Ата заҢ он жылдық өзгерістердің



Дата25.02.2016
өлшемі106.44 Kb.

КОНСТИТУЦИИ РК – 10 ЛЕТ




Ата заҢ -

он жылдық

өзгерістердің


қайнар бұлағы

Ғайрат САПАРҒАЛИЕВ,

академик-заңгер, ҚР Еңбек


сіңірген қызметкері
- Құрметті Ғайрат Сапарғалиұлы, Қазақстан халқының өзі таңдап, мақұлдаған Негізгі Заңы – Конституцияның сара жолымен жүріп келе жатқанына биыл 10 жыл толып отыр. Мемлекетіміз бен қоғамымыздың дамуындағы түбегейлі өзгерістер, демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнығуға деген талпыныстардың бәрі Ата заңымыздың қағидаларына сүйену арқылы жүзеге асуда. Сіз сонау 1978 жылдан бері еліміздің Конституцияларын жасауға тікелей қатысып келе жатқан, тәуелсіздік тудырған тұңғыш Негізгі заңымызды жасаушылардың ішіндегі басты да белсенді тұлға ғана емес, оның әлеуетін қолдану барысындағы небір маңызды жәйттердің шешімін табуға тірек болып жүрген білімі мен білігі мол заңгер-ғалымсыз. Ендеше осы төңіректе өткенімізге үңіліп, болашағымызға көз жіберіп көрсеңіз.

- Сұрағыңыз Қазақстанның мемлекет ретінде дамуының екі дәуірін қамтитын сияқты. Бірі – Кеңес дәуіріндегі қазақ мемлекеттілігіне қатысты болса, екіншісі – еліміздің егемендікке қол жеткізген сәтінен басталады. Осы орайда, Кеңес заманындағы Қазақстан тарихында 1978 жылы қабылданған Қазақ КСР-нің Конституциясына тоқталып өткеніміз дұрыс болар. Себебі, сол Конституциямен егемен Қазақстанның Негізгі заңын салыстырғанда ғана Қазақстанда он бес жылдың ішінде тарихи салада, экономикада, әлеуметтік қатынастарда, қоғамның, өмірдің басқа да құбылыстарында қандай түбегейлі, тарихи маңызы бар өзгерістердің орын алғандығын анығырақ түсінбекпіз.

Шынында, сол тарихи өзгерістер алдымен Қазақстан мемлекеттілігінің өзгеруіне байланысты. Қазақ КСР-нің 1978 жылғы Конституциясы бойынша Қазақстан егемен мемлекет деп танылды. Бірақ, мұндай тұжырым шындыққа сәйкес келіңкіремейтін. Қазақстан КСРО құрамындағы он бес одақтас республикалардың бірі болатын. Шаруашылыққа, саясатқа, әлеуметтік жағдайға, мәдениетке байланысты мәселелердің баршасы тек одақтық партия және мемлекеттік органдар арқылы ғана қаралып, шешіліп отырған-ды. Оған қоса, мәселелерді орталықтандыру дәстүрі жылдан-жылға күшейіп, тіпті асқынып кетті. Одақтас республикалардағы болмашы мәселенің өзі Мәскеу арқылы шешілетін. Соның бір айғағы: аспиранттардан кандидаттық емтихан алу үшін олардың тізімі жасалып, рұқсат алуға Мәскеуге жіберілетін. Осындай жағдайдағы республикаларды дербес мемлекет деп санауға болар ма еді?

Бұл ретте мен Қазақ КСР-нің 1978 жылғы Конституциясын, Қазақстанның кеңестер дәуіріндегі жағдайын сынап отырғаным жоқ. Кеңес дәуірінде Қазақстанда өмірдің барлық салаларының едәуір алға басқанын жоққа шығаруға болмайды. Айталық, көптеген қалалар салынды, өсті, зауыт-фабрикалар құрылып, үздіксіз жұмыс істеп тұрды, білім мен ғылым дамып, айтарлықтай жетістіктерге қол жетті. Алайда, 60-70 жылдары осының бәрінің тұралап, дамымай қалғаны тағы рас. Түрлі реформалар, қайта құру еш нәтиже бермеді. Ақырында, Кеңестер Одағы саяси, экономикалық, әлеуметтік дағдарысқа ұшырап, құлдырай бастады. Қуатты, мызғымас Кеңес мемлекеті құрдымға жол тартып, он бес мемлекет өз алдарына бөлініп шықты. Формальді тұрғысынан қандай жақсы болса да, КСРО-ның 1977 жылғы Конституциясы алып мемлекетті сақтап қала алмады.

Қазақстанның нағыз өзіндік тарихы тәуелсіздікке, егемендікке жеткен мезгілден басталды. Міне, содан бері, он бес жыл өтті. Осы мерзімді шартты түрде екі кезеңге бөлуге болады: 1-кезең – “Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы” Декларациядан (25 қазан 1990 жыл), “Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы” Конституциялық заңынан басталып, Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясын (28 қаңтар 1993 жыл) қабылдауға дейін созылады. Екінші кезең – 30 тамыз 1995 жылғы Республикалық референдуммен қабылданған, қазіргі қолданыстағы Конституциядан бастау алады.

Тұңғыш Конституциямыздың қабылданғанына он жыл толып отыр. Он жыл жеке адамның өмірінде онша көп уақыт емес сияқты. Ал, мемлекетті алсақ, бір жағынан аз, бір жағынан көп. Аз дейтінім, мемлекет дегеніңіз өте күрделі, зор құбылыстарға толы. Бүкіл елді, қоғамды қамтитын, маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін, басқаратын жоғары, орталық және жергілікті органдарды құру, олардың қызметін реттеу, түрлі мемлекет органдарында қызмет істейтін адамдарды даярлау, сұрыптау, олардың өкілдіктерін анықтау, органдардың заңдарды қалтқысыз қолдануын қадағалап отыру, тағы басқа қызметтерді күнделікті атқарып отыру өте күрделі де қиын жұмыс. Осы айтылғандардың барлығы бұрын қалыптасқан дағдылы, дәстүрлі істер, қызметтер емес еді. Қазақстан мемлекетін құрайтын барлық органдарды – Парламенттен, Үкіметтен бастап, министрліктерді, мемлекеттік комитеттерді, агенттіктерді, облыстық, аудандық, ауылдық атқару органдарын, өкілдік органдарын, жоғарыдан бастап, аудандық деңгейге дейінгі сот, прокуратура органдарын тәуелсіз мемлекеттің органдары ретінде қайта құрып, олардың өкілеттіктерін айқындау қажет болды. Кейбір мемлекеттік органдар жүйесін екі-үш реттен қайталап өзгертуге, олардың қызметтерін реттеуге тура келді. Себебі, олардың мәртебесін, өкілеттіктерін, құрылымын өмірдің жаңа талаптарына сәйкестендіру қажет еді. Мәселен, сот жүйесі туралы екі конституциялық заң қабылданды. Мемлекеттік органдардың құрылымын, өкілеттігін, қызметін жетілдіру жұмысы үздіксіз жүргізіліп отыруы қажет. Міне, осы тұрғыдан қарағанда аз уақыттың ішінде қыруар қызмет атқарылғандығына еш күмән жоқ. Ал, осы он жылда мемлекет органдары қайта құрылған жоқ, құрылған күннің өзінде тиімді қызмет атқармады, бәрі құрып бара жатыр деп ауызды құр шөппен сүртіп, байбалам салып жүргендер тым құрыса, Қазақстан мемлекетінің құрылу, даму тарихына арналған деректерге көңіл аударғандары жөн. Осыған байланысты 2004 жылы жарық көрген “Қазақстан Республикасының мемлекеттік билік органдары. Анықтамалық” деген құжаттар жинағы шыққанын оқырмандарға ескерте кеткім де келеді.



- Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа Жолдауында айтылғанындай, біздің Конституциямыз әлемде демократиялық қоғамның негізгі шешімдеріне сай деп танылуда. Ал, егер сын болса, ол тек Конституция ережелерінің қалай орындалуына байланысты. Бұл тұжырымға қосар пікіріңіз қандай? Жалпы, Конституцияның әлеуеті мемлекет дамуы және қажетті саяси, экономикалық, әлеуметтік жағдайлардың, сондай-ақ, құқықтық кепілдіктердің жетістіктеріне орай кеңейіп отыратындығы белгілі. Бірақ, осы заңдылық толық көлемде орындалып отыр ма?

- Елімізде болып жатқан саяси, экономикалық, әлеуметтік өзгерістердің қайнар бұлағы, ұйытқысы – 1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясы. Конституция Республикамыздың президенттік нысанын бекітті. Президент – мемлекет басшысы. Ол мемлекеттің ішкі және сыртқы негізгі бағыттарын айқындайды, ел ішінде және халықаралық қатынастарда мемлекет атынан өкілдік ететін ең жоғары лауазымды тұлға. Президент осы конституциялық мәртебесімен биліктің үш тармағының үстінен қарайды. Оның билігі шексіз деген пікір шындыққа жанаспайды. Президент өкілеттігі Конституцияда, Президент туралы конституциялық заңда заңдастырылған болатын. Сол кезден бері Президент өз өкілеттігінің шегінен шыққан емес. Он жылдық тәжірибе осыны дәлелдеп берді. Президент заңдарды қалтқысыз сақтауы, соларға сәйкес қызмет атқаруы, жауапкершілікті сезінуі арқылы елдегі ерекше өзгерістердің ұйытқысы болуда. 1998 жылдың қазан айында Н. Ә. Назарбаев Парламентте Конституцияға өзгерістер енгізу туралы бастама көтеріп, 13 ұсыныс жасады. Парламент депутаттары Президенттің бастамасын бір апта талқылап, өз ұсыныстарын қоса отырып, Конституцияға барлығы 19 өзгеріс енгізді. Осы өзгерістерге байланысты Парламенттің өкілеттігі біраз кеңейді. Үстіміздегі жылдың 4 мамырында Президент “Қазақстан Республикасы Конституциясының әлеуетін одан әрі пайдалану шаралары туралы” Жарлық қабылдады. Жарлық Сенат пен Мәжілістің, Парламенттің өкілеттігін дамытып, өзінің құзырына жататын мәселелерді жан-жақты қарауды депутаттарға ұсынды. Бұл әрекеттен Парламент өкілеттігін шектеуге емес, оның рөлін арттыруға, қызметін жандандыруға бағытталған қадам аңғарылады.

Тағы бір мәселе – мемлекетіміздің қалай қалыптасуы қажеттілігі хақында. Кейбіреулер Конституцияны үстіртін, көркем шығарма ретінде сыпыра оқиды. Оның сөзін, терең мәнін түсіне қоймайды. Сондықтан Конституция нормаларына, ережелеріне, қағидаларына, салғырт қарап, ойдан саясат жасағысы келетіндер де кездеседі. Мысалы, Конституцияның 1-бабы Қазақстан Республикасының өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратындығын баянды етеді. Конституцияның осы қағидасы елімізде сондай мемлекет әлі құрылған жоқ, құру жолында дегенді білдіреді. “Орнықтырады” дегені – “орнықтырды” емес, ол келер шақ. Оның жүзеге асуына әжептәуір жылдар, тарихи уақыт қажет. Сөз жоқ, ойдағыдай мемлекет құру жолында Қазақстан айтарлықтай жетістіктерге ие болып отыр. Он жыл уақыт үшін осының өзі аз емес. Құқықтық мемлекет құратын заңдар негізінен қабылданды, қолданылатын қазақстандық құқық қалыптасты. Бұл құқықтың қайнар көздері Конституцияда көрсетілген. Олар тек Конституцияда емес, соған сәйкес, соның негізінде қабылданған мыңнан астам заңдарда, басқа да нормативтік-құқықтық актілерде көрініс береді. Міне, осы заңдар Қазақстанның қолданылатын құқығының жүйесін құрайды. Соның нәтижесі – маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін салалық құқықтардың қалыптасуы. Олар: конституциялық құқық, әкімшілік құқық, азаматтық құқық, қылмыстық құқық, қаржылық, салықтық құқық, экологиялық құқық, және басқалар. Осы айтылғандар да – Конституция қолданылуының он жылдық жемісі. Әрине, аталған құқық салалары бастапқы жағдайында қалып қоймайды. Оларды құрайтын заңдар өмір талаптарына, сұраныстарына орай өзгертіліп, жаңғыртылып отыратын болады. Осындай мазмұнды, күрделі қызметтің нәтижесінде құқықтық мемлекет те қалыптасып, дамитындығы сөзсіз.

- Заң шығарушы биліктің саяси беделін нығайту турасында бүгінде аз айтылып жүрген жоқ. Яғни, Парламенттің құзыреті мен өкілеттігі де артуы қажет. Осы маңызды органның қызметіне тоқталсаңыз.

- Қазақстан Республикасы Парламентінің құрамы он жылда үш рет өзгерді. Бұрын елімізде парламенттік дәстүр болмаса да, осы мерзімде Парламент мемлекеттің заң шығаратын өкілетті органы ретінде қалыптасып, кәсіби ортаға айналды десек, артық айтқандық болмас. Парламенттің 2 –шақырылымының қызметін қарайық. 1999 - 2004 жылдар аралығында Мәжіліс қарауына 784 заң жобалары түсіпті. Олардың 613-і Үкімет бастамасымен, 171-і Парламент депутаттарынан. Президентіміз 11 заңдардың жобасының басымдылығын және 5 заңдар жобасының жедел қаралуын жариялады. Осы заң жобаларының 597-сі Сенатқа жіберілген, ал 24-і қабылданбаған. Парламент қабылдаған 563 заңға Президент қол қойған. Президент қол қойған заңдардың 50-ін депутаттар енгізген. Осы дерек нені байқатады?

1. Парламент заң шығаратын органға сөзсіз айналды.

2. Парламенттің екі палатасы – Мәжіліс пен Сенат өз қызметтерін үздіксіз және адал атқаруда. Мәжіліске келіп түскен заң жобалары жан-жақты, терең талқыланып, шала дайындалған заң жобалары кейін қайтарылады немесе қабылданбайды.

3. Мәжіліс қабылдаған заң жобаларының барлығын Сенат мақұлдамайды, біразын Мәжіліске ескертпелермен кері қайтарады, кейбіреуін мүлдем қабылдамай тастайды.

4. Сенаттың өзі қабылдаған заңдардың барлығына Президент қол қоя салмайды. Кейбіреуін Парламентке кері қайтарса, кейбіреуін Конституциялық Кеңеске Конституцияға сәйкестігін анықтау үшін жібереді.

Бұлардан байқайтынымыз, Қазақстан Республикасының екі палаталы Парламенті өзінің қажеттілігін, ешкімге жалтақтамай қызмет атқаратындығын, палаталардың бір-біріне сын көзбен қарайтындығын дәлелдегені күмән туғызбайды. Осыған байланысты, әлдекімдердің Қазақстан Парламенті екі палатадан емес, бір палатадан тұруы керек, Қазақстан сынды біртұтас мемлекетте бір палаталы Парламент өмір сүруі керек деген пікірлерінің негізсіз, тіпті қисынсыз екендігін айта кеткім келеді. Қазірде бір палаталы парламент дегеніңіз сирек кездеседі. Парламент құрылымының мемлекет құрылымымен мүлде байланысы жоқ.

- Осыдан бірер жыл бұрын журналымызға берген сұхбатыңызда Кеңес мемлекеті пайда болғаннан кейін қабылданған Конституциялардың – жер жүзіндегі тұңғыш демократиялық Конституциялар екендігін, оның адамға, азаматқа арналған ерекше тарауын тілге тиек етіп едіңіз. Ал, егемен еліміздің Конституциясымен баянды етілген адамдардың құқықтары мен бостандықтары, демократиялық принциптер төңірегінде нендей ойлар айтар едіңіз?

- Мемлекетіміздің келесі қыры – оның демократияға тән белгілерінің қалыптасып, дамуы. Қазақстан мемлекетінің өкілетті органдарын халық тікелей немесе өкілдері арқылы сайлайды. Мәжіліс, мәслихат депутаттарын азаматтар тікелей дауыс беру арқылы сайлайды. Сенаттың депутаттарын мәслихат депутаттары сайлайды. Парламенттің, мәслихаттардың жұмысы ашық, жариялы түрде жүргізіледі. Олардың қызметі халыққа хабарланып, халық өкілдерімен кеңесіліп отырады. Ал, атқарушы билік органдарын алар болсақ, олардың басшылары - әкімдер, олардың орынбасарлары, басқа органдардың да жауапты қызметкерлері халық алдында есеп беріп отырулары қажет. Осы дәстүр Президент бастамасымен елімізде кең етек алып келе жатқан секілді. Сонымен қатар, демократияландырудың тағы бір белгісі – атқарушы органдардың басшыларын сайлауды, әзірше, іздену тәжірибесі арқылы жүзеге асыру көзделуде.

Әрине, демократияның қыры мен сыры сан алуан. Ол – сөз бостандығы, цензураның жойылуы, жиналыстар өткізу, шеру құрып жүру, тағы басқасы. Мұның бәрін бүгінгі таңда Қазақстан азаматтары өз игіліктеріне пайдалануда. Конституцияда жарияланған құқықтар мен бостандықтарды азаматтар толығымен, бір адамдай қолданады деп айту қиын. Мұндай жағдайдың әр түрлі себептері бар. Біріншіден, көптеген азаматтар Конституцияны, өз құқықтары мен бостандықтарын білмейді, дұрыс пайдалана алмайды. Екіншіден, әлі де болса, мемлекеттік органдарда адамдардың құқықтарына нұқсан келтіретін әрекеттер кездеседі. Бұларды болдырмау үшін заңдарды насихаттау жұмысын барлық әлеуметтік топтар арасында үздіксіз ұйымдастырып отыру қажет. Он жыл бұрын 1995 жылдың маусымында Президент жалпы құқықтық тәрбиелеу туралы қаулы қабылдап, оны жүзеге асыру жолдарын анықтаған болатын. “Құқықтық тәрбиені мектептен бастап, министрліктерге дейін жеткізу қажет”, - делінген сол қаулыда. Осы мәселе Үкіметке тапсырылғанымен, аяқсыз қалды. Он жыл өткен соң 2005 жылдың 4 мамырында Президенттің “ҚР Конституциясының әлеуетін одан әрі пайдалану шаралары” туралы Жарлығында Білім және ғылым министрлігіне үстіміздегі жылы конституциялық құрылыстың, адам мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтары негіздерін оқытудың сапасын көтеру шараларын қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар, мемлекеттік органдарда, мемлекет қызметкерлері арасында кездесетін сөзбұйдалықпен, сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу жолға қойылуы қажет. Аталмыш Жарлықта Президент құқық қорғау органдарында жылда тамыз-қыркүйек айларында міндетті түрде адам мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына арналған сабақ жүргізуді міндеттеді. Әрине, мұндай шараны мемлекеттің басқа органдарында да қолға алып, үздіксіз жүргізіп отыру қажет.

Қазақстан мемлекетінің әлеуметтік мемлекет ретінде қалыптаса бастағаны Президенттің, Парламенттің және Үкіметтің әлеуметтік мәселелерге соңғы жылдары ерекше назар аударуларынан айқын байқалады. Мемлекет жүйесінде қызмет істейтін адамдардың еңбекақысын, зейнеткерлердің зейнетақысын, студенттердің стипендиясын көтеру, ауылдың әл-ауқатын арттыру бағытындағы қадамдар осының айғағы.

Зайырлы мемлекет құру турасында бірер сөз. Президент Жарлығымен 2002 жылдың 20 қыркүйегінде мақұлданған “Қазақстан Республикасының құқықтық саясат тұжырымдамасында” зайырлы мемлекет құру мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Содан үзінді келтіре кетейін.

“Ел халқының көпұлттылығы, көпконфессиялылығы, Қазақстанның шекарасына жақын жерде діни экстремизмнің, терроризмнің бой көрсетуі жағдайында мемлекеттің зайырлы сипатын жете түсінуі мен қорғанудың маңызы зор. Зайырлы мемлекеттің конституциялық идеялары мемлекеттік идеологияға діни ағымдардың ықпал етуіне, экстремистік діни идеялардың бой көтеруіне тосқауыл қоятындай, сонымен бірге діни бірлестіктердің конституциялық тәртіп шегіндегі қызметін шектемейтіндей заң актілері мен өзге де іс-шараларда жүзеге асуы тиіс”. Осындай заң актілерінің бірі - 2005 жылдың 18 ақпанында қабылданған экстремизмге қарсылық көрсету туралы заң. Мемлекеттік органдар тарапынан діни экстремизмге қарсы басқа да шаралар қолданылуда. Есте ұстарлық жағдай, діни экстремизммен ымырасыз күрес тек тиісті мемлекеттік органдардың ғана міндеті емес, барша азаматтардың борышы. Бұл әрекет тек зайырлы мемлекет құруды көздемейді, сонымен қатар, ұлттық қауіпсіздікті қорғауға да бағытталған.



- Әңгімеңізге үлкен рахмет.
Сұхбатты жүргізген –

Б. Әбдірейқызы.
Каталог: site -> supcourt.nsf -> 36b782079737d452c6256d89002456d9 -> f4bd5792ff21cd97462570fb0038a4e9 -> $FILE
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Қазақстан Республикасының заңдары "Лицензиялау туралы"
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтары «Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 19 наурыздағы №1042 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы»
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтары Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 17 қыркүйектегі №1443 Жарлығына толықтырулар енгізу туралы
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Жылдар ішінде республика соттарының қылмыстық істер бойынша сот төрелігін іске асыру нәтижелері туралы анықтама
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Қазақстан Республикасының 2007 жылдың екінші жартыжылдығындағы заңдарына шолу Қазақстан Республикасының Конституциялық заңдары


Достарыңызбен бөлісу:




©www.dereksiz.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет