай. ТМД аумағында жалғыз жабылған академия бізде ғана.Ал жастарға академиясыз да күн көруге болады, сондықтан бос уақытты құртпаңдар, еңбек ете біліңдер, өтірік айтуды тоқтатыңдар дегім келеді.

- Қазіргі қазақ математиктерін әлем ғалымдары қаншалықты мойындайды?

- Әрине, соңғы жылдар көлемінде қазақ математиктері өздерін көрсетіп келе жатқанына күмән жоқ. Математиктер мен физиктердің олимпиадалық сынақтары қазақ жерінде өтіп жатуы заңды құбылысқа айналды. Мәселен, Еуразия Ұлттық университетінде қызмет жасайтын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері Уалбай Өмірбаев көп жылдар бойы әлем ғалымдары бас қатырған «Нагата» проблемасын шешумен көзге түсті.

- Асқар Серікұлы, Сіз ғылым саласындағы танымал тұлғаға айналдыңыз. Өзіңіз ерекше үміт күтетін шәкірттеріңіз ретінде кімдерді атар едіңіз...

- Әрине, менің шәкірттерімнің арасында қатардан озған шәкірт ретінде танылып, әлемдік ғылымды дамытуға үлес қосып жүргендері жоқ емес. Бұл тұрғыда әңгіме еткенде мен Қайсар Түменбаев, Шералы Ыбыраев, Павел Зусманович, Бақыт Маткаримов секілді шәкірттерімді ерекше атар едім. Олардың кейбіреулері елден, орталықтан шалғай жүрсе де тынымсыз еңбек үлгісін танытып, өзгелерге үлгі болуда.



- Сіз туып өскен Сыр өңірі соңғы жылдары Жұмаділдаевтар әулетіне, онда өсіп келе жатқан жас ұрпаққа үлкен үмітпен қарайды. Осы жас толқын жайлы аздап болса да айтуға тура келген секілді.

- Расын айтқанда мен отбасымызда дүниеге келген үш ұл, үш қыздың үлкенімін. Перзенттерінің үлкені ретінде әкеміз Серқұл мен анамыз Күлшатқа айтар алғысымыз шексіз, әрине, менің математик ретінде елге танылуым бауырларым мен олардан өрбіген ұл-қызға ерекше әсер етті деп ойлаймын. Әке-шешем әлі бақуат, маған салса олардың өзімізбен бірге болып, ұл-қыздары мен немерелерінің, шөберелері мен басқа да жеткіншектерінің қуанышын бөлісе беруіне шын жүректен тілектеспін.

Менің інім Әнуар мемлекеттік қызметте, қазір ол республикалық салық комитетін басқарады. Қарындастарым да түгелдей дерлік республикалық физика-математика мектебін бітірген. Қарындасым Рауза энергетика саласында еңбек етеді. Өз ісінің шын маманы. Қарындасым Әсия мен немере қарындасым Ұлдарай физика-математика мектебінде дәріс береді. Қарындасым Мария - С.Демирель атындағы университетте қызмет істейді, үйдегі екінші ұл, інім Рүстем - кәсіпкер. Ата-анам тұрған шаңыраққа ие болып отырған да сол. Рүстемнің ұлы Жәнібек менің жолымды жалғастыруға бел буған сыңайлы. Қазір ол МГУ-дің математика-механика факультетінде оқиды. Раузаның екі ұлы - Еркебұлан мен Жасұлан, Әсияның қызы Ғазиза, Рүстемнің қызы мен ұлы Әсем мен Әлібек болашағынан зор үміт күттіреді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©www.dereksiz.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет