Арқа ажары. 2010. №108. 9 қыркүйек



Дата29.06.2016
өлшемі57 Kb.
#165890
Арқа ажары. - 2010.- № 108.- 9 қыркүйек

Ташкеев Т.



Ұлағатты ұстаз, білікті ғалым

Аманжол Тұрарбеков талай шәкірт тәрбиелеп, өз ортасында абройға бөленген абзал азамат.

...Ұстазымсың, мен де сенің

балаңмын,

Біліміңмен жанданып, мен нәр

алдым.

Дәл өзіңдей өзгелерге үлгі боп,



Мен де кейін шоқ жұлдызша

жанармын...


Әр шәкірттің сүйікті де ұлағатты ұстазына осылайша жыр арнайтындығы анық. Өйткені, ұстаз ұлағаты ешқашан ұмытылмайды. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген де сөз бар. Әр мұғалім өз шәкірттерімен бақытты. Терең білім, саналы тәрбие бере алған ұстаз ғана артына өшпес мұра қалдыра алады. Бүгінде жетпіс деген ауылдың қазығына ат байлап жатқан өңірімізге белгілі ұстаз, білікті ғалым Аманжал Тұрарбеков ағамыз осындай жандардың қатарынан.

Жазиралы даласы бар, өзен-көлдері шалқыған қасиетті де, киелі Қорғалжын топырағында туып-өскен осы бір тұғырлы тұлғаның өмір жолы қалай өріліп еді?

Аманжалдың балғын балалық шағы өзгеде тұрғыластары секілді соғыстан кейінгі ауыр кезеңмен тұспа-тұс келді. Сабынды ауылдық кеңесіне қарасты Алғабас ауылында (ертеректегі атауы Айшуақ) кіңдік қаны тамды, малшының қараша үйінде балалық шағы өтті. Тұңғыш рет шәкірт партасына Алғабастағы бастауыш мектепте отырды. Сонымен, Алғабаста төртінші, Сабындыда жетінші, сол кездегі Ақмоланың Сталин атындағы мектебінде оныншы сыныпты тәмамдаған жасөспірім боз баланың алдында «Қайда барамын, кім болам?»,- деген сауал тұрды. Бұл – 1958 жылдың жайдары жазы болатын. Мектепті «өте жақсы»деген бағалармен бітірген Аманжол қайтсемде оқимын деген биік мақсатты алдына қойды. Бірақ ... Сол кездерді біздің кейіпкеріміз былайша еске алады:

- Сталин мектебінің оқу ісінің меңгерушісі Қоңысбаева (есімін ұмытыппын) «Қалқам, сен оқуға түсуге тиістісің, қажет десен, Алматыға өзім ертіп апарайын», деп аналық, бір жағынан ұстаздық қамқорлығын көрсетті. Алайда, қиындықтар алдымнан кесе - көлденең шықты. Соғыстың алғашқы жылы-ақ бір аяғынан жаралы болып оралған әкем жұмысқа жарамайды. Әрі оның мені алыс жолға жібергісі жоқ. Үйдегі тетелес өсіп келе жатқан бауырларымның ішінде бас көтетері өзіммін. Оның үстіне алыс өлкеге оқуға бара қоятындай қаржы жағы да тапшы. Осылайша жігерім құм болып жүргенде бізді Теміртауға комсомолдық жолдамамен жіберетін болды. Оған да тәубә дедік, қайтеміз», - дейді Аманжол аға бізбен әңгіме арасында.

Дегенмен, адамның ойлағаны болмайды, Алланың дегені болады деген ғой. Дәл сол кезде Ақмолада ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын институт ашылып, жас жігіттің көктен тілегені жерден табылды. Тез арада құжаттарын өткізіп, емтиханға әзірлікке бас алмай кірісті. Бір айта кететін жайт, сол кездегі бас хатшы Н.С. Хрущевтің тапсырысы бойынша жоғары оқу орнына қазақ мектебін бітіргендердің 15 пайызы ғана қабылданатын. Демек бұл оқуға түсу мүмкіндігің шектеулі деген сөз. Бірақ жаратылысынан алғыр, зейінді жас тыңбай талаптанып, тыңғылықты дайындығының арқасында химия мен биология пәндерінен қатарынан екі бес алып жолы болып кетті.

- Мен облыстық «Арқа ажары» газетімен таныстығым сонау студент кезімде басталған. Қалай дейсіздер ғой? Институтқа қабылданған алғашқы жылы біраз қиналдым. Өйткені, институтта сабақ орысша жүреді. Кейін орысшаға да төселіп кеттім. 1963 жылы мемлекеттік емтихан комиссиясында сынақтарды сәтті тапсырдым. Сол кездегі «Тың өлкесі» газетінің тілшілері Мәди Хасенов пен Нөгербек Мағзұмов ағаларымыз (бүгінде екеуіде арамызда жоқ) барлық сынақты «өте жақсы» деген бағаға тапсырған менен келіп сұхбат алған-ды. Сол сәттерді қайтіп ұмытамын – дейді өмір белесінің алғашқы баспалдақтары жайлы ой толғаған Аманжол аға. Сәл алға озып, ой тарқатсақ, кейін 1968 жылы Аманжал Күләйша деген қызбен көңіл жарастырып, отау көтергенде де осы облыстық «Коммунизм нұры» газетіндегі жігіттер бірге болып, той қызығын бөлісіп, шығынын бірге көтеріскендігін айта кету керек.

Сөйтіп 1963 жылы жоғары оқу орынын үздік бітірген оған институт оқытушылары аспирантураға қалуға кеңес бергенді. Бірақ, қанша үгіттеген мен Аманжалдың аңсары ауылға ауды, қалада емес, ауылды еңбек етіп, алған білімін туған ауылының кәдесіне жаратпақ болды.

Осылайша жоғары білімді азамат Қорғалжын ауданына қарасты «Арықты» кеңшарының Құмкөл бөлімшесіне аграном етіп жіберілді. «Сол жерде «Комсолдың 40 жылдығы» атындағы кеңшар ашылады, соған директор боласың, жағдайын жаман болмайды, бала», - деп шығарып салды шаруашылық басшылары. Дәл сол кезде бұл барған бөлімшеде 11 мың гектардан астам жерге дән себіледі екен. Сонымен жас маман бара сала бірден іске кіріссін! Көктем туар-тумастан тұқымдық астықты жазық алқапқа шығарып, дәрілеп, таңаптарды тыңғылықты өңдеуге барын салды. Өзіне де, механизаторларға да тыным бермеді.

Бірақ, сол жылғы жаз құрғақ болып, жауын бір тамбады. Еткен еңбек, төгілген тер зая кеткен жоқ. Күзгі жиын – терінде аудан бойынша гектар түсімі бар болғаны 1-2 центнерден айналғанда, бұл басқаратын бөлімше диқандары әр гектардан 8 центнерден өнім алды. Бұған әрине, аудан басшылығы сенбеді. Мына жас агроном өтірік ақпар беріп жатқан болар деп әдеиі адам жібереді. Сонда Аманжол агроном жерді баптап күтпесе, агротехникалық талаптарды орындамаса егіннен мол өнімге қол жеткізуге болмайтындығын дәлелдеп, мүйізі қарағайдай тәжірибелі мамандарымен айтысқа түсіп, ақыры өз пікірін дәлелдеп шыққан еді.

1964 жылы Аманжал өзінің туған ауылы – Сабындыға қызметке келді.Ол кезде «Ленин жолы» колхозы аталатын. Бірақ, бұл шаруашылықта да егіншілік жағдайы мәз емес-тін. Сондықтан жас маман бірден тұқым жайына баса назар аударды. Мыңа қызыққа қараңыз - өзінің алдында ғана болған агроном ауданға «Тұқым 100 пайыз тазаланды» деп жалған ақпар беріп жіберіпті. Ал, нақтысында тұқым сол күзде қамбаға құйыла салған қалпында жатыр. Осы үшін колхаз басшылығымен дүрдараз болғанын қалай естен шығарсын? Олардың айтатын уәждері: «Сен келмегенде де егініміз көктеп, дәніміз піскен текке тыраштанып қайтесің?» - дегенге саяды.

Бірақ, Аманжол аға алған бетінен қайтпады, Құмкөлде жасаған тәжірибесін мұнда да қолданды. Нәтиесінде қоңыр күзде әр гектардан 18 центрнерден астам өнім жиналды. Бұл тау қопарар қажыр-қайраты бар жастың алғашқы жеңісі еді. Содан кейін алған білімі мен тәжірибесін қатар ұстанған жас маман табандатқан екі жыл бойы ел ырысын еселеу жолында абыроймен еңбек етті.

... Өмір жолының бұралаң – бұлтарысы көп. Кейде армандаған ойың жүзеге аспай, дегенің болмай жатады. Біздің кейіпкеріміз де уақыт өте келе осы бір сүйікті кәсібінен жырақтап, керімсал самал ескен, нан иісі аңқыған алқаптан ажырап кетемін деп әсте ойламаған шығар. Бірақ, тағдыр оны тура жолға салып, ғылым әлеміне жетеледі десек, артық айтқандық болмас, сірә? Алпыс сегіздің жазында Аманжол Тұрарбеков дәм айдап, қайтадан Ақмоладағы өзі оқыған Ауыл шаруашылығы институтына оралды. Оған бірден-бір себеп болған бір кезде өзіне осы институтта сабақ берген оқытушысы Лев Роктанэн еді. Шәкіртінің қарым – қабілетіне сенген ұстаз оның келешекте білікті ғалым болып шығатынына сол кезде-ақ көз жеткізген болар, бәлкім!

Аспиратураны үздік тәмамдаған Аманжол Тұрарбеков кейін кандидаттық диссертациясын да сәтті қорғап шықты. Міне, осыдан кейін оның таза ғылыми жұмыстағы жаңа баспалдағы басталды. Аманжол ағаның бұл жолдағы еңбегі де жеміссіз болған жоқ. Сексеннен астам ғылыми әдістемелік еңбектері, ондаған оқулықтары жарық көрді.

- Мен өмірде өз ойлаған мақсатымды жүзеге асырдым ғой деп ойлаймын. Сонау елуыншы жылдардың соңында Ақмолада құрылған сол кездегі бірегей оқу ордасынан білім алдым. Әсіресе, өзіме білім берген ұстаздарымды ерекше ілтипатпен еске аламын. Олардың әр сабақты талдап түсіндіретіндері ғажап еді. Тіпті әлі күнге дейін ұмытылмай есімде сақталаған. Бізде көп жыл білім саласында тер төгіп келеміз ғой, бірақ өзімді сол ұстаздарымның деңгейіне жеттім деп айта алмаймын. Міне, отыз жылдан астам уақыт бойы жоғары білім саласында еңбек етіп келемін. Сонау бір жылдары халықаралық «Сорос Қазақстан» қорының грантын иеленуімнің арқасында жазылған дүниелерімді жарыққа шығаруға мүмкіндік алдым. Қай кезде болсын, адал еңбек еткен пендесіне Алла да өз несібесін аямайды ғой, - дейді әңгімесін әрі қарай жалғаған Аманжол аға.

Иә, қашанда мақсат – мұраты – ғылым, талмас қанаты – ізденіс болған Аманжол Тұрарбеков әлі де еңбектен қол үзген жоқ. Қазірге кезде Астанадағы Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінде студенттерге дәріс беруде.

Шырайлы шаңырақтың ұйтқысы, шәкірттерінің үлгі тұтар ұлағатты ұстазы Аманжол Тұрарбеков зайыбы Күләйша Ысқаққызымен бірге ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, Ақбота, Нұрбек, Томирис, Ернар, Дамира атты немерелерінің қызығын тамашалап отыр.



Кезінде Қазақстанның Халық жазушысы, белгілі қоғам қайраткері Шерағаң, Шерхан Мұртаза айтыпты дейтін: « Алпыс – тал түс», «Жетпіс- жет те піс», - деген сөздер бар. Ендеше жетпіске жетіп «пісіп», әлі де қажыр- қайратын жоғалтпай бойындағы барын шәкірт тәрбиелеу ісіне арнап келе жатқан Аманжал Тұрарбеков ағамызға еңбегіңіз мәнді, өміріңіз сәнді болып, бұл ғұмырдың бар қызығын көре беріңіз деген тілек айтқымыз келеді.

Достарыңызбен бөлісу:




©www.dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет