Қхр-ның экономикасын реформалаудың теориялық аспектілері



бет1/5
Дата09.06.2016
өлшемі0.6 Mb.
#124345
  1   2   3   4   5
тақырыбы: «Қытай экономикасының дамуы және әлемдік экономикадағы рөлі»

Мазмұны

Кіріспе .............................................................................................................. 3
1. ҚХР-ның экономикасын реформалаудың теориялық аспектілері .. 5

1.1 Қытай экономикалық реформасының басталуы және оның кезеңдері . 5

1.2 Экономикалық реформа бағыттары мен механизмдері .......................... 11

1.3 Меншік қатынастарының өзгеруі ............................................................. 20


2. Реформа нәтижелері мен Қытай экономикасының қазіргі жағдайы . 25

2.1 Экономикалық реформа нәтижелері ........................................................... 25

2.2 Қытай экономикасының қазіргі проблемалары ......................................... 38
3. Қытайдың әлемдік экономикаға әсері ..................................................... 47

3.1 ҚХР-сының әлемдік экономикадағы экономикалық көшбасшылығының қалыптасуы ......................................................................................................... 47

3.2 ҚХР-ң Қазақстандағы мүдделері ………………………………………… 54
Қорытынды ....................................................................................................... 61
Әдебиеттер тізімі ............................................................................................... 63

Кіріспе

Халық саны жағынан әлемде алғашқы орынды иеленетін, жер көлемі жағынан әлемде үшінші орын алатын Қытай елі көптеген ғалымдардың қызығушылығын тудыруда. Бұл көбіне Қытай елінің экономикалық өсімі жағынан алдыңғы қатарлы елге айналғандығымен байланысты.

Қытайдың экономикалық дамуы мен оның әлемдік экономикадағы орнын көптеген ғалымдар зерттеген. Қытай еліне Ресей, Қазақстан экономисттері қызығушылық танытуда. Ұсынылып отырған жұмыста Қытайдың Хайнань университетінің экономика ғылымдарының докторы Хуан Дингуй, ҚХР қоғамдық ғылымдар академиясының ғалымдары Ван. Лолинь, Вэй Хоукайдың мақалалары қолданылды. Сондай-ақ Ресейдің экономика ғылымдары докторы Владислав Иноземцев, Санкт-Петербург экономика және қаржы университетінің профессоры А.С.Селищев сияқты ғалымдар Қытай экономикасының мәселелерімен айналысқан. Дегенмен, Қытай экономикасының дамуы жөнінде ғалымдар бір шешімге келе алмай отыр, экономикалық жетістіктердің себептері әр түрлі етіп көрсетіледі. Сонымен бірге Қытай экономикасының дамуының Қазақстан үшін қандай әсері бар екендігін біздің ғалымдар терең қарастырмайды.

Ал біздің ел үшін әлемдік нарыққа ену кезінде әрі көрші, әрі серіктес, әрі бәсекелес болып келетін Қытай сияқты алып мемлекеттің экономикасының даму ерекшеліктерін зерттеу аса маңызды болып келеді. Қытай халық республикасы дүние жүзілік сауда ұйымына 2001 жылы мүше болған. Қазақстан Республикасының осы ұйымға мүше болуға үлкен дайындық жасап жатқандығы белгілі. Осыған орай, әлемдегі алдыңғы қатарлы 50 мемлекеттің қатарына қосылуды мақсат етіп отырған Қазақстан үшін, Қытай сияқты көршіміздің экономикалық дамуын білу өте қажет.

Ұсынылып отырған жұмыстың басты мақсаты, Қытай Халық Республикасының экономикалық дамуының ерекшеліктерін зерттеу.

Аталған мақсатқа байланысты келесідей міндеттер бар:



  • Қытай экономикалық реформасының кезеңдерін зерттеп, сараптама жүргізу. Жұмыста негізінен 1978 жылдан кейінгі реформаларға көп көңіл бөлінген, оған себеп осы кезде Қытай экономикасын алға тартқан Қытай ерекшеліктеріне сай социализм құру бағытының бастау алуы.

  • Реформаның қазіргі нәтижелерін қарастыру.

  • Қытай елінің қазіргі таңдағы басты мәселелеріне талдау жасау.

  • Қытай елінің қазіргі әлемдік экономикадағы көшбасшы ел болу мүмкіндіктерін бағалау

  • Қазақстан мен Қытай арасындағы қатынастарды қарастырып, Қытай елінің біздің елімізге танытып отырған қызығушылықтарын анықтау.

Ұсынылған жұмыстың жазылуы барысында статистикалық мәліметтер және оқулықтармен қатар, интернеттегі сараптамалық сайттардан алынған мәліметтер, газеттер мен журналдардағы мақалалар қолданылды. Сондай-ақ Қытай елінің экономикалық даму көрсеткіштерін сипаттаған кестелер де енгізілген.

1. ҚХР-ның экономикасын реформалаудың теориялық аспектілері
1.1 Қытай экономикалық реформасының басталуы және оның кезеңдері

Қытай – Қытай Халық Республикасы қазіргі замандағы әлемдегі ең қуатты мемлекеттердің бірі болып саналады. Қытайдың әлемдік аренада осындай маңызды орынға XX ғасырдың 70-ші жылдарының соңында басталған қоғамдық реформа арқылы жеткендігі белгілі. Сондықтан болар Қытайдың социалистік жүйеге жүргізген реформасына әр ел ғалымдары үлкен қызығушылық танытуда, отандық политологтар Қытай реформасын зерттеуде.

ҚХР құрылғаннан соң, алғашқы үш жылда ол бар күшін азаматтық соғыс салдарын жоюға салды. Сондай-ақ ҚХР экономикасын қалпына келтіру Екінші Дүниежүзілік соғыстың салдарынан құлдыраған экономиканы ретке келтіруден басталды. 1937 жылмен салыстырғанда 1949 жылы ауыл шаруашылығы өндірісі 20-25%-дан аса төмендеді, өнеркәсіп өндірісі 50-56%-ға азайды, ал жеңіл өнеркәсіп 30%-ға кеміді. Халықтың 90 %-ы ауылда тұрды, ал ауыр шаруашылығының даму деңгейі өте төмен болды. 1949 жылы жанбасына шаққандағы табыс 54 долларды немесе 66 юаньді құрады. Халық саны 541,7 млн. адамды құрады. Әуелбастан Қытайдың жаңа басшылығы кеңестік экономикалық модельді қолға алды. Экономиканы қалпына келтіру кезеңінде 1949-1952 жылдары ауыл шаруашылығы жылына 14,1%-ға, өнеркәсіп 40,7%-ға жетті. Бұл көрсеткіштер 1937 жылғы деңгейге қайта келуін көрсетеді. 1952 жылы Қытайдың ЖІӨ-і 67,9 млрд. юаньді құрады немесе жан басына шаққанда 119 юаньді құрады[1]. Дегенмен Қытай экономикасының бұл көрсеткіштері әлемдік деңгеймен салыстырғанда өте аз болды. Бірінші бес жылдық жоспар кезінде (1953-1957) ауыр өнеркәсіпке көбірек көңіл бөлінді (оның өндірісі 75 %-ға өсті) Алғашқы бесжылдықтың негізгі міндеттері келесілер болды:


  1. КСРО көмегімен 156 ірі нысандардың құрылысына бар күшті салу. Сондай-ақ социалистік индустриялизацияның негізі болып табылатын 694 ірі және орта кәсіпорындарды құру

  2. Ауыл шаруашылық және қолөнер кооперативтерінің құрылуын жылдамдату.

  3. Ұлттық капиталистік өнеркәсіпті мемлекеттік капитализм жолына қою.

Алғашқы бесжылдық кезінде ЖІӨ 1,57 есеге өсті.

Алайда Мао Цзэдун экономикалық өсу қарқынына көңілі толмай, Қытайды жаппай толығымен индустриялизациялауға бағыттады («үлкен қадам басу» бағдарламасы). Оның басты идеясы қысқа мерзім ішінде ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп тауарларының өндірісін өсіру мақсатында бүкіл халықты интенсивті еңбекке мобилизациялау.

Бұл бағдарламаның негізгі элементі төменгі сортты жергілікті кеннен, меттал қирандысынан(лом) металл өндіру үшін «аулалық домна пештерін» құру болды. Миллиондаған шаруалар мен қала жұмыскерлері жоғарыдан түскен нұсқауға сәйкес «домна пештерінде» жұмыс істеу үшін егіс алқаптары мен фабрикаларды тастауға мәжбүр болды. Осы бағдарлама нәтижесінде Қытайдағы шойын мен болат балқымасының жалпы көлемі бірнеше жылдың өзінде-ақ, Ұлыбритания көрсеткіштерінен асып түскенімен, экономикаға біраз зардабын тигізді. Табиғи ресурстарды бейберекет сату, өндіріске отын табу мақсатында ағаштардың жаппай кесілуі, бұның нәтижесі – ашаршылыққа тіреді. Кейбір мәліметтер бойынша, 1959-1961 жылдардағы ашаршылық 30 миллион адамның өмірін алып кеткен.

1960 жылы Кеңес Одағы Қытайға көмек көрсетуін тоқтатып, елден өзінің техникалық мамандарын алып кетті. Ол кезде Қытай Батыс елдерінен көмек алған болатын (аштықтан зардап шеккендерге астық), олардың ішінде Канада және Австралия бар. 1961 пен 1965 жылдар арасында Қытай экономикасын қалпына келтіру Дэн Сяопин мен Лю Шаоцидің прагматикалық саяси бағытының негізінде жүргізілді. Жалпы өнеркәсіптік өнімнің көлемі жылына 17%-ға өсті, ауылшаруашылығында да жағдай түзелді. Бұл жағдайға себеп болған өндірісті басқаруда жоғары маманданған кадрларды пайдалану, ғылым жетістіктерін пайдалану және еңбек бойынша төлеу жүйесінің енгізілуі.

«Прагматикалық бағыттың» дамуын 1966 жылы басталып, 10 жылға созылған «ұлы пролетарлық мәдени төңкеріс» тоқтатып тастады. Барлық мектептер жабылып, әскер тарапынан қолдау көрген, өздерін хунвэйбиндармыз («қызыл қорғаушылар») деп атап жүрген жастардың отрядтары барлық «оңшылдарды» - Мао Цзэдунның дұшпандарын жоюға мақсат етті. «Мәдени төңкеріс» Қытайдың интеллектуалды және мәдени саласына зардап келтіруімен қатар, Қытай экономикасына да зиян келтірді. Өндірісті басқару аппараты, үкімет органдары және коммунистік партияның көптеген кадрлары заман талабына сай болмай қалды. Сыртқы ссуда көлемі күрт төмендеді. 1967 жылдан кейін әскер бұл жағдайға бақылау орнатуды қолға алғанымен, елдегі тәртіпсіздіктер 1971 жылға дейін толастаған жоқ.

Мао Цзэдун елді басқаруын тоқтатқан соң, Дэн Сяопин мен Чжоу Эньлай Қытайды тұрақты экономикалық даму стратегиясына қайтаруға тырысты. Алайда бұл талпыныстарға «мәдени төңкеріс» кезінде билік басына келген партия лидерлерінің фракциялық оппозициялық әрекеттері кедергі келтірді. Шиеленіскен жағдай 1976 жылы Мао Цзэдунның өлімінен кейін ғана аяқталды.

Мәдени төңкеріс жылдары Қытай экономикасы аса ауыр хальге түсті. Ауыл шаруашылығы өте қатты құлдырап кетті. Экономика тиімділігі жылдан жылға төмендеді. Халықтың өмір сүру деңгейі де нашарлап кетті. 1966 мен 1976 жылдар аралығында жалақының орташа деңгейі 4,9 пайызға төмендеді. Ел бюджеті де зардап шекті. [1]

Мәдени революция аяқталған соң, билік басындағылар «батыстық үлкен секіріс» науқанын қолға алды. Оның басты мақсаты батыстық технологияларды сатып алу арқылы экономикалық өсім қарқынын тез арада өсіру болды. Дегенмен бұл саясат та сәтті болмады. Экономика басқа әдіспен реттелуі тиіс болды. 1978 жылғы 11-шақырылмның 3-ші пленумы кеңестік типтегі жоспарлы дамудан заманауи экономикалық реформаға көшуге бағыт берді.

Қытай Халық Республикасына 1978 жылғы ҚКП Орталық комитетінің он бірінші кезекті, үшінші пленумы үлкен өзгерістер алып келді. Осы пленумнан кейін Дэн Сяопиннің басшылығымен біртіндеп халықтың мүддесін қорғайтын экономикалық реформалар жүргізіле бастады. Бұл реформаларды негізгі бес кезеңге бөліп қарастыруға болады:

1-кезең 1978-1986 жылдар аралығы;

2-кезең 1987-1991 жылдар аралығы;

3-кезең 1992-1997 жылдар аралығы;

4-кезең 1998-2002 жылдар аралығы;

5-кезең 2002 жылдан бастап қазірге дейін;

1978 жылға дейін Қытайдағы ауыл шаруашылығы дамуының капиталды жағдайы өте әлсіз болды, жеңіл және ауыр өнеркәсіптің арақатынасы диспропорциямен ерекшеленді. Реформа және ашықтық саясатын жүзеге асыру жылдары барысында Қытай үкіметі жеңіл өнеркәсіптің приоритетті дамуы, жоғары сапалы тұтынушылық тауарлардың импортын кеңейту, базистік өнеркәсіптік салалар мен инфрақұрылымды құруды күшейту, үшінші индустрияны жан-жақты дамыту үшін кешенді шаралар ұйымдастырды. Нәтижесінде экономикалық құрылым оңтайлана және жаңара бастады. Халық шаруашылығының түрлі салаларының арақатынасы елеулі жақсарды: бірінші индустрияның үлес салмағы төмендеді, ал екінші және үшінші индустриянікі жоғарлады. Егер бұрын халық шаруашылығының өсімі негізінде бірінші және екінші индустрияның даму есебінен жүзеге асса, бүгін ол негізінде екінші және үшінші индустрияға арқа сүйеп отыр және екінші индустрия Қытай экономикасының қарқынды дамуының қозғаушы күшіне айналды.

Түрлі индустриялардың салаішілік құрылымында да үлкен өзгерістер орын алды. Ауыл мен орман, мал мен балық шаруашылықтарының жалпы өнімінде ауыл шаруашылығының үлес салмағы кеміп, орман, мал және балық шаруашылықтарының үлес салмағы жоғарлады. Жеңіл және ауыр өнеркәсіптің құрылымы басты көңілді тұтыну дефицитін жоюға бөле отырып, қарапайым формадан едәуір жетілген формасына біртіндеп көше бастады. Бұл жерде басты назар инвестициялық бағыттар мен проектілерге аударылды. Үшінші индустрияда транспорт, сауда және басқа дәстүрлі салалардың үлес салмағы төмендеп, жылжымайтын мүлік, сақтандыру, банк ісі, электрондық өнеркәсіп және ақпарттандыру салалары тез дамыды.

1978 жылы Қытай коммунистік партиясының Орталық комитетінің 11-шақырылым 3-пленумында жұмыстың басым бөлігін социалисттік модернизация мен реформа және ашықтық саясатын жүзеге асыруға аудару туралы стратегиялық шешім қабылданды. Реформа ауылдан басталды. Отбасылық мердігерлік жүйесі мен орталықтанған басқару мен орталықтанбаған шаруашылық жүргізудің үйлесуімен ерекшеленетін шаруашылық жүргізудің жаңа механизмі енгізілді. Ауыл шаруашылық және подсобты шаруашылықтардың өнімдерін орталықтанған дайындау біртіндеп қысқартылды. Ауыл және подсобты шаруашылықтарының өнімдерінің елеулі бөлігінің бағасы нарық арқылы реттелінді. Ауыл өндірісінің құрылымы реттелінді. Сондай-ақ көп көңіл волосттық-ауылдық кәсіпорындардың диверсификациясы мен дамуына бөлінді. Бұл шаруалардың өндірістік белсенділігін максималды арттырды. 1984 жылы ҚКП ОК 12-шақырылым 3-пленумында қаладағы реформа мен ашықтықтың басталуының белгісі болған «Экономикалық жүйені реформалау туралы қаулы» қабылданды.

1987ж. шақырылған Қытай коммунистік партиясының XIII съездінде, Дэн Сяопиннің қытайлық ерекшеліктері бар социализмді құру туралы теориясына сәйкес стратегиялық мақсатты бағдарлар жасақталды. Мұнда Қытай экономикасын құрудың 3 кезеңі белгіленген. Бірінші кезеңде ЖҰӨ-ді 1980 жылмен салыстырғанда екі есе өсіріп, халықтың тамақ және киім мәселелерін шешу. Бұл мақсаттар негізінде 80-ші жж. соңына таман орындалды. Екінші кезеңнің міндеті – XX ғасырдың аяғына қарай 1980 жылмен салыстырғанда ЖҰӨ-ді 4 есе өсіру. Екінші кезеңнің міндеті 1995 ж. мерзімінен ерте орындалды. Өз жұмысында жаңа бағыттарды белгілеу үшін Қытай үкіметі «Экономикалық және әлеуметтік дамудың тоғызыншы тоғызжылдық жоспарын және 2010 жылға дейінгі перспективалық-мақсатты бағдарламасын» жасақтады. Тоғызыншы тоғызжылдықтың (1996-2000жж) басты мақсаты, модернизацияның екінші кезеңінің стратегиялық міндеттерінің толығымен орындау және халық санының 2000ж. 1980 жылмен салыстырғандағы өсімі шамамен 300 млн. болған шағында адам басына шаққандағы ЖҰӨ-ді 1980 жылмен салыстырғанда 4 еселеу; кедейлікті жою және халықты орташа өмір сүру деңгейіне жеткізу; кәсіпорындарды заманауи режимге көшіруді тездету және социалисттік нарықтық экономика жүйесінің негізін қалау. Перспективалық бағдарлама 2010 жылға қарай 2000 жылмен салыстырғанда ЖҰӨ-ді 2 еселеуге, халықтың тұрмысын орташа өмір сүру деңгейінде жақсартуға және социалисттік нарықтық экономиканың салыстырмалы жетілген жүйесін құруға бағытталған. Бұл мақсаттарға жеткен кезде қоғамның өндірістік күші, мемлекеттің жалпы қуаты және халықтың өмір сүру деңгейі тағы да бір жоғары деңгейге көтеріледі, әлеуметтік-экономикалық жағынан елде тарихи маңызы бар жаңа үлкен өзгерістер орын алады, ел модернизациясының үшінші кезеңінің стратегиялық мақсаттарына жету үшін мықты негіз салынады.

1992 жылы болған ҚКП XIV Бүкілқытайлық съезі Дэн Сяопиннің Қытай ерекшелігіне сай социализмді құру теориясының статусын партия және мемлекет үшін жетекші идея ретінде бекітті, экономикалық жүйені реформалаудың – социалисттік нарықтық экономика жүйесін құрудың - негізгі мақсаттарын қалыптастырды. Бұл реформаның басты бағыттары келесілер болды: реформалардың жан-жақты тереңдеуі, макрореттеу және макробақылау аясында бірқатар шаралар қабылдау, оның ішіне қоғамдық меншіктің басымды ролін сақтай отырып, әртүрлі экономикалық секторлардың бірге дамуының негізгі жүйесін құру кіреді; сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындардың шаруашылық механизмдерінің трансформациялануын олардың өздігінен шаруашылық жүргізу құқығын кеңейту және мердігерлік жауапкершілік жүйесін енгізу арқылы жалғастыру, нарықтық экономика талаптарына сай және меншік мәселесінде, құқық және жауапкершілікте, административтік және өнірістік функцияларды бөлуде нақты ережелерді ұстанатын заманауи кәсіпорын режимі мен ғылыми негізделген басқару құру; бүкіл ел көлемінде қалалық нарықтарды ауылдықпен біріктіре отырып, ішкі нарық қажеттіліктерін әлемдікпен ұштастыра отырып, материалды ресурстардың оңтайлы орналасуын ынталандыра отырып, біртұтас ашық нарықтар жүйесін қалыптастыруға беталу; көбінесе жанама әдістерге жүгінетін макрореттеудің жетілген жүйесін құру мақсатында үкіметтің экономиканы реттеу функциясын өзгерту; «Жұмыс тиімділігі басымдығы және әділеттілікті есепке алумен, еңбек бойынша бөлу» қағидасына назар аудара отырып, табысты бөлу жүйесін жетілдіру; экономикалық дамуды ынталандыра алатын көпсатылы әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін құру.

1997 жылы ҚКП XV Бүкілқытайлық съезінде қоғамдық емес экономиканың секторы Қытай социалисттік экономикасының маңызды құрамдас бөлігі деп аталды. Табысты бөлуде капиталдың, техниканың және басқа да маңызды өндірістік элементтердің қатысуын мадақтау экономикалық жүйені реформалау қарқынын елеулі түрде жылдамдатты. 1998 жылы барлық салалардағы реформа алға жылжи берді, сондай-ақ кейбір қиын мәселелерде маңызды қадамдар жасалды. Мысалы, олар - астық айналыс жүйесін реформалау, мемлекеттік кәсіпорындарды қайта құру және қаржы жүйесін реформалаумен байланысты мәселелер. Қалалық тұрғын үй жүйесін және медициналық сақтандыру жүйесін реформалау жобасы жүзеге асуда; инвестиция және қаржы-салықтық жүйелерін реформалау жобалары жасақталу үстінде. Мемлекеттік кеңес аппаратын реформалау сәтті өтуде, бұл жерде де елеулі жетістіктер байқалады. Қазіргі таңда Қытайда социалисттік нарықтық экономика жүйесі қалыптасуда, ресурстарды орналастыруда нарықтың базистік ролі айқын күшейді, макрореттеу мен макробақылау жүйелерінің бастапқы түрі қалыптасты; экономика экстенсивті экономикалық өсу жолынан интенсивтіге көшуде. Осының барлығы 2010 жылға қарай Қытайда салыстырмалы жетілген социалисттік нарықтық экономика жүйесі құрылады, ал 2020 жылға таман жетілген түрге көшеді дегенге үміттендіреді.

2002 жылдың қарашасында Пекинде ҚКП-ң XVI съезі өтті. Бұны Қытай реформасының жаңа кезеңінің басы деп айтуға болады. Бұл кезеңнің міндеттері келесідей болды: социалистік нарықты одан әрі қарай жетілдіру, елдің индустриализациясын аяқтау, елдің ақпараттану дәрежесін өсіру, модернизация қарқынын жылдамдату, халықтың өмір сүру деңгейін жоғарлату, заманауи технологияларды дамыту, қызмет көрсету саласын өсіру, ауылды дамыту, өндіріс саласын одан әрі қарай дамыту, қаржы саласындағы реформаларды жалғастыру т.б.

Жалпы Қытай экономикасын реформалау кезінде меншік реформасы да үлкен роль атқарды. Бұрын Қытай экономикасы тек қоғамдық меншікке негізделген болатын, оның тіршілік әрекеттілігі жеткіліксіз болды. 1978 жылдан бастап елде реформа және ашықтық саясаты жүзеге аса бастайды. Қытай үкіметі қоғамдық меншіктің басымды ролін сақтай отырып, әртүрлі экономикалық секторлардың дамуын ынталандырады. Осының арқасында индивидуалды және жеке сектор экономикасы тез дамыды. 1997 жылдың аяғына қарай бүкіл ел бойынша 29,47 млн. индивидуалды және жеке кәсіпорындар тіркелді. Оларда 65,87 млн. адам жұмыс жасады. Шетел капиталының қатысуымен жұмыс жасап жатқан 236 мың. кәсіпорын тіркелді. Оларға 303 млрд. юань сомасы көлемінде шетел капиталы құйылды. Тіркелген жалпы капиталы 1,73 трлн. юаньге тең 680 мың акционерлік жүйенің және акционерлік кооперация жүйесінің кәсіпорындары тіркелді. Экономиканың бұл секторларының дамуы халық тұрмысының жақсаруында, құрылыс және шетелдік озық технологиялар және басқару тәжірибесіне кеткен қаражаттың орнын толтыруда маңызды роль атқарады. Мұнымен қатар қоғамдық меншіктің басымдық ролі де күшеюде. 1997 жылы елдің жалпы ішкі өнімінде қоғамдық меншіктің үлесі 75,8 пайызды құрады. Қоғамдық меншікті басты сектор ретінде сақтай отырып, түрлі экономикалық секторлары бірге дамитын құрылым негізі қалыптасты[2].



1.2 Экономикалық реформа бағыттары мен механизмдері

Аграрлық реформа. Қытай ауылдарындағы шаруашылық жүйесінің реформасы ең бірінші жарияланып, басқа сектор реформаларынан ерте басталып, ерте аяқталған болатын. Сондай-ақ бұл реформа ҚХР-ң басқа да әлеуметтік-экономикалық салаларындағы реформаға бағыт бағдар берген.

Аграрлық жүйедегі реформа ұғымын экономистер социалистік өндірістің даму қажеттіліктеріне сәйкес жүргізілетін халық шаруашылығының негізгі түрлерін қайта құру деп түсіндіреді. Шаруашылық жүйедегі реформаны қарастырғанда Қытай ғалымдары шетелдің тәжірибесін пайдалануға тырысты. Нәтижесінде Қытайдағы аграрлық реформа шетел үлгілерінің пайдалы және пайдасыз жақтарын ескере отырып, Қытай ерекшеліктерімен жаңа шаруашылық үлгісін жасады. ҚХР-дағы аграрлық реформаның теориялық негізі социалистік ел экономикасының қоғамдық жеке меншікке негізделген жоспарлы тауар шаруашылығы болып табылады, ал мақсаты біртіндеп тауар шаруашылығы негізінде ауылдық жүйеге көшіп экономиканың барлық салаларын қамтамасыз ету.

Сонымен 70-ші жылдардың аяғында Қытай ауылы әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа кезеңіне өтті. Оны жүйелі экономикалық реформалар дәуірі деп атады. Бұл реформаға негіз болған 1978 жылы желтоқсанда өткен үшінші пленум екенін жоғарыда атап өттік. Қытай коммунистерінің алдына қойған маңызды міндеті ауыл шаруашылығын тез қарқынмен дамыту, өйткені ол ел экономикасының негізгі саласы еді. Ауылда Қытай халқының 80 пайызы өмір сүреді, сонымен қатар олар жеңіл өнеркәсіптің 70 пайызын шикізатпен қамтамасыз етеді. 1980-жылы 14-22 қыркүйекте, партия орталығы өлкелік, қалалық, автономиялы аудандардағы парткомдардың бірінші хатшылары арнаулы мәжілісін ашып, ауыл шаруашылығы өндірісінің жауапкершілік формаларын кемелдендіру, күшейту мәселесін талқылады, әрі мәжіліс естелігін жариялады. Сөйтіп орталықтың құжатты формасымен отбасылық мердігерліктің мәнін тұңғыш рет айқын пайымдады.

Мұнда былай деп атап көрсетілген: «Социалистік өнеркәсіп, сауда және коллективті ауыл шаруашылығы мүлде басым иелеу шарт-жағдайында, өндіріс әрекеттерінің басшылығында отбасылық мердігерліктер құру социалистік арнадан ауытқу емес, қайта социалистік шаруашылыққа сүйену». Осылайша, ұзақ уақыттан бері адамдар алған өнімдеріне бірлестіріп, отбасына көмек беру идеологиясының қыспағынан арылды. Бұл құжатқа шаруалар оң көз қараспен қарады. Бұл жүйенің шаруаның жағдайын жақсартуы бүкіл ел көлемінде жалпы дамуды тездетті. 1980-жылы қараша айының басында, Қытай бойынша отбасылық мердігерлігіне өндірістің 15% бөлінді.

1982-жылы қыркүйек айында ашылған Қытай комунистік партиясының 12-пленумы отбасылық мердігерлік бағытын тағы бір рет тұрақтандырды. Сол жылы қараша айында партия орталығы ауылдың идеялық-саяси қызмет мәжілісін ашып, кезекті аграрлық экономика саясаты жөніндегі бірнеше мәселелеріндегі баяндамасын жасады, әрі 1983-жылы 2-қаңтар күні партия орталығының құжаты ретінде басып таратты. Осы құжат отбасылық мердігерлікті толық тұрақтандырды, әрі жоғары бағалады. Құжатта мыналар атап көрсетілген: партияның 11-кезекті 3-жалпы мәжілісінен бері, еліміздің ауылдық жерлерінде көптеген зор өзгерістер болды, мұның ішінде түрлі формадағы ауыл шаруашылығы жауапкершілік формалардың ықпалы терең еді, деседе отбасылық мердігерлік жауапкершіліктің негізгі түріне айналды. Отбасылық мердігерлік жауапкершілік формасы бір тұтас шаруашылық басқару мен оны бөліп басқару өзара ұштастыру принципін қолданып, коллективтің және жеке адамдардың белсенділігін танытты. Осы құжат жарияланғаннан кейін, 1983-жылы Қытайдағы аграрлық реформасы біршама дамыған жыл еді, отбасы мердігерліктері арқылы отбасының жағдайын жақсарту ауылдағы басты экономикалық формаға айналды. 1983 жылдың соңында мемлекет бойынша 175 миллион диқан отбасында осы мәселе жолға қойылып, диқан жанұяларының 94,5%-ын иеленді. [3]

1983-жылы 12-қазан күні, партия орталығы мен мемлекеттік кеңес «халық коммунасының» орнына ауылдық үкімет құру жөніндегі идеясын ресми жариялады. Бұл мәселеде мыналар атап көрсетілген: ауыл шаруашылығында жауапкершілік формаларының реформасының жүргізілуіне байланысты, қазіргі атқарып отырған халық коммунасына сәйкес келмеуі. Кезектегі негізгі заңда, ауыл-қыстақтарда ауылдық үкімет құру, халық коммунасын күшінен қалдыру керек деп айқын белгіленген. Кезектегі басты міндет халық коммунасын жойып, ауылдық үкімет құру. Сонымен бірге ауыл бойынша ауылдық партком құру әрі өндірістің қажетімен бұқараның тілегіне сай экономикалық ұйымдарды біртіндеп құру тиіс. Партия партияны басқармайтын, үкімет үкіметті басқармайтын және үкімет пен кәсіпорын бір-бірінен айырылмайтын жағдайды тез арада өзгертуіміз керек, халық коммунасын күшінен айырып, ауылдық үкімет құру қызметін ауылдық халық құрылтайы өкілдерін сайлау қызметімен ұштастыру, жалпы тұлғалық жақтан 1984-жылдың соңына дейін орындап болуы қажет еді.

Халық коммунасының аграрлық реформасы сәтті жүргізілді. 1985-жылдың көктемінде, ауыл-қыстақтардағы халық коммунасының күші әлсіреп, ауылдық үкімет құру қызметі толығымен аяқталды.

Мұнда ең әуелі реформа ауыл шаруашылығының тез қарқынмен дамуын және ауыл шаруашылығы өнімдерімен жақсартуын қамтамасыз етті. Қатысты мамандардың өндіріс санды мәліметі бойынша жасаған баяндамасына қарағанда, 1978-жылдан 1984-жылға дейін ауыл шаруашылығының жалпы өнім құнын өзгермеген баға бойынша есептегенде 42,23% артқан, мұның 46,89%-ы отбасылық мердігерлік өнімділігінен болған, ал химиялық тыңайтқыштың өнімділігі 32,5 пайыз еді. 1978-жылдан 1984-жылға дейін астықтың жылдық өнімі 300 миллион тоннадан 400 миллион тоннаға артқан; Мақта 2 миллион 170 мың тоннадан 6 миллион 260 мың тоннаға, майлы дақыл 5 миллион 220 мың тоннадан 11 миллион 910 мың тоннаға жеткен. Мұнан қалса аграрлық реформасы диқандар кірісінің 15,1% пайызы құрады, диқандар кірісінің ең аз артқан мезгілі болды. Ауылдардағы кедей халық саны жылына 16,4%-ға тез қарқынмен азайды. 1984 жылы ауыл қыстақтардағы кедей халық саны 1978-жылғы жалпы халық санының 33,3% ұстайтын салыстырмадан 11%-ке төмендеді. Реформаның тағы бір өнімділігі ауыл шаруашылық өнімдерімен қамтамасыз ету мен диқандар кірісінің артуы тұтас халық шаруашылығының артуына әсер етті. Санды мәліметке қарағанда, қытай халық шаруашылығының жылдық арту мөлшері 6%-ға жетті. Мұнда аграрлық экономикасының арту үлесі 37,3% болған, ал реформадан кейінгі 1978-жылдан 1988-жылға дейін халық шаруашылығының кірісі, жылына 9,2% артқан, ауыл экономикасының арту үлесі 63,7%-ке жеткен, қала реформасы жаппай өрістетілуден бұрын ауыл реформасының ілгері жүргізілуі ең әуелі диқандар отбасы мен ауыл-қалалық кәсіпорындары сияқты дамыған механизмі бар экономикалық тұлғаны қалыптастырып, базар шаруашылығын дамытуға негіз қалады. Тұтас экономикалық реформасын тездету үлгілік роль атқарды[3].

Отбасы мердігерлігі түсінігін аз санды адамдар түсінбей келеді, тіпті басқаша көзқарас та болды. Идеялық және кейбір былықпалық жағдай жасай отырып, партия орталығының 11-кезекті 8-жалпы мәжілісі «партия орталығының ауыл шаруашылығы және ауылдың қызметін анағұрлым күшейту жөніндегі ұйғарымында», «отбасылық мердігерлік формасын негіз еткен екі сатылы шаруашылық басқару формасының өзара ұштастыруды ауылдық коллективті шаруашылық ұйымының негізгі формасы ретінде ұзақ уақыт бойы орынықты жүргізу, әрі үздіксіз кемелдендіре түсуі керек»,-деп атап көрсетті.

Ауыл шаруашылық айналым түзіліс реформасы ең алдымен жоғары дәрежеде жүргізілді.

Қытай елінің ауыл шаруашылық реформасы жалпы тұлғалық жақтан мынадай екі түрге бөлінеді.



  1. Отбасылық мердігерлік арқылы жанұялардың жағдайын жақсартып, халық коммунасын әлсірету. Сондай-ақ диқандармен коллективтік қатынасын дамыту.

  2. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің айналым формасына реформа жасап, ауылда тауар шаруашылығын бар күшімен дамыту, сол арқылы жоспарлы шаруашылық формасынан нарық шаруашылығы формасына қарай біртіндеп өтуді жүзеге асыру.

Отбасылық мердігерлік жауапкершілік формасы ауылдарда алғашқы орынға шыққаннан кейін, 1985-жылы партия орталығы ауыл шаруашылығы өнімдеріне аграрлық реформа жасап, ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасын қос арналы түзілістен базарға ауыстыру сияқты жаңа жобасын дер кезінде ортаға қойды. Жоспарлы шаруашылық формасының ауыл-қыстақтардағы арқа сүйер тірегі бар тұтас сатып алу, әрекеті болды. 1953-жылдан бастап мемлекет ілгерінді-кейінді астық, мақта және майлы дақыл қатарлы маңызды ауыл шаруашылығы өнімдеріне бір тұтас сатып алуы ұзақ уақыт жүрілуі тауарлардың базарын күн сайын тарайтып, базар механизімінің рөлін барған сайын әлсіретіп жіберді.

1979-жылдан бері, ауыл шаруашылығы өндірісі жаппай тез қарқынмен дамыды. Негізгі ауыл шаруашылығы өнімдерінің қажетсінуді қамдай алмау жағдайы өзгеріп, ауыл шаруашылығы өнімдерінің айналымы реформалауды заттық негізбен қамдады. 1985-жылдан кейін, аграрлық реформасы ауыл шаруашылығы өнімдерінің айналымының аграрлық реформасына қарай бағытталды, микро саладан макролық салаға қарай кеңейді. Ауылдарда өнімге бірлестіріп, отбасының жағдайын ауыл-қыстақтарда тауар шаруашылығының тұлғасын қалыптастырды, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерінің аграрлық реформасын экономикалық негізбен қамдады. 1984-жылы ауыл шаруашылығы өндірісі тарихтағы ең жоғарғы орынға ие болды.

Тәжірибеде Қытай ауылдарында мердігерліктің екі түрі және көптеген ұйымдастырушылық өндірістік бірліктер бар.


  1. Өндіріс көлеміне мердігерлік. Бұл шаруашылық жүргізу формасында аула-мердігерлігі (өндірушінің ең төменгі разряды) өндірістік топпен (шаруашылық есеп беру бірлігі, ол сондай-ақ мемлекет пен жеке ауыл өндірушінің арасындағы өзара есеп айырысуда делдал қызметін атқарады) белгілі бір өндірістік тапсырысты орындау үшін келісім шартқа тұрады. Өндіріс көлеміне мердігерлігі өсімді шаруашылығында қолданылған уақытта, негізгі шаруашылық есеп беру бірлігі - өндірістік топ - аулаға қажетті жер, жұмысқа арналған мал, еңбек құралдары, отбасылық қорлармен т.б. қамтамасыз етеді; мал шаруашылығында, тиісінше – жем, жайылым, өріс, өндіріс құралдарын, өнімді қайта өңдеу қызметтерін береді.

  2. Толық аулалық мердігерлік. Өндірістік жауапкершіліктің бұл формасында Қытай ауылындағы аулалық-қатысушылар да мердігерлік бірлік қатарына жатқызылады. Оның алдыңғы формадан ерекшелігі, бұл жерде отбасы мердігерлігінің еңбегі нәтижесін төлеу жүйесі еңбек күндерімен есептелсе, бірінші формада келісілген өнім көлемін ескермейтін, артық өнімнің барлығы отбасы иелігінде қалады.

Жалпы алғанда бұл жүйені шаруалар үлкен қызығушылықпен, жауапкершілікпен қарсы алды. Бұл жүйе қытайлық социалистік тауар өндірісінің либерализациясы кезеңінде бұл жүйе тиімді, әрі болашағы зор болды. ҚХР-ң үкіметінің ауыл өндірушілерінің артық өнімін жоғары сатып алу бағаларымен алу тәжірибесінен біртіндеп өздерінің аймақтық өкілдері арқылы нарықтық бағамен сатып алу тәжірибесіне көше бастау үрдісі өте маңызды роль атқара бастады.

Ауыл шаруашылық өндірісінде басымды роль өндіріс көлеміне мердігерлігінен толық аулалық мердігерлікке біртіндеп көшу отбасылық өндіріс жауапкершілік жүйесінің ауылдағы қолданылу аясының кеңеюімен қатар жүрді. Бұл жүйе ірі ауылдық өндіріс бірлестіктерінің деңгейінде өнім көлеміне байланысты келісім шартқа тұрудан бастау алған болатын. Кейіннен жергілікті жерлердегі тәжірибелер, өндірістің тиімділігін жоғарлату үшін коллективті қызығушылықпен ғана шектелмеу керектігін көрсетті, керісінше өнім көлеміне мердігерлігін жекелеген аулалық-өндірушілер деңгейіне жеткізу керектігін меңзеді.

Аграрлық реформа барысында 80-жылдардың басынан бастап қазірге дейін тауар өндірісімен айналысатын арнайы аулалар, сондай-ақ түгел маманданған ауылдар және арнайы облыстар мен уездер пайда болуда. Оларға қызмет көрсету үшін маманданған нарықтар құрылды. Бұл өндірістік бірліктер мен бірлестіктер Қытай ауыл шаруашылығында нарықтық қатынастардың дамуына алғышарттар жасайды. Бұл маманданған бірлестіктердің жоғары тиімділігінің басты факторлары болып келесілер табылады: қаржы қаражатты, өндіріс құралдары мен еңбек күшін толық масштабта пайдалану, жеке шеберлердің толық, рационалды жұмысбастылығы, еңбек бөлінісі деңгейін оның өнімділігін көбейту мақсатында өсіру. Осы арнайы ауыл шаруашылық өндірушілеріне олардың шаруашылық жүргізу қызметіне елеулі еркіндік беру Қытай ауылдарында шаруашылық бірлестіктерінің көптеген формаларының құрылуына жол ашты. Ауылшаруашылық бірлестіктер формалары келесідей принциптер негізінде қалыптасты:


  1. Территориялық ерекшеліктері бойынша бірлестіктер және ауданаралық типтес бірлестіктер

  2. Келесілердің бірігуі нәтижесінде құрылған бірлестіктер:

    • Еңбек

    • Ақша қаражаттары

    • Материалдық ресурстар

    • Жоғарыда аталғандардың араласып бірігуі

3.Өндірістік процесс сатылары бойынша құрылған немесе өндірістік сатыларға дейінгі және кейінгі бірлестіктер (қамтамасыз ету, қайта өндіру, сақтау, тасымалдау, техникалық қызмет көрсету, несие, ақпарат т.б.)

4. Мамандандырылған және кешенді бірлестіктер

5. Мүшелердің табыстарын келесілер негізінде бөлінетін бірлестіктер:


  • Еңбек үлесі

  • Пайлық принцип

  • Аралас принцип

Бірлестіктердің барлық түрі мүшелердің өз еркімен қатысу принципін сақтап, орталық жоспарға бағынып, мемлекет пен жергілікті билік органдарымен жасалған өндіріс көлемі туралы келісім шартты орындап, еңбек бойынша үлестіру принципін негізгі деп танып, шаруашылық құрылымының жергілікті басқарушыларымен пайлық табыстарды бөлуді келісіп алуы керек.

Нарықтық экономикаға біртіндеп көшу. Қаржы жүйесін реформалау Қытайда 80-жылдардың ортасында жүргізілді. Оның нәтижелерін толық елестету үшін Қытайдың бұрынғы және қазіргі қаржы жүйесін салыстырған жөн. Басты қаржыны жинақтаушы және бөлуші мемлекеттік бюджет болып табылады, басты қайнар көз кәсіпорындардың таза табысы (соңғы жылдары сыртқы сауда ролі жоғарлауда). Алайда қаржыны басқару жүйесі оның реформасынан кейін мемлекеттік бюджет инструментінен басқа жаңа механизм пайда болды – кәсіпорындардың шаруашылық жүргізу қызметі.

Көптеген Қытай ғалымдары 1976 жыл мен 1985 жыл арасында ҚХР-да болған қаржы реформасын 3 кезеңге бөледі.

Бастапқы 3 жыл Қытай қаржы жүйесін реформалаудың эксперименталды-дайындық кезеңі болып табылады. Бұл периодта тәжірибеде түрлі қаржы қатынастар формасы сыналды. Негізгі формалар:

А) Орталықтанған қалалар, провинциялар мен автономды аудандарда бірінші қаржы қатынасы жүйесінің формуласы келесі болды: «Табыс пен шығыстың тұрақты арақатынасы, оның жалпы сомасына бөлу». Яғни шаруашылық пайда түскен кезде оның бір бөлігі ауданда, шығыны көп жерлерде қалады, ал шығындардың тағы бір бөлігі мемлекеттік бюджеттен жабылады.

Б)Екінші форма – «табыс өсімін бөлу, табысты шығыстармен байланыстыру» - оң немесе теріс балансқа көңіл бөлінбеді. Алдыңғы жылға қарап, табыс өсімін салыстырды, содан соң табыс шығыстарға қарай орталық бюджет есебінен немесе пайдасына үлестірілді. Бұл жағдайда аймақтық ынталандыру алдыңғы формамен салыстырғанда төмен болды.

В) Үшінші форма ерекше болды. Бұл форма эксперимент ретінде 1977 жылы Цзянсу провинциясында қолданылды. Ол бюджетке тұрақты аударымдарға негізделді. Бұл аударымдар аймақтардың тарихи қалыптасқан табысы мен шығысының үлесі бойынша анықталды. Бұл жүйенің толық атауы – «табысты шығыстармен байланыстыру, жалпы соманы бөлу, бірнеше жыл қолданылатын нормативті коэффициент». Бұл форма кейіннен мемлекеттің шаруашылық және мәдени жағынан оқшауланған елдің таулы аймақтарымен өзара есеп айырысуда қолданыс тапты.

Екінші кезең орталық пен шалғай аймақтар арасындағы қаржылық қатынас формасының жасақталуымен ерекшеленеді. Бұл «табысты шығыстан бөлетін сатылы жауапкершілік» деп аталатын жүйе болатын. Бұл жайында уақытша ережені ҚХР-ның Мемлекеттік кеңесі 1980-жылдың ақпанында басып шығарған. Жергілікті және орталық бюджеттің уәкілдігі кәсіпорындардың шаруашылық бағыну принципі бойынша бөлінді. Орталық бюджетке аударымдар, орталық және жергілікті бюджет арасында пайданы бөлу пропорциясы, өнеркәсіптік дотациялар көлемі 5 жыл бойы өзгеріссіз қалды. Орталық бюджеттің тұрақтылығы жоспардан тыс дотацияларды төлеуден бастартуы арқасында өсуімен қатар, мұндай қаржылық есеп айырысу формасының идеясы кәсіпорындардың толық өндірістік жауапкершілікке өту процесінің активизацияланған кезеңімен тұспа-тұс келді. Яғни, табыстар мен шығыстардың шектері орнатылды, оларды бұзғаны үшін аймақтар өздерінің қызығушылықтарымен жауап берді. Мемлекеттік бюджетке қаржылық аударымның осы формасын қабылдап, аймақтардың көбісі бұл жүйенің көптеген шарттарын өздерінің кәсіпорындарымен қатынасына сай трансформациялап алды. Осы арқылы олар кәсіпорындардың шаруашылық қызығушылықтары мен қаржылық дербестігін арттырды.

Бұл жүйе сәтті болып 1984 жылға дейін өмір сүрді. Ал 1984 жылы пайдадан аудару жүйесі бірегей салық механизмімен ауыстырылды. Бұл ҚХР-дағы қаржы реформасының 3-кезеңі болып келеді. Бұл кезеңге қытайлықтар 1978 жылдан бері дайындық жүргізген. Пайда үлесінен өзіндік қорларды қалыптастырумен бірге осы пайданы кәсіпорындар, жергілікті және орталық бюджет арасында бөлу принципін анықтау қажеттілігі туды. Сол кезден бөлудің жасақталған нұсқалары салықтық заңның негізіне енді.

Алайда қаржы жүйесі реформасының үшінші кезеңінің бірінші бөлігі өтпелі болды. Бұл кезде қытайлықтар пайданы бөлу мен салықты үйлестірді. Яғни пайдаға бірінші салық заңында бекітілген тұрақты механизм бойынша салық салынды, ал қалған пайда белгілі формалардың бірі бойынша Орталық бюджет, жергілікті бюджет және кәсіпорын арасында бөлінді. Мұндай жүйеге Қытай үкіметі аса сеніммен қарамады, біріншіден бұл жүйе тек ірі рентабельді кәсіпорындарға қолданылды, екіншіден бір жылдан кейін ҚХР-ң салық саясаты екінші бөлімге көшіп кетті – пайданы бөлуді толығымен алып тастады, сондықтан тұрақты пайызды салықты дифференциацияланған немесе қалқымалы нормативтермен алмастырды.

Өнеркәсіпті басқаруды реформалау. Өзінің өнеркәсібі бар кез келген мемлекетте оны басқарудың екі деңгейі бар: өндірісті кәсіпорын деңгейінде және бүкіл ұлттық өнеркәсіп өндірісінің басшылығы деңгейінде. Бұның әсер ету дәрежесі түрлі факторлармен анықталады – ұлттық өнеркәсіптің мамандануы, оның халықаралық еңбек бөлінісіне қатысу формасы, басты идеология (дамудың демократиялық концепциясына жақын болуы нарықтық механизмнің кең қолданылуы мен кәсіпорынның шаруашылығын басқарудың еркіндігімен тұспа-тұс келеді), уақыт жағдайы. Осы және басқа да факторлар өнеркәсіпті басқаруды қалыптастыруда тең дәрежеде әсер етеді, кейбір жағдайда кейбір факторлар басымды түрде әсер етуі мүмкін.

Қытайдың өнеркәсіпті басқару жүйесі негізінде 50-ші жылдардың басында қалыптасқан және кеңестік жүйеге ұқсас болды. Оны реформалаудың қажеттілігі 70-ші және 80-ші жылдарда пайда болды.

ҚКП-ң ОК-ң 11-шақырылымындағы 3-пленумынан кейін өнеркәсіпті басқарудың жаңа әдістерінің өміршеңдігі мен тиімділігін тексеру үшін мемлекеттік масштабта үлкен тәжірибелер басталды. Бұл тәжірибелер үшін әрбір ведостволар мен әкімшілік-территориялық бірліктер тәжірибелік кәсіпорындарды ұсынулары қажет болды. Жергілікті үкіметтің бұл ұсынысқа ынтасыз болғанына қарамастан 1980 жылы тәжірибеге қатысушы кәсіпорындардың саны 6000-ға дейін өсті. Бұл мемлекеттік өнеркәсіптік кәсіпорындардың 16 пайызын құрайды және сәйкесінше жалпы өнім мен өнеркәсіптік пайданың 60 және 70 пайызын құрады. Соңғы екі көрсеткіш пен біріншінің қатынасынан-ақ жаңа өнеркәсіпті басқарудағы реформалардың тиімділік дәрежесін көруге болады. Осы кәсіпорындардағы реформаларды ынталандыру үшін және оған мемлекеттік сектордың жаңа өнеркәсіптік бірліктерін тарту үшін 1980 жылы қыркүйекте ҚХР мемлекеттік кеңесінің мақұлдаған Мемлекеттік экономикалық комитеттің «Кәсіпорындардың шаруашылық жүргізу дербестігін кеңейту саласындағы жағдайлар мен перспективалар туралы» баяндамасында мемлекет пен кәсіпорындардың түрлі қорлары арасында пайданы бөлудің түрлі формаларын қолдануға жол берілетіндігі көрсетілген. 1981 жылдан бастап бұл құқықтар елеулі түрде ішкі кадрлік саясат, қаржылық қызмет, материалды ресурстармен өзіндік қамтамасыз ету, өндірістік процесті модернизациялау, бастапқы шикізатты сатып алу мен өнімді үлестіру сияқты салаларда да өріс ала бастады. Сол кезеңде мықты негізі қаланған ғылыми-зерттеу базасы бұл маңызды тәжірибелерді тексерілген механизмдердің нәтижелерін зерттеумен қатар жүргізуге және өздерінің тиімділігін дәлелдегендерін ұлттық өнеркәсіпке кең түрде енгізуге мүмкіндік берді. Өнеркәсіп шаруашылығын басқаруда жаңа әдістерді тәжірибелік тексеру 1983 жылы өндірілетін тауарлардың аясын кеңейту құқықтарын, пайда үлесінен қалыптасатын кәсіпорын қорларын қолдануды либерализация құқытарын, валюталық табыс бөлігін қолдану құқықтарын кеңейтумен аяқталды.

Жалпы алғанда бұл жекелеген тексерістер мен тәжірибелер 1979 бен 1983 жылдар аралығын алып, оң тәжірибесін берді.

Өткізілген тәжірибелер мен олардың нәтижелерін бекітуден кейін ауыл шаруашылығынан кейін өнеркәсіпте де экономикалық жауапкершіліктің түрлі жүйесін енгізуге қолайлы негіз пайда болды. Дәлірек айтқанда, 80-ші жылдардың ортасына таман бұл жүйенің жетілдірілуі туралы мәселе қарала бастады, себебі 1982 жылдың қазан айынан бастап ірі және орта өнеркәсіптік кәсіпорындардың 80 пайызы түрлі формалар шеңберінде қызмет жасай бастаған. Кең көлемде қолданысты өндірістік жауапкершілік жүйесі тапты. Ол алғаш рет «Шоуду» пекиндік металлургия комбинатында енгізілді және «кепілдік, жауапкершілік, тексеріс» деген атқа ие болды. Оның негізінде кәсіпорын мен жоғары тұрған органдар арасында және кәсіпорындардың өздерінің арасында келісім-шарттық-мәмілелік принципі жатты. «Тексеріс» пункті келісім шарт пен тиісті әкімшілік-қаржылық санкциялар жүйесін қатаң бақылауды білдірді.

Бұнымен қатар мемлекеттік сектордың орта және ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарындағы басқару жүйесін ауыстыру қажеттілігі туындады. Бұрын бұл жүйе директорлық жауапкершілік пен партиялық тұтқалардың өндірістік қызметінен тұрған болатын. Белгілі бір кезеңде өзін ақтаған жүйе 80 жылдардың соңына таман өзін толығымен әлсіретті және басшылықтың партиялық бөлігі қысқартылды.

Өзінің қорларын еркін пайдалану тәжірибесі Қытайда 1979 жылдан басталып, мемлекеттік өнеркәсіптік кәсіпорындардың табыстарын бөлу реформасының бір бөлігі болды. Оның басқа да құрамдас бөліктері келесілер:


  1. Еңбек ақы қорының кәсіпорын өндіріс көлемі, өнім сапасы, пайда және келісім шарт жауапкершіліктері бойынша мемлекеттік жоспарды орындаған соң өзінің қорына ауыстыру.

  2. Түрлі салаларда пайданың 5, 10 және 15 пайызын аударулар орнатылды. Осы аударымдардан құралатын қорларды өндірісті дамытуға, әлеуметтік қажеттіліктерді және премиальді төлемдерді еркін пайдалану мүмкіндігін беру.

  3. Пайданы бөлуде түрлі жекелеген тәжірибелерден құралған эксперимент:

А) Мемлекеттік бюджетке пайдадан дифференциацияланған аударым.

Б) Жоспардан жоғары пайданы бөлу

В) Барлық пайданы бөлу

Г) Пайданы аударудың бекітілген көлемі

Д) Пайданы аударудың прогрессивті көлемі

Е) Пайданы бөлудің тұрақты пропорциясы және т.б.

Бұл тәжірибелердің барлығы сол периодта белгілі бір экономикалық әсері болғанымен, бұл барлық тәжірибелер өтпелі сипатқа ие болды. Бұған қарағанда көп жағынан ең тиімді және әсері елеулі болған кәсіпорындарда салық механизмін дамыту пайдалану және құру.

Салық салудың бірінші кезеңінде заңға ешқандай өзгерістер жасалмай, бұрынғы жүйемен жұмыс істелінді. Жоспарлы пайданы тапсырған соң артық қалған бөлігіне салық салынатын болды. Бұл маңызды механизмді сәл түзеудің өзі бірқатар оң әсерін берді: біріншіден, шаруашылық жүргізушілерге мемлекетке қайтарылуы тиіс пайданы түрлі жеке қорларға жасырын түрде салу едәуір қиындады. Рентабельді кәсіпорындар үшін пайданы бөлудің түрлі және қиындатылған әдістерінен нақты салық механизміне көшуі олардың жұмыстарын жеңілдетті.

Салық салудың екінші кезеңінде сауда-өнеркәсіптік салықты қосымша құн салығы, өнімге салық, тұз және кәсіп салықтары сияқты түрлерге бөлді. Осы кезең шеңберінде табыс салығы мен реттеуші салықтардың құрылымы өзгерді. Жаңа салықтың түрлері енгізілді: ресурсқа салық, қала құрылысына салық, құрылысқа салық, жер және көлік пайдалану салығы.

Өндірістік компаниялар құру кәсіпорындар арасындағы кооперацияны күшейтті.

1984 пен 1990 жылдар аралығында ҚХР-ң Мемлекеттік Кеңесі бірқатар шараларды жүзеге асырған болатын. Бұл шараларға жалпы мынадай ат беруге болады «Жекелеген кәсіпорындардың өндірістік қуатынан тұратын ұлттық өнеркәсіптік потенциалды есептік ішкі шаруашылық байланыстарын максималды тиімді пайдалану арқылы бірегей өндірістік механизмге жұмылдыру үшін талпыну». 80-жылдардың ортасына таман ауыл шаруашылығындағы сияқты, ұлттық өнеркәсіпте де 90-шы жылдардың басына қарай Қытай реформаторлары біртұтас, реттелген механизм құрды. Алайда нарықтық және социалистік принциптерді араластырып пайдаланғандығынан және кооперация масштабының әсерінен бұл механизм құрылымы тым күрделі болды.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5




©www.dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет