Мысырдың қазіргі кездегі әскери-стратегиялық потенциялы



Дата29.02.2016
өлшемі84.23 Kb.
#32648
ӘОЖ 94(620) «1980/2006»

Мысырдың қазіргі кездегі әскери-стратегиялық потенциялы

Әбдіқадырова Ж.Б., Әл-Фараби атындағы ҚҰУ, Алматы қ.


Қазіргі күні Мысырдың әскери өнеркәсібі Таяу Шығыстағы ең ірі және дамыған әскери өнеркәсіптердің бірі болып табылады. Кеңестік, американ, еуропалық, қытай және өздерінің өндірістері негізінде елде айтарлықтай күшті әскери-өнеркәсіптік кешен (ӘӨК) құрылған. Өндіріс орындары қарудың, әскери техника мен саймандардың әртүрлі түрлерін – барлығы 100-ден астам атауларын жасап шығарады. Әскери техниканың мысырлық үлгілері қолданудағы жеңілдікпен, сондай-ақ көптеген африкалық және араб елдерінің армиялары үшін маңызы аз емес айтарлықтай арзан бағамен ерекшеленеді. Ұлттық әскери өнеркәсіп, мысырлықтардың бағалауымен, құрлықтағы әскердің қажеттілігін 75 %-ға, әскери-әуе күштерінің (ӘӘК) қажеттілігін 40 %-ға және әскери-теңіз күштерінің (ӘТК) қажеттілігін 20 %-ға қанағаттандырады.

Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Мысырда әскерилер ел басқаруында зор ықпалға ие болған. Дәл офицерлік жанұядан Мысыр Араб Республикасының (МАР) барлық президенттері – М.Нагиб, Г.А.Насыр, А.Садат және қазіргі ел басшысы Х.Мубарак шыққан [1].

Мысыр араб әлеміндегі әлдеқайда ірі және қарқынды дамып келе жатқан ӘӘК-ке (547 әскери ұшаққа, 128 әскери тікұшаққа) ие. Бұған қоса МАР ӘӘК-тің ең үлкен соққы күші, әлдеқайда жаңа материалдық негізі, оның ішінде ұшақтардың темірбетон паналарымен жабдықталған жақсы әуежайлық базасы бар [2].

Соңғы төрт-бес жыл ішінде Мысыр индустриалды дамыған елдер экспорттайтын қарудың ірі тұтынушы мемлекеттері арасында әлемде үшінші орынға (Үндістан мен Қытайдан кейін) шықты [3].

1988 жылдан бастап Мысыр «АҚШ-тың НАТО-дан тыс одақтасы» мәртебесіне ие. Сонымен қатар мысырлықтар әскери-техникалық байланыстары бар елдер қатарын кеңейтуге ынталы. Қазіргі кезде бұл елдер қатарына ҚХР, Румыния, Бразилия, Ұлыбритания, Франция, Италия, Испания, Ресей, Украина, Чехия, Белоруссия, Финляндия және Германияны жатқызуға болады.

МАР қарулы күштері ұдайы АҚШ-тың, НАТО-дағы басқа елдердің және бірқатар араб мемлекеттерінің қарулы күштерімен бірлескен жаттығуларға қатысып тұрады. Олардың ішідегі әлдеқайда ірі және маңыздысы деп екі жылда бір рет мысырлық жерде елдің солтүстігінде жерорталық жағалау аймағында үнемі өткізіліп тұратын «Брайт стар» сияқты жаттығу есептеледі. Оның негізгі қатысушылары – АҚШ пен МАР. Бұған қоса жаттығуларға бірқатар батыс еуропалық және араб елдерінің қарулы күштерінің бөлімшелері қатысады. Қазіргі таңда «Брайт стар» шынымен де дүниедегі ең ірі көпұлтты жаттығулар болып табылады. Сондай-ақ Мысыр мен АҚШ-тың ӘӘК және ӘТК-нің бірлескен жаттығулары да жүйелі түрде болуда [4].

1985 жылдан бастап Францияның (кейінірек Италияның да) ӘТК-мен бірге Жерорта теңізінде «Клеопатра» жаттығулары өткізіліп тұрады. МАР және Сауд Арабиясының флоттары 1995 жылдан бері Қызыл теңізде жыл сайын бірлескен «Маржан» жаттығуларын жүргізуде.

Мысыр Парсы шығанағындағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі (ПШАМЫК) елдері және Иорданиямен қатар 1999 жылдан бастап жыл сайын АҚШ қорғаныс министрлігі басшылығымен өткізілетін «Игл Резлов» бірлескен қорғаныстық бастамаға қатысады. Шара барысында Парсы шығанағы аймағында химиялық және бактериологиялық қаруды табу және оған қарсы әрекет ету ісінде әскерді, бақылауды, байланыс пен барлауды басқарудың үйлестірілуін жақсарту мәселелері меңгеріледі.

Айтарлықтай дамыған ӘӨК-тің арқасында Мысыр Таяу Шығыста қаруды экспортқа шығаруда Израильден кейінгі екінші орынға ие болды. Мысырлық қару-жарақ Руанда, Сауд Арабиясы, Судан, Катар, Кувейт және бірқатар басқа елдерге шығарылған және шығарылып тұрады. МАР сондай-ақ жергілікті ӘӨК жасап шығаратын кеңестік өндірістегі техниканың бірқатар түрлерінің қосалқы бөлшектерін белсенді түрде экспорттауда [5].

МАР әскери кадрлар дайындауда Азия мен Африканың бірқатар мемлекеттеріне көмек көрсетеді. Солайша, мысырлық Бас штаб академиясында Сауд Арабиясы, Бахрейн, Оман, Ливан, Иордания, Түркия, Кувейт, Пәкстан, тіпті Ұлыбританиядан келген офицерлер тәлім алуда. Мысырлық әскери кеңесшілер Сауд Арабиясының, Оманның және Конго Демократиялық Республикасының (КДР) армияларында бар.

Әртүрлі бітімгерлік қимылдарға қатысу МАР қарулы күштері қызметінің ажырамас бөлігіне айналған. Бүгінгі таңда мысырлық әскери қызметкерлер БҰҰ-дың Грузия (Абхазия), Либерия, Батыс Сахара, Сьерра-Леоне, КДР-дегі бітімгерлік күштері мен миссияларының құрамында борышын өтеуде [6].

Қазіргі кезде МАР-дың қорғаныстық саласын 100 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтыған 24 компания мен фирма құрайды. Оның жыл сайынғы айналымы 340 млн долларға жетеді. ӘӨК-тің негізгі өндіріс орындары екі ірі мемлекеттік компанияға - Әскери өнеркәсіптің ұлттық ұйымы (ӘӨҰҰ) және Араб индустрияландыру ұйымына (АИҰ) біріктірілген.

2004 жылы шетелдік БАҚ Мысыр өзінің барлау серігін жасап шығаруға кіріскені туралы хабарлады.

1986 жылы елде, шетелдік БАҚ-тың хабарлауынша, Солтүстік Кореяның көмегімен 450-500 км-ге дейінгі қашықтықтағы атысы бар және әскери бөлімі 540 кг салмақ тартатын «Скад-С» типтес баллистикалық зымыран жасап шығару басталды.

Француз мамандарымен ынтымақтасып Мысырда уақыт өте 1970-ші жылдардың басында құрылған «Луна-М» кеңестік зымыран кешенін алмастыруға тиіс «Сакр-80» тактикалық зымыран кешені (қашықтығы 80 км, әскери бөлімінің салмағы 200 кг) жасап шығарылған және өндіріліп жатыр.

Батыс БАҚ-тың мәліметтеріне сәйкес, МАР-да 600 км-ден 1200 км-ге дейінгі қашықтықтағы атысы бар «Вектор» екі сатылы сұйықтықтық баллистикалық зымыран жасап шығарылуы жүріп жатыр. Мысырлықтар сонымен бірге өздерінің орташа қашықтықтағы баллистикалық зымыранын жасауға ынталы.

Мысырдың кеме жасау өнеркәсібін Александрия, Исмаилия және Порт-Саид қалаларындағы крейсерді қосқандағы әскери кемелерді жөндеу жұмыстарын жүргізе алатын төрт өндіріс орны құрайды.

2005 жылы Франциямен негізінен МАР-да қаруды жасап шығару мен өндіруге француз тарапының қатысуын қарастыратын әскери ынтымақтастық туралы протоколға қол қойылды [7].

Жалпы соңғы жылдар ішінде Мысыр ұлттық қарулы күштердің әскери оқ-дәрі, атқыш қару, зымыран және бронетанкті техниканың кейбір типтері, байланыс құралдары, қосымша техника және жабдықтарға қажеттіліктерін өтей алатын ұлттық әскери өнеркәсіптің дамуында елеулі нәтижелерге қол жеткізді [8].

Мысырда армия шынайы жалпы ұлтық институт болып табылады, оған қоса армия ең заманауи және шапшаң дамып жатқандардың бірі [9].

МАР-дың қазіргі кездегі әскери доктринасы қорғаныстық сипатқа ие, ал оның негізінде «тежеу қағидасы», яғни қоршаған мемлекеттерді Мысырға қарсы күш қолданудан бас тартқызуды мәжбүрлеу мақсатында олармен «құрлықта, әуеде және теңізде» әскери тепе-теңдікті сақтап тұру жатыр. Х. Мубарактың пайымдауынша, « ... бейбітшілік пен тұрақтылық оларды қорғайтын және күзететін әскери күштің қолшатыры астында болуға тиіс». МАР-дың қорғаныс министрі маршал Х. Тантауи мысырлық армия «ұлттық қауіпсіздікті қорғауға әзір екеніне достарын да, жауларын да сендіруге» міндетті деп есептейді.

МАР-дың әскери доктринасы мысырлық қарулы күштердің Африка, Таяу және Орта Шығыстағы жергілікті әскери қақтығыстарға қатысу мүмкіндігін жоққа шығармайды. Мұнда ең маңызды міндет деп елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оның су ресурстарына сұқтанушылыққа жол бермеу есептеледі. Аймақтық қарулы қақтығыстар барысында мысырлық әскердің жеке де, коалициялық топтар құрамындағы да әрекеттері қарастырылған. Каирде дос мемлекеттерге бірінші кезекте АҚШ-ты, Иорданияны, аравиялық монархияларды, Батыс Еуропа елдерін жатқызады.

Мысырдың әскери-саяси басшылығының көзқарасы бойынша, мемлекеттің қорғаныстық стратегиясы қарулы күштердің тұтас қуатына, оның ішінде:

1 «мысырлық шекараны және елдің ұлттық мүдделерін қорғай алатын құрлықтағы әскерге;

2. ұлттық әуе кеңістігін қорғай алатын әскери-әуе күштері мен әуе қорғанысы әскерлеріне;

3. мысырлық жағалауды, Жерорта және Қызыл теңіздегі аса маңызды теңіз жолдарын, елдің порттарын қорғай алатын әскери-теңіз күштері мен жағалаудағы қорғаныс күштеріне» негізделуге тиіс.

Осының барлығын ескерген жағдайда мысырлық қарулы күштердің құрылымы мен жайғасуы аймақтағы қалыптасып келе жатқан «стратегиялық тепе-теңдікке» сай болуы қажет.

МАР-дың әскери-саяси басшылығы аймақта Мысырға төнген қауіптердің сақталуына, Израильдің МАР-ға қарағанда әскери жағынан басымдылығына, елдің экономикалық дамуы және ірі экономикалық жобаларды іске асыру үшін «қорғаныстық қолшатырдың» бар болу қажеттілігіне, Таяу және Орта Шығыста, Африкада күштің халықаралық қолданылуы қажеттілігіне (соңғысын негізінен АҚШ-пен тығыз өзара әрекетестікте жүзеге асыру ұйғарылады) негізделгендіктен, қарулы күштерді жоғары деңгейдегі соғысқа жарамдылық пен әскери дайындықта ұстап тұру керек деп есептейді.

Каирде мысырлық армия аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықтың сенімді кепілі болуға және армияның дәл осы рөлі басты болуға міндетті деп сендіреді. «Израиль өзінің әскери басымдылығын кепілдік ретінде, оның үстіне ең басты кепілдік ретінде қарастыратыны айғақ». Алайда израильдік қарулы күштер аймақтағы тұрақтандырушы күш ретінде қолданыла алмайды, өйткені дәл «солар көршілері үшін алаңдаушылық себептерінің бірі болып отыр. Сондықтан «бұл ауыртпалықты» тек мысырлық армия ғана көтере алады».

Мысырлықтардың бағалауы бойынша, ұлттық қарулы күштердің көлемін анықтайтын басты факторға аймақтық күштер тепе-теңдігі жатады. Армияның санына сонымен бірге қару-жарақтың саны мен сапасы, қарулы күштерді жедел қолданудың жоспарлары, мемлекеттің стратегиялық мақсаттары, аймақтағы басқа елдермен қатынастары, тиімді әскери-саяси одақтарға ие болуы әсер етеді. Керекті қорғаныстық қажеттіліктерді анықтауда мемлекеттің аймақтық және халықаралық деңгейде көмек көздерін табу қабілеттілігі үлкен маңыздылыққа ие.

Мысырлық әскерилер қазіргі кезде «қырғи-қабақ соғысы» аяқталғаннан кейінгі кезеңдегі оқиғалар дамуы МАР-дағы сияқты ірі әскери құрылымдар рөлінің төмендеуін көрсеткенімен келісе алмайды. Онымен бір уақытта бұл қандай жағдайда болмасын мысырлықтар «жаңа шығындарды талап ететініне және экономикаға ауыртпашылығын түсіретініне» қарамастан, армиядағы сапалы өзгерістерден, оны әскери техниканың заманауи үлгілерімен қамтудан және әскери қимылдарды жүргізудің жаңа әдістерін енгізуден бас тартатындарын білдірмейді. Дәл Мысыр үшін саны көп армияның бар болуы елдің билеуші топтарымен жұмыссыздық деңгейін түсіру элементтерінің бірі ретінде де қарастырылады.

Жалпы МАР-да қабылданған әскери-доктриналық нұсқаулардың жақын арада айтарлықтай өзгерістерге ұшырауы екіталай. Ел басшылығы Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы шиеленіскен және тұрақсыз жағдайда мысырлық мемлекеттің қорғанысқа қабілеттілігін ары қарай нығайту және армияның әскери қуатын арттыру бағытын жалғастырмақ [10].


Қолданылған әдебиеттер:

1. Ахмедов В.М. Армия и власть на Ближнем и Среднем Востоке в эпоху глобализации и модернизации // Аналитические доклады. – Выпуск 5(10), (июнь 2006). – М.: МГИМО-Университет, 2006. – С.9-10.

2. Приложение. ВВС арабских государств: состояние и перспективы // Об изменениях в военно-политической обстановке на Ближнем Востоке и в Северной Африке (29 мая-4 июня 2006 года) // http://www.iimes.ru/rus/stat/ 2006/06-06-06.htm

3. Ахмедов В.М. Армия и власть на Ближнем и Среднем Востоке в эпоху глобализации и модернизации // Аналитические доклады. – Выпуск 5(10), (июнь 2006). – М.: МГИМО-Университет, 2006. – С.5.

4. Приложение. О многосторонних военных учениях на Ближнем Востоке и в Северной Африке в 2005 году // Об изменениях в военно-политической обстановке на Ближнем Востоке и в Северной Африке (30 января – 5 февраля 2006 года) // http://www.iimes.ru/rus/stat/2006/06-02-06.htm

5. Приложение. О военной промышленности Египта // Об изменениях в военно-политической обстановке на Ближнем Востоке и в Северной Африке (16 - 22января 2006 г.) // http://www.iimes.ru/rus/stat/2006/23-01-06.htm

6. Приложение. О военно-техническом сотрудничестве Египта с зарубежными странами // Об изменениях в военно-политической обстановке на Ближнем Востоке и в Северной Африке (13 –19 ноября 2006 года) // http://www.iimes.ru/rus/stat/2006/20-11-06а.htm

7. Приложение. О военно-техническом сотрудничестве арабских стран в 2005 году // Об изменениях в военно-политической обстановке на Ближнем Востоке и в Северной Африке (23 – 29 января 2006 г.) // http://www.iimes.ru/ rus/stat/2006/31-01-06а.htm

8. Приложение. О военной промышленности Египта // Об изменениях в военно-политической обстановке на Ближнем Востоке и в Северной Африке (16 - 22января 2006 г.) // http://www.iimes.ru/rus/stat/2006/23-01-06.htm

9. Ахмедов В.М. Армия и власть на Ближнем и Среднем Востоке в эпоху глобализации и модернизации // Аналитические доклады. – Выпуск 5(10), (июнь 2006). – М.: МГИМО-Университет, 2006. – С.33.



10. Приложение. О военной доктрине Египта // Об изменениях в военно-политической обстановке на Ближнем Востоке и в Северной Африке (24-30 июля 2006 года) // http://www.iimes.ru/rus/stat/2006/31-07-06с.htm
Данная статья посвящена исследованию военно-стратегического потенциала Арабской Республики Египет на современном этапе. В статье автор анализирует ее военную доктрину, изучает военно-техническое сотрудничество и миротворческую деятельность, особо подчеркивает динамично развивающийся военно-промышленный комплекс страны, обеспечивший ее весомую роль в Африке и на Ближнем Востоке.
This article is devoted to the study of military-strategic potential of the Arab Republic of Egypt at the present stage. In the article the author analyzes its military doctrine, studies military-technical cooperation and peacekeeping activity, emphasizes country’s dynamically developing military industry, which maintains its leading role in Africa and the Middle East.

Достарыңызбен бөлісу:




©www.dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет