Қарағанды облысының әкімі С. Ахметовтың Шет ауданы жұртшылығымен кездесудегі сөзі



Дата21.06.2016
өлшемі28.81 Kb.
#151761
Қарағанды облысының әкімі

С. Ахметовтың Шет ауданы

жұртшылығымен кездесудегі сөзі

15 қаңтар 2010 жыл

Қадірлі жерлестер!

Ардақты ағайын!

Облысымыздың қазығы мықты, іргесі құтты аудандарының бірі – осы Шет ауданына арнайы келіп отырмын.

Қыдыр дарып, құт қонған киелі өлкенің арман – мұраты бір арнада тоғысқан. Ол - елдік пен ерліктің үлгісі. Ел басына күн туған алмағайып заманды ат үстінде өткерген Жидебай, Сеңкібай, Деріпсалы, Байғозы, Жарылғап, Бөрі, Ағыбай сынды батыр бабаларымыздың жері бұл. Қазақ жерінің тұтастығы, халқының бостандығы мен еркіндігі үшін жан алысып, жан беріскен есіл ерлерге әрқашан тағзым етеміз.

Кісілік пен кішіліктің ақылы мен нақылын бойына сіңірген дуалы ауыз Жанқұтты, Байсейіт, Дүйсенбай, Қара билер әділдікті ту етіп ұстап, дүйім елдің мақтанышына айналды.

Халқымыздың ғасырлар бойы жиған – тергенін жырымен өрнектеген Шортанбай, Ақтентек, Қақпан, Маясар, Жәкен, Қасым тәрізді айтыскер ақын – жырауларымыздың жауһар жырлары зерделі елдің есінде.

Егіз шектен төгілген күйлерімен сусындатқан дәулескер күйшілер Қыздарбек, Әбди, Сембек, Әбікендер бүкіл қазақтың мақтанышы.

Ұлы Отан соғысы жылдарында, қиын кезде Ақшатау кен байыту комбинаты үлкен рөл атқарды.

Соғыс жылдарында ерен ерліктің үлгісін танытқан Кеңес Одағының батыры Қазыбек Нұржанов, Даңқ орденінің толық иегерлері Ботай Байзақов, Кәмәли Дүйсенбековтер дәл осы ауданнан шыққан өрендер. Генерал Камал Бошаев та осы өлкенің мақтанышы.

Ел ырысын молайтуға еселі еңбегімен үлес қосқан аймаңдай аға-апаларымыздың есімдері асылдар қатарында аталды. Еңбегіне елін марқайтқан Бегім Беркімбаев, Әбду Қайқыбасовтар Социалистік Еңбек Ері атанып, омырауларына алтыннан жұлдыз тақты.

Сәденов Аманкелді СССР Мемлекеттік сыйлығының, Далабаев Бейсенбек Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаттары.

Сонымен қатар академик ағаларымыз бен апаларымыз Яхия Әубәкіров, Жамбыл Ақылбаев, Баян Рақышев, Шәрбан Батталовалардың қазақстандық ғылымды дамытудағы еңбегі ерекше Ал, бүгін ғалым ағаларының ісін жалғастырып жүрген Нұрлан Дулатбеков, Мәуен Хамзин, Тілеген Садықов, Серғазы Әдекеновтер осынау қасиетті топырақтан түлеп ұшқан түлектер.

Ұлыларды ұлықтау - ұлттық қасиет. Халықтық дәстүр. Ер есімін елі қадір тұтады, әрқашан құрметтейді.

Шежіреге толы Шет өңірінің арғы – бергі тарихына бойлай еніп, қалам қарымымен мәйекті мәдениетімізге үлес қосып жүрген жазушылар мен ақындар Өмір Кәріпұлы, Кәмел Жүністегі, Төрехан Майбас, Тезекбай Амандықұлы, Зәрубай Сүйіндікұлының шығармалары талғамы жоғары оқырмандар ортасына кеңінен танымал.

Елдің елдігін танытатын салалардың бірі – спорт. Бұл орайда аудан абыройын асқақтатып, өшпес із қалдырған Әлімшайқы Сәлімбаев, Серік Демесінов, шахматтан еліміздің чемпионы, ғылым докторы Бану Әбдіқасовалар - тұғырлы өлкенің сайыпқыран саңлақтары.

Қазақ халқының ұлттық өнері – құсбегілікті биікке көтеріп, саяткерліктің сәнімен шет елдерді де тамсандырған Тілеуқабыл Есенбеков есімі де көпке мәшһүр.

Ауылшаруашылығын өркендетуге өрнекті із қалдырған, білгір маман, білікті басшы атанып, еңбегімен ел құрметіне бөленген аға буын өкілдері өз алдына бір төбе.

Міне, замана дауылдары мен жауындарынан ықпаған, ел намысын жықпаған мәрт мінезді Шет ауданы халқының осындай тұғырлы тұлғалары тарих тақтасына алтын әріптермен жазылып қалары сөзсіз.



Аға ұрпақ дәстүрін лайықты жалғастырып келе жатқан келешегі кемел елдің азаматтары ауданның келбетіне ғана емес, халықтың әл – ауқатының артуына да сүбелі үлестерін қосып келе жатқандығын да жақсы білемін.

Ардақты ағайын!

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұстанған сарабдал саясат қалың қазақ жұртын, көп ұлтты Қазақстан мемлекетін әлемнің барлық елдері танитын биікке көтерді. Әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына қосылуға бет түзеген Ұлы көшке керуен қосқан Шет ауданының да мерейі биік, мәртебесі асқақ. Ендеше, алдағы уақытта да аудан халқы қабілет – қарымы, білік – дарыны, жігер – жалыны арқасында тәуелсіз мемлекетіміздің абыройын асқақтата берері сөзсіз.

Достарыңызбен бөлісу:




©www.dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет