Іскерлік туризм қАРҚынды дамушы экономикалық сектор ретінде



Дата03.07.2016
өлшемі88.39 Kb.
#174096
ІСКЕРЛІК ТУРИЗМ – ҚАРҚЫНДЫ ДАМУШЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ СЕКТОР РЕТІНДЕ
Трушева Ш.А.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, PhD-докторант

Астана қ., Қазақстан Республикасы

E-mail: sharafat.trusheva.80@mail.ru

Ғылыми жетекші - э.ғ.д., профессор Сыздықбаева Б.Ұ.

Қазақстан Республикасында туристік саланы дамытудың 2020 жылға


дейінгі тұжырымдамасында әрбір туристік кластер бірнеше туристік өнімдерді әзірлеуді ұйымдастыруға тиіс, бірақ туристік өнімдерді таңдау және басымдықтар беру әр кластердегі әрбір өнімнің даму әлеуеттеріне байланысты делінген. Сондай - ақ, тұжырымдамада Қазақстан Республикасында туризмнің басты алты өнімін: «MICE-туризм», «Мәдени туризм және турне», «Белсенді және қызық оқиғалы демалыс», «Таулар мен көлдердегі демалыс», «Жағажай туризмі» және «Қысқа мерзімді демалыс» дамыту қажет екендігі айтылады.

MICE-туризмге – іскерлік кездесулер, көтермелеу турлары, конференциялар, көрмелер, іс-шаралар, жұмыс топтарының отырыстары, семинарлар және іскерлік сапарлар кезіндегі бос уақыт бизнес-уәждеріне байланысты ұйымдастырылған сапарлар жатады. Аталған турөнім бойынша Еуропа, Қазақстан, Қытай және Ресей Қазақстанға туристік келуді генерациялайтын негізгі елдер болып табылады.

Мәдени туризм және турне – ол мәдени ескерткіштер және тарихи мұра орындары бойынша ұйымдастырылған турлар және гид алып жүрмейтін турлар. Осы турөнім бойынша Қазақстанға туристік келуді генерациялайтын негізгі елдерге Қазақстан, Еуропа, Қытай, Ресей, Таяу Шығыс, Үндістан елдері жатады.

Белсенді және қызық оқиғалы туризм – қызметтің «жұмсақ» түрлерін (кемпинг, жаяу жүру, велосипед тебу, толық жетектегі автомобильмен жүру, табиғатты зерттеу, салт атты серуендеу, құстарды бақылау, балық және аң аулау) және қызметтің «қатты» түрлерін (каноэда есу, каякпен жүзу, спелеотуризм, тау велосипедін тебу, қиылысқан жермен шаңғы тебу, альпинизм, парапланеризм, плоттармен түсу (рафтинг), тауға өрмелеу және джип-сафарилер) қоса алғандағы табиғаттағы қызмет түрлері. Аталған өнім бойынша Қазақстанға туристік келуді генерациялайтын елдерге Қазақстан, Ресей және Еуропа жатады. 

Таулар мен көлдердегі демалыс – демалыс пен рекреация саласындағы түрлі қызметтер бағдарламалары – жұптар, отбасылар мен балалар үшін жазғы және қысқы демалысты өткізу, ресми демалыс күндері уақытындағы демалыс, таудағы белсенді қызмет түрлері, сондай-ақ экологиялық туризм. Осы туристік өнім бойынша Қазақстанға туристік келуді генерациялайтын негізгі елдерге Қазақстан, Ресей және Қытай жатады.

Жағажай туризмі – жағажай аймақтарына сауығу және демалу мақсаттарында келу, сондай-ақ судағы спорт түрлері, қайықпен және яхтамен жүзу (теңіздегі демалыс). Осы турөнім бойынша Қазақстанға туристік келуді генерациялайтын негізгі елдерге Қазақстан, Ресей елдері жатады.

Қысқа мерзімді демалыс – демалыс күнгі турлар, қала және қала маңындағы, көрнекті орындарға бару, табиғатта демалу, мәдени ескерткіштер мен тарихи мұра орындары, сондай-ақ ерекше жағдайлар үшін қысқа мерзімді үзілістер (мысалы, бал айы, Жаңа жыл демалысы, жыл сайынғы жиындар және т.б.) сияқты әдетте бір күннен төрт күнге дейін созылатын сапарлар. Аталған турөнім бойынша Қазақстанға туристік келуді генерациялайтын негізгі елдерге Қазақстан, Ресей Федерациясы, Еуропа және Таяу Шығыс жатады [2].

Келесі төрт-алты жыл ішінде коммерцияландыру үшін толық дайын немесе салыстырмалы түрде оңай екенін ескерсек, алғашқы үш туристік өнім (MICE-туризм, мәдени туризм және турне, сондай-ақ белсенді және қызық оқиғалы туризм) «жылдам әсер» нәтижесінің қатарына жатады.

Қалған үш туристік өнім (таудағы және көлдердегі демалыс, жағажай туризмі және қысқа мерзімді демалыс) «стратегиялық өнімдер» болып табылады, өйткені оларды әзірлеу туризм саласындағы стратегиялық маңызды (ұлттық) жобалар арқылы едәуір инвестицияларды талап етеді, бұл олардың жеті жылдан он екі жылға дейінгі аралықтағы маңыздылығын білдіреді.

Айтылған топтарға енгізілмеген басқа туристік өнімдер, бұл – мәдени-танымдық туризм, қасиетті орындарға сапарлар, әлеуметтік, балалар-жасөспірім, агроэкотуризм, геопарктерді дамыту, сондай-ақ ерекше қызығушылықтар бойынша бірқатар өнімдер. Астана қаласында технологиялық жарақтандырылу деңгейі жоғары және кейбір медициналық қызметтер құны салыстырмалы түрде төмен болатын жоғары сапалы медициналық емханалар паркінің болуын ескере отырып, Астана қаласының қазақстандықтарды ғана емес, сондай-ақ шетелдік азаматтарды да тарта отырып, медициналық туризмді дамыту мүмкіндігі зор. Бұл өнімдер Қазақстан үшін туризмнің бастапқы өнімдері ретінде қарастырылмайды, бірақ өте ерекше салаларда дамытудың белгілі бір мүмкіндіктерін ұсына отырып, осы туристік бағыттарды дамытуға назар аудару қажет [2].

Туристік саланы дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасында «жылдам әсер» нәтижесінің қатарына жататын, алғашқы үш туристік өнім қатарына іскерлік туризм енгізіліп отыр. Оның себебі: іскерлік туризм – ең негізгі жоғарғы табысты және келешегі бар саяхат түрлерінің бірі, ол экономикалық, саяси, климаттық, ауа райы және басқа факторлардың әсеріне салыстырмалы тұрақтылықпен және жоғарғы өсумен сипатталады. Дәстүрлі массалық саяхаттық бағытпен шұғылданатын турбизнестегі көптеген мамандарға іскерлік туризм нарығы аз белгілі. Дегенмен, бұл кең ауқымды клиенттер, аса үлкен ақша айналымы, туроператорларлардың өз шеңбері және сатудың ерекше ұйымдастырылу түрі болып табылады.

Іскерлік туризм бүкіл әлемде келешегі бар туризм түрі болып саналады, себебі ол барлық маусымға тән, болжамды, жоғарғы деңгейлі табысты клиенттерге бағытталады.

Бүгінгі таңда іскерлік туризм көп мемлекеттерде қарқынды дамушы экономикалық сектор ретінде өзін берік орнатты. Ол шет ел валютасының ағылуын және жұмыс орындарын ашу, туризм индустриясының әр түрлі секторына сұранымның жоғарлауы, экономика саласының дамуы, ғылым, мәдениет және денсаулық сақтау салаларына үлесін қосуда. Халықаралық іскерлік туризм мемлекеттің рейтингінің көтерілуінде маңызды рөл атқарады.

Табыс бойынша іскерлік туризм дамыған мемлекеттерде мұнай бизнесімен тепе тең. Жалпы туристтік лекте іскерлік туризмнің үлесі 20-25% ғана екендігіне қарамастан, оларға жалпы туристтік индустриясы айналымының 60% тиесілі.

Іскерлік туризм Қазақстан экономикасының негізгі тетіктерінің бірі. Ол халықаралық байланыстардың дамуына, шетелде мемлекеттің беделін беріктендіруге және әлемдік кеңістікке біздің елдің интегралдануына септігін тигізеді. Халықаралық іс шараларды өткізуге тарту ел экономикасын, мәдениетті және білімді, денсаулық сақтауды қолдау үшін қажет. Сондықтан іскерлік туризм – ол жай бизнес сапар мағынасынан кең ұғым, ол жалпы маңызды мәселелер жиынтығын қамтиды.

Іскерлік туризмнің жеделдетілген дамуы оның тиімділігімен шарттасылған, өйткені қазіргі тур іс әрекеттер түрлерінің еш бірі туристтік салаға, бүкіл ел экономикасына маңызды мультипликативті әсер тигізбейді. Іскерлік туристтер, бизнес туристтер мен тең қаражат жұмсау арқылы конференция, конгресс ұйымдастырушыларына және мемлекет кәсіпорындарына қомақты табыс әкеледі. Іскерлік туризмді дамыту арқылы өзекті мәселелер де өз шешімін табады. Туризмнің инфроқұрылымдық объектілерінің қызметі, яғни шекаралардың, мейрамханалардаң, мейманханалардың, көліктік және басқа ұйымдардың толық және тең жүктелімі.

Әлем бойынша іскерлік туризмнің даму жағдайымен танысу үшін. Іскерлік туризмнің әлемдегі Орталықтарының әрбірін қарастырайық.

Жыл сайын Батыс Еуропа аймағына іскерлік мақсатта 108 млн. халықаралық туристер барып, 180 млр.доллардан аса ақша жұмсайды. Іскерлік туризмге келу және шығындар бойынша осы аймақ сәйкесінше бүкіл әлемнен 50% бен 39% бірінші орында. Еуропаның жалпы ағымындағы іскерлік саяхаттаушылардың үлесі 50% құрайды. Сонымен қатар аймақтағы барлық халықарарлық туристерден батысеуропалық іскерлік туристердің ішкіаймақтық ағымы 80% құрайды [3].

Рейтинг ICCA бойынша 2013 жылы халықаралық іс-шаралар өткізу бойынша елдер арасында АҚШ, Германия, Испания және Франция (1-кесте) жетекші орында.

Жалпы туристік ағымдағы іскерлік туристер үлесі бойынша деректер Батыс Еуропаның әртүрлі қалаларында өзгеріп отырады. Мысалы, Осло мен Бирмингем қалалары сияқты қалаларда іскерлік туристердің үлесі ең көп деп белгіленеді, сәйкесінше 66,8% бен 64,4% құрайды [4]. Сондай-ақ, Цюрих, Мюнхен, Берлин, Брюссель, Копенгаген, Хельсинки, Манчестер қалалары да ерекшелінеді. Бұл қалаларда жалпы туристік ағымдағы іскерлік туристер үлесі 50%-дан аса, ал кейбіреуінде 80%-дан асады.

Батыс Еуропаның іскерлік саяхаттаушылары арасындағыларының көбі жеке іскерлік туристер (33%). Екінші топ үлес бойынша конгрестер мен конференцияларға бару мақсатымен келген іскерлік туристер (10%) [3].

Батыс Еуропадағы негізгі «тұтынушы» корпоративтік іскерлік туристер – Германия, Ұлыбритания, Франция, Италия. Бұлардың ішіндегі көшбасшысы әрине Германия. Жыл сайын шамамен 5 млн. немістер Германияның басқа қалаларына іссапарға шығады (80% шамасында). Осында жол жүрулердің орташа ұзақтығы басқа континенттерге 12-13 күн, Еуропа ішінде – 5-6 күн, өз елі бойынша – 3-4 күнді құрайды [5, 186 б.]. Корпоративтік іскерлік туристердің ағымын қабылдайтын батысеуропалық мемлекеттер арасында: Германия, Ұлыбритания, Франция, Италия, сондай-ақ Испания, Швеция, Швейцария, Бельгияны атап өтуге болады.

Сонымен қатар іскерлік жол жүрулердің корпоративтік емес секторы батысеуропалық нарықта кең таралған. Әртүрлі ассоциациялар мәжілісіне және үкіметтік кештерге бару географиясы бастысы корпоративтік іскерлік туристер ағымымен сай келеді. Негізгі корпоративтік емес іскерлік туристердің «тұтынушылары» сол сияқты Германия, Ұлыбритания, Франция және Италия болып табылады. Корпоративтік емес іскерлік туристерді қабылдайтын елдердің ішінде ерекше көзге түсетіні Ұлыбритания (Лондон). 2001 жылы бұл ел ұйымдастырылған іс-шаралар мен корпоративтік емес іскерлік туристерді қабылдау саны бойынша АҚШ-тан кейін 2-ші орынды иеленді. Осыған орай Дания, Австрия, Испания, Франция, Бельгия қалалары аталып өтіледі.

Еуропаның іскерлік саяхатының едәуір қарқынды дамып келе жатқан нарық сегменті болып конгрессті-көрмелі туризм саналады (көрмелер, сауда жәрмеңкелері, конгрестер). Еуропалық аймақтағы 108 млн. сапарлардың ішінде конгрессті-көрмелі іс-шараларға шамамен 10 млн. жатады. Жыл сайын әлемде 8 мыңнан астам, оның ішінде Еуропада 3 мыңнан аса, әсіресе Батыста конгрестер, көрмелер, конференциялар мен симпозиумдар өткізіледі [5, 28 б.]. Көрме жұмыстарына, әдетте, семинарлар мен конгрестерді өткізу сабақтастырылады, сондықтан семинарлар, көрмелер мен конгрестерге нақты шектеу қою қиынға соғады. Әртүрлі көрмелер мен іскерлік туристерді қабылдауды ұйымдастыру бойынша көшбасшы болып Германия, Италия мен Ұлыбритания саналады. Еуропада олар «біріншілік пальмасын» тұрақты ұстап тұр, ал әлем бойынша тек АҚШ-қа жол береді.

Қазіргі уақытта әлемдік іскерлік туризм Орталықтарының үшеуі (Батыс Еуропа, АҚШ, АТМ аймағының мемлекеттері) осының ішінде ең жетекші рөлді Батыс Еуропа, ал белсенді даму үстінде – Азия-Тынық мұхит Орталығы.
1-кесте – 2013 жылы халықаралық кездесулер өткізу үшін жетекші елдердің рейтингін саралау

Ел

Кездесулер саны

АҚШ

288

Германия

272

Испания

267

Франция

204

Ұлыбритания

196

Нидерланды

181

Италия

170

Австрия

145

Жапония

132

Австралия

129

Ескерту – [3] ақпарат көзінің мәліметтеріне сүйеніп автормен құрастырылған

Жоғарыда аталған мемлекеттерді үлгі тұта отырып Қазақстан іскерлік туризмді дамыту үстінде. Оның бір дәлелі ретінде EXPO-2017 көрмесінің өтуі. Халықаралық мамандандырылған EXPO-2017 көрмесін ұйымдастыру бүгінгі таңда Қазақстан жобаларының негізгілерінің бірі болып табылады, себебі оны өткізу елдің болашақ экономикалық дамуын ынталандырады және әлемдік экономикаға ұлттық туристік индустрияны жақындатады, осылайша туризмнің тұрақты дамуына да септігін тигізеді.


Әдебиеттер

1 ҚР заңы «Қазақстан Республикасының туристтік қызметі туралы» 13.06.2001ж.

2 Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы.

3 European Business Travel - Special Length Focus, Journal of travel and Tourism Analyst, 2013.



4 Horwath International Wolrdvvide Hotel Industry Study, 2012.

5 Александрова А.Ю. Международный туризм: Учеб. пособие для вузов.- М.: Аспект Пресс, 2001. - 464 с.

Достарыңызбен бөлісу:




©www.dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет