О, табиғат үлкен сезім бастаған, Өз заңымен келген ылғи аспаған. Адамға тән қасиеттер маған дос, Ғаламға жат қасиеттер қас маған…



бет1/3
Дата15.06.2016
өлшемі233 Kb.
#138119
  1   2   3


Бертай Төкеев

ЖҮРЕК АҢСАРЫ



О, табиғат үлкен сезім бастаған,

Өз заңымен келген ылғи аспаған.

Адамға тән қасиеттер маған дос,

Ғаламға жат қасиеттер қас маған…

1989жыл
Ана-қорған…
Әдемілік- сұлулық пен ізгі арман,

Адалдықты күтемін тек қыздардан.

Ақ жүректі, қасиетті аналар,

Жан баласын қорғар оттан, ызғардан.


Қиын заман өтсе дағы өмірде,

Алтын қыздар айналмады жеңілге.

Қазақ қызы қазақ салтын ұстанған,

Сақтап қалды дәстүрді де өңірде.


Жылы шырай аналарда, қыздарда,

Ана жүрек сәбиіне мұздар ма?

Қыздар күлсе бүкіл әлем шаттанып,

Тына қалар құйын менен ызғар да.


Қыздар деген мақтанышы халқымның,

Айнасы ғой сақтап келген салтының.

Айналайын, қарындастар сендерге,

«Қорған болсақ»-деп жүремін алтыным!


Шын махаббат, пәк сезім аналарда,

Жиған байлық бақыт боп саналар ма?

Нағыз бақыт анаң ғой құт береке,

Мәңгі құрмет үзілмес сана барда!


1989жыл
Елу жас ердің жасы ел таныған…
Ердің жасы елу дейді қазақта,

Осы жаста ғаламат та, ғажап та.

Ұл-қыздарың өсіп-өніп, ер жетіп,

Демалдырар, артта бейнет азап та.


Елу жылда ел жаңа нанасың ба?

Жұбайлар енеді екен жарасымға.

Немерең ыстық болып, өз балаңнан,

Өмірге ерекше көз қарасың да.


Бәрі бар, жеткілікті , өтер бір күн,

Бір ойлар жүдетеді, аздау күлкің.

Кемпірің немереңмен алыс жатып,

Түсіңе сұлу кірер ойхой шіркін…


Елу жас-орта жас деп саналады,

Ер жігіт осы жаста жана алады,

Елу жас еркелеген ердің жасы,

Ерлігі жүректерге таралады...

1998жыл.

Асыл аға…
Асыл аға күн шуағы күлгенің,

Жаның таза мөлдіреген бұлақтай.

Тілеп бақыт, өміріңе гүлді егін,

Өлең жаздым, шабыт қуып, шыдатпай.


Жақын тұтып, әр ісіңді сөзіңді,

Алғаш сәттен аға сізге таң қалдым.

«Жолы болса»-деп ініңіз көз ілді,

Аға сіздей кішіпейіл жандардың.


Асыл аға күндей болып, сөнбеңіз,

Нәр беріңіз бүкіл елге бұлақтай.

Жаныңызда мәңгі жүрсін жеңгеміз,

Ер жігіттің өр көңілін құлатпай!

1990жыл.

Гүл сезім
Көңілді көкке көтеріп,

Кетер ең бір сәт көрінсең.

Кетер ме дәптер беті еріп?

Өлеңмен саған берілсем.


Асыл зат тұрмас бір қолда,

Қолдардан қолға көшеді.

Асыл зат жатпас әр жолда,

Құны мың сонда өседі.


Асыл зат сенің өлеңің,

Жасаған оны жүрегің.

Жүрегің теңіз, көл, егін,

Аралдай іздер тірегін.


Жүрегің сенің ақ таңдай,

Жағымды ескен самалы.

Бейнебір жүрек соққандай,

Толқындай ұрып жағаны.


Кеудені көтер күлші өзің,

Көңілде нұрлы шақ қалсын!

Солмасын мәңгі гүл сезім,

Жүректе мәңгі сақталсын!

1990жыл.
Әкені аңсау
Қуандым Талғат хатыңды алып,

Бейнебір бірге жүргендей.

Кенет бір саған жақындап барып,

Бетіңнен әппақ сүйгендей.


Әкеміз барда салдық мың сайран,

Төбеміз көкке жеткендей,

Асқар тау биік бағымыз құлап,

Жыладық жаңбыр төккендей.


Бұл да бір Талғат өмірдің заңы,

Ол заңнан адам аспаған.

Қартайған бүркіт туысын жинап,

Шыңдардан өзін тастаған.

Ақылдар айтып қаншама бауыр,

Айтса да туыс бекем ой.

Асқар тау биік әкенің орны,

Өмірде бөлек екен ғой...

Тыңдашы Талғат егіздей едік,

Бір жүрсек көп еді шығар шың.

Хабарсыз кеттім досыңның жайын,

Айтқызбай жаным ұғарсың…

1990жыл
Бұлақты көрдім…
Қаншама күндер өтіпті-ау еркем қиялдай,

Сағыныш сазы жүректі тербер сия алмай.

Қандай бір бақыт, өзіңмен әр сәт бір жүру,

Жан сезімдерімді ашайын жайып, ұялмай.


Бұлақты көрдім, мөп-мөлдір қандай тұнық тым,

«Адамдар біздей болыңдар»-деген сыр ұқтым.

Жұбымыз біздің жазылмай өтсін өмірде,

Бұлақтай саған болсам ғой деумен тұрыппын.

1990жыл
Ән: Қайнарым- шаттық әнім
Қайнарым суың қандай мөлдір еді,

Сені ойлап, ет жүрегім елжіреді.

Бабалар әруағыңнан айналайын,

Болған ең қиын шақта ел тірегі.




Қайырмасы:

Қайнарым-шаттығым,

Туған жер- тәтті ұғым.

Қонып тұр басыңа,

Бар бақыт, бақ бүгін.

Бал кәусар бұлағың,

Бақытты ұланың.

Перзенттік парызбен,

Арналды нұр әнім,

Арналды сыр әнім, жыр әнім!


Ел іші кең пейілді, ақ ниетті,

Топырағың суың қандай қасиетті.

Шалабай, Төке, Сыдық бабаларым,

Бақ болып, топырағыңды басып өтті!


Ойлансам ойым мыңға бөлінеді,

Ордабасы-ата тарих көрінеді.

Бірліктің, ынтымақтың туын тіккен,

Елімнің батыр,билер, серілері!


Қайырмасы:

Тал бесік бұл аймаққа жер жетпейді,

Той думан құшағыңнан жыр кетпейді.

Бұлақтай жаны таза жас болашақ,

Туған жер сүйіп сені құрметтейді!

1993жыл.
Ән: Мөп-мөлдір бұлағым сен!


Мөп- мөлдір бұлағым сен Нұрғисам,

Жылуым шырағым сен Нұрғисам.

Өзіңмен өмірім бал қызықты,

Өмірім, жыр әнім сен Нұрғисам!


Қайырмасы:

Өзіңді «Дана» дерсің,

Бағың да жана берсін.

Әр таңың күліп атқан,

Бақытын ала келсін!

Өмірде қуанышым,

Әрдайым жұбанышым.

Көңілімнің ажары сен,

Бәрі де бір сен үшін!
Өзіңсің өмірдің мәні де,

Өзіңсің көңілдің сәні де.

Өмірде тірегім, сенерім,

Өзіңсің ақылдың кені де Нұрғисам!



Қайырмасы:

1990жыл
Айдарға


Інімсің Айдар,

Сыйласқан,

Көңіл қалмаған.

Көгіңде ай бар,

Түнгі аспан,

Сенен аумаған.

Келінді тауып,

Нұр болып жауып,

Көктерсің,

Гүлденіп алап,

Тау болып талап,

Бақ берсін!


Ағаңмын Айдар,

Өнерге құштар,

Жыр құмар.

Көрсетпес айбар,

Жан емес іші тар,

Мың сынар.

Намыс пен арым,

Демеушім барым,

Ардағым,

Жақсылық ету ,

Адам боп өту,

Арманым.


Ынтызар едім,

Ақылгөй асыл,

Данаға.

Алтынның кенін,



Теңепті ғасыр,

Анаға.


Тіршілік ұсақ,

Анамызға ұқсап,

Сая ма?

Қадірін біл де,



Анамен гүлде,

Аяла!


Сағыныш толы,

Әкенің орны,

Тым бөлек.

Өмірдің соңы,

Қиналыс торлы,

Не себеп?

Жылаумен келіп,

Ұрпақтар беріп,

Таң қылып,

Қызығың қалу,

Өшу мен жану,

Заңдылық!

1997жыл.
Ән: Сағындым сені
Сағындым сені, сағыныш толы, күй бөлек,

Шарқ ұрып жүрек, мыңдаған сұрақ кимелеп,

Өмірге налып, көңілің қалып, жүрсің бе?

Өзіңе өзің: «Ешкімге сенбе, сүйме»-деп.


Тұп-тұнық едің, жаның да таза бұлақтай,

Жауабын таппай қиналам мың бір сұраққа-ай...

Бір-бірін аңсап, зарыға жеткен жігіт,қыз,

Кездесе қалса тұрғандай болады ұнатпай...

Өмірге келер үлесін адам алуға,

Жастыққа тән ғой жалындау,лаулау, жану да.

Өзгеге түгіл, өзіңе қимас адаммен,

Бақыт та шығар, «Мәңгілік дос» боп қалу да!

1997жыл.
Мәңгілік сезім
Жалындап жүрек, ашылды сезім бастауы,

Тиіс пе заң ба, тағдырдан адам аспауы?

Ойлармен жүдеп, сағыныш үдеп, аңсаумен,

Болып та алдым жанымның нағыз қас жауы.


Ақтарып келем бір жүрген күндер парағын,

Ертерек неге кездеспей қалдың қарағым?

Жанарың күн боп, сәулесін құйып жаныма,

Жүрекке еніп, қан болып бойға тарадың!


Дауыл жел ессе, «Мен»- деп біл жерге сыймаған,

Күн көрсең көктен «Мен»- деп біл шуақ сыйлаған.

Биікте ұшқан құстарды көрсең, тоқташы,

Қанатын сермеп, «Мен»- деп біл сені қимаған.


Мен мәңгі жүрем күндегі жұтқан ауаңда,

Түсіңде болам, ойыңда, ішкі санаңда.

Мүмкін де емес мендегі сезім өшуі,

Мен өлсем дағы сезімім қалар ғаламда!

1998 жыл.
Тәңірім сені ерекше сұлу жаратқан,

Гүлсің бе өзің бүршігін ашқан дарақтан.

Кездескен сәттер жүректе мәңгі сақталар,

Кем емес сірә біз үшін жұмақ жәннаттан...



Әзіл өлеңдер
Сұлу қыз «Ер жігіт»- деп туылады,

Ұзақ түн ұйықтай алмай буынады.

Жерде жұмақ жастық шақ ұмытпашы,

Бір күні ыстық дене суынады.


Бір күндері күш қайрат шегінеді,

Жеміс те қатты піссе төгіледі.

Қадірін жастық шақтың білмегендер,

Өкініп қартайғанда егіледі.


Қартайғанда жігіттен әл кетеді,

Сұлудың ақ бетінен қан кетеді.

Жалынды жастық шақта кездескенде,

Бір сүйдір алма беттен нең кетеді?!...

1998жыл.
Көңілімнің көркем бағы...
Сен мені сағындың ба?

Беймәлім күйлер кештім.

Жастықтың жалынында,

Жайымды сен білмессің.


Жанымды елжіреткен,

Мөлдіреп қарасың да,

Сұлусың өзің неткен,

Қазақта дарасың ба?


Жігіт ем сыр бермеген,

Қиындық көрсем дағы.

«Өзің»-деп мен шөлдегем,

Көңілімнің көркем бағы!


Сағынып жетсем дағы,

Сен менен алыстадың.

Баладай алаңдағы,

Желменен жарысқаным.


Күйдірді жанды кернеп,

Жауапты бермегенің.

Мұңайтты гүл-жыр өрнек,

Су жерде өнбегенің...

13.04.98жыл.
Кешегі қайда серілер?
Ешкімге жоқ еді зияным,

Ешкімге жаман тіл қатпан.

Ғарышқа кетіп қиялым,

Езеді мұң зіл мың батпан.


Ақ парақ саған сыр шертем,

Өзіңсің мұңды түсірер.

Ғайып боп кетсем мен ертең,

Оқыса жырды түсінер.


Көңілім көктен биік-ті,

Бір беткей жасап затымды.

Әкеміз асыл сүйікті,

«Серітай»-деп қойған атымды.


Сәйгүлік мінсем жарамды,

Өнерлі топты және ертіп,

Ән күйге бөлеп даламды,

Елімді жырға кенелтіп.


Еркіндік керек жаныма,

Аңсаймын шыңды қырандай.

Ауылына барсам, сағына,

Сүйіктім шықса бұраңдай.


Кешегі қайда серілер?

Келетін «Той»-деп қыр асып.

Шығуға сыртқа ерінер,

Көп қазақ момын, тым жасық.


Кешегі қайда серілер?

Жаны жаз, текті тым ашық.

«Ақсүйек» аңыз көрінер,

Ғашықтар жүрген сырласып...

14.04.98жыл.
Сағынсаң ізде мені
Жүректің жыр маржанын,

Көңілімнің ізгі арманын,

Жанымның қызғалдағын,

Өзіңе мен теңедім


Өмірдің гүлзар бағы,

Бәріне сыздар жаны,

Еліктің ерке лағы,

«Өзің»- деп мен келемін.


Шаттансам аққуым ең,

Аттансам ақ туым ең,

Өзгермес пәк туып ең,

Өзіңе мен сенемін.


Ауада мың сағым боп,

Кеудеңе жыр жалын боп,

Жүрекке нұр ағын боп,

Жаныңа мен енемін!

Жаз өтсе күз келеді,

Сағынсаң ізде мені.

Жаралы жүректің де,

Сыңары іздегені.

Жауапты бергеніңше,

Құшаққа енгеніңше,

Жыр арнап өлгенімше,

Бәрін де қызғандырып,


Өзіңді әнге бөлеп,

Күй арнап елден ерек,

Бәріне өзің себеп,

Кетемін із қалдырып!

1998жыл.
Өмір туралы...


Өмірде кімдер тұрады?

Сөнбейді кімнің шырағы?

Мәңгілік өмір қайда бар?

Темір де бір күн сынады.


Бай болсаң бәрі қызығып,

Жаныңда бәрі тізіліп,

Кедейлеу болсаң бір күні,

Қалады бәрі үзіліп.


Бүгінгі барың ертең жоқ,

Бүгінгі ашың ертең тоқ.

Бүгінгі алтын ертең мыс,

Бүгінгі жалын ертең шоқ.


Өзгермес адам қайда бар?

Қасқырға бәрі айналар.

Ар намыс қалып жайына,

Шегіне жетті айлалар.


Көкірек керіп кеудесін,

Қорқақтар жеңіп жеңбесін.

Дайын тұр тартып алуға,

Құдайдың да бермесін.


Мұндай жоқ еді салтымда,

Тәнін сатып алтынға,

Шетелдікпен қыздар жүр,

Міз бақпаған қалпында.

Өтпес қылыш қайралар,

Барысқа елім айналар.

Бір күндей болмай қиындық,

Бір күні көңіл жайланар.


Бір-бірін адам бағалар,

Гүлденер ауыл далалар.

Ол күнді көру бір арман,

Көрмесек көрер балалар!!!


Сен үшін...
Сен үшін самғап жетіп ем,

Сағыныш күйін шертіп ем.

Көре алмай сені сахнадан,

Шарпылдым мұңның өртімен.


Іздедім көптің ішінен,

Ерекше туған мүсін ең.

Келе алмай әлде қалдың ба?

Тірліктің күйкі ісімен.


Әнімді саған арнадым,

Мың қыздан сені таңдадым.

Ғанибет екен сезіну,

Жаныңа жақын жан барын!


Мәңгілік ән бе тұрақты?

Жақсы ән жанды жылатты,

Әніммен бірге жүрегім,

Қалықтап жүрген сияқты.


Сағынсаң деп ем күт мені,

Жүрегім ойын бүкпеді.

Армандап,аңсап жеткенде,

Қалайша еркем күтпеді?


Армандап адам өтер ме?

Айлы түн естен кетер ме?

Ашығын айтшы жыр әнім,

Сағыныш бәрі бекер ме?

1998жыл.
Көктем келді, күн ұзақ, түн қысқарған,

Сәлем айттым өзіңе жыл құстардан.

Ұғындыра ала ма жан сырымды?

Ақтарылмай қала ма бұл ішкі арман???
Аққусың еркем...
Сағындым сені, сен дағы мені сағынғын,

Жадымда жүрсің арасындамын жалынның.

Нәзіксің талдай, бейкүнә жандай үлбіреп,

Әрдайым сенің жаныңнан келер табылғым.

Қиналды жүрек қалдың-ау сонда мұңайып,

Сезімін айту сен үшін қиын шын айып.

Шалқыған әнім, балқыған сәнім, өзің ең,

Аман сау жүрші жырыма болып лайық.


Жабырқап жүрмін, шықпадың күн-түн есімнен,

Аққусың еркем, тағдырың қалай шешілген?

Жаратқан ием Қызжібек, Баян, Ләйлінің,

Сымбатын, сәнін айнытпай саған көшірген.


Қызғалдақ гүлсің өмірді қайта жасыл ет,

Тал бойың әсем, сұлулық асыл қасиет.

«Гүл»болып гүлде, «Күн» болып күнде жадыра,

Көңілімнің бұлтын нұрыңмен сейілт, ашық ет!


Кездестің маған жалынды жастық шағымда,

Ұшқыннан сезім айналар ыстық жалынға.

Кездессем деймін жастықтың жасыл бағында,

Тосқауыл бар ма жүректей жойқын ағынға?!

01.05.1998жыл.
Асыл жырымның барлығы шындық жалған жоқ,

Жүрекке босқа жазылмас жара салғам жоқ.

Түсінсең жақсы, түсінбей өтсең не шара?

Мәңгілік жырдың кейіпкері болдың арман жоқ!


Жырымды сынап, түсінбей бәлкім күлерсің,

Ілмессің жырды, құлаққа бәлкім ілерсің.

Жалындап өткен, жыр-маржан төккен жігіттің,

Қадірін әттең кейіндеу, кештеу білерсің...


Жаны алтын ару...
Еліңіз үшін жансыз ғой жүрген жалындап,

Жан жүрегімнен «жыр сарай» сізге салынбақ.

Мың рет қайта айналып өтсем жер шарын,

Аққудай әсем сіздей жан қайдан табылмақ?!


Жағымды қуат, нұр сәуле сізден тараған,

Ең жақын жанға көргеннен сізді балағам.

Сөзіңіз ерітіп, жаным да елітіп, мен жүрмін,

Күш-ләззат алып «ғарыштық биік санадан»


Сұлулық, сымбат ақылмен бірге үндескен,

Арналар сізге тілегім, жырым-гүл дестем.

Бақытты болып, шаттыққа толып, күліңіз,

Жаны алтын ару, замандас-құрбы,бірге өскен!

14.08.1998жыл.

Мәңгілік тағзым ұстазға!

Мұғалім күні ұлы той,

Сыйлап тұр бізге шаттығын.

Жүректен жанып туған ой,

Шықсыншы сыртқа тап бүгін.
Мәңгілік тағзым ұстазға,

Мәңгілік құрмет жасалар.

Қанағат тұтар тым азға,

Кім орнын оның баса алар?


Бұл өмір екі келмейді,

Сыйласу, сыйлау керек ақ.

Жақсысын ешкім бермейді,

Ұстаздың орны бөлек ақ.


Оянып ерте таңменен,

Білімге елді бастаған.

Сыйласшы алтын жанменен,

Жаныңда жүр ғой жақсы адам.


Алғашқы ұстаз гүл еккен,

Өмірге біздің алдағы.

Ойласам жүрек дір еткен,

Жадымда мәңгі қалғаны.


Ұстаздар мәңгі тілегім,

Денсаулық, бақыт, амандық!

Шәкірттеріңіз гүл-егін,

Тәрбиелеңіздер адам қып.


Ынтымақ болсын ортада,

Сыйластық болсын мәңгілік!

Қуаныш мәңгі тарқама,

Жүрейік елді таң қылып!



1999жыл

Сағыныш
Арналар сізге жыр-моншақ,

Жүректің игі тілегі.

Жетемін сізге мың аңсап,

Жаныңыз шуақ күн еді.


Сұлусыз жұмақ бағындай,

Жаратқан сізді әсем қып.

Ежелгі дәуір уағындай,

Сайлар еді сізді «Көсем» қып.

Көрікті көркем көлдейсіз,

Сіздей жан түске енбеген.

Ең жақын бәлкім жеңгейсіз,

Күн-түні «Сіз»-деп шөлдегем.


Қызғалдақ иісі аңқыған,

Далада өскен гүлдейсіз.

Көргеннен сізді балқығам,

Шаршауды және білмейсіз.


Ай дидар әппақ арусыз,

Жүректің сіз ғой жаңа әні.

Бағындырдыңыз қарусыз,

Жаулап алдыңыз сананы.


Жаз өтсе келер күз күле,

Кім айтар ашық арманын?

Ұмытпағайсыз сізді де,

Сағынып жүрген жан барын.

19.08.1998жыл.
Жырлашы жүрек...
Жырлашы жүрек, ысырып мұң мен қайғыны,

Өтіп барады жастықтың жалын айбыны.

Қайда екен сол бір жап-жасыл көктем кездерім,

Махаббатымның мөлдіреп тұрған айдыны?!


Жұлдызды түндер, ай тұрар көкте күлімдеп,

Жігіт пен ару бір-бірін көріп дірілдеп.

Жұлқынар жүрек бас білмес асау тұлпардай,

Жігіт сұлтаны дәл осы сәтте білінбек.


Алғашқы сәт-ай, айта алмай сырды ақтарып,

Қызарып беттер, қаласың сөзден қақталып.

Сүйгенді көріп, нұрланып, жанып, бақ дарып,

Жүректе қалар сол бір сәт мәңгі сақталып!


Біле ме адам өмірдің жалған екенін,

Туылу бар да адамға жоғын екі өлім?

Аумаған гүлден, қан жылап жүрген адам бар,

Өмірден таппай бақытын, орнын, мекенін...


Жазылар ма екен жүректің кейбір жарасы?

Ұмытылар ма екен сұлудың мөлдір қарасы?

Бау менен бақтар куәсі болып жастықтың,

Сақтайды сырды жап-жасыл Шымкент қаласы.


Жырлашы жүрек, ысырып мұң мен қайғыны,

Өтіп барады жастықтың жалын айбыны.

Қайда екен сол бір уайымсыз, мұңсыз кездерім,

Махаббатымның мөлдіреп тұрған айдыны?!

1998жыл.

Өтеді-ау өмір өте тез...
Жырыммен сізді тербейін,

Ұшыңыз көкте қалықтап.

Асылын сөздің сермейін,

Жүрмеңіз сонда талып қап.


Күрес қой өмір өзені,

Жеңіле салу айып та.

Көп тағдырлардың өзегі,

Ескексіз жүзген қайықта.


Жадырап жазсыз шуақты,

Шапағат нұрын сыйлаған.

Нәр алып сізден қуатты,

Ешкімге тағы қимағам.


Мол жемісті күздейсіз,

Сіз емес кербез ісінер.

Адал жандарды іздейсіз,

Жаныңызды түсінер.


Ауасы таза қыстайсыз,

Жалаңаяқтарға суықтау.


Адамдықты биік ұстайсыз,

Сіздей жан «Ел»-деп туыпты-ау.


Келбетті көркем көктемсіз,

Шығатын әркез тұйықтан.

Жүректің жібін сөккенсіз,

Сөзіңіз жанды ұйытқан.


Өтеді-ау өмір өте тез,

Кетеді-ау бізді ұмытып.

Жүрегімнен туған жылы сөз,

Жаныңызды жүрсін жылытып!

07.09.1998жыл.
Сеземін сені, сезімім саған мәңгілік! (Әні бар)
Сағыну қандай, сезіну қандай жүрекпен,

Арайлы таңым өзіңді «Мәңгі жыр» еткем.

Күту ме бақыт, өтсе де уақыт аңсаумен?

Сүйіктім менің жүрекке солымас гүл еккен!


Байланыс тауып ғарыштық биік санадан,

Сеземін сені күндіз-түн таза ауадан.

Біргеміз біздер, бір-бірін іздер , екеуміз,

Қуаныш сыйлап, туылдық қайта жаңадан!


Сеземін сені тербеліп тұрған гүлден де,

Түсімде жүрсің, ойлаумен көзді ілгенде.


От болып лаулап, жүректі жаулап алдың сен,

Сағынта берер қуатты күшің жүр менде!

Сағынта берер қуатты күшің жүр менде!
14.09.1998жыл.
Асау жүрек
Қыран білер өзінің,

Биіктігін биігін.

Ұлылардың көзімін,

Бойыма берген сыйы мың...


Ертеңді ойлап ер өсер,

Арманшыл болар азамат.

Ақылдым менің кеңесер,

Кешірші жүрсем мазалап.


Қаймағы елдің жақсысы,

Бабалар батыр ер еді.

Ойладым ең бір бастысы,

«Адам» боп өту керегі.


Кешегі үлкен жарыстан,

Көп ойлар біздер түйіппіз.

Күрес қой өмір алысқан,

Жеңе алсақ күнім биікпіз!

1998жыл.
Анасын жақсы көрмес бала бар ма?
Анасын жақсы көрмес бала бар ма?

Құрмет етер аталар, ағалар да.

Анасын сыйлап өткен әулиелер,

Хандар да, батырлар да, даналар да!


Дәстүр бар, ана сыйлау салтымыз да,

Ана сөзі бақ, ырыс, бал қымыз да.

Ата боп қалсақтағы ана үшін,

Қаламыз сәби бала қалпымызда.


Ұрсып жатып ет жүрегі елжірер,

Өмір бақи ұрпақ қамын жеп жүрер.

Дана сөзі: «Ата- анаңа не істесең,

Ұрпағың да соны алдыңа келтірер»


Әке- асқар тау, ана-сұлу байтерек,

Түсінуге жүрек керек, ой керек!

О, адамзат ата-анаңды аяла!

Бұл өмірге келтірмесе қайтер ек?

Бұл өмірге келтірмесе қайтер ек?

Мәңгілік жанымда бол аңсағаным! (Әні бар)
Сен менің арманым ба едің?

Күндіз-түн сағындырған.

Аққуым , шалқар көлім,

Сұлусың табындырған.

Сен менің ақ таңым ба едің?

Мөлдіреп, жаның әсем.

Бақытты шақтарым менің,

Жүргенде жанымда сен!



Қайырмасы:

Мәңгілік жанымда бол аңсағаным.

Әр таңды бір өзің деп қарсы аламын.

Сен менің қасымда бол, алыс кетпе,

Бірге жұт тау самалын, ән самалын!
Жүректе лаулаған жалын,

Есімді жия алмағам.

Самғатқан бір нұрлы ағын,

Әлемге сия алмағам.

Аяулым күліп тіл қатшы,

Бақыт боп әр қадамың.

Бұл өмір қандай жақсы,

Сағынар болса адамың!

29.11.1998жыл.

Сені көріп...
Сені көріп алаңдадым, шарқ ұрдым,

Қанатыңмен қиялымды қақтың да.

Жүрегімде алай-дүлей сан қырғын,

Кімді іздедің, бақытыңды таптың ба?


Жанарың жаз, пәк дидарың ай қабақ,

Бойың әсем, жаның нәзік,тал шыбық.

Көркемдігің, көрінісің бай сабақ,

Дегендей-ақ: «Сұлулықты қалшы ұғып»


Нұрлы бейнең шыққандай-ақ ыршып күн,

Келбетіңмен от боп лаулап жанасың.

Көзіңдегі көлге батып, тұншықтым,

Күннен күнге жақын тартып барасың!


Әнімсің-еркем елігім
Сағым боп сенің елесің,

Есіме түсе бересің.

Кездесіп бейуақ, жаныма,

Жарақат салып келесің.



Қайырмасы:

Алыстап кеттік армандай,

Әніміз қалды жалғанбай.

Бөленді нұрға бар әлем,

Әніңе әсем салғанда-ай!

Кең далам тұрды мөлдіреп,

Жүзімді алқап елжіреп,

Пәк, сұлу жаның, дидарың,

Аңсайды сені бұл жүрек!
Гүлімсің иісі аңқыған,

Әнімсің биік шалқыған.

Елігім, еркем ару қыз,

Өзіңе қарай талпынам!

1990жыл
Сарыуайым сағыныш күй
Жүрекке жақын жан болдың,

Күндіз-түн ойдан кетпеген.

Өзіме-өзім таң болдым,

«Сен» десем демім жетпеген.


Сарғайды күзгі жапырақ,

Сағыныш күйін шерткенде.

Елес боп бейнең шақырады,

Оралам қайта өткенге.


Көңілсіз екен күз деген,

Жапырақ жерде жатқаны.

Таба алмай сені іздегем,

Осы ғой қатты батқаны.


Сарғайып талдар тербелер,

Біледі-ау қайта гүлдерін.

Жаныма бір күш дем берер,

Аман-сау күліп жүргенің.


Баурадың таза жаныңмен,

Тәнті еттің биік үлгіңмен.

Әрбір күн, әрбір таңыммен,

Өзіңді аңсап жүрмін мен.

26.10.1998жыл.
Жүрек аңсары (Әні бар)
Сағынған жанды,

Көзім де талды,

Шарқ ұрдым іздеп, таба алмай.

Сағыныш тербеп,

Жүректі кернеп,

Бұза алмай тағдыр қамалды-ай.


Қайырмасы:

Сен,қайдасың?

Бақыт боп жүзің жайнасын!

Кел, айнымасым!

Қол жетпес алыс айдасың.

Үміт пен арман,

Жетелер алдан.

Жас жүрек қашан тынады?

Өмірде сыйлас,

Жандар бар қимас,

Жүрегім аңсап тұрады!

1999жыл.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©www.dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет