СОҒыстан кейінгі жылдардағы очерк жанрының дамуы



Дата09.07.2016
өлшемі120.76 Kb.
СОҒЫСТАН КЕЙІНГІ ЖЫЛДАРДАҒЫ ОЧЕРК ЖАНРЫНЫҢ ДАМУЫ
М.Б.Шындалиева

Филология ғылымдарының докторы, профессор

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана қ, Қазақстан

Қалыптасқан әрбір жанрдың өзіндік қасиет, сипаттары болатыны белгілі. Осы жанрлық өзгешеліктер көркем очеркте де бар. Ол қашан да нақтылы құжаттарға, статистикалық мәліметтерге, фактілерге сүйеніп отырады. Көркем очеркте өмір шындығы басқа жанрлардағыдай "ойдан шығарылмай" сол қалпында берілетіндігімен ерекшеленеді. Ақын, жазушы көркем шығармаларында өмір құбылысын, адам образын өмірде көрген қалпында бұлжытпай, еш нәрсе қоспай суреттей алмайды. Ойланып, толғанып шығармашылық фантазиясынан өткізіп, өмір шындығын бір идеяға бағындырып барып жазады. Ал көркем очеркте өмір шындығын мүмкіндігінше сол қалпында беріп, автор фактіден ой түйіп екшеп шығаруға тырысады.

Соғыстан кейінгі жылдардағы көркем очерк табиғи шапшаңдығымен, оралымдылығымен, өмірге тікелей араласатын белсенділігімен көрінді. Сұрапыл соғыс дауылынан шығып, бейбіт өмірдегі жаңа қарым-қатынастар үздіксіз суретке түсіп, жоғары дәрежеге көтерілді.

Соғыстан нығайып, есейіп шыққан ақын-жазышылар көркем очерктің негізгі нысанасы етіп өмір, өмірді алға апарушы адамдар туралы жазды. Ол кездегі көркем очерктердің негізгі тақырыбы еңбек адамдарының қалыптасу процессі, өздерін өмірдің, дүниенің иесі деп таныған идеясы әр саладағы адамдардың образын бейнеледі. Баспасөз беттерінде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сол кездегі идеологиялық жұмысқа мәдениет мәселелері, ғылым, бесжылдық жоспарларының орындалу жолындағы істері төл тақырыпқа айналды. Бұл кезеңде көркем очерк едәуір адым жасап, дәстүр тұтуға тұрарлық көркемдік табыстарға қол жеткізді.

Республикалық, облыстық басылымдарда бейбіт өмірдің ардагерлері туралы портрет очерктері жиі көріне бастады. Мысалы, 1946-1950 жылдар аралығында "Әдебиет және искусство" журналында елуге жуық көркем очерктер басылып шыққан.

Соғыстан кейінгі кезеңде өздерінің ерен еңбегімен еленген Ыбырай Жақаев, Мұхтар Кітапбаев, Нәйла Базанова, Бәшіп Нұрмағамбетов, Түсіп Күзембаев, Қартабай Атшабаров, тағы басқалар туралы очерктер көптеп жазылып, бейбіт өмір, еңбек әуені мадақталды.

Жұмағали Саинның "Бірінші рангалы кен директоры" очеркінің кейіпкері Түсіп Күзембаев - Қарағандының әйгілі шахтеры, Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған танымал азамат. Екі заманның куәсі болған қаһарманды жазушының өмір тарихының кезеңдерін салыстырулар арқылы бере отырып, кешегі мен бүгінгінің айырмашылығын ажыратып берген тұстары ұтымды шыққан.

Қапан Сатыбалдиннің "Кетпенді адам" очеркі де тәуір, қатардағы күрішшіден колхоз председателіне дейін өскен Қашақбай Пірімовтің еңбек, өсу жолдарын сатылап, сабақтастыра баяндаған. Жазушы Қашақбай бейнесін: "Қашақбай топ жарып сөйлеп үйренген шешендердей көсіліп, құлшынып сөйледі. Бұлардың бәрі де күнде көріп жүрген адамдар. Бәрін де таниды. Әркімнің қылығы да, құлқы да оның алақанында. Қашақбай қара томпақ тілімен мақалдай сөйлеп, әркімнің өз қылығын бетіне былш-былш ұрғанда талай бастар төмен тұқырады, талай көздер жерге қарады" [1,109 б], - деп сомдайды. Осы тұстан жан-жақты ұйымдастыру өнерімен танылып, соғыс уақытында тылдағы ауыр еңбек дәмін татқан, талай сәтсіздік, қиыншылықтарды бастан өткізген адам келе-келе барлық жағынан өскен кейіпкер бейнесімен әдемі түйін тапқан.

Соғыстан кейінгі кезеңдегі көркем очерктердің идеясы кеңес адамдарының ержеткен, өзін-өзі өмір, дүниенің иесі деп таныған қаһармандар ретінде көрсетеді. Қарапайым адамдар өздерінің совхоз, колхоз өндіріс орындарына жауапкерлік, жанашырлық танытып отырған. Қазыбек Сүлейменовтің "Сайрам даласында" атты очерк қаһарманы қарт Шермет әңгімесін, кеңесін "Біз", "Өзімізден" деп сөйлейді. Қарт кешегі мен бүгінгісін, бары мен жоғын салыстыра келе айналасындағы өмірмен тығыз араласып отырады. Шермет қарт жаңа салынып жатқан ауыл үйлеріне өз үлесін қосып, салысып, басы-қасында жүріп, бүкіл ауданның жай-жапсарын біліп, барлық жағдай жақсы болса деген үлкен тілек үстінде көрінеді. Бұл очерктен Сайрам даласындағы әрбір адам өз үйінің маңайынан, өмір ағымынан тыс қалмайды, жаңа өмірді жасауға, үздіксіз өсіп отыруға талпынған ілгері басып келе жатқан ауыл адамдары жан-жақты көрсетіледі. Осы жаңа адамдардың бейнесі соғыстан кейінгі очерктердің көбінен көрініп, дәуір очерктері туған.

Ғали Ормановтың "Бір колхоз өмірінің дастаны" атты очеркінде Ақмола облысындағы "Қызылту" колхозы председателі Әкімжан Назаровтың нақты образы жасалған. Жазушы колхоз председателін аудан орталығында көріп әңгімеге тартады. Назаров автор берген сұрақтарға тек бірге істейтін ауылдастарымен жауап беретінін айтады. Қырман басында, колхоз қонысында, егіншілер арасында, мал ішінде басшымен жазушы еріп жүріп сол колхоздың өміріне қанығады. Колхоз председателі Әкімжан Назаров характерінің өзін-өзі ашуына жағдай жасаған автор бас кейіпкердің өмірге көзқарасы, түсінігін сәтті ашқан. Әңгімеші рөлінде автор болса, баяндаушы – оқиғаларға араласушы қаһарман өз істеріндегі жетістік-кемшіліктерін осы Әкімжан атынан баяндайды.

Ғабиден Мұстафиннің "Жезқазған" очеркі 1946 жылы жазылған, бірнеше бөлімнен тұрады. Жазушы очерктің бірінші бөлімінде ерте кездердегі Жезқазғанға ағылшын Нобель келіп, ақ шатырын құрып, әр жерден бірнеше шахта ашқанын Көшекбай қартты сөйлету арқылы баяндайды. Қылшылдаған жиырма бесінде Көшекбайдың ағылшын алпауыты Нобельдің қарауында өксіген өмір кешкенін, сол өмірдің бір күнін суреттеу арқылы жазады. Қаһарман өмірінің реалдық болмысын былай суреттейді: “- Бауырларым-ау – деп Көшекбай екеуін сүйемелдеп тұрғызды да, қапсыра құшты. Жел өтінде өз үстіндегі қырық жамау шоқпыт шапан әзір құрғақ болса да, панасы аз, бөстегі тоқтышақтың терісі ғана кеудені өкпек желден қорғап тұр. Өзге дене мұздап барады. Сұрапыл өкіре түседі. Көшекбайдың іші жылап сала берді бір кезде” [2,368 б], - деп күнкөріс үшін жанталасқан, аласұрған қазақ жұмысшыларының өлмегеннің күнін көргені барынша әділ сипат тапқан.

Очерктің келесі бөлімдері соғыстан кейінгі Жезқазған өңіріндегі шахталардың жайы туралы. Жазушы өзі шахтаға түсіп, Өмірхан сияқты инженерлер, Зейнолла, Балмұқан сияқты кеншілермен танысып, еңбектегі табыстары жайында сыр шертеді. Жезқазған кенінің сол кездегі тынысы, инженер Әнуар мен Өмірханның алға ұмтылысы, мыс өндірудің жаңа әдістерін меңгеруге талпыныстары, өмір, мәдениеттен де хабардар ғана емес, жақсы таныс екендігі туралы былай дейді: “Өмірхан бүгінше шахтаны басқарады. Үйіндегісінен шахтада болуы көп. Аз сөйлеп, көп тыңдайтын, жұмысшылармен көп сырласатын инженер. Әнуардан мұның өзгешелігі – қазақ көркем әдебиетімен жақсы таныс” [2, 373 б], - деп кейбір романдардан монологтарды да жатқа соғатынын айтады. Очерктің соңғы тарауын қазақтың көрнекті ғалымы, геолог Қаныш Сәтбаевтың есімімен байланыстырған жазушы Жезқазғанның өткен-кеткен тарихын, жарқын болашағын да осы ғұлама ғалыммен бірге шартарапқа кеткен даңқын, түсті металлургиясын, ұлт кадрларының сол кездегі жетістіктерін терең дәріптейді.

1945-1950 жылдардағы очерктік шығармалар туралы ф.ғ.д., профессор Ш.Сәтбаева былай дейді: "Республиканың өндірістік өмірін көрсетуге арналған әңгіме, очерктер сан жағынан монологымен бірге, идеялық, көркемдік жағынан да жетіле түседі. Ғ.Мұстафиннің "Жезқазған" жайындағы очерктері, С.Омаровтың "Балқашы", И.Шуховтың соғыс жылдарында құрылған болатшылар қаласы - Теміртау туралы очерктері, Ғ.Мүсіреповтің "Тарландары" және басқа да сол сияқты көптеген әңгіме, очерктердің тууы – партияның совет әдебиеті алдына қойған зор міндеттерін, әсіресе, бүгінгі күннің тақырыбын көтеру міндеттерін қазақ прозаиктері терең түсінгенін және бұған өздерінің творчестволық еңбектерімен жауап беруге тырысқанын көрсетеді" [3,106 б], - дейді. Расында да жоғарыдағы очерктер құжаттық нақтылығымен, публицистикалық сипаттарымен ерекшеленеді, сол кездегі кеңес адамдарының соғыстан кейінгі ерлігінің елесі, сол ерлікті насихаттаудағы мәнін қарапайым жұртшылыққа түсіндіруде үлкен рөл атқарады.

Соғыстан кейінгі очерктерде суреттелетін оқиға, фактілер, адамдар образдары, олардың сипаттары отызыншы жылдардағы очерктерден мүлдем басқаша. Отызыншы жылдардағы шығармаларда қазақ тұрмысына енген өзгерістер, жаңалықтар, жаңа пайда болған социалистік қарым-қатынастар өткен өмірмен салыстырылып беріледі. Ал соғыстан кейінгі жылдардағы публицистикада сол күнгі шындықты, адамдардың рухани және материалдық байлықтарын суреттеу жағы басым.

Жұмысшы табының қараңғы жоқшылықтан өндірістің алдыңғы қатарындағы еңбеккерге айналуы отызыншы жылдардағы кейіпкерлерге жатса, 1945-1950 жылдардағы очерктерде тек қарапайым жұмысшының материалдық тұрмыс-жағдайы ғана емес, рухани жан дүниесі де ашылады. Очерк жанрының көркемдік жағынан бір адым ілгері дамығанын осыдан көруге болады.

Соғыстан кейінгі бесжылдықтың алғашқы жылдарында қазақ очеркшілері соғыс кезінде, соғыс уақытында да ерен еңбек көрсеткен теміржолшылардың өмірі мен істері осы шағын жанр шығармалары арқылы суреттелді. Негізінен, Ы.Тныкиннің "Темір жол түлектері", "Жол күзетіндегілер", "Уақыттан озғандар", С.Бегалиннің "Диспетчерлер" очерктері жоғарыдағы мақсатпен жазылған.

Ы.Тныкиннің "Темір жол түлектері" очеркі темір жолда істейтін таңдаулы адамдарға арналып, олардың еңбектірінің ерекшеліктерін жан-жақты ашқан. Орденді теміржолшы Ғаббас Смағұловтың басқаруымен үш күн бойы боранға қарамастан поезд жол қозғалысын қамтамасыз еткен теміржолшылар ерлігі мен істеріне тәуір-ақ түсінік береді.

1950-інші жылдардың басында дүниеге келген С.Шәймерденовтің "Қуаныш", Қ.Жармағамбетовтың "Бетпақдала дәптерінен", Ғ.Ормановтың "Жол" атты очерктік туындылары сол кезеңдегі ауыл шаруашылығы адамдарының қажырлы еңбегі мен тұрмысы жайлы.

Сафуан Шаймерденовтің "Қуаныш" очеркі Алматы облысы, Ұзынағаш селосында ашылған ауыл шаруашылығы турасында. Очерктің көркемдік бояуы оның идеясының тереңдігіне сай болып шыққан. Ондағы бөлек-бөлек эпизодтар мен кейіпкерлердің іс-әркеттері өзара қабыса байланысқан. Ұзынағаш селосындағы еңбек адамдарының жасампаздығы, егіншілік шаруашылығындағы қиыншылықтары шынайы суреттелген. Очерктегі Сәкен Тәнекеев, Николай Чукуров, Бейсекбаев, тағы басқа образдар ауыл шаруашылығында кездескен зор қиыншылықтармен күресте өсіп, шынығады. "Осы бір тым сүйкімді, бала кескінінде аздап безеу дағы, бұйра шашы, тез сөйлегіш, ашаң да жас жігітпен біз Алматыда кездескен едік. Таныса келе бірімізді-біріміз білетін де болып шыққанбыз. Ол 1952 жылы – Қазақ университетін көңілдегі жерден бітірген уақытта осы Жамбыл аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланған екен. Ол бізді ақжарқын да кішіпейілділігімен, қоғамшыл, істің жетістік, кемшілігін тез аңғарып, дұрыс баға бере алатындығымен, жас болса да ысылып іскерленіп қалғандығымен өзіне тартқан еді" [4,12 б], - деп өмірге жаңа араласқан жас басшыға тән ынталық, байқағандарының бәріне тереңдеп үңілуге тырысатын мінезін суреттеген очеркші қайнаған ортада алуан түрлі адамдармен араласуда шынығып, ширыға түсіп, өмірді терең тануға талпынысын дұрыс қорытындылаған.

С.Шәймерденов Тәнекеев бейнесінде соғыстан кейінгі кезеңдегі партия қызметкерлеріне тән сипаттарды типтендіруге тырысқан. Партия ісіне адалдық, отанға сүйіспеншілік, берілген қызметке жауапкершілік, моральдық тазалық - Сәкеннің бейнесінде көрініс тапқан және еңбектес жолдастары, жұмысшылардың да бойынан осы сипаттар көрінеді. Сәкен образын жазушы жеткілікті дәрежеде даралай алған, демек оны реалистік образ қатарына жатқызуға болады. Бұл шағын шығармадағы кейіпкерлер еңбек сүйгіштігімен, жайдары мінезімен, парасаттылығымен, үлгілі тұрмысымен тәуір дараланған.

Соғыстан кейінгі жылдары тек очерктерден құрастырылған жинақтар, кітаптар шығарылу жолға қойылды. 1950-жылдардың басында С. Мұқановтың "Саяхаттар", Ғ.Слановтың "Бесжылдық өрендері", Ә. Нұршайықовтың "Алыстағы ауданда", М. Иманжановтың "Азамат мақтанышы" кітаптарын атауға болады. Сәбит Мұқановтың "Саяхат" кітабының атынан көрініп тұрғандай, жазушы Қазақстанның көп жерлерін аралап, дала, кәсіпорын, колхоз, совхоздардың соғыстан кейінгі тыныс-тіршілігінен, жинақтық мазмұнда мағлұмат бере отырып, еңбек адамдарының қол жеткізген табыстарын ортаға салған. Жазушының "Каспийге саяхат", "Арқаға саяхат", "Алатау төңірегінде", "Украинаға саяхат" жол-сапар очерктердің желісі сол жерлердегі көрген-білгендері, шаруашылық, мәдени жетістіктерді тілге тиек етеді.

Ұлы Отан соғысынан кейінгі кезеңдегі шығармалардың қаһармандары соғыстағы еңбек майданында шыныққан адамдар туралы болып келді. Бұл кезең шығармаларындағы негізгі мотив - коммунизм орнату жайындағы бейбіт еңбек шынайы суреттелген. Бұл мотивтің суреттелуі әр очеркте әр түрлі, әрине, мұның негізі материалдық нақтылығы, очерктің оны зерттеу дәрежесі, жазушының көркемдік тәсілдерді пайдалану ерекшеліктеріне де байланысты. Соғыстан кейінгі жылдарда жазылған очерктердің басым көпшілігінде авторлар жұмысшы табының, өндірістің жекелеген озаттарының даңқты істерін көрсету арқылы бейнелейді. Мысалы, Ғ. Слановтың "Бесжылдық өрендері", Қ.Сыздықовтың "Құрметті шахтер", С. Омаровтың "Өмір еркесі", Ж.Саинның "Бірінші рангалы кен директоры" очерктерінде озық жұмысшылар портреттері жасалып беріп, олардың еңбек ету әдістері кеңінен суреттеледі.

С. Омаровтың "Өмір еркесі" очеркі Ақмола ауыл шаруашылық машиналар жасайтын зауытының озат жұмысшысы Төлеутай Салменов туралы. Мұнда кейіпкерлердің еңбекке деген саналы көзқарасы, мінезіндегі кішіпейілділігі жан-жақты ашылады. Төлеутай өзінің отансүйгіштігі, ерен еңбегімен ғана емес, сонымен бірге рухани жан байлығымен, сол кездің жастарына үлгі боларлық қасиеттерімен өнеге етіледі.

Ж.Саинның "Бірінші рангалы кен директоры" очеркінің кейіпкері, республикаға танымал шахтер – Түсіп Күзембаев. Очерк негізінен автор мен кейіпкер арасында өрбіген әңгімеге құрылған. Түсіптің балалық шағындағы байлар мен ағылшын қожайындарының жалдауында өткен өмірі, кеңес заманындағы түбірлі өзгерістермен жарыстырыла суреттеліп, өткен мен бүгін салыстырылады, атақты шахтердің өмірі мен ісі қызғылықты. Кен өндірісінің арғы-бергі тарихына тоқталған жазушы фактілерді, болған оқиға іздерін де қаперге алып, оқиғалар, құбылыстарды да шынайы қабыстырған.

Ауыл шаруашылығы мен өндіріс, құрылыс очерктерінің соғыстан кейінгі жайы осындай. Жалпы очерк жазуды жол үстінде, қарбалас жұмыс арасында бір қалт еткенде сүйкей салатын, жазушылық өнерге қатысы жоқ елеусіз іс деп қарауға болмайды. Очеркте көзге көрінгеннің бәрін тізе бермейді, керісінше, бәріне тип боларлық көрініс пен образы, құбылыстары адам басына жинақтап, жетілдіріп көрсету міндетті.

Ғабдол Слановтың өндіріс тақырыбына арналған очерктерінің бірі "Атырау адамдары" деп аталады. Мұнда Гурьевтің бұрынғы жай-жапсарларына қоса, Доссор, Мазот, Ескене сияқты мұнайлы аймақтардың сол кезеңдегі өмірі, өзгерген бейнесі суреттеледі. Слесарь Жәңгір, мастер Әбіш Жығанақов, бұрғышы Есболат Жарасов образдарын еңбекте көрсеткен. Бірақ олардың жан дүниесі терең ашылмай, сипаттама берумен шектелген автор тек ақпаратты тізіп шыққан. Бастан-аяқ образдар іс-әрекеттерін сыдыртып өтіп, еңбек адамдарының не өмірі, не ісі кеңінен сөз болмағандықтан өмір шындығы терең бейнеленбей, үстірт шыққан.

1950 жылдарда жазылған Иван Шуховтың "Солтүстік шұғыласы" очеркінде Баянауылға келген орыс тілі пәнінің мұғалімі Я.Яркованың "Баян" орта мектебінде еңбек жолының басталуы, Баянауылдың әсем табиғаты, ауыл адамдарының іс-қимылы, табыстары өрнектеледі. Бұл очерк кейіпкерлері А. Яркова орыс тілі пәнінің мұғалімі, тарих пәні оқытушысы Жұмақан Әбдірахманов, Мағрипа Күзембаева, Дәметкен Тәжиналарға авторлық мінездемелер нанымды берілген. Бұл қаһармандардың жан тебіренісін суреттегенде белгілі бір психологиялық процесс үстінде көрсетуі ұтымды шыққан. "Баян" орта мектебі мұғалімдерінің өткені мен бүгіні тұтастай алынып, көпшілікті сүйсіндірген мұғалім жастардың белсенділігі, жігері былай көрсетіледі: "Тарих пәнінің мұғалімі Жұмақан Әбдірахманов осыдан бірнеше жыл бұрын далада көбелек қуып, жалаңаяқ жер кезіп жүрген тентек бала еді. Енді, міне, сұңғақ бойлы, салмақты Жұмақан өз ауылының орта мектебінде бір кездегі өзі тәрізді жастарға тәлім-тәрбие береді" [5,49 б], - дейді. Баянауылдағы интеллегенция өмірін, қызықты бастамаларды алға тартқан Иван Шухов қарапайым халықты, ой-санасындағы жасампаздықты тәуір бейнелеген.

"Август айының бұлтсыз аспанында алтын күн жайылып жүзіп барады. Күн нұрлана бөленген кез көшені армансыз аралап, әсем үйлерін көріп, жолаушы қыз бір мезетте бір алаңқайдағы көгорайға келіп отыра кетті" [5,47 б], немесе "Сызылдаған сары аяздағы айлы түндерде қала дала шаңытып, үстіне ақ меруерт шашып қойғандай, діріл қағып, жылт-жылт етіп жатады" [5,49 б], - бұл сөз тіркестерінен очеркшінің ой айту, суреттеу тәсіліндегі стильдік ерекшелігіне тән белгілерді көреміз және табиғатқа тіл бітіруге, жан кіргізетін, заттандыру қасиетін де аңғарамыз.

Ы.Тныкиннің "Уақыттан озғандар" очеркі үш бөлімнен тұрады. Әр бөлімнің тақырыбы ашылған және Жетісу өлкесінің өткен күні Балғаев Жұмағұл қарияның астарлы ой түйіндері арқылы берілген. Екі заманның куәгері Жұмағұл қария әңгімесі поезд ішінде өрбіп, темір жолда өмір бойы еңбек еткен қарияның көрген қиыншылықтарының жемісін бүгін көріп отырғаны жинақталып жеткізілген. "Ерлік істің елесі" бөлімінде де даңқты темір жол машинисі Мұхтар Қаптағаевтың еңбектегі тәсілдері, белестері, асулары ашылған. Бұл очерктегі теміржолшылардың бір-бірімен әңгімесі, диалогтары авторлық ремаркасыз-ақ сәтті шыққан. Диалогтарға артар жүктің ойдағыдай болып шығуы очеркистің жазушылық қасиеттерінде жатқаны да белгілі.

1945-1950 жылдардағы көркем очерктердің индустрияландыру мен жұмысшы тақырыбына арналғанына және сол кездегі ең күрделі тақырыптардың бәрі табысты түрде жазылғанына көзіміз жетті. Аз уақыттың ішінде Қазақстандағы өнеркәсіп дамуының көріністері, орын алуы заңды еді. Сол кезеңде очерк жанры өмір шындығын терең, мол қамтыды және оның тууы мынадай екі жағдайға байланысты болды. Біріншіден, қазақ жерінде болған үлкен өзгерістерге байланысты, екіншіден, ірі өндіріс орындарының көптеп салынуы. Алайда, бір айта кететін жай, 1945-1950 жылдары очерк әдебиеттің басқа салаларынан гөрі жедел өсіп, дамыды, яғни идеялық-көркемдік сапасы да сол күннің өскелең талабына жауап берерліктей дәрежеде болды деуге болады.

Қорыта келгенде, соғыстан кейінгі жылдардағы көркем очерк табиғи шапшаңдығымен, тақырыптарының оралымдылығымен өмірге тікелей араласатын белсенділігімен көрініп, сұрапыл соғыс дауылынан шығып, бейбіт өмірдегі жаңа қарым-қатынастар үздіксіз қағаз бетіне түсіп, жоғары дәрежеге көтерілді.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1 Сатыбалдин Қ. Таңдамалы шығармалар. 4-том. – Алматы: Жазушы, 1975.

2 Мұстафин Ғ. Ой әуендері (Очерктер мен әңгімелер). 5-том. –Алматы: Жазушы, 1984.

3 Сәтбаева Ш. Индустрияландыру тақырыбы Қазақстан прозасында // Әдебиет және искусство. 1954. №8.



4 Шәймерденов С. Қуаныш. // Әдебиет және искусство. 1953. №11.

5 Шухов И. Солтүстік шұғыласы. // Әдебиет және искусство. 1950. №5.
Каталог: bitstream -> handle -> data
data -> А Б. Кенжебаевтың өмірі мен шығармашылығы
data -> Омбы өңірі қазақтарының әдеби мұрасын жинап, зерттеудің өзекті мәселелері
data -> Қазақ очеркі
data -> Шетел журналистикасы
data -> Ә. Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романындағы махаббат, адамгершілік мәселесі
data -> М. Б. Шындалиева Филология ғылымдарының докторы, профессор
data -> «Қазақ» газетіндегі ұлт-азаттық КӨтеріліс туралы мақалалардың маңызы
data -> Толысқан талант иесі қалихан Ысқақов 70 жаста
data -> О бөкейдің «Жас Алаш» газетіндегі шығармашылық кезеңі М. Б. Шындалиева, Қазақстан, Астана
data -> Сақ Қайрат Өмірбайұлы


Достарыңызбен бөлісу:




©www.dereksiz.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет