Махаббат пен ғадауат



Дата09.06.2016
өлшемі149.16 Kb.
#125381
Махаббат пен ғадауат

(Рисала)
Біздің ұлық Абайымыз айтпаған сөз қалған ба? Жасың ұлғайып, дүние сырына бұрынғыдан тереңірек үңілген сайын Абайға барып жүгінуің жиілей береді. Жаныңды қинаған сұрақтарға жауап іздейсің.


Өлсем орным — қара жер сыз болмай ма?

Өткір тіл — бір ұялшақ қыз болмай ма?

Махаббат ғадауатпен майдандасқан,

Қайран менің жүрегім мұз болмай ма? – деп жазады ақын.


Мұндағы Махаббат - ғаламдық көлемдегі сүйіспеншілікті бейнелесе, Ғадауат сол махаббатқа қарама-қарсы - жек көру, мейірімсіздік, қаскүнемдік, дұшпандық деген ұғымдарды бейнелейді. Бұдан басқа Абайдың талқысына түсетін Нәпсі деген сөз бар. Оның мағынасы тіпті жан-жақты: адамның ішкі жан дүниесі, құштарлығы, құлқы-пейілі болып таралып кетеді. Махаббат. Ғадауат. Нәпсі. Асылы гомо сапиенс аталатын саналы адамның өмірі осындай үш тағанға тіреліп тұратын болса керек.
Абайдың айтуынша, Алла тағала әуелде адам баласын махаббатпен жаратқан. Ендеше: “Кім өзіңе махаббат қылса, сен де оған махаббат қылмағың парыз емес пе?”. “Махаббаттың төлеуі — махаббат”. “Алла тағаланың пендесін махаббат уә мархаматтан жаратқанын біліп, махаббатына махаббат пенен ғана елжіремекті Құдайға ғашық болды дейміз”. (Отыз сегізінші сөзден). Жалғыз Абайда емес, Шығыстың атақты ақындары Руми, Хәйәм, Хафиз, Жәми, Сағди жырларында аспандатып дәріптелетін махаббаттың төркіні — күллі ғаламды, жан иелерін жаратушы құдіретке құлшылық етуден бастау алады. Бұл ретте жаратушы мен жа­ралушының арасындағы махаббат сипаттарын ақындық, философиялық тілмен жеріне жеткізіп жырлаушының бірі — біздің ұлық бабамыз Ахмет Ясауи екенін әркім білуге тиіс.
Махаббат — адам өмірінің тұғыры мен тіреуіші. Махаббат — өзіңді ғана емес, ең алдымен өзгені сүю, қарапайым тілмен айтсақ, жақсы көру, ұнату. Жаны ашу, мейірбандық, жақсылық істеу, қамқорлық көрсету осыдан шығады. Көкірегін махаббат жайлаған адам — қашанда қайырымдылықпен, әділдікпен, адалдықпен ауылдас отыруға тырысады. Ондай адамның кейде сырты байсал, суықтау көрінуі мүмкін, бірақ іші — нәзік, сезімтал, сергек келеді. Ойынан бұрын сезімі бас көтеретін де кездері бар. “Мұның арты қалай болар екен” деп ойы тартпақтай бастаса, сезімі ілгері қарай сүйрелейді. Сөйтіп, бұлдыр ойды мөлдір сезім тазалап жуып тұрады.
Дүниедегі бар жақсылық махаббатпен жасалады, махаббатпен нұрланады. Ең арғысы сәулетті үй салып, бітік егін өсірсеңіз, жер қойнауын қопарып кеніш көзін ашсаңыз кітап жазып, ою-өрнек тоқысаңыз да қаншама ой қуатын, жан мейірімін жұмсайсыз. Өйткені, шын сүйіспендіктен туған дүние ғана құнды, сұлу болмақ.
Ғаламдық биіктен қарасақ та, махаббаттың орны орасан екені көрінеді.
Адамды сүй, Алланың хикметін сез,

Не қызық бар өмірде бұдан басқа? – деп Абай тегін жазбаған.


Түпсіз тұңғиық ғарышта шыркөбелек айналған жұлдыздар, планеталар әлемі, ай мен күннің жарығына жылынып, біздің тұрақты Мекеніміз секундына отыз мың шақырым шапшаңдықпен зырлап бара жатса, бұл абсолюттік шындық — Құдіреттің іс-әрекетінен хабар береді. Жер бетіндегі күмі құбылыс, әлі түгесіліп-таусылып бітпеген тіршілік иірімдері, адам баласының қазандай қайнаған, арпалыс пен алысқа, жеңіс пен жеңіліске толы өмірі, Абай айтқандай, сол құдіреттің хикметіне тұнып тұр. “Құдай тағала ешбір нәрсені хикметсіз жаратпады… Бәрінің хикметі бар, бәрінің себебі бар”. (Отыз сегізінші сөзден). Хикмет сырына үңіліп, танып-білу үшін де ақыл-парасат, білім-білікпен қатар ықылас-пейіл, құлшыныс, сүйіспендік керек.
Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп — әділетті.


Адамзатты сүю, әділетті сүю — бұдан асқан асыл мұрат болушы ма еді? Өйткені, Абайша: “Ғадаләт — барша ізгіліктің анасы дүр. Ынсап, ұят — бұл ғадәләттан шығады. (Отыз сегізінші сөзден). “Адамшылықтың алды махаббат, ғадәләт, сезім. Бұлардың керек емес жері, кіріспейтұғын да жері жоқ. Бұл ғадәләт, махаббат сезімі кімде көбірек болса, ол кісі — ғалым, сол ғақил”. (Қырық бесінші сөзден). Демек, күллі адамгершілік қасиеттер, ізгілік, ар-ұят, қанағат-ынсап — махаббат анадан туады екен.
Бұл ғана емес. Кемеңгер Абай саналы адамзат өмірінде жиі ұшырасатын жамандықтарды махаббатпен емдеуге болады деп сенген. Оқиық: “Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Әуелі — надандық, екінші — еріншектік, үшінші — залымдық. Надандық — білім, ғылымның жоқтығы. Дүниеде ешбір нәрсені оларсыз біліп болмайды. Еріншектік — күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік — бәрі осыдан шығады. Залымдық — адам баласының дұшпаны. Бұлардың емі — халлақына махаббат”. (Отыз сегізінші сөзден).
Әрине, жөнге көшіп, түзелуге келетіндерді махаббатпен емдегенге не жетсін!
Бұл өмірдің қызығы — махаббатпен,

Көрге кірсең үлгілі жақсы атақпен, – деп Абай тағы дұрыс жол сілтейді.


Әдетте махаббатты түр-түрге бөліп жатады. Соның ішіндегі ең зорларының бірі — Отанға, туған жұртыңа деген сүйіспеншілік сезімі. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадисінде бар: “Мен егер адам өз жақынын жақсы көрсе, халқын да сүйген болып шыға ма деп сұрағанымда, Алланың елшісі: “Жоқ, олай емес. Жамандықтарына қарамай, халқына көмектескендер ғана соған лайық” деп жауап берді”. (Убада Ибн Катир).
Атақты араб ғұламасы Ибн Қайум (ХІV ғ.) жазған “Дерт пен дауа” атты көлемді кітаптың үштен бірі адамзат өмірінде кездесетін махаббат ықылымдарын жан-жақты талдауға арналған. Негізінен теологиялық-психологиялық тұрғыда түзілген бұл күрделі еңбекте шығыс ойшылы ақыл-ой иесін билеп алатын сүйіспеншілік сезімдерін біздерше біржақты марапат үлгісінде қарамай, қарама-қайшылықта, туу, өсу, даму, пайда-зиян сыйпаттар турасында зерделеп, зерттейді. Адам жанының пернелерін дөп басып, махаббат психологиясын ашуда әлі күнге шейін ескірмеген, бәлкім, жаңалықтай көрінетін пікірлерге ден қоюға лайық. Ибн Қайум махаббатты саты-сатыға бөліп қарастырады. Бірінші саты — “Ғаляка”, бұл бір-бірін ұнатқан жүректердің жалғасуы, жолығуы, екінші саты — “ғишық”, бұл бір-біріне ерекше ынтық, ынтызар халге түсу; үшінші саты — “шаук”, бұл бір-біріне жетуге асығу, сағыныштан сарғаю; төртінші саты — “татайум”, бұл бір-біріне құлдық ұру, бағыну; бесінші саты — “әл-хулля”, бұл мұратына жету, махаббаттың шегі-шеті т.б. Бұдан басқа ғұлама о бастағы жаратылыстан туындайтын “табиғи махаббат” түрлерін де атап өтеді. Олар: әйелге, балаға деген махаббат, шөлдеген адамның — суға, аш адамның — ас-ауқатқа, шаршаған адамның — ұйқыға ұмтылу себептерін де осы төңіректен іздейді.
Әйткенмен, Ибн Қайумның: “Махаббат адал әрі жан-жаратылысы таза, тілі жұмсақ, кең пейілді, тәрбиелі, асыл текті адамдарға лайық”. Немесе: “Махаббат қорқақты батыр, ақымақты есті, сараңды жомарт қылса, менмен патшаларды қорлап, қатал мінезділерді тәубаға келтіреді”. “Досы жоққа дос, жалғыздарға серік тауып береді”. Немесе: “Махаббат ауртпалықтан құтқарып, жан тыныштығына жеткізеді, сансыраған санаңды ашып, жақсы іс-әрекеттеріңе қанағат еткізеді” деген пайымдаулары қай заманға да, қай қоғамға да керекті өнегелі сөздер екені хақ.
Махаббаттың пайда-зияны деген ұғымға қатысты кішкентай мысал. Бірде пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) үй алдында жуынып-шайынып отырған көрінеді. Сонда оның айналасына шашыраған су тамшыларын кейбір серіктері жинап алып, беті-қолдарына жаға бастаса керек. “Бұларың қалай?” – деп сұрайды сонда Расулалла. “Біз Алланы риза етіп, берекеге қолымызды жеткізу үшін осылай істейміз,” – деп жауап береді серіктері. Қасындағылардың шексіз махаббатынан туған құрметтеріне ризашылығын білдірудің орнына, пайғамбарымыз сонда ренжіген сыңай танытып: “Сендер Алла мен оның елшісін қуантпақ болсаңдар, мынадай үш түрлі амалды орындаңдар: әрқашан шындықты айтып, уәденің үдесінен шығыңдар, адал көршінің қатарынан табылыңдар. Тек осындай жолмен ғана Аллаға, оның елшісіне деген махаббаттарыңды дәлелдейсіңдер,” – деген екен.
Махаббат иесінің әрдайым жолы бола бермейтіні түсінікті. Бұл жайында Ахмет Яссауи жақсы айтқан:
Жапа шекпес ғашық болмас, тыңда ғапыл,

Жапа шеккің, сабыр еткің, болмай жәһіл.

(Ә. Жәмішеев аудармасы)
Махаббат — сүю болса, Ғадауат — жек көру. Бұл екеуі тіршілікте қатарласып өмір сүреді. Тіпті жұмыр басты тірі адамның тұла бойында осы екеуінің айқасы тынбай жүріп, әрқашан ит жығысқа түсіп жататыны да белгілі. Абай жазғандай, түптің түбінде әлсіз жүректерді мұзға айналдыратын — сол майдандасу. Өйткені, біз ет-жүректен жаралған пенде болғасын, нені жек көру керек екенін үнемі анық ажырата білмейміз. Жек көру сезімінің де ар жағында әділеттілік жату керектігін ескермейміз. Әдетте жек көрген адам бәрін ұмытып кетеді. Осыдан барып асқына бастаған жек көрушілік мейірімсіздікке, қаталдыққа, қаскүнемдікке ұласады. Мұндай жағдайда Махаббат жеңіліп, Ғадауат жеңіске жетеді.
Адамзат ұрпағы саналы нәсіл-жұрт ретінде қауымдасқалы бергі уақытта қыруар діни дүниетану ағымдары мен ең-ең ұлық ойшылдары құдіреттің әзірге шейін бізге мәлімсіз ықтиярымен пайда болған тіршіліктің оты өшіп, біржола құрдымға кетпеуі үшін киелі Махаббаттың жалынан мықтап ұстау қажет екенін айтып, жазып келеді-ақ.
“Дүниені ұстап тұрған ұстын — махаббат,

Махаббат бар жерде ғана — өмір бар”.


М. Ганди.
“Махаббат демімен үрленбесе,

Тіршіліктің шырағы жанбас болар”.



Махмұмқұлы.
Осыған қарамастан, махаббат пен ғадауаттың майданы тоқтар емес. Сірә ақырдың уақтысына шейін тоқтамайтын шығар.
Ең өкініштісі — қайсыбір замандарда, қайсыбір қауымдарда махаббаттың үні әлсіреп, мейірім-шапағат азайып, қатыгездік, қаскүнемдік, дұшпандық үстемдік құрады. Әділет іздеушілер құрыққа түсіп, қиянат жасаушылардың желкенін жел көтеріп, жетістікке жетеді. Өйтетін себебі: адам баласын бақытты, тыныш өмірге бастайтын тура жол — ынсап, қанағат сезімдері ұмытылып, Нәпсі деген бір қарақұлақ қасқырдың жабайы инстиктісіне сүйенген сайранына қосылып кететіндер саны әбден-ақ көбейеді. Әрине, осылайша тепе-теңдіктің бұзылып, теріс құбылыстардың текірек атуына қайсыбір замандарда, қайсыбір қауымдарда қалыптасқан әлеуметтік ақуалдың зардабы тиетіні белгілі.
Нәпсі мұсылман елдері арасында ежелден адамның ішкі құлқы-пейілі мағынасында айтылып келеді. Діни насихаттарда, кітаби ақындар шығармашылығында ең жиі қайталанатын сөздің бірі де — “нәпсіңді тый!”, әйтпесе “нәпсісі бұзылған” тақілеттес болған. Ал кең мағынасында — адамның ішкі жан дүниесінің көрінісі, содан туатын құштарлықтар (орысша соблазнь, страсти) аумағына сыйып жатады. Абай бұл ұғымды әрі қарай тереңдетіп, алыстан орағытады. Ол бұл дүниедегі адам бойындағы жақсы-жаманды іс-әрекеттер төркінін жан қуатынан іздейді. Егер зерделеп қарасақ, қазақ ақынының даналық пайымдауларын оп-оңай тануға болады. Үзінділер оқып көрейік:
“Жан қуаты дейтұғын қуат — бек көп нәрсе, бәрін мұнда жазарға уақыт сыйғызбайды.
Бұл қуаттың ішінде үш артық қуат бер, зинһар, соны жоғалтып алу жарамас. Ол жоғалса, адам ұғылы хайуан болды, адамшылықтан шықты.
Біреуі — … не көрдің, не естідің, әрнешік білдің, соны тездікпен ұғып, ұққандықпен тұрмай, арты қайдан шығады, алды қайда барады — сол екі жағына да ақылды жіберіп қарамақ. Біреуі — не нәрсені естіп, көріп білдің, хош келді, қазір соған ұққандарды тексересің. Үшіншісі, жүректі мақтаншақтық, пайдакүнемдік, жеңілдік, салғырттық — бұл төрт нәрсе бірлән сақтаса, сонда сырттан ішке барған әр нәрсенің суреті жүректің айнасына анық раушан болып түседі.
Және әрбір жақсы нәрсенің өлшеуі бар, өлшеуінен асса, жарамайды… ішпек, жемек, кимек, күлмек, көңіл көтермек, құшпақ, сүймек, мал жимақ, мансап іздемек, айлалы болмақ, алданбастық — бұл нәрселердің бәрінің де өлшеуі бар. Өлшеуінен асырса, боғы шығады”. (Қырық үшінші сөзден).
Біздіңше, адамның жан қуаты, содан туындайтын нәпсі құбылымдарына берілген ең дұрыс бағаның бірі осы.
“Бүткіл дүние үздіксіз қозғалыс үстінде. Бірақ соның бәрі әрқилы болады. Ал адам жанының жүрістері соның ешқайсына ұқсамайды”.
Ж. Руми.
“Ібіліс әрдайым Құдаймен алысып келеді, сондағы ұрыс алаңы — адамның жүрегі”.
Ф. Достоевский.
Иә, бұрынғы білімдарлар біліп айтқан: бәр-бәрі, махаббат та, ғадауат та, нәпсі құмарлық та, солардан балалап өнетін “пәлелердің” қай-қайсысы да — адамның ішінде, жүрегінде, жанында жатыр. Құдай солай жаратқан дейміз. Құдай адамға ерік-жігер, еркіндікті де аямай берген. Таңдау — өзіміздікі. Ал сол таңдау оңай шаруа емес. Қиынның қиыны, түйіннің түйіні — сол таңдауда. Өйткені, адамды қоршаған айнала өмір “қызықтарға” тұнып тұр. Байлық, дәулет, мансап, атақ, билік — оның ең бастылары ғана. Бұлар әрі оңайлықпен қолға түспейді. Соларды қолға түсіру үшін жұмыр басты пенде қай жолды таңдайды? Әрине, мұратына тезірек жеткізетін төте жолды іздей бастайды. Әділет жолы тым ұзақ. Абай жазғандай: “Бәлкім ғаделет барша ізгіліктің анасы дүр”. Бірақ ізгілікті басшылыққа алып, бақ-дәулеттің жолына жармасу үшін сабыр, тағат, берік шыдам, ұзақ өмір керек болады. Қазақ: “Сабыр түбі сары алтын, сарғайған жетер мұратқа” дейді. Өйтіп сарғайып күтуге — екінің бірінің шыдамы жетпейді. Содан жұмыр басты пенде Махаббат пен Ғадауаттың шекарасынан аттап өтіп, Нәпсі деген құйрығы бұлаңдаған қызыл түлкінің соңына еріп кете барады. Бәрі емес, көбі сөйтеді.
Осы жерде әкемнен естіген бір рауаят есіме түсіп отыр. Баяғы заманда уәлаятына атағы жайылған бай саудагер базардан қайтып келе жатады. Сонда ойда жоқ оңашада оның алдынан бейсеубет үш жігіт шығып, жолын кес-кестеп тұрып алады емес пе? Сырттай торуылдап жүрген қара ниетті қарақшылар екен деп зәресі ұшқан бай сол жерде қалтасындағы бар ақшасын беріп, тезірек құтылып кетпекті ойлайды. Бірақ оны жан-жағынан қамаған әлгі жігіттер жол тосқан ұры-қарыларға ұқсамаса керек. Бәрі бет-әлпеттерін көлегейлеп, ұзын ақ жамылғыға оранып алған екен деседі. Содан орталарынан сырықтай серейген біреуі ілгері қарай жүріп, бірден байдың сақалынан уыстап, кеңірдегін жоғары қарай соза түседі де:
— Мен Әзірейіл періштемін. Сенің жаныңды алуға келдім! – деп айбат шегеді. Содан соң қасындағы серіктерін таныстыра бастайды. — Ана жігіттер… Мүңкір, Нәңкір атты періштелер. Естуің бар шығар?
Жапырақтай қалтыраған байдың аузы-аузына жұғыспай:

— Ойбай, білемін ғой, білемін… – дегенде, көзінен жасы сорғалай жөнелсе керек.

— Білсең, сол. Сенің ақуалың өте жаман, отағасы! – деп Әзірейіл сөзін шегелей түседі. — Сенің екі иығыңа көрінбей отырып алып, бұл жалғанда істеген обал, сауап жұмыстарыңды қалт жібермей қағазға түсірген мынау Мүңкір, Нәңкір періштелер өте жаман қорытынды жасауға мәжбүр болған…

— Сондай-ақ менің не жазығым бар екен? – деп байекеңнің сұрақ қоюға батылы жеткенге ұқсайды.

— Жазығың көп. Ең сорақысы: сенің бұл өміріңде жасаған бар жақсылығың дастарқанға шашып жіберген бір уыс тарыдан аз да, ал жаманшылығың анау үйіңде жасырулы жатқан алтын, күміске толы қанар-қанар қаптардай ауыр тартыпты, түсіндің бе? Енді бәрі бітті. Шыбын жаныңды шырқыратып, дозаққа тастайтын мезгіл туды. Ал енді кәлимаға тіліңді келтіре бер!

— О, періштелер! Менің бұл жалғанда жасаған күнәларымды жууға мүмкіндігім жоқ па? – деп бай байғұс тізерлеп отыра қалып, зар еңірейді. — Маған азғантай пұрсат берсеңдерші?!


Мұны естігенде, қасындағы серіктеріне жағалай қарап қойған жаналғыш:

— Қайтеміз? Мынаның шыбын жанын қиямыз ба? – деп сұраса керек.

— Егер күнәлі істерінің өтеуін қайтарып жатса, ойлануға болатын шығар, – деп жауап береді Мүңкір.
— Бұдан былай сауапты тура жолға түсуге уәде берсе, несі бар? — деп Нәңкір сол арада мәмілегершілік бейілін танытады.
Періштелердің солқылдақтық ыңғайын таныған бай сәл есін жыйып, екі қолын кеудесіне қусырып тұрады да:

— Олла, біллә! Бұдан былай бар өмірімді сауапты істерге бағыштаймын, – деп ант ішеді.


Әзірейіл сонда:

— Жарайды. Бұл жолы сенің сөзіңді сынап көрейік, – деп әуелгі қатал райынан қайтады. — Бірақ, байеке, саған қоятын бірнеше шартымыз бар.

— Иә, ләпбай, құлағым сізде, ұлық періштем?!

— Біріншіден, әркімнің қорасынан арзанға сатып алған малыңды базарға апарып, үш есе артық бағаға өткізуді тоқтатасың. Шариғатта көрсетілгендей, ширек баға үстемесін қосудан асырмайсың.

— Олла, біллә! Сөйтейін…

— Екіншіден, арам пайда табу үшін бұдан былай ешкімге қиянат жасамайсың.

— Құп!

— Мәселенки, сен биыл өзіңмен іргелес отырған көршіңнің үстінен қазыға арыз беріп, жалған айып тақтың. Сондағы айтатының: қоңсыласыңның бала-шағасы жайқалып пісіп тұрған бау-бақшаңды жусатып, миуа-жемістеріңді қырып кетіпті-міс. Ал ақиқатында сенің бау-бақшаңа ешбір жау тиген жоқ еді. Өзің бір түнде бәрін арбаға тиеп, қыр асырып жібергенсің. Қазір сенің сол өз бақшаңнан өзің ұрлаған жемістеріңді анау қыр астындағы керуен сарайдағылар жеп жатыр. Солай ма?



— Иә, мені құдай адастырды, тақсыр…

— Қоңсыласыңа жала жапқандағы сенің арам ойың: мүкәмбараға ұшыраған бау-бақшаңның өтеуіне сағасы суға жақын орналасқан шұрайлы жердің бір пұшпағын иемденіп қалу еді. Қазыға жазған арызыңда сондай талап қойғансың. Әрі сол ниетіңді тезірек жүзеге асыру үшін қазыға пәлен тіллә пара апарып бердің. Рас па?

— Қазір пара бермесең, бірде-бір жұмысың бітпейді ғой, тақсыр…

— Ал Хадисте “пара берген де, пара алған да отқа жанады” деп айтылғанын білуші ме едің?

— Ауылдағы молдекеңнің аузынан сондай бірдеңені естігенім бар, тақсыр…

— Естісең, бұдан былай ешкімді параламайсың, ешкімнен пара алмайсың. Қазыға берген жалған арызыңды қайтарып аласың. Түсінікті ме?

— Құп, тақсыр!

— Әйтпесе, сен доңызды отқа тастап, жағып жіберемін!

— Олла, біллә… түсіндім. Енді менің басым бос па, тақсыр? – деп уәдені топырлатып беріп, үміт отын тұтата бастаған байға Әзірейіл тағы жекіріп тастайды.

— Менен оңайлықпен құтыла алмайсың. Сенің бұл өмірде жасаған күнәң басыңдағы шашыңнан көп! – дегенде, бұл байғұстың еңсесі түсіп кетеді. — Мәселенки, мына сен осыдан үш жыл бұрын еккен егіндеріне, бау-бақшасына су жетпей қиындық көріп жүрген ауылдастарыңды жинап, кеңеске шақырдың. Сонда тау беткейден бермен қарай арық қаздырып, ауыл шетіне жеткізсек, суға қарық болатынымызды айттың ба? Айттың. Содан ортадан еті тірі үш жігітті шығарып, елден жылу жинауға ұйғарым жасалды. Аз уақыттың ішінде жиналған қыруар қаражатты саған әкеліп тапсырды. Сен күн жылынып, көктем шығысымен жұрттың бәрін жұмылдырып, арық қаздыруға кірісіп кетпек болдың. Содан бері, мінеки, әлденеше көктем, әлденеше жаз өтті. Сенің уәдеңе сенген аңқау ел әлі арық түгіл, қарықтың ізін көрген жоқ. Жиналған қаражат ұшты-күйлі жоғалды. Жоғалған жоқ, сен оған шәһардан зәулім үй сатып алдың. Рас па?

— Өліп қалмасам, биыл осы арықты қаздыртып беремін! Тек аман босатыңдаршы!

— Әй, осы байлардың жаны осыншама тәтті болатыны несі? – деп сұрайды Мүңкір осы арада әңгімеге араласып.

— Өйткені, олар артында қалатын дүниесін ешкімге қимайды, – деп жауап беріпті Нәңкір сонда.

— Онда былай болсын, – деп Әзірейіл қорытынды жасайды. — Бұл жолы мына байдың жанын алмаймыз. Күнәларын жууға, қателіктерін түзеуге пұрсат береміз. Ал бірақ бұдан былай тура жолдан аяғын сәл қия басса, өз обалы өзіне, аяушылық жасамаймыз.


Осылай қиянатшыл байды тәубасына келтіргендей болған үш жігіт былайырақ ұзап шыққан соң, үстеріндегі шұбатылған ақ жамылғыштарын шешіп тастап, өздерінің оқыстан ойлап тапқан бүгінгі оқшау әрекеттеріне ерекше масаттанып, біразға шейін күлкілерін тыя алмаса керек.
Бір кезде Мүңкір ме, Нәңкір ме, солардың біреуі есін жиып, артына қарайды да:

— Әй, осы кім кімді алдап кетті? – деп күдік білдіреді.

— Дұрыс айтасың, – деп әлгінде Әзірейіл періштенің жамылғышына оранған ұзынтұра жігіт шұғыл байлау жасайды. — Жүріңдер, қайтып барып, байдан тілхат жаздырып алайық. Әйтпесе ол неме бізді тағы да тақырға отырғызып кетуі мүмкін.
Содан үшеуі қиянатшыл байды қапыда тосқан кезеңді жерге қайтып барса, бай түгіл байпағы да жоқ, жым-жылас жоғалыпты. Тек биік бұтаның басында алақанат сауысқан отыр екен деседі. Кенет соған тіл бітіп:

— Ал мені ұстап ала қойыңдар! – деп шықылықтап күледі де, қанатын бір сермеп, әуелеп ұша жөнеледі.


Расында бұл өмірде жалғаншы оңайлықпен торға түспейді, құйрығынан ұстатпай, сусып шығып кететін кездері жиі ұшырасады. Бұл дүниеде Махаббаттан гөрі Ғадауатқа бастайтын иір-шиыр соқпақтар көп. Ғадауаттың тағы бір жексұрын баламасы — дұшпандық болса, қай заманда да адамзаттың көсегесін көгертпей алды-артына көр қаздырып келе жатқан бадырақ көз бәленің басы сол. Күншілдік пен қызғаныштан — дұшпандық қашық отырмайды. Күншілдік пен қызғаныш асылы әлсіздіктен, осалдықтан, кемдіктен ғана тумайды, өйткені мұндай сезімдер талантты тұлғаларға да жат емес. Сірә махаббаты, мейірімі, ізгілігі кемшін жандардың соқтығысынан төңіректі жек көрушілік жайлап, жұтқан ауаңды иіс-қоқыс дендеп кетсе керек.
Абай: “Себебі Аллатағаланың өзі — хақиқат, растықтың жолы. Қиянат — хақиқат пен растықтың дұшпаны” деп жазды. “Талап, ұғым — махаббаттан шығады” деген де Абай. Ендеше, қиянат — білместіктен емес, дұшпандықтан туындайды. Қиянат — ғадауаттың шектен асқан тұсы, Абайша бейнелесек, хайуандық. Қиянатты ешуақытта ешнәрсемен ақтауға болмайды. Қиянатты ақтау — біреуге қиянат жасаумен барабар.
Қазақ “Жалған дүние” дейді. Бұл өмірде жалғандықтың, өтіріктің, өткіншіліктің басым екенін мегзеп айтқаны. Тағы да: “Өтірік өрге бастырмайды” дейді. Бұл, әрине, арман, тілек, ниеттен туған аталы жақсы сөз. Әйтпесе, өтірік өрге басқанда қандай… Биік таудың басына өрмелеп шыға береді. Естіп, көріп жүр емеспіз бе? Ең жаманы: қарашасы өтірік айтса, зорлағанда қасындағысы зардап шегеді, ал ханы өтірікке құмар болса, халқы зардап шегеді.
Сонда қалай, бұл өмірде жақсылық көп пе, жаманшылық көп пе? Бір қарағанда, жаманшылық көптеу көрінеді. Онда неге тіршіліктің таразысы асты-үстіне түсіп, төңкеріліп кетпейді? Біздіңше, бұл қиын сұрақтың жалғыз жауабы бар. Жақсылық қанша аз болғанмен, оның салмағы ауыр — таразы басын теңестіріп тұратын себебі де содан. Ауырдың — бағасы қымбат, жеңілдің — көлемі үлкен. Өмірдегі құндылықтың, қымбат пен арзанның шекарасы осы арадан ажырамақ.
Бірақ қалайда дүниеде әділеттілік бар. Әділеттің біржола үні өшіп, жоғалып кетпеуін жоғарыдан қадағалап отырған ғаламдық абсолюттік ақиқат бар. Орыстың данышпан жазушысы Ф. Достоевский: “Егер құдай болмаса, әділет те болмас еді” деп жазбап па еді? Осыған қосарлап біздің айтарымыз: егер ғаламдық абсолюттік шындықтың алдында түбінде есеп бермесе, адамды жаратып, осыншама өсіп-өндіріп не қажеті бар? Әрине, жанды, жансыз тіршілікте есепсіз, себепсіз, салдарсыз ештеңе жоқ. Бүгіндері жазықсыз зәбір-жапа шеккендердің түбінде бір қуанатыны анық. Асқанға — тосқан қойылатынына сенеміз. Данышпан Абайды тыңдайықшы:
Кеселді түйін шешілсе,

Кердең мойын кесілсе,

Келмей кетпес кезіне.

О да құдай пендесі —

Түспей кетер деймісің

Тәңірінің құрған тезіне?



Адам баласы жақсы үмітпен өмір сүріп келеді. Ал сол жақсы үміттің иесі де — Махаббат. Ғадауат емес.

Авторы: Оразбек СӘРСЕНБАЙ.

Достарыңызбен бөлісу:




©www.dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет