Мазмұны: Қалыптасқан қазақстан -2050 стратегиясы



бет8/10
Дата14.06.2016
өлшемі0.78 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

Серік НҰРМҰРАТОВ, философияғылымдарының докторы, профессор

Ғалымның хаты
Қазіргі жаһандану заманында ғылымның өзі бәсекелестікке айналған. Бұрынғыдай жәй ғана мәліметтер жинап, соны баяндап беру арқылы жаңалық ашу мүмкін емес. Қазіргі ғылымның бір ерекшелігі – әрбір ғылыми нәтиже үлкен сараптаудан өтіп, халықаралық деңгейдегі ғалымдардың арасында ерекше електен өткізілетіндігінде. Жалпы, әлемде болып жатқан кез келген құбылыстың мәнін ашу үшін әр түрлі деңгейдегі көзқарастарды салыстыру қажет. Бір өкініштісі, ғылымға деген көзқарас көп елдерде прагматикалық бағытқа бұрылып бара жатыр. Материалдық игілікке қол жеткізген халықаралық деңгейдегі ұйымдар өте дарынды ғалымдарды өздеріне тартып, материалдық тұрғыдан ынталандыруы нәтижесінде талантты ғалымдар соларға қызмет етуі байқалуда. Бүгінгі тақырыпқа арқау болып отырған Әбдімәлік Нысанбаев та ірі-ірі халықаралық жиындарға көп қатысқан және көптеген елдердің мықты ғалымдарының көзқарастарын білетін адам. Сондықтан үнемі ғалымдық пен ұстаздықты ұштастырып жүрген Әбекеңнің өмірі мен еңбегін жастардың біліп жүргені артық болмас.

Адамзаттың саналы тарихында өзінің ұлттық рухани әлемін електен өткізуге, оны тереңдете ғылыми зерделеуге талаптанған қоғамның озық ойлы өкілдері мен тарихи тұлғалары бұрын да болған. Қазақ зиялылары өткен ғасырдың басында ұлттың болмысын жан-жақты қарастыруға тырысқанын көбіміз білеміз. Ал қазіргі заманда ұлт руханиятын сараптаудан өткізушілердің саны көбейе түсуде. Шынымен де, гуманитарлық кеңістікте осындай үрдістердің бірте-бірте жарқын көрініс бере бастауының өзі жалпы халықтардың есейе бастағанының, рухани кемелдене түскенінің өлшемі іспетті. Өз халқыңның рухани құндылықтарын жүйеге келтіріп, оның бойындағы бұлыңғыр тұстары болса елеп-екшеп, жетістіктері болса барынша жарқыратудың өзі рухани әлемді байыптаудағы, жалпы, ғылыми ізденіс жолындағы ғалымдық, азаматтық борыш екені анық.

Әбдімәлік Нысанбаев жетпіс алты жылдық өмірбаянының елу бір жылын философия саласы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге арнаған. Жарты ғасырдан асатын ғылым аясындағы өмір тарихы көп нәрседен сыр шертетіні анық. Ол кісі сонау алпысыншы жылдардың басында Қызылорда мемлекеттік педагогикалық университетін қызыл дипломмен тәмамдағаннан кейін (қазіргі Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университет) Қазақстанның Ұлттық Ғылым академиясына келіп жұмысқа тұрады. Жас жігіттің барлық арманы – бойындағы өзінің тұлғалық әлеуетін, шығармашылық шабытын ғылымды дамытуға, білімді таратуға арнау, өз халқына, оның ұлттық руханиятына шынайы қызмет ету болатын.

Академик Қаныш Сәтбаевтың басшылығымен әлемге танылған және талай кәсіби шебер мамандар қызмет атқарған Ұлттық Ғылым академиясы еліміздегі іргелі зерттеулерді жүргізудің нағыз үлгісі болған ғылыми кадрлардың шоғырланған ордасы еді. Сонымен қатар, академик, белгілі заңгер Салық Зиманов жетекшілік еткен «Философия және құқық институтынан» бастау алған Әбекеңнің ғылыми шығармашылығы қазіргі кезеңге дейін жалғасуда. Қаныш Имантайұлы мен Салық Зиманұлы жас маманның Мәскеуге барып, аспирантурада оқуына себепкер болған көреген басшылар болатын. Ол Мәскеуде алдымен, 1964 жылы өте қысқа мерзімде кандидаттық диссертациясын, содан кейін 1975 жылы жаратылыстану философиясы бойынша докторлық диссертациясын математикалық танымның философиялық сипаттамасын беруге арналған ғылыми бағытта сәтті қорғап шығады.

Әбекең 1990 жылдан бастап 2011 жылға дейін жиырма жылдан аса аралықта ҚР БҒМ ҒК Философия және саясаттану институтының директоры лауазымында болып, тәуелсіздіктің қалыптасуы кезеңіндегі небір қиын кезеңдерде мекемені басқарып келді, дағдарысты сәттерде оны сақтап қалуға бар күшін салды. Ол кісі қоғамның барлық қиын кезеңдерінде қазақ елінің

72

болашағына деген сенім қуат беріп отырғанын айтады. Әрине, еліміздің саяси тәуелсіздігімен қоса, әрбір азаматтың өзіндік рухани тәуелсіздігіне, тұлғалық еркіндігіне ұмтылу қажеттігі бірге тұжырымдалады. Әбекең халқымыз үшін ғасырлар бойы маңызды болып келген «тәуелсіздік» идеясын жауапкершілік мәселесімен астастырып қарастырады. Яғни әрбір адамның ұлт руханияты алдындағы жауапкершілігі өте жоғары болуы қажет екенін меңзейді.



Сонау жиырмасыншы және отызыншы жылдары қазақтың не бір рухани саңлақтары тарих сахнасынан көрінгені белгілі. Ол – қазақ зиялылары өзін әлемге танытқан кезең болатын. Ұлт руханияты Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұстафа Шоқай және т.б. арқасында халықтың ұлттық санасы оянды, кемелденді десе де болады. Ұлт руханиятының жарқырап, өзіндік дүмпуін танытқан екінші шақ – өткен ғасырдың алпысыншы және жетпісінші жылдары деп бағалауға болады. Жаңа замандағы қазақ зиялыларының үлкен тобы тоталитарлық қоғамның қыспағына қарамастан руханияттың барлық саласында, оның ішінде, өнерде, білімде және ғылымда өзін асқақ биіктен танытқан шағы еді. Ғылым академиясында ғылымның барлық саласы бойынша дарынды мамандар шоғырланып, қазіргі еліміздегі білім мен ғылымның іргетасын қалыптастырған болатын.

Қазақстанда бұрынғы Одаққа, одан қалды, әлемдік философиялық әлеуметке ерекше танылған, өзін мамандар алдында мойындатқан «Алматы философия мектебі» қалыптасты. Академик Ж.Әбділдин бастаған диалектикалық логикамен айналысатын топтың ғылыми ізденістері мемлекет тарапынан да жоғары бағаланды. Міне, солардың бел ортасында білікті маман Әбдімәлік Нысанбаев болды. Ол өзінің Мұрат, Сәбит сияқты философия саласындағы әріптестерімен бірге «Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы» атағының иегері атанады. Әбекең өзінің ғылыми шығармашылық өмірбаянында көптеген ғылыми атақтар мен мемлекеттік марапаттауларға ие болды және көптеген елдердің ғылыми орталықтарының Құрметті мүшесі, көптеген халықаралық деңгейдегі журналдардың редакциялық кеңесі болып келді. Қазақстанның ғылыми деңгейін әлемге таныту үшін әлемдік ғылымның интеграциялық үрдістерінен шеттеп қалмау керектігін жақсы білді.

Ол өзінің шығармашылық жолында барлығы 500-ден аса ғылыми мақалалар мен 40-тан аса астам монографиялар жазып, оның ішінде, 80-нен аса ғылыми туындыларын әлемнің 25 тілінде жариялап, дүниежүзінің жетекші елдерінде беделді халықаралық конференцияларда баяндамалар жасаған. Әбекең АҚШ, Германия, Қытай, Түркия, Ресей, Иран, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Мысыр, Украина, Польша, Болгария, Франция және т.б. елдерде өзінің ғылыми- зерттеулерінің нәтижелерін көрнекті мамандар алдында жария етті. Және әр түрлі ғылыми орталықтармен байланыстар орнатып, әр қилы елдердің білікті мамандарын қазақ ғалымдарымен жүздестіруге атсалысып келді. Философия мен саясаттану салалары бойынша Әбекең тек Қазақстанның ғана емес, сонымен қатар, Ресей мен Қырғызстанның, Түркия мен Иранның көптеген ғылым докторлары мен кандидаттарының дайындалуына ғылыми жетекшілік еткен.

Кез келген халықтың руханиятының өзегін құрайтын оның даналығы, яғни философиялық дүниетанымы. Өзінің философиялық жүйесін реттеп, жүйелеп алған халық қана даналық биігіне көтеріле алады, басқалар алдында сыйлы болады. Онсыз халықтың рухани інжу-маржандары әр жерде шашылып жүреді. Соны тереңдей түсінген Әбекең Институтта шоғырланған мамандардың әр түрлі білім мекемелеріне, басқа салаларға ыдырап кетпеуіне біршама күш-жігерін салды.

Қазақтың бойында жетістіктермен қатар, Абай айтып кеткен кейбір кемшіліктер де бар. Бірыңғай жетістіктен тұратын мәдениет те, ұлттық діл де, жеке тұлға да болмайды. Халықтың бойында бір-бірімен қайшы келіп жататын сан қырлы қасиеттер бар екені белгілі. Бірақ ол да кездейсоқ қалыптаспайды және ол әлемнің көптүрлілігін білдіретін, оны өзіндік тұрғыдан байыта түсетін

73

нұсқасы екендігіне күмән келтіруге болмайды.



Өткен ғасырдың 70-ші жылдарынан бастап, Ә.Н.Нысанбаев басшылық жасап келе жатқан ғылымның логикасы мен әдіснамасы жөніндегі дербес философиялық мектеп өмір сүре бастады. Ол уақыт өте келе, халықаралық сипатқа ие болды. Мектептің құрылуы жаңа, өзгеше әрі өзіндік тың ойды және пікірлестерді өз төңірегіне топтай, біріктіре алатын, оларға дем беруге қабілетті ғылымның үлкен ұйымдастырушысы болуды талап етеді. Жаңа мектеп осы замандағы ғылыми теорияларды, олардың өзара ықпал етуі және әлеуметтік практикаға шығуы барысында зерттеуді, ғылымның бүтін қоғамдық құбылыс, осы заманғы мәдениеттің құбылысы ретіндегі инварианттық сипаттамаларын айқындауды өз алдына міндет етіп қойды. Жаңа мектептің ғылым әлемінде өз орнын табуы – оған тән өзіндік ойдың ғана емес, бойында ғылыми талант пен күшті мінез-құлық мінсіз тоғысқан басшының – Ә.Н.Нысанбаевтың белсенділігі мен шығармашылық бастамасының да жемісі. Канттың жазғанындай, мінез-құлық иесі болу дегеніміз – субъектінің бойында өзін-өзі дербес санасы арқылы өзіне жүктелген практикалық принциптерді өзгеріссіз орындауға міндеттей алатындай ерік-жігер қасиеттері болуын білдіреді. Сол ерік-жігері қайнаған жастарымыз қазіргі заманда көбейген сайын еліміз үшін алынбайтын асулар қалмайтындай көрінеді кейде.

Ә.Нысанбаевтың тікелей бастамасымен 1991 жылы Институт ауқымында қазақ философиясы мәселелерін кешенді зерттеуге арналған бөлім ашылды. Көптеген мамандар осы игілікті іске тартылып, соның нәтижесінде көп томдық «Қазақ даласының ойшылдары» деген топтама жарық көрді. Ол кезеңде жазылған дүниелердің құндылығы, негізінен, ұлт руханияты бойынша істің бастамасы болғанында, яғни кеңестік түсініктегі ұлт философиясына деген көзқарастың қайта қаралып, ондаған жылдар бойы бұзылмай тұрған сеңнің іргесі сөгілгендей болуында еді. Әбдімәлік Нысанбайұлы іргелі еңбектерін түркі және қазақ философиясына арнады. Қазіргі кезеңнің өзінде бұл мәселе айырықша назар аударуды қажет етеді. Мәселен, еліміздің жоғары оқу орындарына арналған мемлекеттік типтік бағдарламалардың көбісінде қазақ философиясына, қазақ руханиятына бөлінетін сағаттар саны аздық етеді. Сондықтан осы мәселеге де назар аударатын уақыт жетті деген ойдамыз.

Әбекеңнің ғылыми басшылығымен қазақ философиясының тарихы бес томдығы жазылу үстінде және оны жақын болашақта шығару жоспарда бар. Осы игілікті шараны ғылыми ұйымдастыру мәселесін академиктің өз мойнына алып отырғаны қуантады. Жалпы, түркі әлемінің орта ғасырларда жинақтаған даналығы, рухани мұрасы толық игерілді деп айта қою қиын. Тіпті, берідегі билер мен шешендердің, ақындар мен қазақ зиялыларының терең ойлы дүниетанымдық құнды мұраларын зерделеудің өзі зерттеушілер үшін үлкен қажырлы және жауапты еңбекті қажет етеді. Осы бағыттағы көптеген ғылыми ізденістердің түпкі нәтижесі халқымызды рационалдық және рухани тұрғыда кемелдендіре түсетініне, жастарды руханилыққа тәрбиелейтініне күмәндануға болмайды.

Әбекең 1997 жылдан 2003 жылға дейін Философия және саясаттану институтындағы негізгі жұмысымен қатар, Қазақ энциклопедиясының бас редакторы қызметін қоса атқарып, тәуелсіз Қазақстанның негізгі кітаптарының бірі болып саналатын көп томдық «Қазақстан» Ұлттық энциклопедиясының алғашқы төрт томының шығуына себепкер болды. Оның тікелей ғылыми жетекшілігімен халқымыздың ұлттық руханияты үшін аса маңызды «Қорқыт Ата», «Құрманғазы», «Мұхтар Әуезов», «Қазақстан Республикасы. Он жылдық шежіресі», «Қазақ», «Қазақстан Республикасы. Энциклопедиялық анықтамалық», «Екімыңжылдық дала поэзиясы», «Түркістан» халықаралық энциклопедиялары жарық көрді.

2004 жылы «Мәдени мұра» мемлекеттік стратегиялық ұлттық жобасы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен қолға алынғаны белгілі. Оның басты мақсаты – халқымыздың ғасырлар бойы қордаланған рухани байлығын барынша ғылыми електен өткізе отырып,

74

ғылыми жүйелеу арқылы оқырман қауымға ұсыну, сонымен қатар әлемдік ғылыми ойдың үздік үлгілері мен жетістіктері негізінде гуманитарлық білімнің мемлекеттік тілдегі толыққанды қорын жасау болатын. Әбдімәлік Нысанбаевтың ғылыми жетекшілігімен осы мемлекеттік бағдарламаның ауқымында 62 том кітап шығарылды. Оның ішінде жиырма том қазақ халқының ежелгі дәуірден қазіргі кезеңге дейінгі философиялық мұрасын жинақтауға арналды (ұлт руханиятының тарихи және философиялық қайнар көздері осы томдарда өрнектелгеніне күмәндануға болмайды).



Осы маңызды мемлекеттік бағдарлама бойынша 20 том әлемдік философиялық мұраның ең үздік үлгілері мен үзінділері түрінде жинақталып, мемлекеттік тілге тәржімеленді, әл-Фарабидің негізінен бұрын жарияланбаған шығармаларының 10 томы және әлемдік психологиялық мұраның 10 томы, сонымен қатар, Шығыс пен Батыс философиясы бойынша жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған 2 оқу құралы жарық көрді. Осындай жауапты жұмыстың ғылыми ұйымдастырушы, бас редакторы Әбдімәлік Нысанбаев болды. Көптеген түсініктемелер мен мақалалар жазу, бұл томдардың әрбір бетін електен өткізу, олардың мазмұны мен формасына толықтай жауап беру – тек шығармашылық шынайылықты, руханиятқа деген іңкәрлікті білдіреді.

Еліміздің мемлекеттік тәуелсіздігінің орныққан алғашқы жиырма жылында қазақстандық бірегейліктің негізі ретіндегі жалпыұлттық идея, ұлттық тұрақтылық пен саяси және рухани қауіпсіздіктің кепілі сияқты барлық қазақстандықтарды толғандырып келген тақырыптарды қозғауына байланысты

Ә.Нысанбаевтың есімі көпшілікке ерекше танымал бола түсті. Академик Нысанбаевтың баспасөз бен теледидарда, радио мен газет беттерінде сөйлеген сөздері, оның ғылыми жетекшілігімен «Қазақстанның жалпыұлттық идеясы» кітабының және тәуелсіздік идеясына қатысты көптеген монографиялардың жариялануы республика өміріндегі маңызды оқиғаларға жатады.

Академик Ә.Н.Нысанбаевтың өмірлік зайыбы Зейнеш Нысанбаева – химия ғылымдарының кандидаты, ұлы Назар – заң ғылымдарының кандидаты, қызы Динара – философия ғылымдарының кандидаты. Сондай-ақ, бес немересі де ғылымға ден қойған. Осындай бақытты отбасының отағасы, академик Ә.Нысанбаев елеулі еңбегі арқылы қазақ халқына танылған дарынды азаматтардың бірі екенін сенімді айта аламыз.


//Қазақ әдебиеті.-2013.-19 сәуір.-1,6б.

Жайна СЫДЫҚОВА, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың аға оқытушысы


ЖҰМБАҒЫ КӨП ЖАНКЕНТ
Жанкентті және оны мекендеген оғыз тайпалары туралы зерттеу барысында ортағасырлық жазба деректермен қатар ел аузындағы жылан жұтқан қала жайлы аңыздың, яғни, онда баяндалатын сюжет пен бейнеленетін образдардың да едәуір маңызы бар. Себебі, аңыздағы Жанкент халқын қырған жылан бейнесін қимақтардың құрамында өмір сүрген қаи немесе қыпшақтардың құрамындағы ұранқай тайпаларымен сәйкестендіруге болады. Себебі, бұл атауларды иеленген тайпалар да оғыздармен бір кезеңде өмір сүрген. «Қаи» атауы монғол тілінен аударғанда жылан, айдаһар мағынасын береді дей келе, қимақ этнонимінің түбірін осы қаи сөзімен байланыстырады. Сонымен қатар, қытай жазбаларында да қаи тайпаларының аттарының таңбасы жылан бейнесінде болғандығы туралы айтылған. Ұран немесе ұранқай атаулары ора, орау деген етістіктен пайда болған, түптеп келгенде бұл ұғым да жылан бейнесін береді деген тұжырым бар. Демек, Жанкент жайлы аңыздағы жылан бейнесі ешқандай да мистикалық образ емес, шын мәнісінде жылан атауын немесе таңбасын иемденген тайпалар. Аңызды тудырған халық жылан бейнесінде оғыздарды күйреткен қыпшақ тайпаларын, оның ішінде жылан таңбалы ұранқайлықтарды сипаттаған.

Жұмбағы көп Жанкент қаласының зерттелу тарихы XVІІІ-XІX ғасырлардан басталады. Бұған себеп, біріншіден, ескерткіштің тоғыз жолдың торабында, яғни, Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстан жеріне баратын жолдардың қиылысында орналасуы болса, екіншіден, 1739 жылғы Әбілқайыр ханның Жанкентті бекініс ретінде пайдалану мақсатында қала орнын қайта қалпына келтіріп беру туралы Ресей патшасына жазған өтініші болса керек.

Кіші жүз ханы Әбілқайырдың өтініші бойынша 1740-1741 жылдары Сырдың төменгі ағысындағы аймақ Орынбор атты әскер полкінің поручигі Д.Гладышев пен геодезист Муравиннің жазбаларында Жанкент қаласы Янкент деген атаумен беріледі және өзге де бірнеше ескерт­кіштердің белгіленген орындардан арақашықтығы туралы мәліметтер кездеседі. Сонымен қатар Жанкент қаласының сол кездегі сақталу жай-күйі сипатталады.

XІX ғасырдың ортасынан Сыр бойында алғашқы орыс бекіністері салына бастайды. Осыған байланысты өлкені зерттеу аясы кеңейіп, аймақтағы археологиялық ескерткіштер мен жергілікті халықтың өмір салты туралы ақпараттар көбейе түседі. Бұл мәліметтер Ресей империясының әскери шенді қызметкерлердің еңбектерінде баяндалады. Олардың мерзімді басылым беттерінде жарық көрген хабарламалары мен есептері Қазақстан мен Орта Азияны зерттеушілер арасында үлкен қызығушылық туғызып, жан-жақты пікірталастардың тууына арқау болды.

П.И.Рычковтың «Орынбор губерниясының топографиясы» атты еңбегінде Жанкент қаласы туралы: «Сырдарияның Аралға құяр сағасында орналасқан Жанкент қаласы оның қалдықтарына қарағанда үлкен қала болған секілді. Оны кімдердің тұрғызып, кімдердің мекен еткені туралы да мағлұмат жоқ» деп сипаттай келе, халық арасында Жанкенттің жыландар шабуылынан құлағаны туралы аңыз бар екендігін және жоғарыда айтылған Әбілқайыр ханның өтініші жайлы да атап өтеді.

Сыр өңірінің археологиялық ескерткіштері, табиғи және географиялық жағдайы туралы толыққанды мәліметтер А.И.Макшеевтің 1856 жылы «Морской сборник» журналында, 1867 жылы «Санкт-Петербургские ведомости» және «Русский инвалид» газеттеріне шыққан мақалаларында жарық көрді. Соңғы жарық көрген екі мақала Жанкент қаласына арналды. Бірінші кезекте империяның саяси мүддесіне қызмет еткен А.И.Макшеев ескерткішті сипаттап қана қоймай, қаладан табылған «...күйдірілген кірпіштер мен бүтін сақталған тұрмыстық бұйымдар, қару-жарақ және басқа да заттардың №1 форт шаруашылығына, тіпті ғылымға да сөзсіз пайдалылығы» туралы пікір айтты.

76

Сонымен бірге ол Жанкенттің күйреуі туралы алғашқы ғылыми тұжырымдарын ұсынды. «Жанкенттің негізін қалаған Тұранның жергілікті тұрғындары, ал оның күйреуіне себеп болған табиғи жағдайлар емес, отырықшылықтың көшпенділікті жеңуі» деп жазды. Ал қаланың «Жаңа қала» деп аталуы туралы Санкт-Петербург Археология Қоғамының төрағасы В.В.Григорьев: «...бұл атау қалаға ескі қаланың орнына салынғандықтан берілген болуы керек немесе оның бұлайша аталуы Сыр бойының ертеректе тұрғызылған қалаларымен салыстырылып қойылған болуы мүмкін» деген пікір айтты.



XІX ғасырдағы зерттеулер 1867 жылы Орыс Императорлық Археология Қоғамының мүшесі П.Л.Лерхтың зерттеулерімен жалғасты. Ол Сыр бойындағы бірнеше ескерткіштерді аралап көріп, солардың ішінде Жанкент қаласында алғашқы қазба жұмыстарын жүргізді. Оның Түркістан өлкесіне жасаған осы сапары туралы есебі 1870 жылы «Орыс Императорлық Археология Қоғамының Хабаршысында» жарық көрді.

Ресей империясының әскери қызметкерлерінің саяхаттары мен Түркістан археология әуесқойлары үйірмесі мүшелерінің ғылыми зерттеулері Қазақстан мен Орта Азияның ежелгі қоғамын білуге деген қызығушылықтарды арттыра түсті. Сол кезеңнің белгілі өнертанушысы В.В.Стасовтың: «Ежелгі Жанкент қаласын неге біздің Помпей демеске?!» деген пікірі осындай қызығушылық ықыластан туындаса керек.

Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында елде орын алған саяси және экономикалық дағдарыс пен өзгерістер Сыр өңірінің ерте тарихының куәлары болып саналатын археологиялық ескерткіштерді зерттеу жұмысын тоқтатуға мәжбүр етті. Үзіліп қалған бұл зерттеулер Елбасының тікелей басшылығымен жасалған, елдің өткен тарихы мен мәдени, әдеби құндылықтарын жинастырып, болашақ ұрпаққа жеткізуді алдына мақсат етіп қойған мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдар­ламасының аясында қайта қолға алынды.

Қызылорда қаласында «Арал аймағының археологиялық зерттелуі: жетістіктері мен болашағы» атты халықаралық ғылыми конференция өткізілді. Конференция шешімдеріне сәйкес 1946 жылдан бастап 90-жылдарға дейін Арал аймағын зерттеген Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясының жұмыстарын қайта жандандыру мақсатында үшжақты келісім-шарт негізінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Ә.Марғұлан атындағы Археология институты және Ресей Ғылым Академиясы Н.Н.Миклухо-Маклай атындағы Этнология және антропология институтының ғалымдары мен қызметкерлерінен жасақталған археологиялық экспедиция құрылды. Экспедицияның басты мақсаты Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы ашқан және ішінара зерттелген төменгі Сырдария маңындағы археологиялық ескерткіштердің қазіргі жай-күйімен танысу, келешек ауқымды археологиялық зерттеулер жүргізілетін ескерткіш орнын белгілеу болды. Экспедиция мүшелері жүргізген археологиялық барлау жұмыс­тары нәтижесінде болашақ тұрақты қазба жұмыстары үшін орта ғасырларда астаналық қызмет атқарумен бірге, тарихи-этникалық, саяси, экономикалық процестерде аса зор рөл атқарған Жанкент қаласы белгіленді.



Жанкент қаласының жұрты Қызылорда облысы Қазалы ауданына қарасты Өркендеу ауылынан 1,5 шақырым жерде орналасқан. Үлкен аумақты алып жатқан бұл ескерткіш құрылымы мен бекінісі жағынан өзімен замандас қоныстардан өте ерекшеленеді. Ескерткіштің шығыс бөлігі батысына қарағанда кеңірек болып келеді және сыртқы қорғаныс қабырғасы да осы бөлікте жақсы сақталған. Қамал қалдықтарынан қорғаныс қабырғасының жұмбаздалып құйылған өте үлкен блоктардан тұрғызылғанын көруге болады. Сыртқы қорғаныс қабырғасының бойында бір-бірінен 25-40метр арақашықтықта орналасқан мұнаралар іздері сақталған. Жанкенттің басты қақпалары шығыс және батыс қорғаныс қабырғаларының дәл ортасында бір-біріне қарама-қарсы орналасқан. Қаланың цитаделі қаланың солтүстік-батыс бұрышын алып жатыр.

Қаланың солтүстік бөлігі құрылыс қалдықтарының жиілігімен ерекшеленсе, оңтүстік бөлігі тегіс және ескерткіштің басқа бөліктеріне қарағанда өте төмен. Ескерткіштің солтүстік-шығыс бөлігінде солтүстік қабырғаға жалғасып салынған құрылыс байқалады. Сонымен қатар, қаланың солтүстік қабырғасының сыртқы жағынан жапсарластыра салынған жартылай дөңгелек пішінді қоршалған территорияның қалдығы сақталған. Құрылымы мен жоспарын қарастырғанда «батпақтағы қалалар» тобына жататын Кескен Күйік-қала, Күйік қалаға қарағанда Жанкентте кейінгі кезеңде қайта тұрғызылған құрылыс іздері анық байқалады. Жанкенттің әуеден түсірілген ескі және жаңа суреттерін салыстырғанда қаланың батыс бөлігінің жоспары шығысына қарағанда нақтырақ екендігі байқалады. Қаланың шығыс бөлігінің жоспары бекініс жүйесінің жақсы сақталуымен және құрылыс орындарының көптігімен, бос алаңдардың болуымен ерекшеленеді. Осыған байланысты қаланың шығыс бөлігі кейінірек салынған болуы мүмкін деген болжам жасауға болады. Мұндай жағдайда қаланың ертерек бөлігі оның батыс жартысы болуы керек. Себебі, ескерткіштің бұл бөлігінің жоспары афригидтік Хорезмнің ежелгі қамалдарына ұқсас, яғни, бұрышында цитаделі бар, классикалық жоспарлы болып табылады. Жанкентке жүргізілген бірнеше жылдық қазба жұмыстары нәтижесінде қаланың солтүстік-шығыс бөлігінен аумағы 336 шаршы метр болатын көп бөлмелі тұрғын үй орны ашылды. Бұл ғимаратта бірнеше құрылыс көкжиегі байқалады. Қазіргі уақытта қаланың кейінгі кезеңге жататын қабаты зерттелуде. Сондықтан ғимарат қабырғасының іргетасы аршыла қойған жоқ. Қазба орнындағы от іздері, күйген бөренелер мен саз сылақтың отқа ысталған бөліктері ғимараттың өрт нәтижесінде қирағанынан хабар береді. Үйлердің дені шикі кірпіштерден тұрғызылған. Еденнен тазартылған үйінді үйдің төбесінің тегіс болғанын, ағаш қойылып, оның арасы қамыспен жабылып, саз балшықпен сыланғанын көрсетті. Жанкенттегі тұрғын үй құрылымының тағы бір ерекшелігі – бөлмелердің барлығында дерлік «П», «Г» формалы суфалардың (сәкілердің) болуы. Үйді жылытуға арналған ашық ошақтар әр бөлменің ортасында орналасқан. Бөлмелердің еденіне шаршы формалы кірпіштер төселіп, беті саз балшықпен сыланып, тегістелген. Қазба барысында табылған жәдігерлер, яғни, керамикалық ыдыстар, тиындар, культтық бұйымдар қала тұрғындарының шаруашылығы, наным-сенімі мен экономикалық, мәдени байланыстары туралы жан-жақты мағлұматтар береді. Олардың ішінде қазба барысында табылған қошқар мүсіні қызығушылық туғызады. Қошқардың екі басы екі жаққа қаратылып мойындары бір негізге орнатылған. Мүсіннің тұла бойы түгел геометриялық және өсімдік түріндегі өрнектермен безендірілген. Мүсін бөлме ортасындағы ашық ошақтың оң жағына ішкі бетке орналастырылған. Осыған ұқсас қошқар мүсіні 2007 жылғы қазба кезінде цитадельден де табылған болатын. Мұндай мүсін бұрынырақ Кескен Күйік-қаладан және Оңтүстік Қазақстанның басқа да ортағасырлық қалаларынан табылған. Ошақ жанына орнатылған бұл мүсін – наным-сенімге негізделген культтік бұйым. Қошқар бейнесі мал шаруашылығымен айналысқан көшпелі халықтың сенімінде байлық­тың, берекенің белгісі болған. Сонымен қатар, қошқар мүсіні орнатылған ошақтар үйдегі қасиетті орын қызметін атқарған. Жанкент қаласының және оғыздардың тарихын зерттеудегі келесі бір мәселе: «Оғыздарды құраған 24 тайпаның қайсысы «оғыз қалалары» аталған қоныстарды мекен етті немесе қай тайпа қай аймақты мекендеді?» деген сұрақ. Бұл тұрғыда нақты жауап беру өте қиын. Себебі, «оғыз қалалары» аталған Жанкент, Жент, т.б. қалалардың ешқайсысы толыққанды зерттеле қойған жоқ. Қазақтың үш жүзін құрайтын рулар арасында үйсін, қаңлы, қыпшақ, дулат сынды бір кездері үстемдік құрып, мемлекет атауын иеленген тайпалар секілді оғыз тайпаларының атаулары қазіргі күні халық арасында, рулардың атауларында сақталмаған. Сондықтан, оғыздардың қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуындағы алар тарихи, саяси орны белгілі болғанымен, қазақ халқының этникалық қалыптасуындағы рөлі зерттеулерден тыс қалып келеді.

Қаладан табылған заттар сол уақыттың басқа ескерткіштерімен салыстырғанда оншалықты көп емес. Бұл қала халқының бірден үдере көшпей, жайлап қоныс аударғанын білдіреді. Ал халықтың қаладан көшуі X ғасырдың 50-60 жылдары болған секілді. Бұған ескерткіштің беткі қабатынан табылған, осы уақытпен мерзімделетін тиындар дәлел бола алады. Қазбадан табылған кера­микалық, нумизматикалық, т.б. бұйымдар қазіргі күні Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының көрме залына қойылған және оларды өңдеу мен ғылыми сараптау жұмыстары жалғасын табуда. Жанкенттегі зерттеулердің басталғанына көп бола қойған жоқ. Сондықтан қаланың тұрғызылған уақыты, оның орталық ретінде нақты қалыптасу кезеңі, бекініс жүйесінің құрылымы мен құрылысы, жерлеу орындары мен ғұрыптары туралы мәселелер басы ашық күйінде қалып отыр. Бұл мәселелерді терең зерттеп, талдау жасау болашақ зерттеулердің еншісінде. //Сыр бойы.-2013.-20 сәуір.-9 б.



Гуля КИЗАТОВА, кандидат филологических наук, профессор КГУ имени Коркыта-ата

Каталог: ntb -> doc
doc -> Мазмұны: Қалыптасқан қазақстан -2050 стратегиясы
doc -> Мазмұны: Қалыптасқан қазақстан- 2050 стратегиясы
doc -> Исаак ньютон
doc -> -
doc -> ҚОРҚыт ата атындағы
doc -> Қалыптасқан қазақстан 2050 стратегиясы
doc -> Мазмұны: Қалыптасқан қазақстан- 2050 стратегиясы
doc -> «ҚАЗақстан-2050» стратегиясы стратегия «Казахстан-2050»
doc -> Қалыптасқан қазақстан- 2050 стратегиясы нұрлан темірбеков, Д. Серікбаев атындағы ШҚмту ректоры, профессор. Айқын да жарқын бағдарлама
doc -> «ҚАЗақстан-2050» стратегиясы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©www.dereksiz.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет