Ресейдегі қазақтардың мәдени мұраларының сақталуы мен өзгерісі Т.ғ. д профессор Б. К. Қалшабаева мен А. К. Бейсегулованың «Ресейдегі қазақтардың мәдени мұраларының сақталуымен өзгерісі»



Дата09.06.2016
өлшемі104 Kb.
#123259
ӘОЖ 94(=512122):572.9
Б.К.Қалшабаева,А.Қ.Бейсегулова

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,

Қазақстан Республикасы, Алматы қ.
Ресейдегі қазақтардың мәдени мұраларының сақталуы

мен өзгерісі
Т.ғ.д. профессор Б.К. Қалшабаева мен А.К. Бейсегулованың «Ресейдегі қазақтардың мәдени мұраларының сақталуымен өзгерісі» тақырыбындағы мақаласы Ресей Федерациясының Алтай республикасы Қошағаш ауданындағы қазақтардың материалдық және рухани мәдениетінің сақталуы мен өзгерісі мәселелеріне арналған.

Мақалада авторлар қазақтардың Қошағаш ауданындағы алғаш салынған қоныстары мен баспана үлгілерін, атауларындағы ерекшелігін көрсетеді. Сонымен қатар, дәстүрлі киімдері мен тағамдарындағы ұлттық болмыстың сақталуымен бірге жергілікті халықтың ықпалымен енген өзгерістер жөнінде де айтылады. Сондай ақ, орыс халқының ықпалымен ұннан жасалынған тағамдардың түрлері көбейгендігі көрсетіледі.

Авторлар мақалада отбасы және отбасылық тұрмыспен байланысты әдет-ғұрып, салт-дәстүрлердің сақталуы мен ерекшелігін де жан-жақты көрсетеді. Сондай ақ, аймақтық ерекшеліктер мәселен, Орынбор мен Алтай қазақтарының әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер салыстырыла қарастырылады. Мақалада Алтай қазақтарының дәстүрлі мәдениетіне жергілікті алтай халқынан енген өзгерістер де қарастырылады.

Түйін сөздер: Ресей, мәдени мұра, Қошағаш ауданы, материалдық мәдениет, рухани мәдениет, Орынбор, Алтай.
Б.К. Калшабаева,А.К.Бейсегулова

Сохранение и изменения в традционной культуре казахов в России
Резюме

В статье профессора Б.К. Калшабаева и А.К. Бейсегулова на тему "Изменение и сохранение культурного наследия казахов в России" характеризуются изменения, произошедшие в материальной и духовной культуре казахов села Кошагаш, Алтайского края Российской Федерации.

Кроме того, авторы рассматривают процесс переселения казахов в данный регион и особенности их жилищ.Казахи здесь в какой-то степени сохранили традиционную одежду и систему питания, однако в них были внесеныи изменения в связи с влиянием местного населения. Воздействие русского народа сказалось на увеличении видов продуктов питания, изготовленных из муки.

В статье рассматриваются изменения, произошедшие в сфере семейных отношений, а также обычаев, традиций. Характеризуются региональные различия и сходство в традициях и обрядах, например, у оренбургских и алтайских казахов. В статье анализируются особенности традиционной культуры казахов Алтая.



Ключевые слова: Россия, культурное наследие, село Қошағаш, материальная культура, духовная культура, Оренбург, Алтай.
B.K. Kalshabaeva, А.К.Beysegulova

Saving andchanges intraditionalculture of Kazakhsin Russia
In the Professor B.K. Kalshabaeva and A.K. Beysegulova`s article "Change and preserve of the cultural heritage of the Kazakhs in Russia" are characterized by changes in the material and spiritual culture of the Kazakh village Koshagash (Altay area).In addition, the authors examine the process of resettlement of Kazakhs in the region and the characteristics of their dwellings. Kazakhs save the traditional clothing and food system, but they were made changes due to the influence of the local population. The impact of the Russians affected the increase in types of foods made from flour.The article examines changes in family relationships, as well as customs and traditions. Orenburg and the Altay Kazakhs characterized by regional differences and similarities in the traditions and ceremonies. The article analyzes the features of the traditional culture of Altay Kazakhs. Key words: Russia, cultural heritage, village Koshagash, material culture, spiritual culture, Orenburg, Altay.

Ресейдің Қазақстанмен түйісетін он екі аймағында: Астрахань, Самара, Саратов, Волгоград, Орынбор, Қорған, Челәбі, Омбы, Новосібір, Түмен (Тюмень) облыстары мен Алтай Республикасы және Алтай өлкесінде қазақтаршоғырлана орналасқан.Осы аумақтардағы қазақтардан Алтай өлкесі, Орынбор, Астрахан және ішінара Омбы қазақтары өзінің дәстүрлі мәдениетін сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып отыр.



Заттай мәдени мұралары. Қонысы мен баспанасы. ХХ ғасырдың 30 жылдарынан бастап Алтай қазақтары отырықшылыққа көше бастады. Сондықтан Шу даласында тұрақты қоныстар көбейе бастады. Тұрақты қоныстар қазақтардың сол ертедегі қыстаулары орнында не соған жақын болды. Мәселен, Төбелер", Ақтал елді-мекендері қыстаулардың орнында пайда болса, ал Джазатор елді мекені қазақтардың жайлау маңында қоныс тепкен(I).Қазіргі кезеңде бұл елді-мекендегі халықтардың жартысы қазақтар, жартысы алтайлықтар болып келеді.

Бүгіндегі Қошағаш ауданы Ресей және Монголияның сауда орталығы ретінде пайда болды. 1896 жылы Қошағашты аралаған Е. Шмурло былай деп жазады: «не қала емес, не cело емес тек жоспарсыз, шашырай орналасқан ондаған үй ғана», - деп жазады [1]. Қосағаш өлкесінде қазақтардың алғаш салған ескі шым үйлерінің, шым қораларының орны әлі де өте көп кездеседі. Бүгінгі күндері Қошағаштың барлық ауылдарында «Пәленнің қыстауы, түгеннің жайлауы» деп аталатын жерлер көп. Мәселен, Теленгіт ауылында «Сайполла қыстауы», Төбелер ауылында «Бегімбек қыстауы», «Кеңгірбай қыстауы», «Ақтай қыстауы», «Сатай өткелі», «Қонысбай өткелі», «Қожабай өткелі», Қурай жерінде «Қожабай жұрты», Жаңа-Ауыл жерінде «Әбілғазы тасы», «Әлпеміш жұрты», «Шабдан сайы» деген ескі қоныстар бар(2). Ел әңгімесіне қарағанда тұрақты баспананың бірі ағаштан қиып үй салуды да қазақ Абдолда бастаған(I). Ол кезде орыстың саудагерлері салдырған ағаш үйлер Қошағашта ғана болған. Олар жалға жер алып, орыстарға үйін салдырып, келешекте қазақтың меншікті жері деген атауға ие болу жолын іздестірген.

Ресейдегі қазақтардың да дәстүрлі баспанасы – киіз үй және төбесі жалпақ тегіс болып келетін жер үйлерден тұрып, олар ХХ ғасырдың 30-40 жылына дейін сақталды. Тұрақты баспанаға жататын жер үйлердіңерекшелігі, төбесінің құрылысымен байланысты болды. Зерттеліп отырған аймақтағы қазақтар өздерінің дәстүрлі тұрмыстық мәдениетінің негізін XIXғ. аяғы-XX ғ. бас кезінде сақтап қалғанымен де баспана, киім және тағамдарында сол аймақтағы жергілікті халықтардың ықпалымен болған өзгерістердің бар екендігін жоққа шығармаймыз. Сонымен қатар заттай мәдениетінде архаикалық мәдениет элементтерінің сақталғандығы жөнінде зерттеушілер еңбектерінде де кездеседі. Мәселен, ортасына тіреу қойылып, төбесі киіз үй тәрізді етіліп, дөңгелене салынған қотан қоралар Орынбор облысының Светлый, Дамбар аудандарында ХХ ғ. 80 жылдарына дейін кездессе, тұрғын үйге жапсарлай салынған, екеуіне де ортақ бір ғана есігі болатын мал қоралар XXғ. бас кезіне дейін орын алып келді. XIXғ.II-жартысында негізінен ағаштан, күйдірілмеген қам кірпіштерден, шымнан және тоқылған талдан тұрғызылған үйлер басым болса, ғасырдың аяқ кезіне қарай қам және күйдірілген кірпіштен салынған үйлер көбейді[2].

Киіз үйді Орынбор қазақтары "терме үй" деп, атауы аймақтық ерекшеліктердің бірі деуге болады. Киіз үйдің бұлай аталуы негізінен башқұрлар мен қалмақтарға да тән. Сондай-ақ үйдің арқалығын –«үрлік», бағанасын «тірек», ал сырықты –«сайғақ» деп атау бұл өңір қазақтарының дәстүріне көршілес халықтардың мәдениеті сіңгендігі байқалады[2].Міне, осындай ерекшеліктер шеттегі қазақтардың тұрмысында, материалдық, рухани мәдениетінде көптеп кездеседі.

Орынбор қазақтары да ертеде негізінен тері бұйымдарынан тігілген және қой жүнінен тоқылған киімдер киді. Тек XVIII ғ. аяқ кезінен бастап сауда қатынастарының дамуына байланысты жергілікті қазақтар Ресейден әкелінген арзан маталарға мал өнімдерін айырбастауына байланысты теріден тігілген киімдер тұрмыстан ығыстырыла бастады.

Алтай қазақтарында ХХ ғ. 70 жылдарында ақ қазіргі киім үлгілерін кию басым болды. А.Н. Самойлович,Оңтүстік Алтайдағы қазақтардың ерлер киімін қазақ-теленгит-орыс киімі деп бөледі[3]. Қазіргі кезеңде қазақтардың ұлттық киім үлгілерінен көбіне ерлердің қысқы және жазғы киімі, қысқы бас киімі көбірек кездессе, қазақша тігілген ерлер көйлегі мен бешпеттер де орта жастан асқан қазақтарда бертінге дейін сақталған. Қазіргі кезеңде дәстүрлі киімдерді той-мерекелерде ғана киеді. Әйел киімдері қою қызыл түсті бархыттардан тігіліп, алтын жіптермен оюлап бастырылады. Қария әйелдер бет жақ тұсы қос қабаттап тігілген кимешек киетін.Соңғы кезеңге дейін күнделікті тұрмыста әйелдер басына орамал салып жүреді. Ол жас шамасына қарай, мысалы жасы үлкен әйелдер шымқай ақ түсті, ал орта жастағылар гүл басқан ақ түсті орамалдар, ал жас келіншектері қызыл, әр түрлі орамалдар байлайды. Ал, қыз балалар1960 жылдарға дейін пұшпақ бөрік кисе, ер адамдары тақия киді(I). Оның түсі мен өрнегі де олардың әлеуметтік жағдайын білдіреді. Мәселен, ең құрметті ру ақсақалы ақ өрнектермен бастырылған қара тақия киеді. Ерлердің сырт киімінің кең тараған түрі - сырты шибарқытпен тысталып, сырылып тігілген шапандар болды. Оны қазірге дейін кездестіруге болады. Ал қыс қатты болған кезде қой терісінен тігілген тондарды көбірек кисе, құлын немесе киік терісінен иленіп, желке тұсынан төмен арқа тұсқа келетіндей етіп, жүнін сыртқа қаратып тіккен жарғақтарды суық желдің өтіне киетін болған. Осындай «жарғақтар» Орынбор жастарында XX ғ. 30 жылдарына дейін кездесетін. Орынбор қазақтарының киім үлгілеріндегі ерекшеліктер, бас киімдер мен аяқ киімдерінен байқалады. Бас киімдері, әдетте, шошақ төбелі, ұшы сүйірлене біткен пошымда болады. Киізден жасалынған қалпақтардың алды-артынан, кейде екі жағынан жырық болады. Етіктердің басы қайқы, өкшесі биік келіп, артқы жағынан алға қарай қусырылған болып келеді [2, 156 б].

Алтай қазақтары күні бүгінге дейін қолөнер бұйымдарын дамытып, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келе жатыр. Себебі, қыз жасауына міндетті түрде өз қолдарынан шыққан бұйымдарды беруге тырысады. Сондықтан сырмақтар, тұскиіз, кереует жапқыштарды, жастық тыс, төсек жапқыш, кереует жапқыштардың жиектері, т.б.қазірге дейін көптеп тоқылады. Солардың бірі тұскиіз қазақ отбасының құнды мүліктерінің бірі. Ол міндетті түрде қыз жасауына кіреді. Оның үстіне ол жас жұбайларды көз, тіл тиюден сақтайды деген ұғым бар. Сондықтан болар тұскиізде шеңберлер яғни күн тәріздес бейнелер жиі салынады. Күн тәріздес бейнелердің салынуы жастарға жарық, жылу беру ұғымымен байланысты. Сонымен қатар үшбұрыш, ромбы, ұшқыш құс бейнелері де салынып, жастардың өмір жолының ашық, түзу болуын тілеген (III).

Алтай қазақтарында әлі күнге дейін дәстүрлі тағамдар: ет-сүт өнімдері яғни еттен қой және жылқы етін, айран, сүт, қатық, қымыз тағамдары көбірек қолданысқа ие. Қонаққа пісірілген бас, ет сүбелерімен бірге қойылады. Қонақ алдында қожайын етті турай отырып, әркімге өз сыбағасын беріп отырады. Мәселен, жамбас сүйек не жіліктер құрметті қонақтарға, төс- күйеу жігітке не келінге, мойын омыртқа- қыздарға беріліп отырады. Етті бөлу құрметі үлкендерге тиесілі болып саналады. Құрметті қонақтарға жамбас пен бас беру міндетті. Онан кейін шәй беріліп, артынан қымыз ұсынады. Сонымен бірге қазақтардың ас-мәзірінде орыстардың ықпалы болар бәліш пісіру, әр түрлі ұннан жасалынған тағамдар (чебурек, пирожки) көбірек дайындалады. Ал, сусындардың ішінде ең қадірлісі қымыз.

Құрт жасау әдісіне келетін болсақ, сауылған сүтті ұйытып, оны сабаға не бөшкеге құйып, піседі.Майы алынған іріткіні қазанға құйып әбден қою болғанша қайнатып болған соң, сүзгіш ормалқапқа құяды.1 апта бойы сары суынан айырылған сүзбе кеберсігенде, оған тұз қосып араластырып, құрт етіп кептіреді. Ал, ірімшікті жасау үшін сүтке айран қосып, ірітіп, көп сары суынан айырылған сүзбе қоюланып,қамыр сияқты илеуге келгенде әр түрлі кескінде кептіріп ақ ірімшік алады. Ал енді қызыл ірімшік жасау үшін дәл осы әрекеттерді қайталайды, бірақ ақ ірімшекке қарағандақашан қызыл түске енгенше көбірек қайнатылады(I).

Ораза айында негізінен құнарлы ұлттық тағамдар көбірек дайындалады. Мәселен талқанға қант, мейіз, пешенейді келіге түйіп қосып қоймалжың болғанда жент етіп, дайындайды. Бұлар ең құнарлы және тың тамақ түрлері. Тамақтың бұл түрлері әлі күнге дейін қолданыстан түскен емес. Қошағаш қазақтарының қонақжайлылығы қазірге дейін басқа ұлттарға өте танымал. Қазақтың: «Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп» - дегендей, дастарханы әйелдерге байланысты болған. Қашанда ұлттық тағамды дәріптеу, дәмдеу, дастарханды мол ұстау әр от басының босағасына байланысты болған. Сондықтан біз зерттеп отырған аумақтағы қазақтар ұлттық тағам түрлерін барынша сақтауда.

Ал, рухани мәдениетіне байланысты мәдени мұраларға келетін болсақ, Ресей қазақтары оның ішінде Алтайдағы Қошағаш қазақтары өзінің ұлттық дәстүрлерін сақтап отыр. Әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінде дәстүрдің озығы бар, тозығы бар дегендей заманға, қоғамдық өркенге сай кейбір тұрмыс-салттық әдет-дағдыларында өзгерістер болғанымен соның бәрін де қазақи салт-дәстүрлермен ұштастыра, байытып отыруға күш салып келеді. Дегенмен де Жатқанбаев Әуелханның берген мәліметіне қарағанда,соңғы жылдары асыра сілтеп «кәделер» санының көбейіп кеткендігін де байқауға болады, - дейді. Сәби дүниеге келгенде шілдехана тойын жасау, әжелер, аналар жиналып бесікке салу, кіндік шеше ұйғару, азан шақырып ат қою рәсімдері 1965-1970 жылдарға дейін байырғы қалпында сақталды. Сол үрдіс жаңа салттармен байып әлі де жалғасып келеді. Балаға ат қою әр заманның ағымына байланысты болған. Кеңес өкіметіне дейін сәбидің аты отбасындағы баланың орнына яғни үлкен не кішісіне, не бір жағдайға байланысты қойылатын. Мәселен, Тұнғышбай, Кенжебай, Соңғыбай,т.б. Бала тоқтамағанда ырымдап: Тоқтасын, Тоқтаубай, Тұрар т.б., өмірдегі тұрмыс жағдайына байланысты: Жылқыбай, Қойшыбай, Түндікбай, ай, күннің белгілеріне байланысты Дүйсенбі, Бейсенбі, Жұма. Ауа райына байланысты Боранбай, Аязби, т.с.с. етіп қойылса, қоғамның саяси құрылысына байланысты әсіресе Кеңес дәуірі кезінде Октябрь, Пионер, Жұлдыз, Совет, Стахан, Фронт, Указ, Приказ, Союз, Депутат, Устав т.б. есімдер көп болатын. Мұсылман дінінің ықпалымен, құран сөздерінен алынып арабша: Қапиза-хафизу, Кәбира-кабиру, Хамит-хамиду, Рахым-рахиму, Мүсілім-мүсилимим, Рахман-рахманут.б. деген аттар жиі кездесетін. Ал, кейін келе Ресей мемлекетіне қарасты болғандықтан орыс аттары да қойыла бастады: Юра, Витя, Оля, Галя т.б(1). Орыс аттары әсіресе Орынбор, Астрахан қазақтарында көбірек кездесетіндігін 1983-1984жж. этнографиялық экспедициялар барысында кездестірдік. Әр заманда сәбиге ат қоюдың рәсімін зерттей келе, бұлда тарихтың айғағындай болып табылатынына көз жеткіземіз.

Орынбор қазақтарында қыз ұзату, келін түсіру салт-дәстүрлерінде негізінен ертеден келе жатқан жөн-жоралғыларының ғұрыптық мәні сақталынғанымен, олардың орны мен көлемінде ерекшеліктер бар. Мәселен, тоймалға арнап бұрын бірнеше жылқы берілсе, кейін келе бір мал және дастархан мәзірін алып келеді. Сондай-ақ, «құда табақ», «күйеу табақ», «төркіндеу» жоралғылары да қазақ дәстүрінен қалған емес. Қазіргі кезде аталған аймақтарда берілетін кәделердің көлемі азайған.

Қошағаш қазақтарында «Бесік құда» болу дәстүрі де 1960 жылдарға дейін жалғасты, дегенмен де кейін келе жалпы құда түсу салты ұмытылып, қызды алып қашу, тіпті бертін келе қыздың өз қалауынсыз ақ күшпен алып қашып, ықтиярсыз келін ету жағдайлар бір кездерін орын алғанмен, соңынан заңның күшімен тоқтатылып, біртіндеп жойылды.

Қазіргі кезеңде жастардың өз қалауымен, алып қашып үйленеді.Келін түскеннен кейін құдалардың алдынан өтіп, кешірім сұрап бас киімін құданың алдына тастайтын дәстүр әлі де бар. Мұның жалғасы ата-аналарының нұсқауымен «ашубасар» кәдесін беруге ұласады. Мұнда 3-5 кейде «ас көп болса кәде көп» дегендей 7 қоржынға дейін алып барып жүр. Оған бір қойдың еті, басқа тағамдар, мөлшерімен ақша салынады. Қоржын барғанда қыз жағы ағайын-көршілерін жинап «қоржын сөгу» рәсімін істейді. Оны аса бір қадірлейтін әйел адамға ұсынып сөктіреді(II).

Үйленуге байланысты әдет ғұрыптары жөнінде Қ.Бесайдар: «... қызды қолдан беру аз, көбіне қызды алып қашу басым. Алдымен қыз ата-анасы алдынан, онан кейін олар көрсеткен ағайындарынан кешірім сұрайды. Ол ырымды «ашу басар» дейді. Бәрінен кешірім сұрап, рұқсатын бергеннен кейін ғана қоржын кәдесін апарады. Онда қалың мал апарылмайды. Күйеу жігіт жақын ағайындарымен қыздың үйіне алғаш барғанда бір жылқы, қоржын апарады. Тойды жігіт жақ қана жасайды. Қыз ұзату тойы не екі жақтың бірігіп той жасауы көп кездеспейді. Қыздың туыстарына «киіт» оған кілем беріледі. Сонда қыз жаққа жетпіске жуық, кейде жүзге жуық кілем береді. Ал қызға жасау дайындау ананың міндеті, сондықтан қызға алты жастан жинасаң жетеді деген нақылды берік ұстанған», -дейді (III).

Ел арасынан жинаған мәліметтерге қарағанда, қазіргі кезде құдалыққа 60-70 адамға дейін келіп, киітке міндетті түрде сырмақ, екі кілем, алтын, күміс зергерлік бұйымдар береді. Бұрындары «дәм араластыру», «ашу басу» қоржыны деген болатын. Енді қазір кәделердің түрі көп сонымен қатар қоржын саны да көбейіп, бес қоржын беріледі. Кешірімге келген жігіт жағына қыздың үйі жақын ағайындарынан бес үйді атайды. Сол бес үйге бес қоржын дайындалып, оған бас сирағымен, ішек қарнымен бір қойдың етін, бір тегене бауырсақ, бір тегене тәттілер, шапанға бес метр барқыт, бес метр астарын, бес метр тағы басқа мата түрі, бес шылауыш, оның бір бұрышына ақша түйеді. Бұрындары үш мың сом салса, қазір он бес мың салады. Ал қыздың өз үйіне, қалған үйлерге елу мың сомнан салады. Оларды үлкен қапқа түйіп, оның үстіне осы қапты шешетіндерге арнайы кәделерін салынады, ол кейде көйлектік мата, не тәттісімен қоса ақша берілуі мүмкін. Енді бір ерекшелігі, қапты түйенің шудасынан жасалған жіптен еседі. Оны сол жердің құрметті, жасы үлкен әйеліне оратады. Бұл қоржынды екі кісі апарады. Қыз жағы құда, құдағи, ауыл аймағын, туыстарын жинап, әкелген қоржынды екі адамға сөктіртіп, оларға кәделерін береді. Сосын қоржынның ішіндегі дәмді, етті алып сол үйдің дәмімен араластырып туған туыстарына, ауыл ағайындарына дастархан жаяды(III).Құдаларды жөн жосығымен аттандырады. Бұрындары той жасап, барып ат жетектетіп, үкі тағып күйеу жігітті, ата анасымен жора жолдастарымен күтетін.

Қошағаш қазақтарында қыз балаға төсек орын дайындау бұрыннан келе жатқан салт. Төсек орынды дайындау негізінде шешесіне, әжесіне және жеңгелеріне жүктелген. Төсек орынға мынандай жабдықтар жатады: тұскиіз, жамбас көрпе, үкілеген шымылдық, біз кестемен кестеленген төсек жапқыштары, жастық қаптары, оюланған сандық, жүкаяқ, кестеленіп оюланған киіз төсеніш, сырмақтар. Бұрыннан келе жатқан қазақтың оюы, сызуы әр жабдықта ерекше бейнеленген. Заманның ағымына қарай бүгінгі заманға сәйкес түрлі мебельдерді төсек орынға қосып жүр(III).Қазір төсек орынды той күні апарады Жүгін әкеле жатқанда сол ауылдың бір әйелі шығып «түйе мұрындық» деп оған кәде алады(IV).Алып келген жүктің бәріне қыз жақ тенді шешкенге, көрпе ашқанға, т.б. кәделерін береді. Шымылдықты да жасаумен бірге қыз жақ әкеледі. Оған қоса қыздардың өздері кестелеп тіккен төсек жапқыш, дастархан, жастықтың тысы т.б. дүниелері болады. Сонымен бірге тұскиіз, текеметпен қоса киізден қызыл барқыт, қыжыммен өрнектеген арнайы «қыз төсегі» де тігіледі. Қыз жасауына қазіргі заманға сай дүниелермен қоса бұрынғы қазақтардың салты бойынша қолдан жасалған бұйымдарын, қолдан жасалған он шақты көрпе, он шақты кілем қосады. Тұскиізге, шымылдыққа, төсегінің басына үкі қадайды. Онан басқа қыздың жасауға кіретін екі сандықтың біреуінің ішіне ыдыс-аяқ, ал екіншісіне қыздың киімдері салынады. Ертеректе теріден жасалынған ішік, елтірі жилетпен қоса сандықтың түбіне 24 метр ақ дәке не мата салынатын. Матаны салуы қыздың о дүниеге барғанда киетін киімі яғни ақіреттік киім төркін жақтың міндеті саналады. Сол сияқты ата-анасына қыздың берген ақіреттік киімі (20-25 м. ақ мата) сауап болады деп есептеледі. Бұл қай жақтағы болмасын барлық қазақтың ұғымы(IV).

1990 жылдарға дейін «күйеу түсу» дәстүрі қатты сақталған. Мұнда бас құда, құдағи, күйеу, күйеу жолдасы барып кәдесін жасаса, «төсек орын апару» шешесіне, жеңгесіне, ауылдың үлкен бәйбішесіне жүктелген. Төсек орын апаруға 60-70 әйелге дейін еретін дәстүр қалыптасып, халықты қатты шаршатты. Ал, 1995 жылдардан бастап той болатын күнге сәйкестендіріп «төсек орынды» ағайындары мен бірге алып келетін дағды қалыптасты(I).

Ертеде келін шымылдықтың артында 3-4 күндей отырып, онан кейін беташар той жасап, ағайын туыстары келінге көрімдік беретін. Ертеде келіндер бүрмелі ұзын көйлек, аяқтарына етік киіп бастарына орамал байлап жүрсе, бүгінде ол қалған. Келінді әкеле жатқанда үйге жеткізбей ауылдың бір әйелі алдынан шығып келіннің басына ақ желек жабады. Ол босаға аттаған сәттен бастап «ат тергеу» салтымен ата-ене, күйеуінен үлкен ағалары, ағайын-туыстары, іні-қарындас, абысын-ажындарына дейін барлығына ат қойып, олармен аттас есім, зат-бұйымдарды да тура атамауға тырысатын. Ал қазір тойдың алдында тамадалар ат қойдырған болғанымен той тарқаған соң-ақ ұмыт болып жатады. Бұл салт түркі халықтарының ішінде қазақ ұлтының ерекше берік ұстанған, сыйластықтың, құрмет көрсетудің, әдептіліктің ең бір асыл қасиеттерінің бірі.

Ұл баланы 5 жасқа толғанда сүндетке отырғызып, атқа мінгізу тойы да Қошағашта кең тараған той-тілеулердің бірі. Бірақ баланы сүндеттеу Кеңес үкіметі тұсында мүлде тоқтап қалды деуге де болады. Тек 1991 жылы Жаңа-Ауылға Қазақстаннан Садыр қажыны алдырып сүндетті қайтадан жандандырған(I).Ұл баланы 5-7 жасқа толғанда атқа мінгізу салты бүгінгі өзгерістер мен дамуына байланысты жоғалып барады.



Өлік жөнелту ғұрыптары. Отбасына байланысты салт-дәстүрлердің ішінде өзінің алғашқы мәнін жоғалтпаған ғұрыптардың бірі-өлік жөнелту және оны еске түсіру дәстүрлері. Мәйітті жерлеуден бастап жылына дейінгі жүргізілетін рәсімдерде архайкалық белгілер біршама сақталған. Қаралы болған үйдің қонақасы беру, жаназа шығаруды, өлікті жуу мәселесін ағайындары шешеді. Кісі қайтыс болғанда бірінші парыз - мәйітті дәреттендіріп, оң жаққа салып, ағайын-жұрағатына тегіс хабар айтылады. Өлген адамның тұсына да шымылдық құрып, дауыс шығарып жылап отырады.

Өлген адамды оң жаққа салып, сүйекке 7-8 адам түседі. Шүйде мәйітті жуу ісі негізінде жанашыр құда, құдағиларға тапсырылады. Төрт кісі мәйітті жууға белгіленеді, ал су құюға жанашыр ағайыны, шымылдық ұстауға екі құдандалы немесе үлкен адамдар ұйғарылады. Оларға бұрындары киімін берсе, кейін келе ақша беретін болды. Өлік шыққан үйден шығын шығармауға тырысады. Екіншіден өлімге келген халықтың ас-суын, дастарханын реттеумен әйелдер айналысса, үйшік шаптыру, көр (қамыр) қаздыру, соятын малын белгілеу ер адамдарға жүктелген(V).Ал, мәйітті үйден шығарарда барлық адамдарды сапқа тұрғызып жаназа шығарады. Жерлеуге қабыр басына тек ер адамдар барады. Бұл мәселе де тек 1995 жылдардан бері түзеліп келеді, оған дейін әйелдерді де апарып шулататын. Марқұмды соңғы сапарына аттандырып, өлі денесін көрге түсіріп, бас топырағын салуды дәреттенген үш адамға тапсырады. Имам құран оқып, топырақ салуға келген барлық адамдар тізе бүгіп, аруақпен соңғы рет қоштасады. Сонымен қатар марқұмның жеті күнін белгілеп жетісін беру, қырық күн толғанда қырқын, жыл болғанда жылдығын беру, жұма сайын, шамаларына қарай, жұма шайына құран оқытып, аруақтарға арнап ас беру салты да сақталған. Бұрындары кісі қайтыс болғанда тиын тарату, жыртыс жырту, шырақ жағу салттары бар болатын. Осы әдет молдалардың шешімімен 2008 жылдардан бастап тоқтатылды. Ертеде қайтыс болған адамды ақымдап қоятын болған, еш қандай ағаштан үйшік шабылмаған. Бұл дәстүр Қаратал бейітінің жер жағдайына байланысты болған. Кейін келе қазған жері құмды болғандықтан ағаштан үйшік шаптырып салдыру таралды. Қабір үйлеудеде заманға сәйкес құрылыс материалдары қолданылуда. Мысалы: Жазотыр қазақтарының қабір үйлеуі Шығыс Қазақстан қазақтарына көп үйлеседі. Бұрынғы ата бабаларымыз топыраққа жылқы қылын, соғымнан қалған іш майды ерітіп қосып балшықтан қорғандағаны белгілі. Осындай бейіттерді Укок жеріндегі Қаратал, Бәйзін, Қарасу, Көрләй, Орталық, Шәкірт қажы бейіттерінен көреміз. Ал бертін келе шатыр тұрғызу, ағашпен қоршау, кірпіш, темір, бетон қою салтқа айналды. Ал қолы жеткендер мрамордан, граниттен құлпытас орнатып келеді. Соның ішінде бейіттің басына ай тұрғызу мұсылмандық белгісі сақталған. Кеңес дәуірінде басына ай мен қоса бесбұрыш та тұрғызылатын. Дегенмен де өліктің басын әруақытта құбылаға қаратып қою, басына ай тұрғызу өзгеріссіз сақталған. Қазақтардың өлікті жөнелту ғұрыптары біршама өзгеріске ұшыраған. Мәселен, Джазатор поселкасында алтайлықтардыкі бір бөлек, қазақтардың бейіті бір бөлек болып екеуі ауылдың екі шетіне орналасқан. Егерде мұсылманға шыққан алтайлық әйел өздерін әкесі жатқан бейітке қой десе, солардың тәртібімен қойылады. Ел арасынан жиналған мағлұматтарда қазақ пен алтай арасындағы аралас некеде дәстүрлерді сақтау қиынға соғатындығын айтады. Мәселен, алтайлыққа шыққан қазақ әйелі қайтыс болса, не жоқтау айтарын, не олардың тәртібін орындауды білмей қиналып жатады. Себебі, алтайлықтардың дәстүрі бойынша олар көбіне христиан дінінің талаптарын, мәселен, орыстар сияқтыөлгенадамның бетін ашып қойып, жағалай отырады(I).Алтай қазақтарында адамның бұрынғы жатқан төсегін бұзып бір жыл бойы сол жерге барлық киімдерін, ертоқымын, қамшысын бәрін іліп, соңғы кезеңге дейін «тұлдау» ғұрпын сақтаған. Ол төсекке әйелі де басқа да жатпаған. Егер ер адам өлсе, оның мінген атына қайтадан ертоқым салып ат әбзелдерін, тонын іліп дауыс шығарады. Осыдан кейін отырған адамдар барып атқа барып көрісіп, ілініп тұрған киімдерін қамшымен ұрғылап алып, ағайын туыстарына, құда жекжаттарына таратып береді. Әйелінің басындағы қара желекті де қамшымен айналдырып алады. Ол басыңнан қара қайғыңды алдық дегенді білдіреді(III).

Ал, Орынбор қазақтары мәйітті зиратқа дейін жеткізуде арнайы ағаштан жасалынған табытты (оны бесік деп те атайтын) пайдаланды. Мұндай табыттар соңғы өлік қай үйден шықса. сол үйде сақталынады. Орынбор өлкесінде бейіттің үш түрі кездеседі. Бейіттер марқұмның әл-ауқатына байланысты күмбезделеді, бөрене ағаштардан қиюластырып салынған және пирамида тәрізді етіліп үстіңгі жағы тарылып келетіндей қам кірпіштерден немесе шымнан қаланған болып келеді. Кейбір бейіттердің күмбезінің ішкі беті түрлі мазмұндағы суреттерге толы. Олардың көбісі көшпелі өмірді бейнелейді.Орынбор қазақтары қайтқан адамға арнап үшін, жетісін, қырқын, жылын берумен қоса елу екі күнін де өткізеді. Алайда бұл салт Орынбор қаласына кең таралмаған, тек Ясный ауданының бірнеше ауылында ғана кездеседі (II).

Жалпы алғанда, Ресей қазақтарының негізгі бөлігі өзінің дәстүрлі мәдениетін сақтап отыр дегенімізбен де тұрмысы мен мәдениетінде жергілікті халықтың ықпалы байқалады. Біз шеттегі қандастарымыздың дәстүрлі мәдениетіндегі ерекшеліктерді саралау арқылы олардың қаншалықты деңгейде ұлттық болмысын сақтағанын не болмаса ассимиляцияға ұшырау қаупінде тұрғандығын саралауға мүмкіндік аламыз.
Әдебиеттер

1 Шмурло Е. 1898. Описание пути между Алтайской станцией и Кош-Агачем в Южном Алтае// Записки Западно-Сибирского Отдела Императорского Русского Географического Общества. – Омск. -Кн. ХХІІІ.

2 Ескекбаев Д.Б., Төлеубаев Ә.Т. Орынбор қазақтары. – Алматы: Қазақ

университеті, 2007жыл.– 207б.

3 Самойлович А.Н. Казаки Кошагачского аймака Ойратской автономной

области1927 // Казахи. Материалы комиссии экспедиционных исследований. –Сер. Казахстанская. Л:АН СССР, 1930, - Вып.15.- С.312


References

1 Shmurlo E. 1898. Opisanie puti mezhdu Altayskoi stancieii Kosh-Agashem v Yujhnom Altae.-// Zapiskï Zapadno-Sibirskogo Otdela Imperatorskogo Russkogo Geograficheskogo Obshchestva. – Omsk. -Kn. XXIII.


2 Eskekbaev D.B., Tolewbaev A.T. Orınbor kazakhtarı. – Almatı: Kazakh
universiteti, 2007.
3 Samoylovich A.N. Kazaki Kosagashskogo aymaka Oyratskoy avtonomnoi
oblasti 1927 g // Kazaki Materialy komissiiekspedicionnychissledovaniy. –Ser. Kazakhstanskaya. L: AN SSSR, 1930, - Vıp. 15. - S. 312 

Информаторлар

І. Жатқанбаев Әуелхан Жазитұлы, РФ, Алтай өңірі, Қошағаш ауданы,

1952,руы найман-сарғалдақ.

ІІ. Мұхтасыров Пионер, РФ, Алтай республикасы, Қошағаш ауданы, жасы

1938, руы найман

ІІІ. Қожабаева Бесайдар, Алтай республикасы, Қошағаш ауданы, 1950

IV. Асанұлы Қабди, РФ, Алтай Алтай республикасы, Қошағаш ауданы, Жаңа ауыл ауылы, 1934, руы керей.

V. Имантайұлы Қабас РФ, Алтай республикасы, Қошағаш ауданы, Жаңа ауыл ауылы, 1938, руы керей.



Informants

І. Jatqanbaev Auelxan Jazitulı, RF, Altay oniri, Kosagash audany,


1952,ruyi nayman-sargaldaq.
II. Muxtasırov Pïoner, RF, Altay respublikası,Kosagash audany,1938, ruyi nayman. 
III.Khojhabaeva Besaydar, Altay respublikası, Kosagash audany, 1934,
IV.Asanulı Qabdï, RF, Altay Altay respwblïkası, Kosagash audany, Jana auyıl auılı,1934 ruyı kerey. 
V.Imantayulı Khabas RF, Altay Altay respublikası, Kosagash audany, Jana auyıl auılı, 1938, ruyı kerey.

Достарыңызбен бөлісу:




©www.dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет