Ежелгі түркілердің наным сенімдері: Тәңіршілдік – түркі халықтарының исламға дейінгі негізгі діни нанымы



бет1/2
Дата21.05.2024
өлшемі99.5 Kb.
#501635
  1   2
Ежелгі түркілердің наным сенімдері (1)(1) (1)


Ежелгі түркілердің наным сенімдері: Тәңіршілдік – түркі халықтарының исламға дейінгі негізгі діни нанымы. Табынудың басты объектісі - Тәңір. Тәңірі (көне түркі тілінде – мықты, ер, құдіретті) – көне түркілердің діни наным-сенімдеріндегі тұлғаланбаған, шексіздік күйі есебіндегі аспанмен теңестірілген басты Құдай бейнесі.
Барлық діни жүйелер тәрізді Тәңірлік дін де табиғат күштерін құдіреттендіруден, құпия тылсым тіршіліктің терең қатпарларынан тамыр алады. Алайда, Тәңірге табыну діни түсінік эволюциясындағы табиғат діндерінен кейінгі жоғары саты болды. Барлық халықтар рухани дамуында, діни көзқарастар эволюциясын бастан өткізді.
Қалыптасуының бастапқы сатысында Тәңір про-тоқазақтардың құдайлар пантеонындағы жоғарғысы деп танылады. Қазақтардың ежелгі ілкі тектері де табиғат объектілері мен құбылыстарын құдайландырып оларға табынады. Бұл табынудың негізінде сыры беймәлім дүние алдындағы үрей мен оның сұлулығына, үйлесімділігіне таңдану сезімі жатты. Өмірі табиғат аясында өткен көшпенділердің тұрмыс-тіршілігі оған тікелей тәуелді болды, өзін қоршаған дүние құбылыстарының тылсым сырларын түсінбеген адам олардың себебін басқа құбылыстар мен заттардан, күштерден іздейді. Ол құбылыс пен мәнді, себеп пен салдары толық ажырата алмағандықтан, алғашқыны соңғыға әкеп саяды. Соның нәтижесінде табиғат рухтандырылып, адамда діндарлық сезім мен сенім қалыптаса бастайды. Тәңірлік діннің бір тамыры осында, яғни табиғат дінінде жатыр. Тәңірлік діннің өзіне тән ерекшелігі, ол өзіне дейінгі діни наным-сенімдерді теріске шығармайды, қайта оларды бір жүйеге келтіріп синтездеуші рөл атқарады. Плано Карпини түркілердің бір құдайға иланатындығын айта келіп, «... оның үстіне олар күнге, айға және отқа, сонымен бірге таңертеңгілік астың немесе су ішердің алдында сол ас-дәмдерінен ауыз тидіретін сыбағаға арнап су мен жерге де құдай деп табынады», – дейді. Түркі халықтарының көне нанымдарында ғарыштағы барлық процестерге тоқсан тоғыз Тәңір басшылық жасайды. Осы сенімге сай кез келген құбылыс пен объектінің киелі иесі бар. Түркілер дүние суреттемесінде ғарыш жоғарғы, ортаңғы және төменгі деп аталатын үш бөліктен тұрады. Осы үш әлемдегінің бәрі Тәңірге тәуелді. Түркілер сеніміндегі Тәңірдің ерекшелігі ол белгілі бір жан-жануармен немесе затпен теңестірілмейді. Түркілер Көк Тәңір дегенде оны материалдық кейіптегі аспанмен салыстырмайды. Көк тылсым құпияның, Жаратушылық бастаудың эпитеті болып табылады. Тәңірмен қатар Жер-Су құдайы да түркілер үшін – табыну объектісі. Жер-су тіршіліктің тірегі. Жер-Су мен Тәңір бір-бірін толықтырып тұратын бастаулар. Адамның тәні Жерден жаралғанымен Рухы Тәңірден. Рухтың түркілік атауы Құт. Адам туғанда Тәңір оның денесіне құт дарытады. Жаңа туған нәресте денесіндегі Құттың сақтаушысы, қамқоры – Ұмай. Аталған үш құдай түркілердің пантеонында маңызды болып саналады. Тоныкөк құрметіне орнатылған ескерткіште: «Көк, Ұмай құдай, қасиетті Жер-Су, міне, бізге жеңіс сыйлаған осылар деп ойлау керек», - делінеді. Бірақ құдайылық құдірет тұрғысынан алғанда Жер-Су мен Ұмай Тәңірмен тең емес. Олар ортаңғы әлем құдайлары болып табылады. Адамның өмірі мен тағдыры тек Тәңірге ғана тәуелді, сондықтан түркі халықтары Тәңірден жарылқауды, Жер-Су мен Ұмайдан қолдауды сұрайды. Жарылқау адам тағдырын жақсы бағытта өзгертуді білдіреді, яғни тағдыр мен жазмыш тек Тәңірдің қолында. Тәңір өз әрекетінде ештеңеге тәуелді емес, бірақ оның үкімі әділетті. Тәңір әділ жолдан тайғанды, ант бұзғанды жазалайды. Мұндай адамдардың жаны төменгі әлемге барады. Төменгі әлемде Ерлік билік етеді. Тәңір әркімге сай сол белгіленген жазаны жүзеге асырады. Төменгі әлемде жазаланған адамдардың көз жасын қанша жұтса да толыспайтын Тоймадым өзені ағып жатады. Ерліктің өзі өте қорқынышты, сұсты кейіпте бейнеленеді. Түркі халықтарында ислам мен христиан дініндегі күнә мен тозақ ұғымдары болмағанымен, әр адамның өз ісіне қарай Тәңірінің құтына ие болатындығы немесе қаһарына ұшырайтындығы туралы айқын идея болғаны күмән туғызбайды.
Тәңірге табынған түркілер дүниені кезіп жүретін зұлым күштер жеке адам мен отбасына, тұтас қауымға кесірін келтіреді, берекесін кетіреді деген сенімде болды. Сондықтан олар Жаратушы Тәңірден қолдау сұрап, оған арнап құрбандық шалып тұрды, сонымен қатар, тіл мен көзден сақтау мақсатында әр түрлі діни ғұрыптар мен ырымдар жасады. Құрбандық тек қиыншылық туғанда ғана емес, қуанышты күндері де, алыс сапардан немесе жорықтардан аман-есен оралғанда жасалды. Құрбандыққа қой, жылқы, түйе арналды. Түйе маңызды, ел тағдыры үшін шешуші сәттерде құрбандыққа шалынады. «Ақ түйенің қарны жарылды» деген мәтел содан қалған. Хан сайлаған кезде, үлкен жорықтардан оралған кезде осындай құрбандықтар шалынған және мұндайда құрбандық малдың түр-түсіне ерекше назар аударған. Оның түсі міндеті түрде ақ болуы шарт. Ақ пен көк түркі халықтарында жоғарғы, рухани әлемнің рәмізі болып табылады. Алайда, құрбандық түркілер дүниетанымындағы үш әлемнің бірлігін қамтамасыз етеді. Сондықтан құрбандық үш бөлікке бөлінеді. Құрбандықтың сирақтары мен дене сүйектері мұқият тазаланып адам аяғы баспайды-ау деген жерге көміледі. Бұл – төменгі әлемнің сыбағасы. Еті пісіріліп, жиналған халыққа таратылады. Бұл – ортаңғы әлемнің сыбағасы. Ал бас сүйегі ағаш басына ілінеді. Бұл жоғарғы әлемнің сыбағасы.
Құрбандық шалудың ерекше түрі – тасаттық беру. Бұл жұт жылдары, қар мен жаңбыр аз жауып, жер мен шөптің ырысы кетіп, мал жұтағанда жасалады. Ауыл адамдары өзен-көл, тоған басына барып Тәңірден жақсылық тілеп бата жасап бір малды құрбандыққа шалады.
Кейде адам ауыр науқастанған жағдайда тезірек жазылып кетсін деген ниетпен де құрбандық шалынады. Мұндай құрбандықтың түсі қара болуы тиіс. Сырқат көз-тіл тиюден болды деп санаған кезде, көш-көш ғұрпы жасалады. Бұл ғұрыпты бақсы-балгер адам атқарады. Мағынасы сырқатты адамнан құрбандыққа көшіру болып табылады. Құрбандық еті осы ғұрыпты орындаған адамға тартылады.
Сонымен қатар, науқас адамды дұға оқып үшкіру, аластау сияқты емдік әрекеттер жасалады. Егер үшкіру тек науқасқа қатысты ғана жасалатын болса, аластау жаңа қонысқа орналасқанда, мемлекеттік дәрежеде елшілер қабылдағанда және т.б. жағдайларда орындалды.
Құрбандық шалуға ескі әдет-ғұрыптарды және құрбандық дұғаларын жақсы білетін адам басшылық жасайды. Егер құрбандық мемлекеттік деңгейде ұйымдастырылса ол көпшілік бұқараның жұмылдырылуымен, салтанаттылықпен, ал қауым мен от басы өзінің шама-шарқына қарай өткізіледі.
Әлемдік діндермен салыстырғанда тәңіршілдікте сән-салтанатты, әсем-зәулім ғибадатханалар салуға деген қажеттілік болған жоқ. Тәңір түркілерден күн сайын дұғалар оқып, ғибадатханаға баруды талап етпеді. Сонымен қатар, тәңіршілдікте канондалған мәтіндер де болмады. Бірақ таң сәріде ұйқыдан тұрған түркілер Тәңірді еске алып, одан қолдап-қорғауын, ісін оңдауын тілеп отырды. Түркі Тәңірі адамнан әрекетшілдікті, белсенділікті талап етеді. Әрбір түркі ері отбасына, ел-жұрты мен мемлекетіне қызмет етуі керек, тек сол арқылы ғана ол Тәңірі мен халқы алдындағы парызын өтей алады. Бұл жерде парыз тек моральдық қана емес, сондай-ақ әлеуметтік-құқықтық ұғым болып табылады. Парыз ұғымы көне түркілердің елдігі мен мемлекеттілігінің іргетасы іспетті. Парыз – Тәңір мен түркі адамын байланыстырып тұрған нәзік тылсым ғана емес, парыз дүниені үйлестіру мен жетілдірудің пәрменді құралы. Оғділміш – осыны жете түсінген тұлға бейнесі. Өмірге деген мұндай әрекетшіл қатынас ғасырлар бойы Еуразия даласын мекендеген халықтардың санасына сіңіріліп келді.
Тәңірлік дін генезисі жағынан шығыстық діни жүйелерге ұқсас болғанымен, типологиясы, типтік ерекшеліктері тұрғысынан олардан өзгеше. Құрманғазы Қараманұлы «Тәңірге тағзым» еңбегінде тәңірілік діннің төмендегідей ерекшеліктерін атап көрсетеді:
1. Тәңір діні – халқымыздың қалыпты дүниетаны-мынан туған, табиғатқа табыну, Аспанды - ата, Жерді - ана деп ардақтау және аруаққа сыйыну, рухы күшті адамдардың өмірін өнеге тұту салтынан өрбіген ұлттық дін.
2. Тәңір (көк) – күллі әлемді жаратқан бейтарап құдіретті күш. Ізіңді аңдып, аузыңды бағып, ойыңды тіктеп әуреге салмайды, яғни күнделікті тіршілік ағымына араласпайды.
3. Сондықтан бұл дінде құдайға жағыну, жақсы атты көріну мақсатымен ертеңнен қара кешке дейін құлшылық ету рәсімі жоқ. Дінді ұстаушылар тек басына күн туғанда ғана Тәңірге тілек айтып, әруаққа сиынады.
4. Діннің өз жора-салттары бар. Олар – Тәңірдің құдіретіне тәубе етіп, құбандық шалу, ата-баба аруағына арнап ас беру, т.б. Сол сияқты таңертең тұрғанда, күншығысқа қарап бас иіп, тағзым ету шарт.
5. Тәңір дінін ұстағандардың өз мерекелері (наурыз, қымызмұрындық, сабан той, соғым басы, т.б.), христиан дініндегі көгершін секілді символдық киелі құстары, (аққу, қарлығаш), ислам дініндегі - жұма, яхуда дініндегі - сенбі, христиан дініндегі - жексенбі секілді сыйлы күн (сәрсенбі), өзіне тән ырымдары бар.
6. Мұнда құдай лебізін жеткізеді делінетін періштелер мен пайғамбарлар «жаратқан осылай жасауға әмір етті» делінетін ережелер «күнә», «тозақ», «жазмыш» т.б. жөніндегі жаттанды қағидалар жоқ.
7. Жұртты жинап, құдайға құлшылық ету рәсімдерін ұйымдастыратын шіркеу, мешіт, монастырь секілді орындарға да мұқтаж емес. Тәңір - әркімнің өз жүрегінде. Оған тілек айту, жалбарыну жорасы әркімнің көңіл қалауы бойынша жасалады.
8. Мұнда діни фанатизм жоқ, өйткені «Тәңір Көк әлем халықтарының бәріне ортақ, ал әр халық өз ата-бабасын ардақ тұтады» дейтін қағиданы ұстанады. Адамдар кемел ойы мен кісілігіне қарап бағаланады.
9. Тәңір діні адамгершілікті насихаттайды.
10. Тәңір дінін ұстанатындарға үш қарызды орындау міндет. Олар – Тәңір алдындағы, ата-баба алдындағы және ұрпақ алдындағы қарыздар.
Тәңірлік діндегі өмірге деген көзқарас, өмірден қашып тақуа күй кешпей, дүниеге қуанышпен қарау, оны жалған демей, жарық дүние деп қабылдау, жаратушы мен адам арақатынасын басқа тұрғыдан түсіну, оның өмір орнықтырушы принциптері Еуразиялық далада әр түрлі тарихи дәуірлерде үстемдік еткен митраизм, бон, зоро-астризм сияқты діндердің өзекті мәселелерімен үндес. Тәңірлік дін аталған діни жүйелердің игі ықпалын бойына сіңіріп, оларды синкретті біріктіріп, түркілер дәуірінде Еуразиялық дала мәдениетінің негізгі тірегіне айналды.
Тәңірлік дін өзінің дамуында табиғи-тәндіктен (Көк Тәңірі) таза руханилыққа айналу сатыларынан өтеді. Түркілер «Бір Тәңір» дегенде, оны ең алдымен жаратушы рухани субстанция ретінде түсінген. Плано Карпини түркілердің құдайды құрметтеуін былай деп жазады: «Олар көзге көрінетін және көзге көрінбейтіннің бәрін жаратушы, бір құдайға сенеді сонымен қатар оны осы дүниедегі шаттықтың да, азаптың да себебі деп біледі, алайда оны намаз оқып дұға жасау немесе мақтап-мадақтау, болмаса басқа ырым, жора жолымен құрметтемейді»,-дейді. Вильгельм Рубрук: «Сендер құдайға қалай иланасыңдар? - деген сұрағыма олар: «Біз тек бір құдайға сенеміз»,- деді. «Сіздер оған рух немесе тәндік нәрсе ретінде сенесіздер ме?» - дегеніме, олар: «Біз оны Рух деп сенеміз»,- деді. Сонда мен «Сіздер оның адам табиғатында (кейпінде З.Қ.) болмағанына сенесіздер ме?» - деп сұрадым. Олар: «Ешқашан»,-деп жауап берді,- деп жазады.
Тәңірілік туралы жан-жақты жүйелі зерттеу жүргізген профессор Н. Аюпов бұл сенімнің қалыптасу, даму және басқа діни жүйелерге трансформациялануы сияқты үш кезеңін атап көрсетеді. Сонымен қатар, аталған ғалым М. Бугра түйіндерінің растылығын негіздей келе, тәңіршілдікте «рухани адамдардың, яғни діни қызметшілерінің болғандығын алға тартады. Олар екі топқа бөлінеді: біріншісі тивиндер (аталған еңбекте бұл сөздің түркіше транскрипциясы болмаған соң орыс тіліндегі жазылуын алдық – З. Қ.) – олар халыққа дін негіздерін түсіндірумен, құрбандық шалулар мен басқа да діни рәсімдерге басшылық жасаумен айналысқан, күнделікті пенделік тұрмыстан бас тартып, өмірдің мәні туралы толғанған, адамдармен тұрақты байланыс орнатпаған. Ақиқат дінді жеткізушілер ретінде олар таным мен тәлім-тағылым мәселелерімен шұғылданған. Олардың ішіндегі жасы үлкендерін «тәңіріқандар» деп атаған. Осыған байланысты бұл дінді «тивиндер діні» деп те атаған. Екіншілері – қамдар, түркі дінінің қызметшілері болған, олар адамдармен тұрақты қарым-қатынасқа түсіп, дем салып емдеумен, тұмарлар жазумен және толғағы келген әйелді босандырумен айналысқан. Осыған орай бұл дінді «қамдар діні» деп атаған.
Түркілер Тәңірдің «мәнін» бастапқыда Көк аспан деп қабылдап, ғарыш ретінде түсінсе, Тәңірі туралы көзқарастардың, түсініктердің дамуы барысында оны жоғарғы құдай – жаратушы ретінде қабылдайды. Бұл заңды процесс, өйткені түркі халқы басқа халықтардан оқшау дамымаған, әр түрлі мәдени алыс-берістер барысында олардың да діни санасы өрістеп, кемелденіп оты-рады. Бірақ түркі қағанатының дағдарысқа ұшырауы мен түркілік ықпалдың әлсіреуі діни өмірге де әсер етеді. Осыған орай, қаған билігінің идеологиялық тірегі болған тивиндердің қоғамдағы беделі мен ықпалының әлсіреп, халық арасында қамдардың беделінің артуына байланыс-ты тәңіршілдік күнделікті халық тұрмысында қамдар діні ретінде сақталып қалады. Осыған орай тәңіршілдіктің кейінгі дамуын шамандық дінінен бөліп қарастыру мүмкін емес.
Шаманизм ұғымы ғылыми әдебиетке XVIII ғасырда енгенмен, ол туралы айқын түсінік әлі қалыптасқан жоқ. «Шаманизм» термині әр түрлі мағынада қолданылады. Кейбір зерттеушілер шаманизм дін емес, себебі онда құдай туралы түсінік жоқ десе, басқалары оны діннің универсалды формасы деп санайды. Бұл құбылысты ғылыми бағалауда да қарама-қарсы көзқарас бар. Шамандық қасиеттің психикалық науқаспен байланысына басты назар аударған зерттеушілер оны ессіздікке табыну (культ безумия) деп қарастырса, ғалымдардың басқа бір тобы қазіргі психоанализдің түп бастауы деп бағалайды.
Көптеген ғалымдар шаманизм өте көне замандарда, таптық қоғамға дейінгі қауымдастықта пайда болған деген пікірді қостайды.
С.А. Токарев: «шаманизм - айырықша дін формасы, оның мәні - өзін шабытқа келтіру арқылы рухтармен қарым-қатынасқа түсетін қабілеті бар адамдардың қоғамда ерекшеленуі», - дейді. О. Хюльткранцтың пікірінше, шаманизм толық мағынадағы дін емес, діни көзқарастар жүйесінің бір бөлігі, алайда ол кейбір халықтардың діни жүйесінде басым болуы мүмкін. И.А. Крывелев «рух», «анимизм» терминдерінен бас тартуды, оларды «демон» және «полидемонизм» терминдерімен ауыстыруды ұсынды, осы тұрғыда шаманизм, ғалымның көзқарасына сәйкес полидемонизмнің әдет-ғұрыптық жағы ғана. И.С. Вдовин шамандықты зұлымдықпен күресте, көріпкелдікте, болашақты болжауда айқындалатын, басқа діни әдет-ғұрыптарға тәуелсіз көзқарастар комплексі деп қарастырады. Ол шаманизм эволюциясындағы үш кезеңді атап көрсетеді. Алғашқы шамандар тек науқасты емдеумен, көріпкелдікпен, болашақты болжаумен, табиғат күштерін тыныштандырумен айналысады. Келесі кезеңде шамандар кейбір қауымдық діни әдет-ғұрыптарды орындауды узурпациялайды. Соңғы кезеңде барлық қауымдық және отбасылық әдет-ғұрыптар шамандардың жетекшілігімен өтеді [қар. Вдовин И.С. Заключение. Проблемы аборигенов Сибири. -Л.: Наука, 1965. – 267 - 277- бб.].
Е.В. Ревуненкованың пікірінше, шаманизм дін емес, сондықтан кез келген діни жүйемен оңай сіңісіп кетеді. Автордың анықтауынша шаманизм - айырықша дүниетаным жүйесі, онда ерекше рәсім, айрықша адамдар тобы арқылы ғарыштың үш деңгейінде қарым-қатынас жасау мүмкіндігі туралы көзқарас көрініс тапқан, онда дүниетанымның рационалды, иррационалды көркем образды элементтері тоғысады. Шамандар сол «адамдар қауымдастығының әр түрлі әлеуметтік-психикалық, эмоционалдық, эстетикалық және т.б. қажеттіліктерін қанағаттандырады [қар. Ревуненкова Е.В. Народы Малайзии и Западной Индонезии (Некоторые аспекты духовной культуры). – М.: Наука, 1980. – 238 - 243-бб.]. Алайда бұл дүниетаным қоғам өмірінің барлық жақтарын, соның ішінде діни саласын да қамтиды және ол адамның табиғаттан тыс күштерге тәуелділігін көрсетеді.
Шамандық дінді жүйелі түрде, оны қалыптастырған мәдени жүйемен бірлікте, тұтастықта зерттеген ғалымдар Д. Банзаров пен Ш. Уәлиханов болды. «Шамандық дегеніміз, - дейді Шоқан, – әлемді, дүниені сүю, табиғатқа деген шексіз махаббат және өлгендердің рухын қастерлеу, әруағын ардақтау. ...Шамандық сенім табиғатқа бас иеді». Қоғамдағы шаман рөлін де қазақ ғалымы басқа тұрғыдан бағалайды. «Шамандар аспан Тәңірі мен рухтың жердегі қолдаушы адамдары ретінде саналған. Шаман сиқырлық қасиеттермен қоса білікті, талантты, басқалардан мәртебесі жоғары: ол ақын да, сәуегей және емші, сегіз қырлы, бір сырлы адам болған».
К.Ш. Шүлембаев шаманизмді революцияға дейінгі Қазақстанда кең тараған діни наным-сенімдердің айрықша формасы деп санайды. Шамандықты зерттеген қазақ ғалымдарының келесі бір тобы оны адамның виртуалдық, тылсымдық дүниесіне әсер етудің ерекше дәстүрі деп санайды. М.С. Орынбековтің пікірінше, бақсы адам мен әлем арасындағы ажыраған байланысты қалпына келтіреді. Мистикалық желігу, зікір салу практикасы арқылы адам мен әлемді біріктіріп, сананың тұтасуына ықпал етеді.
Бақсының зікір салуы адамның тылсымдық дүниесін оятуға бағытталған. Бұл - ішкі шексіз болмыс пен рухани бірігудің тәсілін іздеу. Бұл тәсілді бақсының ойыны деп те қарастыруға болады. Бақсы ойыны кезінде дүниені жаратушы рөлін атқарады, ол айналады, ғарыштық тұлғалық деңгейде қайталайды, мистикалық тұтастану арқылы жақсылық пен жамандықты айырады, зиянды қасиеттерді көшіреді, аластайды, қамап қояды».
Шамандық қасиет адамға рухтың қалауымен қонады, бақсы зікір салардың алдында рухтарын көмекке шақырады. Көңіл аударатын тағы бір нәрсе, шамандық тұқым қуалаушылық, тегіне тартушылық арқылы мұраланады. Барлық шамандар өз әулетінде, ата-бабаларының бірінде осындай қасиет болғандығын айтады. Осыны ескере отырып, біз шамандықтың генотиптік сипаттағы діни жүйе деп санаймыз және оның төмендегідей ерекшелігін атап өтейік:
1. Шаманизмде өлі табиғат ұғымы жоқ, табиғат жанданған, барлық құбылыстың, жер мен судың киелі иесі бар.
2. Адам мен әлем тұтас. Оларды бөліп тұрған құз-жартас жоқ. «Адам – табиғат патшасы» - дейтін еуропалық ұран шамандыққа жат. Адам қанша құдіретті болса да табиғаттан жоғары емес, ол тіршіліктің ерекше бітімі.
3. Дүниедегінің барлығы бір-бірімен тығыз байланыс-та. Бұл байланыс шаман-медиум арқылы іске асады.
4. Ғарышты мекендейтін рухтар адамның күнделікті тұрмысына жақын араласып отырады, қолдайды немесе жазалайды.
5. Рух ниетін, әмірін адамдарға жеткізуші тұлға – шаман, бақсы.
6. Шамандық қасиет тұқым қуалау, тегіне тарту, рухтың қонуы арқылы дариды.
7. Шаманизм рулық қоғамның діни идеологиясы ретінде қалыптасады, шаман бір әулеттің немесе рудың абызы қызметін атқарады. Ол діни әдет-ғұрыптарды өткізеді, әулеттің немесе рудың болашағын болжайды, сол арқылы шаруашылық әрекетін, тұрмыс-тіршілігін айқындайды.
Шаманның рухтардың тандаулысы болуы және сәуегейлік, яғни болашақты болжау қасиеті әлемдік діндердегі пайғамбар идеясының қалыптасуында маңызды рөл атқарған деп топшылауға болады, сол сияқты жаратушыны таза рух ретінде түсінуде де шамандық әсерін жоққа шығаруға болмайды. Жалпы жаратушы – құдай идеясының түп-тамыры табиғатқа табыну, оны құдіреттендірумен әруаққа, рухқа табыну десек артық айтпаған болар едік. Тәңірлік сенім мен шамандық дін ұзақ уақыт қатар да дами отырып, ажырамас синкретті сипатқа ие болады. Тәңір шамандық дінде бүкіл болмысты жаратушы құдайға айналады. Тәңірдің әмірі мен бұйрығын орындайтын рухтар оның көмекшілеріне айналады. Шаман осы рухтармен байланысқа түседі, рухтардан қолдауын, қорғауын сұрайды. Алайда, біздің пайымдауымызша, Тәңірілік сенім эволюциясының соңғы кезеңдері христианшылдық пен исламның пайда болып, таралуымен кезбе-кез келеді. Белгілі бір дәрежеде түркілер арасында діндер «полиферациясы» орын алады. Түркілер арасында сақталған діни төзімділік осы діндердің ішінде өмір мен дүниетанымға, қоғамның прогрессивті дамуына анағұрлым бейімінің тұрақтанып қалуына мүмкіндік береді.
Қазақтар Тәңірді тылсым дейді. Тылсым – киелі құпия адам танымынан жоғары, оған ақыл-парасат жетпейді. Философияда тылсым-трансценттілік деп аталады. Тылсым табиғат пен әлемнің шексіздігін де білдіреді.
Тәңірілік тылсым арқылы адам табиғатпен ұштасады, ондағы үйлесімділікті сезінеді, көшпенді дүниені танудан гөрі түсінуге ұмтылады, сөйтіп түсінуді танудан жоғары қояды. Адам өзінің дәрменсіздігін құдіретті тылсыммен бетпе-бет келгенде сезінеді. Түркілер күллі дүниеге үйлесімділік дарытқан құдіретті Тәңір деп мойындайды, алайда мойындау мойынсұну емес, себебі Тәңір адамға ерік берген, әлемдік діндердегі осы жалған дүниеде құдайға құлшылық етсең, жаратушы еңбегіңді ескертіп о дүниеде бейішке барасың деуі Тәңірлікке жүрмейді, Тәңірлік «жазмыштан озмыш» жоқ деп қол қусырып отырғанды да қаламайды, өйткені оған фатализм жат құбылыс. «Мәңгілік аспан, - дейді Л.Н. Гумилев тек көмек көрсететін ғана емес, сонымен бірге өзіне сиынушылардан белсенділік танытуды да талап ететін құдай... Тәңірлік дін адамды өз іс-қимылына, әрекетіне, пиғыл-ниетіне есеп беріп отыруға үйретеді, ісі түсіп, жолы болса, түркілер «Тәңір қолдады» дейді, қателік жасап, адасса, «Тәңірім кешіре гөр», - дейді.
Діни наным-сенімдер жалпы дүниемен қатар билік пен мемлекеттің, билік құзіретінің пайда болуын да түсіндіреді және оларға тылсымдық сипат береді. Бұл көне заман халықтарының бәріне тән деп айтуға болады. Көне түркілік деректерді зерттеу де осыған дәлел бола алады. Орхон-Енесай жазбаларында ондағы басты кейіпкерлер туралы деректермен қатар, түркілердің діни наным-сенімдері, мемлекеттілігі, мемлекетті басқару тәсілдері, адамгершілік-құқықтық түсініктері туралы да мәліметтер беріледі. Cоларға сәйкес аспан мен жер және олардың арасында адамзат жаратылғаннан кейін адамзат қауымындағы билік пен басқару түркі хандарына тапсырылған. Хандар түркі мемлекетінің заңдарын жасады. Ханның басты міндеті мемлекеттің тұрақтылығы мен өсіп-өркендеуін қамтамасыз ету. Бұл жазба мұраның өзегі билік пен халықтың бірлігі. Билік Тәңірі арқылы беріледі. Тәңір тек ханның ғана емес, бүкіл түркі жұртының қамқоршысы. Қаған Тәңір құдіретіне сай билік етеді, билікті алған қаған өзінің қол астындағы халық үшін Тәңір алдындағы жауапкершілігін ұмытпауы керек. Ал түркі халқынан Тәңір қағанға адал болуды және соған қызмет етуді талап етеді. Қағанға жүктелген Тәңірілік биліктің халық тарапынан мойындалуы мен танылуы билікке киелі сипат береді. Көне түркі жазбаларындағы мемлекеттілік, елдік, билік, басқару мен бағыну мәселелері Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» шығармасында жан-жақты талқыланады. Сондықтан бұл шығарманы көне түркі құқының маңызды ескерткіші ретінде қарастыруға болады. Түркі қағандарының титулында жиі кездесетін «құт» сөзінің мағынасы тек бақыт, молшылық ұғымдарымен шектелмейді. Біздіңше «құт» қуат, күш деген мағынада да қолданылады. Саяси мағынада ол биліктің қуаттылығын, пәрменділігін білдіретін сияқты. Өйткені «құт» қағанға Тәңірдің құдіреті арқылы дариды. «Құт» сөзінің қазіргі синонимі «бақ». Алайда құт қонған адам оны дұрыс танып, жүзеге асыра білуі керек. Қаған үшін құт мемлекет пен халықтың қамын ойлауда, қайткен күнде де мемлекеттілікті нығайтуда, өсіріп-өркендетуде, яғни қаған құтты қолында берік ұстауы керек. Бұл қағаннан қайратты, жігерлі, намысты болумен қатар білімділікті, парасаттылықты, әділеттілікті талап етеді. Осының бәрі Тәңірдің аманаты, өсиеті ретінде қабылданады. Қаған елінің қамын ойламаса, елі қағанына бас имесе түркі жұртының берекесі кетеді, іргесі сөгіліп, құты қашады. Мемлекеттіліктің қажетті алғышарты елдің бірлігі болып табылады. Осы алғышартты жете түсіну көне түркі жұртының саяси-құқықтық санасының жетілгендігі мен өзіндік ерекшелігінің көрінісі болды. Түркі азаматының мұраты – елі мен мемлекетіне қызмет ету. Мұны түркі адамы Тәңір алдындағы парызы деп санайды. Бұл идеяны Жүсіп Баласағұн Оғділміш пен Одғұрміш образдарын салыстыру арқылы жеткізеді. Өзінің ақылы мен парасатын қоғам мен мемлекет ісіне арнаған Оғділміш бала күнгі досы, тақуа Одғұрмішке мемлекеттік басқару жүйесінде лайықты орын алып, ел-жұртына қызмет етуді ұсынады. Бірақ Одғұрміш оның бұл ұсынысын қабыл алмайды, қайта өз өмір салтының басымдылығын мойындатуға талпынады. Тақуалық өмірден бас тартпаған Одғұрміш біраз уақыттан соң дертке шалдығып қайтыс болады. Оғділміш болса өзінің өмірі мен талантын, күш-жігерін елі мен жеріне, мемлекетіне қызмет етуге жұмсайды. Оғділміштің ұстанымы – көне түркілердің өмірлік фәлсафасы. Адам өмірінің мәні шығармашылық пен еңбекте, өзіңді, қоршаған ортаны Жарық дүниеге айналдыруда. Тәңірлік дінді зерттеуші ғалым М. Аджи: «Түркілер діні тек Далада ғана емес, сонымен қатар бүкіл Еуропа мәдениетінде өз қолтаңбасын қалдырды»,- дейді.
Кейіннен ислам дінінің таралып, ислам өркениетінің қалыптасуы барысында Тәңір Аллаһтың синониміне айналады. Исламның таралуы Алтын Орданың тәуелсіз мемлекет ретінде нығаюына және жаңа қалалардың дамуына ықпал етті. Ислам тек қана материалдық мәдениеттің емес, рухани мәдениеттің де, соның ішінде ғылым мен әдебиеттің дамуына жаңа серпін берді. Түркі ғалымдары мен ақындарының, дана ойшылдарының шығармалары ислам өркениетінің ажырамас буыны болып табылады. Жалпы алғанда, ислам Азия, Африка, Еуропа құрлықтарын қамтыған өркениеттік құбылыс болды. Еуразия даласын мекендеген түркі мемлекеттері бұл өркениеттік үрдістерден шет қала алмады және қала алмайтын да еді. Ислам діні әр түрлі мәдениеттерді бір өркениеттік ағымға біріктірді. Ислам осы дінді қабылдаған халықтардың мәдениетін жойып жібермей, керісінше, жаңа сатыға көтерді. Қоғам мен мәдениет үнемі қозғалыста, дамуда болатын жүйелер. Түркі мәдениеті мен ислам өркениеті туралы айтқанда олардың бір-бірін толықтырып отырғандығын ескеруіміз керек. Түркілердің түсінігінде Тәңір мен Аллаһ бір жаратушыны білдіреді. Ескі діннің көптеген көріністері ислам канондарына бейімделуге мәжбүр болды. Ал ислам діні өзінің негізгі канондарын нығайтып, бекіту үшін тұрғылықты халықтың наным-сенімдерімен санасты. Қазақ халқының ұлттық санасында бұл екі діни дүниетаным мен құндылықтардың ара жігін ашу, жіктеп бөліп беру мүмкін емес.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©www.dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет