Смағамбет Б. Ж. КӘсіпкерлік және руханилық



Дата24.02.2016
өлшемі67.5 Kb.
ӘОЖ 316.334.23

Смағамбет Б.Ж.
КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ РУХАНИЛЫҚ

(мәселені қою)
Труды международной практической конференции «Ауезовские чтения -9»: пути инновационного развития науки , образования и культуры в новом десятилетии 12 декабря 2010 года - Шымкент, 2010, т.4, с.397-402
Қазіргі қазақстандық қоғамда нарықтық қарым-қатынастардың дамуы кәсіпкерлікпен тығыз байланысты екені сөзсіз. Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда кәсіпкерлікті дамыту үшін жасалған қадамдар елеулі. Заңгерлер кәсіпкерлікті дамытудың құқықтық негізін салу мақсатында біраз еңбек сіңірді. Өз кезегінде тарихшы ғалымдар мен мәдениеттанушылар кәсіпкерлікті дамытудың тарихи, әлеуметтік-экономикалық алғышарттарын зерттеп отыр. Сондай-ақ отандық әлеуметтанушылар кәсіпкерліктің әлеуметтік аспектісін жан-жақты зерттеуде.1

«Әлеуметтік-экономикалық табыстың көзі неде және оған ықпал ететін негізгі факторлар қандай?» деген сұрақ та маңызды Дегенмен, зерттелмей отырған тың тақырыптардың бірі - кәсіпкерлік пен руханилық арасындағы байланыс мәселесі. Әлемдегі алпауыт елдер экономикасының дамуына ықпал еткен факторларды саралау және осы факторларды қазақ елінің әлеуметтік-экономикалық серпілісіндегі іс-тәжірибеде ескеру мақсатында оның табиғатын түсіну үшін зерттеу қажеттігі күн тәртібінде тұр.

Экономикалық әлеуметтану тарихында немістің атақты ғалымдары Вернер Зомбарт пен Макс Вебердің кәсіпкерліктің имандылықпен, діни мәдениетпен байланысы туралы ойлары ерекше орын алады. Олар өз еңбектері арқылы христиандықты реформалау мен оның католиктік бағытында пайда болған ағымдар арқылы фәни жалғандағы тіршілікті адам үшін қолайлы ету мақсатында қалай пайдаланылғанын және оның Батыста капиталистік кәсіпкерліктің негізгі қозғаушы күші болғандығын көрсетіп берді.2 Капиталистік кәсіпкерлік рухының яғни баюға деген құштарлықтың тууына бірден-бір себеп болған протестанттық, дәлірек айтқанда – «ақырзаманда аман қалу ерекше жаратылғандардың ғана үлесіне тиесілі» екені туралы кальвинизмнің қағидасы немесе «күмәнсіз ақиқат». Бұл қағиданың мәні – «Жаратқан иемнің біреулерді қияметте құтқаратыны - әу бастан ақиқат, ал кейбіреулер, өздерінің ерік-жігері мен азаттығына қарамастан, бұл бақытқа қолын жеткізе алмайды».

«Кіршіксіз тақуа» деп танылған шіркеуді билеуші топтар шіркеудің өз ішінде немесе қауымның өзінде үлгілі, нағыз христиандардың бірлестіктерін құру арқылы христиан дінінде саналуан секталардың пайда болуына жағдай жасады. Олар өздерін шіркеуге келуші басқа діндарлардан жоғары санады. Дінтанушылардың айтуынша, капиталисті, яһуда (иудей) дініндегідей, құдайдың ерекше сүйген құлы деп сезіну өзін басқалардан жоғары қоюға, менмендікке алып келеді. Бұл христиандық уағыздайтын мойын ұсыну мен көнбістікке жат екені сөзсіз.

Вернер Зомбарт әлеуметтік экономикалық бағытта ғылыми айналымға «капитализм» мен «капиталистік рух» деген ұғымдарды енгізді. Осы арқылы ол еуропалық шаруашылықтың дамуын он бір ғасырлық тарихын көрсетіп бермекші болды. Мақсаты - шаруашылық дамудағы «рухани байланыстарды табу» еді. Немістің белгілі әлеуметтанушысы Макс Вебердің де шаруашылық пен мәдениет арасындағы байланыстар бағытында зерттеу жүргізуіне В.Зомбарт ықпал етті деуге негіз бар, себебі олардың жұмыстарынан екеуіне де ортақ пікірлерді кездестіреміз. Алайда, В.Зомбарт капитализмнің дамуындағы діннің рөліне қатысты М.Вебердің тек протестантизмді марапаттауына қарсы болды және діни ағымдар капитализмнің дамуына әртүрлі ықпал етеді деген көзқарасты жақтады. Мысалы, католицизм Испаниядағы капитализмнің дамуына кері әсер етсе, басқа еуропалық елдерде керісінше оң ықпал етті. Дегенмен, В.Зомбарт протестантизмнің рационалдықты дамытуға қосқан үлесін жоққа шығармайды және осы мәселеде М.Вебермен келіседі.

Капитализмнің дамуына қатысты Зомбарт іліміндегі тың ой – яһуда (иудей) дінін уағыздаушылардың Еуропадағы капитализмнің өркендеуіне қосқан үлесі. Еврейлер уағыздайтын дін олардың іс-әрекетіне рационалды сипат бере отырып, жаңа қатынастарға тез бейімделуге итермеледі, «еврейлерді психикалық деңгейде қиындыққа төтеп беруге үйретті» деген пікірде болған В.Зомбарт капитализмнің дамуын рухпен байланыстыруын негіздеді. «Дамудың себеп-салдарын экономикадан іздеу - бос әурешілік» деп түсінді. XVIII ғасырдың соңында капитализмнің дамуына негізінен түрткі болған құбылыс – неғұрлым пайданы көбірек табу болды. «Пайдаға құнығу сезіміне не ықпал етті» деген сұраққа Вернер Зомбарт былай жауап береді: біріншіден, герман-роман рухының түп-тамырында жатырған табиғат туралы пайымның қазіргі заманғы техниканы жасауға мүмкіндік беруі; екіншіден, еврейлер рухы дүниеге алып келген - биржа. Міне осы қос фактордың өзара үйлесімі капиталистік пайдаға құнығуға негіз бола отырып, жаңа рухтың сыртқы бейнесін сипаттайтын қалыпқа айналды. XVII ғасырдан бастап еврейлер Еуропадағы шаруашылыққа ықпал етті. «Баюға деген талпынысты олардың діні де қолдады», - дейді Зомбарт, ал христиан дініндегілер капитализмге баяу аяқ басты, себебі «баю - күнә» деп түсіну, ғұрыптар мен адамгершілікке бастайтын уағыздар капиталистік рухтың дамуына кедергі келтірді. Христиандар арасында капиталистік рухқа бой алдырғандардың алғашқы легі жаңа жерге қоныс аударушылардан, өз қауымынан бөлініп қалып, қауымдық, туысқандық байланысты үзгендерден тұрды. Жалпы қауымнан қол үзушілер, сол қауымның неғұрлым тәуекелшіл, батылдау, шаруашылыққа бейім, жаңалыққа құмар белсенді тобы еді.

Тағы бір тарихи дерекке назар аударсақ. Орыс православие шіркеуінің жікке бөлінуі XVII ғасырда белең алды. Бұл процесс Еуропада католик шіркеуін реформалаған ағылшын өнеркәсіптік революциясымен тұспа-тұс келеді. Протестантизм мен православиедегі «ескі ғұрыпшылдық» («старообрядчество») арасындағы байланыс жөнінде белгілі орыс ойшылы Владимир Соловьев өзінің «Орыс халқы мен қоғамындағы жік туралы» деген мақаласында орыстың православие шіркеуіндегі бөліну – «ескі» сенімдегілерді діни иерархиядағы, діни қағидалардағы, діни «құпиядағы» негіздерінен алшақтатып, жікшілдерге айналдырғанына тоқталады. «Ескі ғұрыпшылдықты» ғалым немістердің «жеке сенімдегі протестантизмінен» айырмашылығы «жергілікті мәнге ие протестантизм» деп атады. Шындығында «ескі ғұрыпшылдық» секта емес еді, себебі дінге сенушілердің басым бөлігі православиені уағыздаушы басқа қарапайым адамдардан ешбір айырмашылығы болған жоқ, бірақ күнделікті тіршілікте, тұрмыста оның рөлі айқын байқалды. Реформация дәуірі тұсындағы Батыс Еуропадағы секталардай «ескі ғұрыпшылдар» өзінің тарихи, әлеуметтік-экономикалық және сонымен бірге рухани ерекше қызмет атқарғанына ешкім дауласа алмайды. Кәсіпкерлердің пайда болуына зор ықпал жасаған европадағы секталар іспетті Ресейде де капиталистік қарым-қатынастарды дамытқан кәсіпкерлердің жаңа легі осы «ескі ғұрыпшыл» қауымдармен өте тығыз байланыста болды.

«Ескі ғұрыпшылдық» тарихының білгірі А.Мельников-Печерский орыс тарихындағы осы қауым өкілдерінің атақты ел билеушілерімен қатынасын зерттей отырып, орыс патшасы 1 Петрдің ғұрыпшылдарды қудалаумен қатар, олардың «кейбір азаматтық іс-әрекеттерін өзіне пайдалы деп тапқан кездің бәрінде қолдап отырғанын» атап өтеді.3

Ресейде жүргізген еуропалық үлгідегі реформаларын «ескіге қарсы аяусыз күрес» деп түсінген Петр патшаның «ескі ғұрыпшылдарға» «мейірімі» бекер емес. «Ескі ғұрыпшылдар» қауымы қатаң жабық қоғам болды. Бұл - қауым мүшелерінің іс-әрекетіне және тұрмыс-тіршілігіне біршама ерекшелік енгізгені ақиқат. Қауым мүшелері некеге тек «ескі ғұрыпшылдармен» тұрды. Сондай-ақ, іскерлік қатынастарда да өз арасынан шыққандарға ғана көмектесті, солармен ғана серіктес болды және қандай да болмасын жобаларды үкіметте қарау кезінде өз қауымдастарымен бірге болды. Мемлекет пен ресми шіркеуге қарсы ашық және жасырын күресін тоқтатпаған «ескі ғұрыпшылдар» осы күресте басқа жікшіл күштермен бірігіп отырды. Макс Вебер протестанттық елдерде байқағанындай, «рухани ерекшелік іскерлік және саяси ерекшелікті» айқындайды. Осылайша, орыс жерінде қалыптаса бастаған жаңа типтегі әдеп-қағидалар жиынтығының Батыстағыдан айырмашылығы - харизмалық тұлғаның соңына ерген қайсыбір діни секта емес екендігінде. «Ескі ғұрыпшылдық» ежелден бұқара халық арасында қалыптасқан қауымдық сенімнің бір түрі және оның жаңа шіркеулік құрылымдардан айырмашылығы да шамалы. Орыс әлеуметтанушылары мен дінтанушы ғалымдарының пікіріне сүйенсек, орыс халқының басқа діни сенімдерге қатысты төзімділігі де адамдар арасындағы қарым-қатынастарды суыта қойған жоқ.

ХХ ғасыр басындағы ресейлік кәсіпкерліктің дамуы - орыс көпесінің бірнеше ұрпағының қызметімен байланысты болды. Орыс кәсіпкерлерінің басым бөлігі үшін материалдық игілік, баю, жеке табыс басты мақсат болмады. Олар өз істерін дамыта отырып, мақсаттарын діни құндылықтар тұрғысынан саралап жүзеге асырды және халықтың тұрмысын жақсартуға, халық ағарту мен білім беру саласын дамытуға және мәдениетті, ғылымды, өнерді қолдауға мән берді. 4

Орыс шаруасының дүниетанымында католиктік Батысқа тән жеке меншікке табыну болған жоқ. Рулық қауымның ауылдық қауымға айналуы, оның біртіндеп аумақтық қауымға ұласуы - жерге иелік тең қауымдық түрін қалыптастырды. Қауым өзінің толық құқылы әрбір мүшесіне қауымдық меншіктегі жерде еңбек етуіне мүмкіндік берді.

Шаруа жерді мұраға қалдыру құқымен жалға алып, оны өз қалауынша пайдаланып, шаруашылық жүргізді. Өндірістің басқа құрал-жабдықтарына жекеменшік қалыпты экономикалық жағдайда дифферентті жер рентасының белгілі бір бөлігіне иелік етуге мүмкіндік берді. Міне осылайша, шаруаның еңбек етуіне қолайлы экономикалық жағдай жасалынды. Евангелиеде көрсетілгендей, жаратушы бойына дарытқан қасиеттерді шаруа еңбек процесінде шыңдауы тиіс болды (Мф. 25, 14—30; Лк. 19, 12—27). Православие дінінің канондарына сәйкес шығармашылық еңбек адамды көркейтеді, тұлғаны қалыптастырады және барлық христиандар үшін мақсат болып табылатын - «өз бойында және әлемде Құдай патшалығын орнатуға» септігін тигізеді.

Ресей мен Батыс Европа елдеріндегі әлеуметтік-экономикалық қарым-қатынастардың түбегейлі айырмашылықтары болды. Батыста орта ғасырларда «маркалық қауым» деп аталатын үлестік жер иелену түрі кеңінен тарады. Бұл орыс қоғамына тән жерге қауымдық иелікпен ұқсастығымен қатар ерекше де болды. Оның ерекшелігі – «теңдік» деген түсініктің мазмұны мен мәнінде еді. Мысалы, германдық маркада үлес иесі егістік жердегі өзіне тиесілі жердің жекеменшік иесі болды, сондықтан жер қайта бөліске түсіп жататын болса, ол өз үлесімен қандай экономикалық іс-әрекет жүргіземін десе де ерікті және құқылы болды.Ол жалға бере алды немесе мұраға қалдырды, иелігіндегі жерді толығымен немесе оның бір бөлігін сатып жібере алды. Қайта бөліске салу кезінде әрбір қауым мүшесіне тиесілі нақты үлес қауымдық жер қорындағы оның идеалды үлесіне сәйкестендірілді, себебі нақты үлес жердің шаруашылыққа қажетті мәніне байланысты (мысалы, топырақтың құнарсыздануы, су алып кетуі т.т), ал идеалды жер үлесі бөліктеріне оқшауланған көлемге байланысты болды. Әлбетте, мұндай жағдайда теңдік туралы айтудың өзі артық.

Ал орыс қауымына тән «қауымдық-теңдік» жерге иелік ету тәртібінде жерді бөлу еңбек немесе тұтыну нормасына сәйкес жүзеге асырылды. Жерге қатысты теңдік орыс қауымында әрбір үй иесінің еңбек күш-қайратына қарай жүзеге асты. Басқаша айтқанда, өз шаруашылығын жүргізе алатын әрбір ер адам өзінің жер үлесін өңдеп, одан табыс ала алды және ол қауымдық жер қорындағы үлесін еңбегі арқылы тиімді пайдалануы тиіс болды. Сонымен Ресейде крепостниктік құқық енгізілгенге дейін мемлекеттік жерде отырған азат орыс қауымында экономикалық тиімділік пен әлеуметтік әділеттілікке негізделген экономикалық механизм қалыптасты деуге негіз бар. Тап осы жерге мемлекеттік меншіктің болуы «қауымдық-теңдік» принципі негізінде жерге иеліктің дамуына мүмкіндік туғызды. Нәтижесінде жерге қатысты шаруалар арасында белгілі бір дәрежеде теңдік қалыптасты. Ұлы немесе уделдік княздардың рұқсат қағаздары арқылы жердің оқшаулануы - оны сату-сатып алудың кеңірек етек алуына кедергі жасады. Сонымен қатар түтінбасы, соқабасы сияқты салықтардың (XIII — XVII ғғ.), ал кейінірек үйбасы (1679 ж.), жанбасы (1724 ж.) салықтары арқылы қауымішілік қарым-қатынастарды экономикалық тұрғыдан реттеп отырды. Жан басына салынатын салық қауымның өкілетті мүшелерінің арасында жерді бөліске салуға және осы арқылы әрбір адамның салықтың жалпы көлеміндегі үлесін төлеуіне мүмкіндік берді, себебі бұл үлес оның жерінің көлеміне тікелей байланысты болды.

Орыс қауымындағы жерге иелік етудегі теңдіктің қажетті шарты – шаруаның өндірістің басқа құрал-жабдықтарына, жылжитын және жылжымайтын мүліктерге жекеменшігінің болуы еді. Өзіне тиесілі жерден қосымша табыс табу мүмкіндігі - шаруа үлесінің шаруашылықтың қайратына толық сәйкес келуге деген мұқтаждығын тудырды,сондықтан әрбір үй иесі өз мүшелері арқылы қауымға отбасының еңбек қажыр-қайратын дұрыс айқындауға және қажетті үлес алуға көмектесті.

Прудонның өмір бойы іздеген теңдік пен азаттықтың тиімді үйлесімділігін орыс қауымынан тапқаны да кездейсоқ емес шығар. Ал Карл Маркс болса, егін шаруашылығы қауымының қос жақты сипатынан (дуализмінен) оның өміршеңдігін ғана көріп қойған жоқ, сондай-ақ оны ыдыратып тынатын күшті де байқады.

Орыс қауымында мемлекеттің меншігі болып табылатын жерге бірлесе иелік етудің ерекше түрі дамыса, Батыс елдерінде жекеменшіктен басқа ортақ меншік (үлестік және бірлесе) дамыды. Бұл ерекшелік орыс құқығында да орын алған. Мұнда ортақ меншік ортақ иелік деп те аталады.

Кавказ халықтарында да жерді игеру орыс қауымындағы меншік қатынастарына ұқсас сипатта болды. Орталық Азияның халықтары арасында ру ішілік теңсіздік болды. Орыс қауымындағы жерге иелік ету теңдігі - қауымның өмір сүруінің негізгі принципі болса, жартылай көшпелі мал шаруашылығында кімнің малы көп болса, соның жайылымдықтарының көлемі үлкен болды. Сібірдің кейбір халықтарында артельдік одақтар уақытша сипатта және орыстардағы «помочиға» ұқсас болды. Суармалы егістіктер мен шабындықтар басым жағдайларда жерге иелік етудегі теңдік қарым-қатынастары кейбір аз санды халықтарда, орыс қоныс аударушыларына қарағанда, басымырақ болды.

Сонымен тарихи қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық жағдай Ресейдегі жерге иелік етудегі «қауымдық-теңдік» принципі мен православиелік дін арасындағы байланыстың нығая түскенін байқатады. Ресейдің батыс аймақтарында қауымдық жер иелігі біркелкі дамыған жоқ. Қауымдықтан жеке иелікке өтудің әртүрлі түрлері орын алды.

Жерге иеліктің қауымдық сипаты орыс шаруасының бойында православие уағыздаған адамгершілік ұстанымдарды, ұжымдық рух пен байлыққа деген өзіндік көзқарасты қалыптастырды. «Адамның мақсаты – жердегі байлық емес, рухани байлық, иман байлығы» деген философия үстем болды. Осындай қағиданы индуизмнен де байқаймыз. Мысалы, «Бхагавадгитада» «әрекет ( шаруашылық әрекет –Б.С.) қажет, бірақ ол әрекеттің нәтижесіне байлану маңызды емес» деген мағынадағы экономикалық іс-әрекет қолдау табады.5 Зерттеушілердің кейбірі осындай ұстанымға негізделген рухани мәдениет экономикалық прогреске кері ықпал етуі мүмкін деген пікірде екені белгілі.6

Аграрлық мәдениеттерге тән қарым–қатынастар қазақ арасындағы экономикалық іс-әрекеттің өзіндік ерекшелігіне де ықпал етті. Әлеуметтік өмірдің рулық-тайпалық дәстүрге негізделуі нәтижесінде қазақтың шаруашылық мәдениетіндегі меншікке, байлыққа, дәулетке қатынасы қалыптасты. Қазақтың «байлық - бір жұттық», «байлық - қолдың кірі, жусаң кетіп қалады» деген мақалдары материалдық байлықтың мәртебесін көрсетіп тұрғандай.

Қазақ арасында әлі де кәсіпкерлікке бетбұрыс жасау мәселесінің руханилық қыры зерттелмей келеді. Осы бағыттағы зерттеулер рухани құндылықтармен тығыз байланыста қарастырылуы шарт, себебі нарық институттарының қалыптасуына әлеуметтік топтардың экономикалық белсенділігі тікелей қозғаушы күш болады. Қазақтың материалдық қор жинауға қатысты қалыптасқан әрекет стандарттары мен стереотиптерін, шаруашылық жүргізу стратегияларын, экономикалық мәдениетін тек дәстүрлі мәдени құндылықтармен түсіндіру қате болған болар еді. Оған Қазақстанның әлеуметтік-кәсіби құрылымындағы өзгерістер мен елдің интеллектуалдық әлеуеті мысал бола алады.

Біз көтеріп отырған мәселенің өзектілігі елімізде рухани, соның ішінде діни жаңару процесімен тығыз байланысты. Тәуелсіздік жылдарында көпұлтты және көпконфессиялы Қазақстанда діни бірлестіктердің саны едәуір артқан. Мысалы, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Діни істер жөніндегі комитетінің ағымдағы мұрағатының деректеріне сәйкес елде 4209 діни бірлестік бар, оның 2488 ислам мешіттері, 292 православие шіркеуі, 84 католик ұйымы, 1267 протестанттық ұйым бар екен. Сонымен қатар 28 яһуда (иудейлік), 4 буддалық, 46 дәстүрлі емес конфессиялар да жұмыс жасайды.7

Елде ислам дінінің жандануы кәсіпкерлер арасында «халал» өнімдерді өндіру қозғалысының пайда болуына түрткі болды. Қазір Қазақстан аумағында 500-ден астам кәсіпорын «Халал» стандарты бойынша қызмет етіп отыр. 2010 жылы қаржы саласында қызмет көрсете бастаған «Әл Хилял» ислам банкісі ел экономикасына 250 миллион доллар инвестиция салған.8 Осы процестің болашағы мен әлеуметтік-экономикалық, рухани нәтижелері қандай болмақ деген сұрақ та туындап отыр.



Қазақстан Республикасы алдына қойып отырған индустриялық-инновациялық дамудағы экономиканың қарқынды қадамында «ұлттық рухани құндылықтарға негізделген әлеуетті қалай пайдалануға болады» деген сұраққа жауап позитивті болуы үшін құбылыстың табиғаты терең зерттеуді қажет етеді. Осы мақсатта кәсіпкерлікті дамытудың маңызды тетіктерінің бірі ретінде рухани мәдениетті мойындай отырып, рухани құндылықтар динамикасын кешенді зерттеуіміз керек. Сонымен қатар теориялық-әдіснамалық, қолданбалы зерттеулер жүргізу барысында шетелдік нақты тәжірибе мен сол тәжірибелерді бағалау әдістемелерін саралаған абзал. Әсіресе, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Малайзия, Сингапур сияқты шетелдік Азия елдерінің қол жеткізген табыстары терең талдауды қажет етеді.
Әдебиеті:


11 Толығырақ қараңыз:Нагайбаева З.А. Предприниматели как социальная группа. Кандидатская диссертация. - Алматы, 1997. - 127 с.; Нурбекова Ж.А. Социологический анализ женского предпринимательства в Казахстане. Кандидатская диссертация. - Алматы, 2000.

22Зомбарт В. Буржуа. - М.: 1994.; История теоретической социологии. В 4-х т. Т. 2. - М.: 1997; История социологии в западной Европе и США. - М.:1999.
Вебер М. Протестанттық этика және капитализм рухы // Әлемдік әлеуметтану антологиясы. Алматы, «Жазушы», 2006, том 3

33Мельников П.И.(Печерский А.).Собрание сочинений в 6-ти томах, т.6.-М., Художественная литература, 1963 с.266

4Қараңыз: Опыт российских модернизаций ХVIII-ХХ вв. М., 2001; Осипов Г.В. Россия: национальная идея. Социальные интересы и приоритеты. М., 1997; Российская цивилизация: этнокультурные и духовные аспекты. М., 2001;Российское предпринимательство: стратегия, власть, менеджмент. М., 2000.

5 Виттевин Х.Й. Бизнес и духовность: суфизм в действии. Перевод с английского А.Степанова.-М.: Гаятри,2007, с.40

6 Сонда, б.39

7 Діни бірлестіктер іс әрекетінің бағыттары. Оқу әдістемелік құрал. Астана,2010, б.5,64

8 Қызмет.Республикалық қоғамдық газет, 2010 , 7 қазан, № 30(51)



Каталог: repository -> repository2013
repository2013 -> жаһандану жағдайында қазақстандық ҚОҒамдағЫ
repository2013 -> Бюллетень (қазан-желтоқсан) Ғылым салаларының аталымы
repository2013 -> ЖҰмыспен қамту саласындағы гендерлік айырмашылық МӘселесі байжолова Раиса Әлиқызы
repository2013 -> О некоторых математических моделях распространения газа в атмосфере
repository2013 -> Л. Н. Гумилев: этногенез теориясы
repository2013 -> Влияние экологической обстановки на заболеваемость населения в регионах казахстана
repository2013 -> Материалдары
repository2013 -> Қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі маңызы мен мәні хақында
repository2013 -> Сақ Қайрат Өмірбайұлы


Достарыңызбен бөлісу:




©www.dereksiz.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет