Қорқыт Ата атындағы Қызылорда



Дата16.06.2016
өлшемі54 Kb.
#139945
А.Қ.Оразова

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда

мемлекеттік университетінің

аға оқытушысы
Сүлейлер хаттарының тәрбиелік мәні

Хаттарды адамдар арасындағы байланыс көпірі десек, оның әр ғасыр емес, тіпті әр жылдардағы өзіндік жазылу ерекшелігі, тасымалдануы мен нақты мекен жайға жетуінде көптеген айырмашылықтар мен ұқсастықтар болуы – заңды құбылыс. Өйткені хат – ақпарат. Ал ақпараттың уақыт өткен сайын жаңарып, жаңғырып отыратындығы, оның әр түрлілігімен ерекшеленетіні тағы бар. Оған хаттың ұрпаққа берер тәлімі мен өнегесін қосыңыз. Осы орайда Сыр сүлейлері («Сүлей» сөзі – көпшіліктің жырау, жыршы, нағыз шайырға берген атауы, яғни, Сүлеймен патшадай ақылды жырдың патшасы, сөз өнерінің дүлдүлі деген ұғымды білдіреді. Ал арабша-орысша сөздікте ол арабтың «салауи» сөзінен шыққан, мағынасы «табиғи дарын иесі, тума талант»,- делінген [1, 591 б.]) деген қасиетті атқа ие болған шайырлардың хат өлеңдері сөзімізге тұздық болады.

Сыр сүлейлерінің хат өлеңдері ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ жазба әдебиетінің қалыптасу кезеңімен тұспа-тұс келеді. Оның белгілі себептері бар. Қазақ әдебиеті ілгерішіл сипатпен дамып, халқымыздың сана-сезімі ояна бастаған, шығыстық медресе-мектептерде оқып, араб, парсы, шағатай, түрік тілдерін білген ақындар көп еді. Олар шығыстық дәстүрлі тақырыптарды өз заманына сай жырлап, қазақ халқына танытты.

Діни сауатты, мектеп-медреседе оқыған ақындар Орта Азия кітапханаларының бай үлгілерінен үйренген. Сыр елінде ағартушылық дәстүрді, ақындық ортаны қалыптастыруға себеп болған негізгі медреселік оқу еді.

Сыр сүлейлері ұлттық сөз өнеріндегі хат жанрын дамыта жырлаумен ерекшеленеді. Хат өлеңдер, хат жазысып айтысқа түсу, жұмбақ арқылы хат жолдап, қазақ әдебиеті деп аталатын сөз өнеріне мол үлес қосып, хат өлеңдерімен толықтырды.

Қазақ әдебиетінде хат өлеңдерді дамыта жырлаған Сыр сүлейлері Құлан Алдабергенов, Қуаныш Баймағанбетов, Тобжан Байназарұлы, Мәнсұр Бекежанов, Нартай Бекежанов, Шегебай Бектасұлы, Сейітжан Бекшентайұлы, Жиенбай Дүзбенбетұлы, Оңғар жырау Дырқайұлы, Оразымбет Есентайұлы, Ешнияз Жөнелтікұлы, Жұматай Әлиакбарұлы, Кеншімбай Қабанұлы, Бұдабай Қабылұлы, Уамық Қалжанұлы, Құлназар Құлқозыұлы, Жүсіп Қадірбергенұлы, Даңмұрын Кенжебекұлы, Нақыпқожа Кенесарыұлы, Қарасақал Ерімбет, Күдеріқожа Көшекұлы, Егізбай Мәкібайұлы, Разақ Мыңжанұлы, Аманжол Оралбайұлы, Базар жырау, Есенжол Сайқыұлы, Ыспанқари Сүлейменұлы, Жарылқасын Сарманұлы, Шораяқтың Омары, т.б. белгілі ақындар хат өлеңдер арқылы халық эстетикасын байытты.

Жоғарыда аталған ақындар ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінде жаңашылдық бағытпен танылды. Ақындардың бір-бірімен хат арқылы өлең жазып хабарласуы, арнау өлеңдер, көңілқос өлеңдер, жазба түріндегі айтыстар, жұмбақ жасыру арқылы жауаптасулар қазақ поэзиясында ақындардың дүниетаным тағылымдарын кеңейте түсті.

Ақыл мен ғылымды қатар игерген дана ойшылдар көзқарастарында қорытылған түйіндер дәстүрлік және көркемдік негіз болып қалыптасты, соның аяғы хат жанрының дамуына әкеліп, рухани құндылық өркендеді. Мысалы, Н.Бекежанов, Сейітжан ақын, Т.Ізтілеуов, Оразымбет Есентайұлы, Разақ Мыңжанұлы, т.б. елге сәлем, елмен қоштасу, отбасына арнаған хаттары, түрмеден хаттар жазу арқылы көрінген. Ақындар бір-бірінің ақындық күшін сынау үшін бірнеше ақын хат арқылы жарысқа да түскен. Жиенбайдың Кете Жүсіппен, Тұрымбетпен айтысы, Оңғар жыраудың Тобжанға сын хаты, Қарасақал Ерімбеттің Шораяқтың Омарымен, Нақыпқожа мен Қаңлы Жүсіп, Кете Жүсіп пен Тұрмағанбеттің айтыстарын айта аламыз. Сыр елінде «үш шайыр», «бес шайыр», «сегіз шайыр», «он алты шайыр айтысы» деп жүрген айтыстар да бар.

Ақындардың қыз жұмбағын шешуге қатысқан Рысты қыз бен он алты ақын айтысы, Шәкей сал мен бірнеше ақынның айтысы, Айқын қыз, Жәкей қыз, Ұлбикелермен айтысып, қоғамдық маңызы бар мәселелер мен тұрмыстық-әлеуметтік жағдайларды шешудің қызметін атқарған.

Сыр сүлейлеріндегі тағы бір ерекшелік, хат арқылы айтыса отырып, арты дауға ұласатын жағдайларда аралық сөздермен дауды тоқтатып отыратын жағдайлар көп кездеседі. Көпшіліктің назарын аударып, сауал тастап, оның жауабын беру арқылы төрелік жасалған. Хат арқылы жауаптасу сәлемнен басталып, сын, әзіл, бата, тілек, өсиет сияқты өлеңдер арқылы көрініс тауып отырған.

Хат арқылы ой қозғаудың, поэзияға тән хат өлеңнің қай кезде де атқаратын қызметі ерекше болған. Соның ішінде ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында хатпен өлең жазысу жазба әдебиетінің дәстүрінде қалыптасқан.

Хат өлеңдер белгілі бір тақырыпты қамтиды, сұхбаттасып, сырласуға құрылады. Осындай хаттар Сыр бойында өмір сүріп, хат жанрына үлес қосқан ақындар шығармашылығында көптеп кездеседі. Хат арқылы айтысқан ақындар:



  1. Құлан Алдабергенов Ұлбикемен хат айтысы;

  2. Қуаныш Баймағанбетов Кете Жүсіппен хат айтысы;

  3. Тобжан Байназарұлы Оңғар жыраумен хат айтысы;

  4. Мәнсұр Бекежанов Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіппен хат айтысы;

  5. Жиенбай Дүзбенбетұлы Кете Жүсіп, Тұрымбетпен айтысы;

  6. Жөнелтік Ешниязұлы Кете Жүсіппен айтысы;

  7. Уамық Қалжанұлы І.Байсүгіровпен айтысы;

  8. Құлназар Құмқозыұлы Шегебай Бектасұлымен айтысы;

  9. Қаңлы Жүсіп Шәкей сал, Қарасақал Ерімбет, Керейт Даңмұрын, Нақып Қожамен айтысы. Кете Жүсіппен сегіз жылға созылған айтысы;

  10. Даңмұрын Кенжебекұлы Шәкей сал, Тұрмағанбет, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп, Шораяқтың Омарымен айтысы;

  11. Нақыпқожа Кенесарұлы Қаңлы Жүсіппен айтысы;

  12. Қарасақал Ерімбет Шәкей қыз, Шораяқтың Омарымен айтысы;

  13. Күдеріқожа Көшекұлы Ұлбикемен жұмбақ айтысы;

  14. Егізбай Мәкібайұлы Кете Жүсіппен, Тұрымбетпен айтысы;

  15. Шораяқтың Омары Ерімбетпен айтысы;

  16. Т.Ізтілеуовтің Ермұратпен, Шәді төремен айтысы;

  17. Майлықожа Сұлтанқожаұлы Ұлбикемен айтысы;

  18. Мәделіқожа Жүсіпқожаұлы Ұлбикемен айтысы.

Топтасып айтысу өнері:

  1. Рысты қызбен 16 ақынның айтысы. Рысты қыздың жұмбағын шешуге қатысқан он тоғыз дүр ақындар (Шегебай Бектасұлы, Оңғар жырау, Жөнелтік Ешниязұлы, Кеншімбай Қабылұлы, Аманжол Оралбайұлы, Базар жырау, Есенжол Сайқыұлы, Құлназар Құмқозыұлы,т.б.);

  2. Шәкей салмен айтысқандар (Қаңлы Жүсіп, Даңмұрын Кенжебекұлы, Тұрмағанбет, Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары, Ыспан қари Сүлейменұлы);

  3. Үш ақын: Кете Жүсіп, Жұбаназар, Құлназар;

Кете Жүсіп, Тұрымбет, Жиенбай;

  1. Алты ақын: Тұрмағанбет, Ш.Омаров, Кете Жүсіп, Кете Шахар, Керейт Шәді, Молдағали;

  2. Жеті ақын: Шәкей сал, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп, Ыспан, Жұманазар, Даңмұрын, Шораяқтың Омары;

  3. Тоғыз ақын: Сегіз сал, Ұлбай қыз, төрелікке жеті ақын.

Ақындарға аралық басалқы сөз айтқан ақындар:

  1. Ырысты мен Шегебай айтысына төрелік айтқан Қарасақал Ерімбет, Шораяқтың Омары;

  2. Қарасақал Ерімбет пен Шораяқтың Омарына Оразымбет Есентайұлының төрелігі;

  3. Даңмұрын мен Шәкей сал айтысына Тұрмағанбет пен Шораяқтың Омары аралық сөз айтып, хат жазған;

  4. Сегіз сал мен Ұлбай қыз айтысына төрелікті жеті ақын айтқан.

Кеңес дәуірі тұсында хат арқылы өлең жазу дәстүрі жоғары қарқынмен дамыды. Бұл тұста 1941-1945 жылдары майданға хат, майданнан хаттар, кісі өліміне байланысты көңілқос айту хаттары, ғашықтық хаттар сияқты поэзия үлгілері Сыр елінде жалғасын тапты. Әбзәли Егізбайұлы, Нұрсұлтан Жұбатұлы, Әбдіразақ Қаналиев, Ілияс Нұркеновтердің майданнан елге жолдаған хат өлеңдері маңыздылығымен де мәнді болды. Ал жазықсыз жазаланып, түрмеге түскен Палымша Күзембайұлы, Тұрмағанбет Ізтілеуов, т.б. отбасылық хаттары, қоғам қайраткерлеріне жолдаған хат өлеңдерінен асқақ рухты, кең тынысты қаламгердің психологиялық жан тебіренісі байқалады.

Екінші дүниежүзілік Отан соғысы жылдарында облыстық газеттерде ақындардың хат арқылы жазысып айтысуы жарияланып тұрған.

Жалпы хат жанрын зерттеуші ғалымдар жеке адамдарға арналған хаттар, елшілік хаттар деп бөледі де, хаттың мазмұнына қарай ашық хат, үндеу хат, шағым хат, алғыс хат деп қарастырып жүр. Десек те, хаттың поэзиялық түрі бұл ережеге сәйкес келе бермейді. Осы орайда зерттеуші ғалым К.Қамзиннің: «Хат жанрында ежелгі тегінің, байырғы стандартының, ақындар айтысының, тұрмыстық санаттағы хаттың сыртқы пішіні сақталып қалған»,- деген пікірі ойымызға оралады [2, 400 б.].

Сыр сүлейлері деп отырған ақындар шығармаларын зерделей келе, хат өлеңдерінің ашық хат, шағым хат, жеке адамдарға арналған хаттарды жиі кездестіреміз. Бұл топтағы ақындардың ерекшелігі хат өлеңдерінде айтыскерлік, сұқбаттық сарын басым келеді. Мәселен, жеті жылға созылған екі Жүсіптің айтысы бірін-бірі көрмей, хат арқылы сұхбаттасуға құрылған. Сәлемдесу, сауқат сұрау, қоштасу сияқты жауаптасулар арқылы өрбіген айтыс соңы шешілмес дауға ұласады. Айтыс жәй хат үлгісіндегі өлең емес, адами құндылықтарды бағалай білуге шақырған, даналық ой-толғамға құрылған хат поэзиясының мәдени көрінісі болған.

Сыр сүлейлерінің хат өлеңдерін талдай келе:


  • Хат өлеңдері өнер, адамгершілік, қоғамдық маңызды мәселелерге құрылады;

  • Сыр сүлейлері хат өлеңдер арқылы өнер жарысына түседі;

  • Сұхбат жасап, жеке бас мінеуге құрылған хаттарды мәмілеге келтіріп, басалқы сөз айтады;

  • Әрбір хатта өзекті мәселелер көтеріп, ой-қорытынды жасалады;

  • Сыр сүлейлері жазған поэзиялық хаттарда сол заманның саяси-әлеуметтік жағдайларынан хабар береді;

  • Сыр сүлейлері хат өлеңдері арқылы түрлі дауларды шешіп, бітімгершілікке шақырады.

Нақты деректерге сүйене отырып айтпағымыз, Сыр сүлейлері эпистолярлық публицистикалық жанрды қалыптастырып, оның мәнді де құнды үлгілерін жасаған. Мұндай өлеңдер мен айтыстар қазақ әдебиеті тарихынан өзіндік орнын алды.

Сыр сүлейлері хаттарын талдай келе, оларды арнау хат, айтыс хат, көңілқос хат, шағыну хат, Отанға деген сүйіспеншілік сезімін қозғайтын хат, қыз бен жігіттің махаббат, ғашықтық хаттары, сыни хат, түрмеден хаттар, назым хат, саяси хаттар деп шартты түрде бөлуге болатынына көз жеткіздік. Тағы да бір байқағанымыз, Сыр сүлейлері хаттарының барлығы дерлік, мейлі ол сыни, мейлі шағыну хат болмасын, міндетті түрде сәлемдесумен басталады. Қазақта: «Сәлем – сөздің анасы» деген ұғым бар. Мұны мұсылманшылық қағидасы да құп көреді. Сондықтан бұл тұрғыдан да сүлейлер хаттарының өзіндік тәрбиелік мәнінің зор екендігін айтпай-ақ түсінеміз.


Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Арабско-русский словарь. –Москва, 1970. -Т.1. -С.591.

  2. Қамзин К. Қазақ көсемсөзі жанрларының кемелдену үдерісі. –Алматы: Экономика, 2009. –400 б.


Достарыңызбен бөлісу:




©www.dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет