ҮШінші бөлім: «БҰзылған бесік » «Бізді аямасаң да жолыңда жатқан бесікті аясаң болмай ма?!»



бет1/7
Дата25.04.2016
өлшемі0.66 Mb.
#90030
  1   2   3   4   5   6   7




ҮШІНШІ БӨЛІМ: «БҰЗЫЛҒАН БЕСІК...»
«Бізді аямасаң да жолыңда жатқан

бесікті аясаң болмай ма?!.»

М. Әуезов. “Хан Кене”
АРЫЛУ
Иә, кіріспенің аты – «Арылу». Ұзақ толғанып, шұғыл шешім қабылдап, асыға қағазға түсірген осы жолдарда менің шығармашылық тағдырым жатыр. Алғаш рет Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылығын астастыра өріп, сол арқылы қазақ ұлтының азаттық жолындағы қасіретті күресі мен Алаш идеясын жеткізуді мұрат тұтқан күннен - 1976 жылдың 28 қыркүйегінен бастап бүгінгі 2007 жылдың 8 желтоқсанына дейін отыз бір жыл өтіпті. Соның ішінде «Қилы заман» мен «Қараш-қараш» оқиғасын қамтитын трилогия-толғаудың соңғы бөлімі болуға тиісті «Бұзылған бесік!..» - деген атпен ұсынылып отырған бұл тарау осыдан бұрын үш рет қолға алынып еді. 2400-ден астам тарихи деректер реттеліп, жазатын қалам, жазылатын қағаз, алғашқы сөйлем мен келтіретін деректер, айтылатын ой, дамытылатын пікірлер, қорытындыланатын тұжырымдар, баяндау тәсілдері мен ойды салмақтап жеткізетін көркем әдістер, туындының әр сөзі мен сөйлемі, әр абзацы, әр пікірі іріктеліп, жүйеленіп, қатталып, желісі түзіліп, библиографиялық көрсеткіштер мен картотекалар жасалып, қысқасын айтқанда, деректі әфсана жазуға қажетті алғы шарттардың барлығы да дайындалып, алғаш рет жазуға отырғаныма да ширек ғасыр толыпты.

Сол бір терең алынған демді суытпай Мұхтар Әуезовтің шығармашылық ойының даму желісін сақтай отырып, «Бейуақ» пен «Жалғыздың жанталасынан» соң бір қасіретті де қасиетті сезімдер ыстық табымен хатқа түсуі тиіс еді. Ондағы басты мақсатым – «Хан Кене» арқылы қазақ мемлекеттігі мен тәуелсіздігі жолындағы ұлт-азаттық майданын, «Қараш-қараш» оқиғасы арқылы рухани азаттыққа ұмтылған жалғыздың жанталасын, «Қилы замандағы» тарихи шындықты көрсету арқылы қазақтың бостандық жолындағы қасіретін барынша нақты құжаттарды пайдалана отырып, ұлттық тәуелсіздік сананы оятқым келді. Бұған Мұхтар Әуезовтің қатпарлы өмірі, әлемдік әдеби беделі, қуаты көркем әлемі толық мүмкіндік беретін. Әуезов арқылы алаш идеясын тірілту – ғұмырымның аңсары, өмірімнің өзегі, жазушылығымның мәні сияқты көрінуші еді. Әуезов шығармаларының астарындағы қасіретті шындық пен азаттық идеясын сезіне отырып, архивтердегі құжаттарды біле тұрып, оны ұлы жазушы туралы жазылуға тиісті романның (бұл арман да көркем қиял күйінде қалды) қосымша писхологиялық көркем желісі ретінде ғана пайдалану - қылмыс сияқты көрінген.

Өкінішке орай, сексенінші жылдардың басында қолға алынып, үш рет дайындалып, үш рет жазылмай қалған «Бұзылған бесік» атты бұл деректі әфсана да «Хан Кененің» тағдырын құшты. Өзгені былай қойғанда екі жарым мың беттік архив құжаттары мен деректерін сөз бен сөйлем арасында пайдалану үшін реттеу, жазу барысында оған «жан бітіру», ой қосу үшін қажетті соншама тағдырлы деректерді жадыңда ұстау, ондаған жылдар өтсе де соның ыстық-суығын бойыңда сақтау - қандай жад пен жан қуатын керек етті десеңші. Мүмкін шығарманы жазу азабынан көрі осы көңіл-күйді ұстап тұруға кеткен жұлын-жүйкенің салмағы әлденеше есе санаға артық салмақ салған шығар. Ол азаптан арылудың мүмкіндігі үшінші рет түскенде, яғни, барлық деректер қайта жазу столына реттеліп, үш ай дайындалып «Бұзылған бесікті» жазуға отырғанда сондай бір сеніммен, қуанышпен күнделігіме былай деп жазыппын:

«29.11.95 жыл.Бісмилла, бүгін өз өмірімде үш рет дайындалып, бірақ кірісе алмаған Кенесары туралы еңбектің жоспарын жасауға кірістім. Егерде Семейге, «Құнанбай» пьесасы жазу үшін [...] жүріп кетпесем, ептеп-ептеп дайындықты бастаймын. Ей, Алла, рақымыңды түсір. Әруақтар қолда. Кілтін дұрыс табуға септігіңді тигіз, Алла! Сағат 8.55.».

Күнделікке қарағанда бұл толғаныс бір айға созылып, Абылайдың әруағын да көмекке шақырыппын.



«8.12.95 Бүгін Абылайдың суретін қарсымдағы сөреге іліп қойып (кеше кешкісін ілгем), соған қарап отырмын. Немересі Кенесары туралы жалған айттырмас үшін маған қадала қарап тұрсын деп. Ал он күн болды, ешнәрсе тындырмадым. Өзіммен өзім алысумен болдым. Ауырдым. Енді есімді жиып отырмын. Асай-мүсейім (тараулар мен ішкі сөз, сөйлемдер)) әлі түгел емес. Машинканы жөндеу, бөлімдерді реттеу керек. Енді істің жайын қағазға түсіріп отырамын-ау осы. Сағат 4.00.».

Реттеулі деректер сол күйі жиылмай бір бөлмені алып ұзақ жатқаны есімде.Сол өкінішімді күнделікке: «20.5.97 Бұл сөзді жазғанға да екі жыл өтіпті-ау. Ақыры сол кітап жазылмай қалды. Екі ай отырдым. Бір жолы жазылмады. Бұл «Талқыға» ұласып кетті. Кенесары тағы да жазылмады. Бір реті келер. Қазір оны ойлауға мұрша жоқ. Той тойлап жүрміз. Тойлай жүрсең де ойлай жүр, Тұрсын.» - деп түсіріппін.

Мұндағы той – Мұхтар Әуезовтің 100 жасқа толуына байланысты өтіп жатқан шаралар мен мұражай-үйдің қайта жаңғыруы болса керек. Араға екі ай өткен соң:

«20.7.97. «Талқы» жазылды. Кенесары жоқ. Төртінші рет отыруға тура келе ме? Әлде мүлдем доғару керек пе? Не маған 45-50 беттік очеркпен тиылу қажет пе? Қайран 10 жылғы жиған архив деректері. Қайран бекер өткен уақыт. Қайран, Кенекем! Қайран, Мұха! Қайран, Тұрсын! – деп «Бұзылған бесіктен» мүлдем түңіліппін.

Неткен жанкештілік! Мұндай азапқа төзім қалай жетті десеңші!

Ол жолғы реттелеген құжаттар жазу столы үстінде екі жыл жатты. Ақыры шыдауға мүмкін еместей көрініп, жегімді жеген деректерді ешқандай тәртіпсіз сыпыра жиыстырып, ретті-ретсіз буып-түйіп, қопсыған күйінде М. Әуезовтің мұражайына өткіздім. Кенесары туралы қалған архив деректерін, фото, ксеро көшірмелерді сұраған адамдарға еш қандай талапсыз таратып бердім. Сөйтіп, 10 жыл бойы алдымды орап, басқа тақырыптарға тосқауыл қойған бөгетті - «Бұзылған бесікті!» келместің кеңістігіне мәңгілікке ұзатып салғанымды сезіндім. Жұлын-жүйкедегі ширығу да босап, кәдімгідей жеңілдеп қалдым.

Тіпті, Қайрат Сатыбалдиев себепкер боп Ресейден Кенесарының бассүйегін іздестірген сапарыымызда да бұл әрекетіме өкінгемін жоқ. Біз мұрағаттарын ақтарған 64 мекемедегі Кенесары көтерілісі туралы қатпар-қатпар қалың құжаттарды да құнттамадым. Мен дерек атаулының барлығын мидан өшіріп, көркем дүние жазуға ниет еттім. Ақыры ол ойым да сәтсіз аяқтала берді. Алла тілегімді қабыл етпегендей көрінді. Мүмкін «Бұзылған бесік!..» - деген аты сәтсіз қойылды ма екен, кім білсін. Қалай дегенмен де мен жазылмай қалған осынау шығарманың қыртыс-қыртысы мол қилы-қилы әсерінен бүгінгі күнге дейін, дәл қазір осы сөздерді жазып отырған сәттерде де арылған емеспін. Сондықтан да тура осы «Бұзылған бесікті!..» жазу үшін жиенім Думан Санк-Петербург дүкенінен арнайы сатып әперген, бұрын да бір рет беті қайтқан қаламмен, осы әфсанаға арналған сиямен осы жолдарды асыға жазып, «Хан Кенеге» қайыра бір оралуымның себебін түсіндіре кетпекпін.

Бірден ашығын айтайын, бұл мен о баста ойластырған «Бұзылған бесік!..» емес. Сол әфсананың мұқабасы ғана. Арылу үшін ғана қолға қалам алды демес үшін оның жай-жапсарын қысқаша сабақтайын. Біріншіден, кеңес өкіметінің қыспағында, ақыл-ойың тәуелді, қалам секемшіл кезінде азаттықты аңсаған асыл аңсар мен булығу, ішкі қарсылық пен қыжыл, белгілі бір дәрежедегі тәуекел қазір жоқ. Ол арман орындалды. Тәуелсіздіктің тұрақталып қалуынан басқа алаң жоқ. Демек, туындыны жазуға мәжбүр ететін жазушылық ішкі қыжыл мен құштарлық бәсеңсіген. Екіншіден, Мұхтар Әуезовтің асыл ойын аян ететін «Хан Кене» пьесасының еліне жетпей қалды-ау дейтін екі нұсқасына да текстологиялық салыстырулар жүргізіп, толықтай басылымын өз қолымнан жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болдым. Бұл да шығарманың ішкі ой желісін босаңсытты. Үшіншіден, Кенесары туралы тарихи деректер топталып, жинақталып жариялана бастады. Бұл қозғалыс туралы алғаш рет «Жұлдыз» журналында пікір алысу ұйымдастырып, Е.Бекмахановтың монографиясын тарихшы Ш.Әмірбековке аудартып әуелі журналда, содан кейін жеке кітап ретінде жариялануына себепшілік еттім. Сондай-ақ, қазіргі басылымдардың дені Кенесары жазған хаттардың орысша аудармасын жариялаумен келеді. Ал мен әйгілі мұрағаттанушы, өзегі таза әрі нағыз ұлт зиялысы марқұм Бейсенбай Байғалиевпен бірлесе отырып хан Кененің қазақша жазған хаттарының негізгілерін ғылыми айналымға түсірдім. «Хан Кене» пьесасы қақында кандидаттық, докторлық дессертациялар қорғалды. Мұның барлығы Абай айтқандай, әуел бастағы «қорықпас жүректі» жасытты, «айнымас көңілді» айнытты, «босанбас буынды» босатты. Жұрттың жүрегі - сабыр, ақылы - азық, жігері - қайрат табатын мүмкіндік туды. Енді қайыра қалам қайратын жұмсаудың қажеттілгі жоқ сияқты еді.

Иә, қажеттілігі жоқ еді, бірақ бар болып шықты.

Қаламгерлік құштарлықтың мәтінге түспейтін, көрінбейтін желі ретінде әфсанаға екпін түсіріп, емеурінмен жеткізілетін тегеуіріні қайтып, ішкі ырғақтың құлақ күйі босаңсып, бопсасы мен топсасы тосаң тартқанымен де үзілмейтін бір ызың сананы сыздата берді. Ол - әу баста «Бұзылған бесіктің» рухын құндақтауға тиісті хан Кененің жеке тағдыры, туынды «Хан Кенедегі» өмірлік шындық пен көркем шындықтың арақатынасы, шығармашылық психологияға қатысты сана сарыны емес, тұлғаларды тобырға айналдыратын тәуелді сана психологиясы еді. Кенесары хан мен «Хан Кенеге» қарата қаншама пікір айтылса да менің зерттеушілік әдетіме айналған осы бір көктүйнек құбылыс - тәуелді сана психологиясы – санама шаншу боп қадалды да тұрды. Тіпті рухани тәуелсіздіктің жұлын-жүйкесін шүйкелеген “Күйесің, жүрек... сүйесің!..”, “Талқы”, “Ұраным - Алаш!..” атты монографияларды жазған соң да Мұхтар Әуезов сияқты ұлы тұлғаны рухани кіптарлыққа мәжбүр еткен рухани тәуелділік, тобырлық, жанталасқан жалаңдық психологиясының қалай қалыптасып, бір ұлттың беделді тұлғаларының рухани жандайшапқа қалай айналғаны туралы шындық толық ашылмай қалған сияқты боп көрінді де тұрды. Ғалымдар не түбірлеп зерттемеді, не деректерді түсіндіруге өрелері жетпеді, не ащы шындықтан именді, не айғайға ілескен тұлғалардың тұлданған тұсын ашуға дәттері жетпеді. Әйтеуір осындай буынды тұста тарихшылар мен әдебиеттанушылардың тасырқай беретіні мені қатты қынжылтатын.

Сондықтан да мен «Хан Кене» пьесасы туралы бұрынды-соңды пікірлердің барлығын жинақтап, осы туралы дақпырт пен дау-дамайдың себебін ашып, оған қысқа-қысқа түсінік беріп, ешқашанда жарық көрмеген, бірақ-ақ рет сақнаға қойылған, кеңестік идеологияның күлтөбесіне көміліп қалған шығарманы кез-келген сәтте Мұхтар Әуезовтің бетіне күйдіргі ретінде басып, көп қарғаның ішіндегі ақ қарға етіп шығарып, көзтүрткі етуінің себебін ашуды мақсат тұттым. Әсіресе, бүгінгі азат күннің өзінде «Хан Кененің» ең әділетсіз, себепсіз, «жалған намыстың сараместері» (Абай) мен сауатсыз, надан, пасық «парасат иелерінің» қудалануына ұшырап, өзінің рушылдық намысы үшін азаттық идеясы мен Хан Кенені ғана емес, Мұхтар Әуезовті қорлауға құлшынып, сақнада қойдырмауға тырысып келе жатқан кәрі шөңгелер мен соған құлдық ұрған режиссерлерді көргенде адамның төзімі қайта қайралады екен. Сондықтан да «Хан Кенеге» қатысты бұрынды-соңды айтылған сұғанақ пікірлерді іріктеп алып, сол арқылы қиянатшыл қауымға ой салғым келді. Өйткені олар дәл қазір де Әуезовті рушылдықтың, жалған намысшылдықтың құрбандығына шалуға дайын сияқты. Олардан да бұрын кәнігі қастаншықпағырлар болған. Бірақ мақсатына жете алмаған. Тіпті осы жолғы қолға қалам алдырған қыжыл - тура осы оқыған надандардың жаласы мен сатқындықтан - қасиет, бауырмалдық жасағысы келген екіжүзділігіне деген ыза десе де болады. Әрине, бұл көпке жақпас. Алайда кез-келген сәтте қоғамға қайтып оралуға дайын тұрған тобырлық психологияны әшкерелеу – қашан да кеш емес.

Қолға қалам алдырған елеулі себептің енді бірі - «Қилы заман» мен «Қараш-қараш» оқиғасы қақындағы «Бейуақ» монографиясының қайта басылуы мүмкіндігі туып, оны баспаға дайындау барысында «Хан Кенесіз», яғни «Бұзылған бесіксіз» бұл кітап жетімсіреп, аяқталмай тұрған сияқты әсер қалдырды. Бұл заңды да еді. Сондықтан да сол кемшіліктің орнын толтырып, күдік пен жегіден арылғым келді.

Сонымен...

БІРДІ (Абай), оның ішінде, ұлы тұлғаны жалғыз қалдырып, көзтүрткі еткен қоғам – дертті қоғам.

8.12.2007.


ЖЕЛГЕ ҚАРСЫ САЛЫНҒАН ҰЯ

Кенесары ханның тағдыры туралы көзқарас – қазақтың ұлт-азаттық қозғалысы мен басыбайлануының, бостандық пен бодандықтың күресі туралы көзқарас. Бұл - «құлдық пен ұлдық» (Байтұрсынов) психологияның күресі. Жете мен жетесіздіктің, намыс пен ездіктің, ыза мен кектің, мақсат пен қатыгездіктің, қылмыс пен жазаның, өлім мен өмірдің қақтығысқан тұсы. Мұндай зауалды да қасиетті шақта азаттық пен азаматтық, бопса мен сатқындық, оқ пен қаза қатар жүрді. Сондықтан да бірде азаттық, бірде азаматтық соғыс майданы жағдайында тұрақты әскер ұстап, жанкешті өмір сүріп, қан кешті ғұмыр кешкен хан Кене – қылмыс пен жазаның, қаталдық пен қайрымның, ақыл мен ашудың, жан ашуы мен мал ашуының, ант пен арсыздықтың шекарасындағы жаталас шақта –«ант мезгілінде» (Абай) шешім қабылдады.

Ұлттық мүдде мен мақсат екіге бөлінген тұста ешқашанда ортақ мәміле, бейбіт тіршілік, дүбара, дүмбілез күн көріс жоқ. Бұл кек пен күн көрістің арасында хал кешкен тәуелсіздер мен басбайлылардың бетпе-бет келген рухани жекпе-жегі. Өкінішке орай осы кереғар ұстанымдар мен сезімдердің басы бір мәйекте ұйып, бір бесікте тербетіле алған жоқ. Ұлт азаттық идеясы сан рет ұйып келе жатып іркіттей іріді, сан рет түзеліп келе жатқан бесік бұзылды. Отаршыл және қастаншықпағыр арандату пиғылы мен жазалау саясаты елдіктің ұясын бұзып отырды.

Бостандық атты қасиетті бәйтеректің басындағы елдіктің ұясы үнемі желге қарсы жалғыз қалды. Қазақ елі бұзылған бесігін түзетуге ұмытылып, жансебіл күй кешті. Бірде бұзылған бесіктен әлдидің орнына:

«Мені жыққан сол жауыздар жұртты қоса жыққанын ұға ма екен? Ойлар ма екен? Алатаудың бауырында Кенесары жығылса, сыналатын өткелде қазақ елі бірге жығылады. Түсінер ме соны? Өкінер ме? Менің жығылғаным арман емес. Ел болар ма екен, елімнің шу дегеніне жарамаған арман - менің қайғым. Жалғыз-ақ, ел болар ма деген елімнің көші қайда қалды? Қайда қалды, қайран елім, не боп қалдың? Мен сүйінер ел ішінің қайғысы ол бір жеңгізбейтін дерт болды. Армандамын, соған әлім жетпегендігіне армандамын. Бәрібір мен сүйінер өмір, мен жұбанар үміт қалған жоқ. Бұдан арғыны көргенше, Алланың ақ бұйрықты ажалы келсін. Содан басқа тілегім жоқ» - деген күңіреген үні естілді.

Енді бірде сол бұзылған бесікке киелі әруақтардың:



«Балам, мен атаң Абылаймын! Сенің айыбың аз ғана... Өкінбе, күйме, сен елің үшін аянған жоқсың. Кінәлі - заманың, сенің дәрменің жеткен жоқ. Піспеген екен, азаматы есейген жоқ, намыс-жігер өсіп болған жоқ. Әлі талай-талай жылдар, қилы-қилы күндер өтеді. Оған шекті талай сен сияқты ерлер келіп, күйіп-күйіп жылап өтер. Сен соның бірі болсаң да, арман қылар орның жоқ. Ұрысың бітті, өз ісіңді істедің. Енді қайтарсың, қайт өзіме, балам! Жасыма, жібімей, іштегі жалын, сырттағы ызғарыңмен қайт... Тіршіліктен түйілген қабағыңмен кет, кел өзіме!..» - деп аян берді.
Енді бірде сол жалаңаш көлдің жағасындағы жалғыз бәйтеректің жалаңаш бұтағындағы желге қарсы салынған әлсіз ұяға тобырдың тұрымтайы қиғылық салып:

«Кенесары ханды алсақ, оның аз өмірінде істеген жақсылық, жамандығы алты алашқа мәлім нәрсе. Кенесарының орысқа соғыс ашуының мәнісі - қазақ орысқа бағынса елдігінен айырылады деген ой емес. Өзі Абылай ханның немересі, Қасым ханның баласы болды. Жасынан Кене атағы жайылды. Өзін жер тәңірісіндей көрсетіп, аузына қаратып тұрған қазақ елі Кененің әміріне кіріп, Кенені хандыққа есептемейтінін сезді. Сондықтан ол қазақтың қамын ойлап, қазақтың жоғын жоқтаған жоқ: өз бақытын ойлап, Абылай мен Қасымның мұрасын жоқтады. Егер Кене шын қазақшыл болса, орысқа бағынушылық қазақтың түсіне де кірмей тұрған уақытта маңайындағы қазақ елін қысқа күнде қырық шауып неге маза бермеді. Өтірік айтса жаны шықсын, қазақтың қарт адамдары: «Кене пәлен жерде пәлен тұқыммен өштесіп, буаз қатынның ішін жарып, баласын керегеге іліп кетті» - деп отырады. Соған қарағанда, Кенені қазаққа залалсыз еді, тізесін батырмап еді, момын еді деп мақтаған кісінің адасқандығы. Орыстікі орыс болсын, қырғызбен соғысқан мәнісі қалай? Ақырында Кене орыстың қолынан өліп отырған жоқ, қырғыздың қолынан өліп отыр. Не керек, Кенені мақтағанымыздың ішінде қырғыз отырмады. Қырғыз отырса бетімізге түкіріп бәле қылатын еді» – деп С.Мұқанов шүйліп келіп, лауһулмаһфуздың қара тақтасына жазды.

Сөйтіп, ұя қыраны – қарақшы, ұябасар – ұябұзар атанды. Шындығында да Кенесары «өз ұясын, өз бесігін» өзі неге бұзды. Бақ үшін бе, тақ үшін бе? Жоқ. Мұса шонжарға хан Кененің:



«Жау ісін істеп отырып, еркекше жауласуға да жарамайсың. Танасың... Арзаннан табылатын бақ іздейсің. Мен ол жолда серік бола алмаймын саған. Мен бақ пен шен іздесем бүйтер ме едім. Патса ұлығына мен де барып жағынар едім. Сүйтсем және сендерден кем орын алар ма едім?! Жамантай, Қоңырқұлжа, Баймағамбет алған орынды алар едім-ау, мен де! Бірақ, мен оны ойлап жүрмін бе? Қалың қазақ баласының қамалған көшіне септігім тиер ме деп жүрмін ғой. Езіліп бара жатқан елдің жоғын жоқтап жүргем жоқпын ба? Бүлінгені бүтінделер деп бас қамын ұмытып жүргем жоқ па, сол ел үшін. Сондағы сенген сүйенішім сенбісің?!.» - деп зар күйін шағынуына қарағанда ол қара басының хандығын аңсаудан ада адам.

Ғылымыи тұрғыдан «бағалағанда» хан Кене қазақ халқының ұябұзары ғана емес, халықаралық деңгейдегі «итаршысы» да екен. Заман тарихшыларының бірі Т.Шойынбаев оны:



«Дәл сол кезде Англияның дүниеде үстем болуға ұмтылуы шектен тыс еді. Оның бұл басқыншылығы бірқатар Шығыс елдерін құлданып алғаннан кейін Орта Азияға, Қазақстанға, Шығыстың басқа аудандарына көп барлаушылар мен экспедициялар жібергенінен айқын көрінеді. Кабулда, Гератта, Кандағарда ағылшын шпиондарының орталығы құрылады. Сол кездегі архивтегі материал «ағылшындардың қырғыздарға (қазақтарға) да баса көктеп келе жатқанын» баяндайды. Кенесары қозғалыстың ақыры жақындаған кездің өзінде, қырғыз халқына қарсы агрессиялық соғыс әзірлеп, өз жағына үш жүздің сұлтандарын тартуға тырысып, орыс халқы мен қазақ халқын бір-біріне қарсы қоюдағы өзінің сүйген әдісіне қайта оралды. Сонда ол сұлтандар мен билерге үндеуінде былай деп жазды: «Сіздердің хұзырыңызға мәлім болсын, алланың әмірімен, кәпірдің қысымымен Кіші жүз бен Орта жүзден көшіп, Ұлы жүздің Шу, Іле төңірегіндегі жерлеріне келдік. Біз ата-бабамыздың замандарынан бері сіздердің ру басыларыңыз болып келдік. Сіздер қашан да біздің айтқанымыздан шықпай келдіңіздер, сол үшін сұлтандар да сіздерді өзіне қосылуға шақырып, кәпірлерге (орыстарға) қарсы күресуге шақырды». Міне осындай орыс, қазақ, қырғыз халықтарының қас дұшпаны Кенесары қозғалысын шектен тыс мақтап, жалған тарихшы Бекмаханов бұл бүліншілік әрекетті «қалың бұқараны тәрбиелеудің тамаша мектебі» деп жариялады. Орыс патшасы қазақ бұқарасының үнін өшіріп, қанап бақты, бірақ осылай бола тұрса да, Кенесары, егер патшалық өкімет оның барлық хандық артықшылық халдерін сақтауға кепіл болса, онда қазақ халқын талау үшін Кенесары патшалық өкіметтің де итаршысы болуға даяр болған» - деп дәлелдеп берді.

Кенесарыны төреден «итаршылыққа» дейін аздырып әкеп, қазақтың ғана емес, мұқым мұсылман әлеміне қарсы «қарақшы-шпион» атандырған қандай күш? Халықты күйзеліске ұшырататын азаматтық соғыс деңгейінде ұстаттырған қандай мүдде, нендей кек, қайтарылмай қылыш қынына салынбайтын ол қандай есе? Ресейге өштік – қандай өштік? Бітіспес бітімге, бітпейтін жаулыққа, берекеден әрекеге барғызған қандай талап? Мұны Кенесарының өзі генерал-майор Генске жазған «Иғламнамесінде» былай деп көрсетеді:



«Орынбор хүдие мекемесінің садырыншын генерал-майор(ы) һам кавалер(і) Генс хазіретлеріне

Сұлтанлар Кенесары, Күшік Қасымоғлыларынан төбәншілік (б)ила(н) арыз

1825-жылы Есіл, Нұраны жайлап жүрген уақытларда еш нәрсе ойларымызда жоқ еділәр. Ол ұлығ император ағзам хұзіретлеріне атамыз Абылай хан ант етіп һам бізләр да атамызның жолы бойынша Россия жұртына қаралық деп жатқан заманымызда Қарқаралы - Қазылыққа Имантай Бөкеноғлы правитель болып, ешбір кінәсіз үстімізден дұшпанлық көрсетіп, дуанбасы Иван Семенович Карбышев дегенге үш жүз орыс, бір жүз казакқа Иван Семенович үшлікбилен бас болып Қаракесек руының қырғызның балақбасы сұлтан Саржан Қасымоғлының он ауылын және тоқа, тама деген еліне шапты. Қазығұртта алпыс төрт кісіні өлтіріп, қанша мал алып кеткені бихисапсыз. Әзер басылары қашып құтылды.

27-нші жылы Кекшетаудан екі жүз орыс, бастығы... майор Әлике (?) шұбыртпалы деген елні шапты. Терісаққанда елу сегіз кісіні өлтіріп кетті, алған малларының хисабы жоқ.

30-ншы жылы Қараөткелден жүз орыс, бастығы бір сотник және Қоңырқүлжа Хұдаймендеоғлы алты жүз кісі, жамиғаты жеті жүз болып, бұларды алдап шақыртып алып Қарағаш деген жерде жүз жиырма кісіні өлтіріп, өзгесі қашып құтылды дүр.

31-нші жылы Көкшетаудан бес жүз орыс, бастығы подполковник Алексей Максимович деген Саржан сұлтанның ауылын, алтай, тоқа, қаракесек, алшын, жағалбайлыны шапты. Төрт жүз елу кісіні өлтіріп, Саржан сұлтанның бір баласын алып кетіпті. Алған маллар сондайлық хисапсыз, Сарысудың бойында.

32-жылы Көкшетаудан екі жүз елу орыс, бастығы Кулаков Николаевич деген, сұлтанлар Есенгелді, Күшік оғланларны тұтып алып жүріп Ұзын, Торыжан ауылдарын шапты. Торғайның құм кешуінен алпыс кісіні өлтіріп кетті.

Ақыр соңында шыдамай, өз басымызды қорғап, ешбір падишаһ ағзам хазіретлеріне күнә қылған ісіміз жоқ еді, бізғе мұндай зорлық қылғанын бір адамға білдірмей Қаратауға көштік. Біраз жыл Қаратауда жүріп, қайта көшіп келгеніміз дүр.

34-жылы Ақтаудан төрт жүз орыс атланып, тентек майор бастығы, шапты: алшын, жағалбайлы, тоқа, тама деген елні.

37-жылы Көкшетаудан төрт жүз орыс, Иван Семенович Карбышев һам Ян Яноғлы бас болып Әлике, алтай, қалқаман, төртуыл деген еллерні шапты. Басы Иман қаралы үш жүз елу кісіні өлтіріп кетті. Арғанатыдан қанша мал, қанша қазына алғаны бихисапсыз.

37-жылы Ақтаудан бес жүз орыс, бастығы тентек майор, Ұлытаудан қуып еш нерсе ала алмай қайтты.

38-жылы Қараөткелден үш жүз орыс, жүз қазақ Қоңырқұлжа сұлтан Хұдаймендин оғлы, команданың бастығы бір майор сұлтан Күшік Қасымоғлыны, алтай Сайдалы бидің елін шапты. Жиырма бір қыз, сегіз қатын, жиырма бес еркек кісіні өлтіріп кетті, сексен бір адамды ұстап алып кетті Жыланшықның бойы - Айырқұм, Аққұмнан.

38-жылы Жарқайыңнан бес жүз орыс Саржан сұлтанның ауылы, қарпық, найман деген елні шапты: төрт жүз кісі өлтіріп, Баянды биінің өзін бас қылып жүз кісіні ұстап алып кетті Торғайңың бойы Жалдаманың Қараобасынан.

38-жылы Жарқайыңнан төрт жүз орыс, бастығы қандай орыс екенін білмеймін, Қараөткелден алып шыққан Қоңырқұлжа сұлтанға жолығып, қуандық, сүйіндік деген екі мың үш жүз ауылды айдап қайтқанда екі команда таласқан: бірі «мен алдым» деп, бірі «мен алдым» деп. Ақыр соңында Қоңырқұлжа сұлтанға тапсырған. Айдап көшіріп бара жатқанда Қоңырқұлжа сұлтан бек зорлық қылыпты, төртуыл елі шыдамай бұзылып қашты. Жүз алпыс кісіні өлтіріп, қалған елді айдап кетті.

38-нші жылы күзгі күн Көкшетаудан үш жүз орыс, бастығы қандай адам екенін білмеймін, сұлтанлар Байқара Тайыроғлы, Жадай Айшуақоғлы екі жүз ауылны шапты, екі жүз қырық кісіні бір жерде өлтіріп кетті. Сұлтанларның қыз-қатынларын жесір етті.

40-ншы жылы Қазылықтан үш жүз орыс, бастығы қандай адам екенін білмеймін, Саржан сұлтанның ауылын, алтай, қанжығалы деген елні шапты, қырық кісіні өлтіріп, жиырма қыз-қатынды жесір қылып, екі мың үш жүз жылқы, үш жүз түйе, үш мың қой, жүз сиыр алып кетті. Білеуітнің Қалмаққырған жерінде.

40-жылы Қараөткөл білен Жарқайыңнан жеті жүз орыс, екі команда қосылып қозған, қансал, қалмақ, қырғыз деген елні шапты. Сексен кісіні өлтіріп, жиырма кісіні жесір қылып, алты мың қой, екі жүз елу бес сиыр, отыз түйе алды. Бұ елдер өз төлеңгіттерім еді. Қарғалының Қызылжарында шауып, найман, қыпшақны айдап кетті.

40-ншы жылы күзге күн Жарқайыңнан екі жүз орыс қыпшақ ұзынторы деген елні шапты, отыз бес кісіні өлтіріп кетті.

Афзалатлу хазіретлеріңізге мағлұм қыламын: сұлтан Имантай Бөкейоғлының Сібір орысына дұшпанлық керсетуі бойынша қанша өзіме қараған ауылдарымды шапты, неше бір адам күнәсіз екенлігімізді білдірмекке өз басымызды қорғап қашып жүрдік. Енді хазіретіңізге мағлұм алынсын: Сібірге қараған жұрт зорлығына шыдамай бас тартып көшіп, мұндай бәлеге ұшырағаны сол дүр. Ешбір жұртты мұнда кел деп шақырғаным жоқ. Сібір орыстары аттанып шығып, өзіне қараған елі болсын һам сақраға шыққан елдер болсын, жаман бүлдіріп, қырып-жойып шапқылауда. Екі ортада куә шықты: сұлтан Кенесары Қасымоғлы Сібір тұсына қарсылық істер қылды деп. Ақыр соңында Сібір тұсынан жақсылық орын болмай, Орынборның жеріне қарай көшіп, сол тұстан ол ұлығ император ағзам хазіретлеріне нахахтан бізлерні бүлдіріп шауып, қанша өзіме қараған ағайынларымды, қанша адамларымды өлтіріп, уә қыз-қатынларымызды жесір еткенлікні білдірмек үшін... өтірік айтмаймын. Қыпшақ руының алтыбас тайпасының биі Балғожа Жаңбыршыоғлыны шапқан қолдың ішінде болдым. Өз ісінің туралығына шыдай алмай инанмақ үшін.

Сұлтан Кенесары Қасымоғлы мөрім бастым.

Сұлтан Күшік Қасымоғлы мөрім бастым.

1841-жылда. Июннің 7-күнінде.»
Міне, Ресейге тікелей кектенуінің себептері осындай екен. Шындығында да, қырға шыққан сайын үш жүздеп, төрт жүздеп қыра берсе (жиыны 1994 адам), адамды мал орнына бауыздай берсе, кектенбеске, кек қумасқа бола ма? Ұлының – тұлымын, қызынның арын қорғау да қарақшылық па, жоқ, итаршылық па? Жерін жаулап, елін қырып, бесігін бұзған, отанын ойрандаған, ырысын шашқан, берекесін қашырған дұшпанға сес көрсетпей, зорлық пен қорлыққа шыдап, басын бұғып жата беруі керек пе? Өзінің кегімен қоса елдің де есесі мен намысы тұр ғой ар жағында. Бір жолы «жиырма бір қыз, сегіз қатынды»

Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7




©www.dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет