Сөздің морфологиялық құрылымы



Дата01.03.2024
өлшемі26.97 Kb.
#493547
ТБК ЛЕКЦИЯ 14


Дәріс тақырыбы: Морфология. Сөз таптарының шығуы мен даму
Сөздер өзара байланыспай, бір-бірімен тіркеспей тұрғанда ойды білдіре алмайды. Егер олар сөйлем ішінде бір-бірімен байланысса, онда ойды білдіре алады. Сөздердің бір-бірімен байланысуы, тіркесуі грамматика арқылы, нақтырақ айтсақ, морфология мен синтаксис арқылы іске асады.

Грамматика, ең алдымен, сөздердің бір-бірімен қатынасын білдіреді. Ол қатынас – грамматикалық қатынас. Яғни сөйлемдегі сөздер грамматикалық формалар (жұрнақтар, жалғаулар) арқылы бір-бірімен байланысып, грамматикалық қатынасқа түседі. Сөйтіп, грамматика ойды түсінікті етеді.

Грамматиканың екі саласы бар: морфология және синтаксис. Морфология – сөздердің морфологиялық кұрылымы мен типтері, морфема мен оның түрлері, сөздердің түрленуі, олардың формалары, сөз таптары туралы ілім. Ал синтаксис – сөз тіркесі мен сөйлем, олардың құрылымы мен түрлері, сөздердің сөйлемдегі қызметі, сөйлем мүшелері туралы ілім.

Сөздің морфологиялық құрылымы.

Сөздің морфологиялық құрылымына талдау жасау үшін, ең алдымен негізгі морфологиялық ұғымдарды біліп алуымыз керек. Ол ұғымдар: морфема, түбір морфема, аффикстік морфема – дегендер.

Морфема дегеніміз – сөздің ары қарай бөлшектеуге келмейтін ең кіші мағыналық бірлігі. Морфема түбір морфема, аффикстік морфема болып екіге бөлінеді. Мысалы, оның анасы кім? Дегендегі ана+сы сөзінде екі морфема бар. Ана – түбір морфема, - сы (тәуелдік жалғауы) – аффикстік морфема. Оның деген сөз де солай: о – түбір морфема, - ның – аффикстік морфема, кім – түбір морфема. Морфемалар мағынасы мен қызметі жағынан әртүрлі. Морфемалардың ішінде негізгі лексикалық мағынаны білдіретіндері, грамматикалық мағынаны білдіретіндері де бар. Мысалы, үйшіктерге деген сөзінің құрамында төрт морфема бар. Оның біріншісі – үй, ол заттық мағынаны білдіреді; екіншісі – шік, бұл кішірейткіш мағынаны білдіреді, үшіншісі – тер, көптік мағынаны білдіреді, төртіншісі – ге, бағыт мағынасын білдіреді.

Бұлардың ішіндегі үй морфемасы түбір сөз болғандықтан – заттық, лексикалық мағынаны, үйшік туынды түбір болғандықтан – лексика-грамматикалық мағынаны, ал қалғандары (-тер, -ге) аффикстік морфемалар болғандықтан – грамматикалық мағыналарды білдіріп тұр. Лексикалық мағынаны білдіретін морфема түбір морфема немесе негізгі морфема деп аталады да, лексика-грамматикалық немесе грамматикалық мағыналарды білдіретін морфемалар – аффикстік морфема немесе көмекші морфемалар деп аталады. Түрлі тілдердегі түбір морфема мен аффикстік морфемалардың табиғаты әртүрлі болып келеді. Мысал үшін қазақ тілі мен орыс тілін салыстырып көрелік. Қазақ тіліндегі жаз+у, жаз+ба, жаз+ыл+ған деген сөздерді орыс тіліндегі пис+ать, за+пис+ка, пере+пись деген сөздермен салыстырсақ, қазақ сөздерінің түбірі жаз – орысша сөздердің түбірі – пис. Жаз түбірі өздігінен жеке, сөз ретінде қолданыла алады, ал орыс тіліндегі пис – түбірі өздігінен дербес қолданыла алмай, сөз құрамында ғана (письмо, писание, письменный) қолданылады. Оның үстіне пис – түбірі тек заттық мағынаны ғана білдірсе, жаз түбірі әрі заттық мағынаны (жаз ісі), әрі лексикалық мағынаны (бір нәрсені хатқа түсіру), әрі грамматикалық мағынаны (етістіктің бүйрық райы, екінші жақ) білдіреді.

Пис – сияқты орыс тілінде дербес қолданыла алмайтын түпкі түбірлерді тіл білімінде «өлі түбірлер» деп атайды. Жоғарыда айтылғандарға қарап, қазақ тілінде өлі түбірлер мүлде жоқ екен деген қорытынды шықпауға тиісті. Онда да өлі түбірлер бар. Бірақ тым аз. Мысалы, бүл+ік, бүл+ін, бүл+дір деген сөздерді бір-бірімен салыстырсақ, олардың өлі түбірі – бұл деген де, ал -ік, -ін, -дір дегеңдер – сөз тудыратын аффикстер. Семіз, семір сөздерінің өлі түбірі сем-, ал жақ, жан сөздерінің өлі түбірі – жа-. Тырдай, жұрдай, нарттай сөздерінің аффикстері – дай да, ал олардыц түбірлері – тыр-, жұр-, нарт-.

Бұлардың өлі түбір болатын себебі – олар өздеріне тиісті қосымшаларынсыз жеке тұрып, қолданыла алмайды. Тек қосымшаларымен бірге алынғанда ғана олар сөз ретінде ұғынылады. Бұл жерде біз тарихи тұрғыдан алғанда ғана олар түбір бола алатындығын айтып отырмыз. Әйтпесе бұлар қазақ тіл білімінде қосымшалармен бірге бір сөз ретінде қабылданып кеткен. Сондықтан да, қазақ тіліндегі түбір мейлі мағынасы жағынан болсын, мейлі формасы жағынан болсын түбір ретінде де, бір-бірімен сәйкес келе береді.

Бұл жердегі «түбір» деген мен «түбір сөз» деген бір емес. Мәселен, орыс тіліндегі пис – морфемасы – түбір, ал писать – түбір сөз. Қазақ тіліндегі жаз морфемасы – әрі түбір, әрі түбір сөз. Өйткені пис морфемасы дербес қолданыла алмаса, жаз түбірі дербес сөз ретінде қолданыла береді. Қазақ тіліндегі бұл қасиет түркі тілдері мен ағылшын тіліне де тән.

Жоғарыда біз «пис – түбірі тек заттық мағынаны ғана білдіреді» дегенді айттық. Орыс тіліндегі кейбір түбірлер (негізгі морфемалар) мағынаны да білдіруі мүмкін. Мұндай жағдайда заттық мағынаны білдіретін түбір лексикалық мағынаны білдіретін сөз ретінде қолданылады да, заттық мағына мен лексикалық мағына бір-бірімен астасып, қабаттасып кетеді. Мысалы, орыс тіліндегі бег (бежать), дар (дарить), дом (домик) дегендер – пис түбірі сияқты түбір морфемалар. Солай бола тұрса да, бұлар лексикалық мағыналары бар дербес сөздер ретінде де қолданылады. Демек, орыс тілінде түбір (корень) деген ұғым өз алдына дербестігі жоқ пис (писать), веж- (вежливый) тәрізді түбірлерді де, өз алдына дербестігін сақтаған бег, дар, дом тәрізді түбір сөздерді де (пис-, веж-, деген сөздер емес, олар тек түбірлер) қамтиды. Ал қазақ тілінде пис-, веж- сияқты түбірлер жоқ, онда оқы(-ған), жаз(-ған), бүлін (-ген) деген тәрізді түбір сөздер бар.

Енді түбір мен негіз деген терминдердің мән-мағынасына келелік.

Түбір (корень) деп – сөздің ешбір жұрнақсыз-ақ, заттық (кейде лексикалық) мағына бере алатын, ары қарай бөлшектеуге келмейтін түп бөлшегін айтамыз. Мысалы, письмо, писать, выписка, опись сөздеріндегі пис- морфемасы немесе столик, столовая, настольный, сөздеріндегі стол – морфемасы түбір болып саналады.

Негіз (основа) деп – сөздің ешбір жалғаусыз-ақ (жұрнақсыз емес) өз алдына тұрып, лексикалық мағына бере алатын, өзгермейтін, түрленбейтін негізгі бөлшегін айтамыз. Негіз әдетте түбірден де, түбір мен жұрнақтың қосындысынан да жасалына береді. Яғни, түбір сөз де, туынды сөз де негіз бола алады. Осыған орай олар түбір негіз, туынды негіз деп те аталынады. Мысалы: дом, холод, один, завтра, комнат+а, бел+ый, смотре+ть – бұлар түбір негіздер; надомн+ый, комнатушк+а, холодноват+ый, побелеев+ший посмотре+ть – бұлар туынды негіздер. Болмаса қазақ тіліндегі егіншіліктің деген сөзді талдап көрелік. Мұның түбірі (түбір негізі) – ек, бірінші туынды негізі – егін, екінші туынды негізі – егінші, үшіншісі туынды негізі – егіншілік; ал -тің – аффикстік (көмекші) морфема.

Түбір әртүрлі сөз таптарына ортақ морфема ретінде қызмет ете алады. Мысалы, бас түбірі бастық, басшы, басшылық, баспа, баспалдақ деген зат есімдердің де, басты, бассыз деген сын есімдердің де, баста, басқар, бастат деген етістіктердің де түбірі болып саналады.

Негіз белгілі бір сөз табына жататын әртүрлі формаларға ортақ морфема ретінде қызмет етеді. Мысалы, басқар+ып, басқар+ғалы, басқар+ған, басқар+ар, басқар+атын дегендердің бәрі етістіктер. Бұлардың ортақ негізі (основа) – басқар морфемасы. Дәл осылар сияқты бастық+тар, бастық+қа, бастық+тан, бастығ+ың деген зат есім формаларының ортақ негізі – бастық сөзі.

Аталған мысалдардан байқалатын бір нәрсе – орыс тіліндегі көптеген негіздердің құрамында олардың қай сөз табына тән екендіктерін аңғартатындай грамматикалық көрсеткіштер (аффикстер) болады. Мысалы: комнат +а, комнатушк+а – бұлар зат есімдер; бел+ый, побелевш+ий – бұлар сын есімдер; смотре+ть, посмотре+ть – бұлар етістіктер. Егер осы сөздердің кұрамындағы -а, -ый/ий, -ть грамматикалық көрсеткіштерін негіздерден бөліп алсақ, онда ол негіздер өздігінен дербес қолданыла алмайды. Ал қазақ тіліндегі негіздердің құрамында ол сөздердің қай сөз табына қатысты екендігін аңғартатындай грамматикалық көрсеткіштердің болуы шарт емес. Мысалы: бас – I) зат есім, 2) етістік; бастық- (зат есім, етістік), басшы (зат есім, етістік); ақ- 1) сын есім, 2) етістік. Соған қарамастан бұл түбір негіздер (бас, ақ) және туынды негіздер (бастық, басшы) дербес сөз ретінде жеке қолданыла береді.

Бұл құбылыс жалғыз қазақ тілінде ғана емес, бүкіл түркі тілдері мен ағылшын тілінде де солай. Оны мына салыстырудан көруге болады: книг+а – кітап – Ьоок; больш+ой – үлкен – big; чита+ть – оқы – read. Мұндағы орыс сөздері екі морфемадан – аффикстік морфемадан, ал қазақ, ағылшын тілдеріндегі балама сөздер бір ғана түбір морфемалардан құралған.

Қазақ тіліндегі түбір (негізгі) морфемаларда дербестік бар. Олар дербес сөз ретінде қолданыла алады. Ал аффикстік морфемаларда мұндай дербестік жоқ. Олар әрқашан сөз құрамында ғана қолданылады және сөзден тыс ешқандай мағына білдіре алмайды.

Түбір морфема мен аффикстік морфемалардың тағы бір айырмашылығы - егер аффикстік морфемалар сөздердің белгілі бір тобының (мысалы, зат есімнің немесе сын есімнің) құрамында ғана қолданылса, түбір морфемалар бір емес, әр басқа сөз табына қатысты сөздердің құрамында ұшыраса береді. Мысал, білімнен (біл+ім+нен) деген сөздің құрамындағы -ім және -нен аффикстік морфемалары сөздердің зат есім деп аталатын тобында ғана ұшырасса, біл деген түбір морфема сөздердің зат есім (мысалы: білім) тобында ғана емес, сонымен бірге, етістіктер тобында (білдіру, біліну, білісу), сын есімдер тобында да (білгіш, білімді) ұшыраса береді. Бір сөзбен айтқанда, аффикстік морфемалар белгілі бір сөз табына ғана телулі болады.

Аффикстік морфемалар мағынасы мен қызметі жағынан түрліше болып келеді. Олардың ішінде түбір морфемаға жалғанып, ол түбірдің мағынасын нақтылай, саралай түсетін аффикстер бар. Ол аффикстің атын – жұрнақ деп атайды. Мысалы, көлшік деген сөздің құрамындағы -шік жұрнағы заттық ұғымды білдіретін көл деген түбірге жалғанып, оның лексикалық мағынасын нақтылап тұр (ойыс жерге жиналып қалған су, кішкентай ғана көл).

Сондай-ақ, түбір морфемаға жалғанып, бір сөзді екінші сөзбен байланыстыратын, олардың өзара қарым-қатынасын білдіретін аффикстер болады. Олардың атын – жалғау деп атайды. Мысалы, көлдің жағасы дегендегі -дің мен -сы аффикстері сөз тудырып тұрған жоқ, көл, жаға деген сөздерді бір-бірімен байланыстырып тұр.

Түбір морфемадан сөз тудыратын аффикстерді – сөз тудырушы аффикстер дейміз. Сөз тудырушы аффикстердің мағынасы деривациялық мағына деп аталады. Сөз бен сөзді байланыстырып, олардың бір-біріне қатынасын білдіретін аффикстер – сөз түрлендіруші аффикстер, ал олардың грамматикалық мағыналары реляциялық мағына деп аталады.

Сөйтіп, аффикстер (аффикстік морфемалар) екі үлкен топқа бөлінеді екен. Олар: жұрнақ пен жалғау. Жұрнақ (суффикс) – сөз тудырады, ал жалғау (окончание немесе флексия) – сөз түрлендіреді. Ескерте кететін нәрсе – жұрнақтардың ішінде де жаңа сөз тудырмай, сөз формасын өзгертетін, сөздерді бір-бірімен байланыстырып тұратын жүрнақтар болады. Мәселен, қазақ тіліндегі көсемше, есімше жұрнақтары сондай жұрнақтар. Мысалы: кел+іп кетті, жүр+гелі отыр, т.б.

Әрбір жеке тілде олардың грамматикалық құрылысының ерекшеліктеріне қарай жұрнақ үш түрге жіктелінеді. Олар: 1) приставка, 2) инфикс, З) суффикс (постфикс). Префикс түбірдің алдына қосылады. Мысалы: в+ходи+ть, ис+ходи+ть, на+ходи+ть, по+ходи+ть, с+ходи+ть, у+ходи+ть, со+труд+ник/ница, пре+по+дава+тель+ница. Инфикс түбірдің ішіне қыстырылады. Бұл латын тілінде бар, орыс тілінде жоқ. Ал суффикс түбірден соң жалғанады. Мысалы: бала+лық, жылқы+шы, работ+ник, учи+телъ, дом+ик.

Орыс тілінде префикс пен суффикс бар. Қазақ тіліндегі жұрнақ орыс тіліндегі суффикске сәйкес келеді де, түбірден соң жалғанады. Түркі тілдерінде орыс тіліндегі тәрізді префикстер жоқ. Түркі тілдерінің бірі – қазақ тіліндегі бей+маза, бей+таныс, бей+уақ, бей+хабар, на+разы, на+мақұл деген сөздердің құрамындағы бей-, -на морфемаларының префикс екендігі рас. Бірақ ол қазақ тілінде префикс ретінде қызмет атқармайды. Бей-, на- префикстері иран тілдерінен енген сөздердің құрамында ғана қолданылып, сол сөздермен бірге келген, бөлшектенбейтін біртұтас тұлға (форма) ретінде ұғынылады.

Жалғаулардың жұрнақтардан айырмашылығы – жұрнақгар сөз тудырса, жалғаулар форма тудырады. Сөз тудырушы жұрнақ өзі жалғанған сөзіне жаңа мағына үстеп, туынды сөз жасайды.

Жасалған туынды сөздердің әрқайсысы дербес лексикалық бірлікке (сөзге) айналып, бүтін сөз ретінде қаралады. Мысалы, су деген түбірге жұрнақ жалғасақ, су+лы, су+лык, су+ла, су+лан+дыр+у деген туынды сөздер жасалады. Бұлардың мағыналары әр басқа. Ал сол су деген түбірге жалғау жалғасақ, су+ға, су+ым, су+лар деген сөз формалары жасалады. Бұл соңғы сөздердің лексикалық мағыналары – біреу ғана, ал формалары – әртүрлі. Ол жалғаулар тек грамматикалық мағыналар туғызады. Айталық, су+ға дегенде – септік мағына, су+ым дегенде – тәуелділік мағына, ал су+лар дегенде – көптік мағына бар.

Жалғаулар әр уақыт тек грамматикалық мағына туғызады десек біз қателесеміз. Кейде оның жұрнақ орнына жұмсалып, лексикалық мағына да туғызатын кездері болады. Мысалы, босқа, текке, бекерге, кешке деген сөздерді тарихи тұрғыдан бос+қа, тек+ке, бекер+ге, кеш+ке деп, түбір және аффикстік морфемаларға жіктеуге болады. Мұндағы -қа/-ке, -ға/ге аффикстері барыс септік жалғауы екендігі ақиқат. Бірақ олар бұл жерде сөз түрлендіруші қызметінен айырылып, сөз тудырушы қызметке ауысқан. Сөйтіп, олар өзі жалғанған сөздерді үстеулерге айналдырған. Тіліміздегі жатыс, шығыс, көмектес септіктерінің жалғаулары да дәл осындай қызмет атқара алады. Мысалы: баяғы+да, күн+де, әуел+ден, кенет+тен, төте+сі+нен, рет+і+мен, кезек+пен т.б.

Қазақ тілінде -у жалғауы жалғанған біраз етістіктер тұйық етістік формасынан зат есімдерге айналған. Мысалы: жабу, егеу, көсеу, қашау, бояу т.б. Бұлардың құрамындағы -у морфемасы о баста форма тудырушы (тұйық етістік формасы) қосымша болған. Қазір ол форма тудырушы емес, сөз тудырушы жұрнақ ретінде танылып жүр. Шындығында да солай. Ол тұйық етістіктің жалғауы бола тұрып, кейінгі ғасырларда зат есім, сын есім (бітеу, түзу) тудыратын жұрнақтарға айналған. Сондықтан, қазіргі кезде оны (У морфемасын) қазақ тілі оқулықтарында «тұйық етістіктердің жұрнағы» деп атайды.

Сөз таптарының шығуы мен дамуы.

Бірсыпыра зерттеушілер сөз таптарының шығуын мүшелерімен байланыстырады. Мысалы, акад. И.И Мещанинов өзінің «Сөйлем мүшелері мен сөз таптары» (М., 1945) деген кітабында былай деп жазды: «Сөйлемде зат есім – бастауыш немесе толықтауыш, сын есім – анықтауыш, үстеулер – пысықтауыш, етістіктер – баяндауыш ретінде жұмсалады. Олай болса, сөз таптары сөйлем мүшелері болу арқылы бөлініп шықты», - дейді.

Бұл пікір онша дәл емес. Мүмкін кейбір сөз таптары (мысалы, үстеу) солай жасалынса, жасалған шығар. Бірақ барлық сөз табы сөйлем мүшелерінен бөлініп шықты деу әр уақыт дұрыс бола бермейді. Мәселен, зат есім, сын есім, етістік дегендер өз алдына жеке-жеке жасалуы немесе бірінен-бірі бөлініп шығуы әбден мүмкін.

Ескерте кететін нәрсе: бұл құбылыс бірден бола салған жоқ. Ол тарихи даму барысында біртіндеп жасалып қалыптасты. Аталған ойды тіл білімінің әйгілі білгірлері А.А.Потебня мен В.М.Жирмунскийлер де айтқан болатын.

Мәселен А.А.Потебня: «Сын есімдер зат есімдерден бөлініп шықты. Зат есімнен сын есімнің бөлініп шығуы дегеніміз зат есімнің (анықтауыш) мүше ретінде қолданылуы деп жазды, өзінің 1899 жылы шыққан» «Из записок по русской грамматике» деген еңбегінде (ІІ бөлім, 86-6.).

Көне дәуірде зат есімдер мен сын есімдердің жігі ажырамаған. Мысалы, жас, көк сөздерінің әрі зат есім (жас келсе іске, ертең көкке шығалық), әрі сын есім (жас бала көк шөп) болуы сол көне құбылыстың ізі екендігін көрсетеді. Тілімізде әрі зат есім, әрі сын есім болатын сөздер (ыстық, жарық, салқын, суық) ғана емес, әрі зат есім, етістік болатын сөздер де бар. Мысалы: көш (көш келе жатыр, бүрсігүні жайлауға көш) той, тоң, ық, т.б. Кейде тіпті бір сөздің өзі үш түрлі сөз табына жатуы мүмкін. Мысалы: ауыру – зат есім (ескі ауру), ауыру – сын есім (ауру жүрек) ауыру – етістік (ішінің ауыруы жанына қатты батты). Бұлар - лексикалық омонимдер. Бұлардың зат есім сыңары - зат есімдерше, сын есім сыңары – сын есімдерше, етістік сыңары – етістіктерше түрленеді, олардың әрқайсысына тән категориялармен сипатталады.

Бұл нені көрсетеді?

Бұл – зат есімдер мен сын есімдердің, етістіктердің, үстеулердің дамуы барысында біртіндеп жігі ажырап, дербес лексика-грамматикалық категориялар ретінде қалыптасқандығын көрсетеді. Яғни сөздер қолданылу ыңғайына, атқаратын қызметіне, мағынасына қарай сараланады, топтасады. Осылайша дамудың барысында сөз таптары жасалады.

Сөз таптарының бірден пайда болмай, тілдің тарихи даму барысында біртіндеп жасалатындығын үстеулердің сөз табы ретінде қалыптасуынан да көрінеді. Мысалы: қазақ тілінде босқа, зорға, бірге (барыс сеп.); кейде, қапыда, бірде (жатыс сеп.) жүресінен, кенеттен, (шығыс сеп.); жайымен, ретімен (көмектес сеп.); орыс тілінде: вечером, порой, издавна, вплотную т.б. Бұлар – үстеулер. Олардың түбірлері – зат есімдер (қапы, жайы, реті), сын есімдер (бос, зор), сан есімдер (бір), есімдіктер (кей). Бұл есім сөздерге септік жалғаулары жалғанып, пысықтауыш қызметінде жұмсалу барысында үстеулерге айналған. Көрсетілген үстеулердің құрамындағы жалғаулары сол сөздердің айрылмайтын бөлшегіне айналып, көнеленіп кеткен. Оларды сөздердің түбірінен бөліп алып қарастыруға болмайды. Олар түбірге сіңісіп кеткен. Сөйтіп, сөз лексикаланып, пысықтауыштық қызмет атқарып, басқа сөз табына айналған.

Яғни есімдерден үстеу сөздер жасалыну үшін үш түрлі шарт керек екен. Олар:




  1. Есім сөздерге септік жалғауларының біреуі жалғанып, оның әбден орнығып калыптасуы және көнеленуі;



  1. Олардың мағына жағынан әуелгі төркіндерінен алшақтауы;




  1. Пысықтауыш қызметінде жұмсалынуы.

Қазақ тілінде көсемше формалы етістіктердің пысықтауыш қызметінде үнемі жұмсала келіп, әбден қалыптасуынан және ондай формалардың көнеленуінен жасалған үстеулер де бар. Мысалы: аздап, аз-аздап, қайыра, жағалай, таласа-тармаса, т.б. Бұлардың көсемшелерге тек форма жағынан ғана ұқсастығы бар. Әйтпесе олар – үстеулер.

Олардың үстеу екендіктерін мыналардан көруге болады:


  1. Бұларға тікелей жіктік жалғаулары жалғанбайды;



  1. Олар сөйлемде баяндауыш болып қызмет атқармайды;




  1. Бұл сөздерде етістіктерге тән шақтық, жақтық т.б. қасиеттер жоқ;



  1. Бұлар сөйлемде тек пысықтауыш болып қызмет атқарады;




  1. Бұларға етістіктерге жалғанатын болымсыздық жұрнағы (-ма, -ме) қосылмайды.

Қазақ тіліндегі сүзеген, тебеген, қабаған, жатаған тәрізді сөздер формасы жағынан – есімшелер. Бірақ бұлар тілдік табиғаты жағынан – сын есімдер. Өйткені олар ұдайы анықтауыш қызметінде жұмсала келіп, өздерінің есімшелік мағыналарынан айырылып калған да, сын есімдерге айналып кеткен.

Сөз таптарының бір-біріне ауысуы сөздің лексикалық мағынасының өзгеруімен тығыз байланысты. Лексикалық мағынада өзгеріс болмай тұрып, бір сөз табының басқа бір сөз табына ауысуы мүмкін емес. Мәселен, жоғарыда айтылғандай, ауыру деген тұйық етістік семантикалық жақтан дами келіп, бұл күнде сын есім мағынасында да (ауру адам), зат есімі мағынасында да (ауруды емдеу) қолданыла береді. Қазір зат есімдер болып қалыптасып кеткен егеу, көсеу, бояу, жабу деген сөздер де тұйық етістіктердің заттануынан жасалғандар. Бұл сөздер, сонымен бірге, етістік қалпын да сақтап қалған. Сондай-ақ, батыр, ер, қарт деген сын есімдер субстантивтеніп, зат есім түріңде де қолданыла береді.

Сөйтіп, сөз таптары бір-біріне ауысып жатады. Ол ауысу сөздердің лексикалық мағыналары мен грамматикалық мағыналарының өзгеруі нәтижесінде іске асады. Бір сөз табының екінші бір сөз табына ауысуына қарай ғылымда олардың атаулары да әртүрлі болып келеді. Мысалы, басқа бір сөз табы зат есімге ауысса, оны субстантивтену (больной, ученый, трое), сын есімге ауысса – адьективтену (қашаған, сүзеген), есімдікке ауысса – прономиналдану (біреу келіп кетті), үстеуге ауысса – адвербиалдану (күнде, кешке, босқа, лажсыздан, қайта, жата-жастана), шылауға ауысса - конъюнктену (күн ашық, әрі ыстық), етістікке ауысса – вербалдану (Махамбет – ақын, Махамбет – батыр) деп атайды.

Шылаулар да бір кездері жеке-дара қолданылатын дербес мағыналы атауыш сөздер, олардың кейбіреулері мағыналары солғындап, дербестігінен айырылып, көмекші сөздерге айналуы нәтижесінде бірте-бірте қалыптасты, сөйтіп, жеке категория болды. Мысалы: шейін (шек+ін), сияқты (сиық+ты), бойы (бой+ы), жөнінде (жөн+ін+де), шамалы (шама+лы) деген септеулік шылаулар есімдермен тектес, ал дейін (де+й+ін), қарай (қара+й) тәрізді септеулік шылаулар етістіктермен тектес.

Қорыта келгенде, сөз таптары бірден емес, тілдің тарихи дамуы барысында біртіндеп сараланды, дамыды. Олардың әрқайсысы өзіндік жалпы категориялды мағынаға ие болады, морфологиялық жағынан тұлғаланады. Сөз тудырушы және сөз түрлендіруші арнайы формаларға ие болып, сөйлемде белгілі бір синтаксистік қызмет атқаруға икемделеді.

Сөз таптарының топтастырылуы.

Тіл білімінде сөз таптарының табиғаты жайында әртүрлі көзқарастар бар. Мәселен, А.А.Потебня, А.А.Шахметов, И.И.Мещанинов, В.В.Виноградов сияқты ғалымдар сөз таптарын лексика-грамматикалык категория деп қарайды. Бұлардың пікірінше, әрбір сөз табының мағынасы сөздің лексикалық мағынасы мен грамматикалық мағынасынан құралады.

Ф.Ф. Фортунатов болса сөз таптарын морфологиялық-грамматикалық (формальды-грамматикалық) категория деп қарайды. Ол сөздерді алдымен «түрленетін» және «түрленбейтін» (үстеу) сөздер деп топтастырады да, түрленетін сөздерді «септелетін» (зат есімдер), «жіктелетін» (етістіктер) сөздер деп, іштей тағы да жіктейді.

О.П.Суник пен А.А.Реформатскийлер сөз таптарын таза грамматикалық категория ретінде қарастырады. Мәселен, О.П.Суниктің пікірінше, тіл білімінде сөз таптарын топтастыруда негізге алынып жүрген заттылық (зат есімдерге тән), анықтауыштық немесе атрибутивтік (сын есімдерге тән), іс-әрекеттік немесе процессуальдық (етістіктерге тән) мағыналарды жалпы грамматикалық мағыналар деп қарап, бұларды басқа сөз таптарынан ажырататын белгілер деп есептейді.

Сөз таптарын лексика-грамматикалық категория деп қарайтын ғалымдардың пікірлері дұрыс. Өйткені сөз таптары, шындығында да, бір-бірінен тек грамматикалық жағынан ғана емес, сонымен бірге, олар лексикалық мағынасы жағынан да ажыратылады. Мәселен, зат есімдерге тән мағына - заттылық мағына, сын есімдерге тән мағына - атрибутивтік мағына, етістіктерге тән мағына – процессуальдық мағына. Бұлар – олардың сөз табы ретіндегі мағыналары. Бұл мағыналар әр сөз табына енетін күллі сөздердің бәріне ортақ.

Сөз таптарына тән категориялды (жалпылама ортақ) мағынаны сөздің лексикалық мағынасымен де, оның грамматикалық мағынасымен де шатастыруға болмайды. Сондықтан да, бұл мағына, сөз таптарына тән жалпылама ортақ мағына тіл білімінде – жалпы категориалды мағына деп аталынады (ол сөздің лексикалық мағынасы мен грамматикалық мағынасының жалпылану арқылы бірігуінен жасалады).

Сонымен, сөз таптары бір-бірінен, біріншіден, жалпы категориялды мағыналары жағынан ажыратылады, екіншіден, олар өздеріне тән грамматикалық белгілері арқылы (көптелу, жіктелу деген сияқты) ажыратылады. Грамматикалық белгілердің өзі екі түрлі. Оның бірі -морфологиялық белгі, екіншісі – синтаксистік белгі.

Морфологиялық белгінің қатарына сөз тудыру формалары (жұрнақтар) мен сөз түрлендіру формалары (жалғаулар) енеді. Мысалы: етік+ші, өн+ім – зат есімдер; дене+лі, тұз+ды, айт+қыш, тап+қыш - сын есімдер; таға+ла, шеге+ле, қан+а, өрт+е - етістіктер. Бұлар - сөз тудырушы аффикстер арқылы жасалған. Ол аффикстер әр сөз табына телініп, олардың грамматикалық белгісі ретінде қызмет атқарып тұр.

Ал үй+лер, қала+ға, кіші+рек, кел+ді+к, бар+са деген сөздер түрлендіруші формалар арқылы жасалғандар. Бұл сөздердегі жалғаулар да жоғарыдағы жұрнақтар сияқты бір сөз табын екінші сөз табынан ажыратуға себепші болып тұр. Мысалы, осы сөздердегі -лар, -ға жалғаулары зат есімдерге тән болса, -рек сын есімдерге тән. Ал ді+к пен -са жалғаулары етістіктерге тән. Бұлар – тиісті сөз таптарын сипаттайтын морфологиялық белгілер.

Сөйтіп, морфологиялық белгі дегеніміз – бір сөз табындағы сөзді басқа бір сөз табындағы сөзден ажырататын грамматикалық формалардың белгілі бір жүйесі.

Ал синтаксистік белгі дегеніміз – белгілі бір сөз табына қатысты сөздердің сөйлемдегі қызметі, яғни сөйлем мүшесі болу қызметі мен олардың басқа сөздермен тіркесу қабілеті. Айталық, зат есімдер етістіктермен тіркеседі де, бастауыш немесе толықтауыш қызметін атқарады. Бұл – оның жалпы категориялды мағынасы; олар – заттық, ұғымдық мағыналармен тығыз байланысты.

Сын есімдер мен сан есімдер зат есімдермен емін-еркін тіркесе алады. Бұлай болуы занды да. Өйткені сапа, сан әрқашан затқа телулі болады. Осыған орай сын есімдер мен сан есімдер анықтауыш қызметінде жұмсалады. Бұл жердегі бағынышты мүше – сын есімдер мен сан есімдер.

Үстеулердің сөйлемдегі негізгі қызметі – пысықтауыш болу. Олар етістіктермен тіркесіп (олардың алдында тұрып), іс-әрекетін қимыл-сынын, мезгілін, мекенін, күйін білдіреді.

Етістіктердің негізгі қызметі – сөйлемде баяндауыш болу. Ол бастауыштың іс-әрекетін, қимылын білдіреді.

Бұл айтылғандарға қарап, зат есім тек бастауыш пен толықтауыш, сын есім мен сан есім – анықтауыш, үстеу – пысықтауыш, етістік — баяндауыш болудан басқа ешқандай сөйлем мүшелері бола алмайды екен деген ұғым тумасқа тиісті. Олар қолданылу ыңғайына қарай сөйлемде кез келген мүше бола алады. Бірақ жоғарғылардан басқа қызмет атқаруы – оларға тән басты қызмет емес, қолданылу барысында туған, екінші қатардағы қызмет.

Атаушы сөздерді мынадай сөз таптарына бөліп қарауға болады: зат атауын білдіретін – зат есім, заттың әртүрлі сынын, қатыстық белгісін білдіретін – сын, заттың сандық мөлшерін білдіретін – сан есім, есім сөздердің орнына жүретін орынбасар сөздер есімдік, қимыл, іс-әрекетті білдіретін – етістік, қимыл, іс-әрекеттің әртүрлі сипатын (амалын, мекенін, мезгілін, мақсатын, себебін т.б.) білдіретін – үстеу, әртүрлі дыбыстарға, қимыл-қозғалыстарға еліктеп аталатын – еліктеу сөздер болып бөлінеді. Осы атаушы сөздерден басқа көмекші сөздердің бір түрі шылаулар және одағай сөздер мен модаль сөздер де жеке-жеке сөз табы болып қаралады, өйткені олардың жеке лексикалық мағыналары болмаса да, өзі қатысты сөзге я сөйлемге қосымша грамматикалық мән үстейді немесе ойға қатысты (көңіл күйін білдіру я модальдық) мәндер қосады.



Қазақ тілінде мынадай сөз таптарын көрсетуге болады.


  1. Зат есім 6. Етістік



  1. Сын есім 7. Еліктеу сөздер




  1. Сан есім 8. Шылаулар



  1. Есімдік 9. Одағай




  1. Үстеу 10. Модаль сөздер


Қорыта айтқанда: сөз таптары дегеніміз – бір-бірінен 1) жалпы категориялды мағынасы, 2) морфологиялық 3) синтаксистік белгілері арқылы ажыратылатын, лексика-грамматикалық (дұрысы семантика-грамматикалық) сипатқа ие сөздер тобы.

Достарыңызбен бөлісу:




©www.dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет