Тарихи аңыз-әҢгімелер



бет1/2
Дата19.02.2024
өлшемі75.88 Kb.
#492383
  1   2
ТАРИХИ АҢЫЗ


ТАРИХИ АҢЫЗ-ӘҢГІМЕЛЕР

Ауыз әдебиетте аңыз-әңгімелер елеулі орын алады. Өйткені әуел баста жазу, баспасөз шықпай, дамымай тұрғанда ел басынан өткен тарихи уақиғалар, ел басқарған адамдар, айнала қоршаған табиғат құбылыстары жайындағы мәліметтер мен ұғымдарды ауызекі сөзбен баяндайтын бұл халық шығармаларының білім берерлік, өмір танытарлық мәні, маңызы үлкен.


Онда әлденеше ұрпақ өкілдерінің бастан кешкені, көргені мен естігені, екінші сөзбен айтқанда тәжірибесі жинақталған, қорытылған. Алдыңғы буынның кейінгі буынға айтар ақыл-ойлары, аманат өсиеттері сақталған және олар ондаған, жүздеген ақыл-ой иелерінің, тіл-сөз шеберлерінің сыны мен өңдеуінен өткен. Сондықтан жалпы халық шығармаларының, оның ішінде аңыз-әңгімелерінің мәліметтік маңызымен бірге ғибраттық, эстетикалық мәні де зор.
Қазақтың ауыз әдебиеті туралы ғылымы, негізінде, Ұлы Октябрь социалистік революциясынан бері және орыс фольклортану ғылымының игі ықпалымен, үлгісімен өсіп өркендеді.
Белгілі совет фольклоршыларының анықтауынша аңыз-әңгіме – ерте кезде өткен тарихи уақиғалар мен тарихи адамдар жайында баяндайтын, атақты жер-сулардың, қалалар мен селолардың қалай пайда болғанын түсіндіретін, қарасөзбен ауызекі тараған сюжетті эпикалық шығарма. Онда шын фактілермен, уақиғалармен қатар ойдан шығарылған нәрселер де аралас жүреді.
Аңыз-әңгімелер жанрлық жағынан ертегілерге және тарихи жанрларға жақын. Алайда ертегілерде қиялдан шығарылған фантастикалық уақиғалар, жын-сайтан, дию-пері, мыстан, жезтырнақ, жалғыз көзді жалмауыз секілді жасанды, құбыжық кейіпкерлер басым болса, аңыз-әңгімелерде реалистік уақиғалар, тарихи адамдар басым. Сондай-ақ құрылысы мен пішіні жағынан аңыздарда ертегілердей қалыптасқан дәстүрлі бастаулар («Ертек-ертек ерте екен, ешкі жүні бөрте екен…») және аяқтаулар («Сөйтіп, мал малданып, жан жанданып кетіпті…») болмайды.
Мазмұн, сюжет жағынан алғанда аңыз-әңгімелер тарихи жырларға жақын, бірақ олардан құрылысы мүлде басқаша: жыр өлеңмен, аңыз қарасөзбен айтылатынын атасақ та жеткілікті. Егер ертегілер мен тарихи жырларда бірнеше уақиғалар, әлденеше қаһармандардың өмірі мен әрекеттері қас-қабат жүретін болса, аңыз-әңгімеде шағын, шегене бір-екі уақиғаның, бірді-екілі кейіпкерлердің іс-әрекеттері баяндалады және әңгіме реалистік уақиғаларға, тапқырлық ойларға құрылады, нақыл, тақпақ сөздерге бай болады.
Аңыз-әңгімелерді мазмұнына, тақырыптарына қарай жүйелеу, жіктеу орыс фольклортану ғылымында ХХ ғасырдан басталады. А.П.Андреев1 орыс фольклорындағы аңыздарды «тарихи және жергілікті аңыздар» деп екіге бөледі. Осылай бөлуді Т.М.Акимова қолдай келіп: «Тарихи аңыздарға халық өміріндегі елеулі тарихи уақиғаларды жатқызуға болады. Ал жергілікті аңыздарға қалалар мен селолар, олардың аталуы, салынуы, атақты адамдары жайында баяндалатын әңгімелер жатқызылуға тиіс»2, – деп анықтайды.
Аңыз-әңгімелерді тақырыбына қарай осылай екі топқа бөліп жүйелеуді белгілі фольклористер С.Н.Азбелев те3, В.Е.Гусев те, В.К.Соколова да4 жақтайды. В.К.Соколова тек «тарихи және топонимикалық» деп атауды жөн көреді. Әрине, аңыздардың бұлай бөлінуіне қанағаттанбайтын да ғалымдар бар. Мәселен А.И.Никифоров мифтік (тәңір, әулие, жын, т.б.), натуралдық (өсімдік, жануарлар, т.б.) және тарихи (уақиғалар, жер-сулар, халықтың шығу тегі, т.б.) аңыздар деп бөлуді жақтаса, К.В.Чистов5 тарихи6 аспан дүниесі, халықтың шығу тегі, жан-жануарлар, жер-сулар туралы аңыздар деп жіктеуді ұсынады.
Бұдан шығатын қорытынды: аңыз-әңгімелердің түрлері көп және оларды жүйелеуде жетекші фольклоршылар әзір бір пікірге, бір тұжырымға келе қойған жоқ.
Жоғарыда аталған тақырыптар қазақ аңыз-әңгімелерінде де бар. Атап айтқанда, қазақ халық аңыздарында тарихи (уақиғалар, адамдар), жер-су аттары, аспан-әлем жаратылысы, ру-тайпалар, т.б. туралы аңыз-әңгімелер сақталған. Қазақ аңыз-әңгімелерінде кездесетін кейіпкерлер: Мұхаммед пайғамбар, Әзірет Әлі, Тақ Сүлеймен, Қыдыр әулие, Рашит патша, балуан қыз Дариха, Әзірет Әлінің баласы Мәді, тағы сондайлар. Қазақ еліне ислам дінімен бірге араб, парсы әдебиеті арқылы келген ондай аңыз-әңгімелер халық арасына сол қалпында көп тарай қоймаған. Бірен-саран діншіл, кітапшыл ақын-жыршылардың өлең-жырға аударып таратпақ болған әрекеттерінен де онша нәтиже шықпаған. Сондықтан ертегі аңыздарға қарағанда қазақ ауыз әдебиетінде аңыз-әңгімелер әлдеқайда аз, бары дастан-хисса түрінде ұшырасады. Біз бұл шағын зерттеуде, негізінде, халық аңыздарына, солардың ішінде тарихи аңыз-әңгімелерге тоқталамыз.
Тарихи аңыздар халық өмірінің, күресінің шежіресі, елесі іспетті. Оларда жалпы түркі тектес халықтардың ру, тайпа болып жүрген, әлі дербес халық, хандық болып бөлінбеген кездерінен мағлұматтар беретіндері де бар. Мысалы, скиф-сактар жайындағы аңыздар, міне, сондай. Оларды жалпы түркі тілдес халықтардың, солардың ішінде қазақтың аңыз-әңгімелерінің алғашқы бастауы деуге болады.
Біз оларға, сондай-ақ қазақтың тарихи аңыз-әңгімелерінің үшінші дәуірлеріндегілеріне арнайы зерттеуімізде ораламыз.
Қазақ аңыз-әңгімелерінің көбісі тарихи адамдардың, белгілі қоғам, өнер қайраткерлерінің айналасына топталған.
«Анайылықтың төменгі сатысында-ақ адамның жоғары қасиеттері дами бастады, – дейді Карл Маркс, – адамгершілік, шешендік, діни сезім, турашылдық, ерлік, батырлық – жалпы мінез сипаттарына айналды, бірақ сонымен қатар қатыгездік, қайырымсыздық және фанатизм де бірге шықты»6.
Ежелгі грек, рим ертегі-аңыздарының кейіпкерлерімен байланысты айтылған бұл пікірдің қазақ аңыз-әңгімелерінің кейіпкерлеріне де қатысы бар. Бұл пікірдің туралығын қазақтың тарихи аңыздарын талдағанда айқын көреміз.
Біздің дәуіріміздегі ауызекі және ішінара жазбаша жеткен әдеби мұралардың ең арғысы – Қорқыт, Қожанасыр, Майқы және Аязби жайындағы аңыз-әңгімелер.
Ежелден ел аузында келе жатқан, халық жадында сақталған қазақ аңыздарының бірі – «Қорқыт». Қорқыт туралы аңыздың қысқаша мазмұны мынандай: ертеде Сыр елінде Қорқыт есімді бір белгілі адам болыпты. Ол Қазығұрт тауының бауырында, анасынан «мес» болып туады. «Месті» көрген жұрт үрейленіп қалады, тек анасы саспайды. «Менің туғаным жанды бала еді ғой» деп «месті» анасы жарып жібергенде бала жолдасының ішінен жас нәресте шығады. Қорқып тарай бастаған жұрт қайта жиналып: «бұл өзі дүниеге жұртты қорқыта келді ғой» деп атын «Қорқыт» қояды.
Қорқыт жасында түс көреді. Түсінде оған Қыдыр «Сен қырық жас жасайсың»7 деп аян береді. Қорқыт ержетіп, есейген соң астына желмая мініп өлімнен қашады, адамы өлмейтін ел мен жер іздейді. Бірақ өлім елесі оның күндіз өңінен, түнде түсінен кетпейді. Қорқыт далада қурап жатқан аң сүйектерін, қирап жатқан ағаштарды, құлап жатқан жартастарды көреді. Қайда барса да алдынан қазулы көр шығады. «Бұл кімнің көрі» деген сұраққа «Қорқыттың көрі» деген жауап естиді8.
Қорқыттың ажалдан қашып құтылмасына көзі жетеді. Оған «өлімді аузыңа алмасаң, өлмейсің» деген аян беріледі. Содан кейін Қорқыт өзінің туған еліне, Сырдарияның бойына қайтып келеді.
Бір күні байлаудан босанып кеткен өгізшесін қуып ұстай алмай ызаланып жүріп «қап, сені өлсем де ұстармын-ау» деп қалады, оған артынша өзі қатты өкінеді, өлім есіне түсіп, тағы да көзіне көр елестей бастайды. Қорқыт енді елден, жерден безіп суға жайласады. Дарияға кілем жайып, оның үстіне шатыр тігіп, қобызын тартып отыратын болады. Бірақ онымен де өлімнен құтылмайды, ажал қайрақ жылан болып ұрланып келіп шағады, ақыры содан жиһанкез қаза табады. Қорқыттың денесі Сырдарияның жағасына жерленеді, басына қыштан үлкен қорған соғылады, қорғанның ішіне қобызы бірге қойылады9. Содан былай Қорқыт есімі әулиеге, бейіті ауырған адам, перзент көтермеген әйел түнейтін қасиетті орынға айналады10.
Сөйтіп, қазақтың аңыз-әңгімелері бойынша Қорқыт күй атасы болып есептеледі. «Қазақ музыкасының атасы Қорқыт туралы аңыздардың философиялық терең мәні бар, – дейді академик Мұхтар Әуезов. – Өлімнен құтылуға болмайды дегенге Қорқыт мойынсұнбайды, ол елден безіп мәңгілік табиғаттың өзіне жүгінеді, бірақ оған тау да, дала да, орман да өлімнен қашып құтылмайтынын аңғартады. Сонсын Қорқыт шырғай ағашынан бірінші қобыз жасап, сонымен дүниеде тұңғыш рет күй шертеді, өнерден өлмес өмір табады»11.
Қазақтың бақсылары әрбір аурудың, кеселдің иесі бар, оны жырмен (жынмен), бимен (зікірмен) қорқытып қууға, аластауға болады деп сенген. Бақсы-балгерлерге ондай ой салған және алғаш бақсы сарынын үйреткен Қорқыт ата, сондықтан бақсылар Қорқытты ұстаз, пір тұтқан. Әрбір бақсы өзінің сарынын «Өлі десем өлі емес, тірі десем тірі емес, ата Қорқыт әулие...»12 деп бастаған ұстазынан пәрмен тілеп, оған әрқашан сиынған. Ш.Уәлиханов былай дейді. «Қазақта бақсыларға алғаш қобыз тартуды, сарын айтуды үйреткен Қорқыт жайында аңыздар бар»13. Қазақ бақсылары қобыз тарту мен бақсылық сарынды Қорқыттан үйренген деген пікірді Г.Н.Потанин, И.Кастанье және этнограф И.Чеканский де қуаттайды14.
Шоқанның пікіріне тереңірек үңілсек, Қорқыт – тек бірінші бақсы ғана емес, сонымен қатар бірінші жырау. Олай болуы түсінікті де. Өйткені Қорқыт заманында қобыздан ән-күй, ән-күйден өлең-жыр ажырамаған, жіктелмеген кезі болуға тиіс.
Дүние жүзіне әлі өлең тарамаған, адам баласы әлі өлең айтуды білмейтін атам заманда өлең жер бетін қалықтап ұшыпты-мыс. Өлең қай елдің үстінен төмендеп ұшып өтсе, сол ел, сол халық өлеңді көбірек, молырақ қамтып қалыпты-мыс. «Қазақ даласының үстінен өлең басқа елдерге қарағанда төмен қалықтап өтіпті, сондықтан қазақтар дүние жүзіндегі ең жақсы өлеңші болыпты-мыс».
Дүние жүзіндегі өлең өнерінің алғаш пайда болуы жайындағы қазақтың осы бір аңыз-әңгімесінің қысқаша мазмұнын келтіріп Г.Н.Потанин былай деп жазады: «Қазақтың бірінші бақсысы (шаманы) Қорқыт жайындағы халық аңыздарына қарағанда ол әрі қазақтың бірінші ақыны да болған деуге кейбір негіз бар»15.
Қазақ аңыз-әңгімелерінде айтылатын Қорқыттың даналық, көрегендік, қобызшылық, жыршылық қасиеттерін, сондай-ақ жер кезіп, ел аралап ауруға, кеселге қарсы күрескенін «Қорқыт ата кітабы» да растайды. «Қорқыт ата – оғыздардың басына түскен барлық қиын мәселелерді шешіп отырған. Қандай бір ауыртпалық кездессе де ел оны Қорқытпен ақылдаспай шешпеген»16, – деп жазылған кітапта.
«Қорқыт ата кітабында» Қорқыттың даналығын танытатын: «Ажал келмей кісі өлмейді», «Кісі баласы кісіге бала болмайды», «Ежелгі жау ел болмас» деген секілді оның атынан ондаған мақалдар мен нақылдар ұшырасады. Бір ғажабы – сондағы нақыл, мақал сөздердің бірсыпырасы қазіргі қазақ мақал-мәтелдер қорында қаз-қалпында сақталған.
«Кітаптағы» он екі жырдан құралған «Оғыз-наме» эпосының әрбір нұсқасы: «Менің бабам Қорқыт келіп жыр толғап, сөз сөйледі, осы жырды сол шығарды, сол құрастырды. Ол былай деді: «Олар бұл дүниеге келді, кетті, осылай керуендер де қонады, көшеді, оларды өлім ұрлайды, жер жасырады, Алдамшы дүние кімге баяндайды? Қара басына ажал келгенде аманатын әркімге тапсырады...»17 деген секілді жиһангездік батасымен басталып, өсиетімен аяқталады.
Қорқыттың ел аралап, жыр толғап, қобыз тартатыны, сондай-ақ сусынға «айран», «қымыз» (тексте солай аталады) ішетіні жырда әрдайым атап айтылады.
«Есте болатын бір жағдай, – дейді ғалым Халық Короғлы, – барлық жерде ол – данышпан, ақылгөй, оның сөзін барлығы тыңдайды, оның пікірімен елдің барлығы, бірі қалмай санасады, ел ең қиын жағдайларда Қорқытты еске алады, оған ең ауыр әрі хауіпті жұмыстарды сеніп тапсырады. «Қорқыттың кітабындағы» Қорқыттың негізгі міндеті – қобыз тарту, батырларды марапаттау, салтанатты жиындарда жыр толғау. «Қорқыт кітабының» барлық он екі жырында да ол «озанның» (ақын – Б.А.) қызметін атқарады»18.
«Қорқыттың ата-тегі – оғыз, түрік. Оғыздардың ата-мекені – ежелгі Түркістан, атап айтқанда: Оғыз елі Шығыста Ыссықкөл мен Алмалыққа дейін, Түстікте Сайрам, Қазығұрт және Қаражық тауларына дейін, Солтүстікте жез шығатын Ұлытау, Кішітауға дейін, Батыста Сырдың төменгі құйылысындағы Жанкент пен Қарақұмға дейін созылған»19 - деп жазады тарихшы Абулғазы.
Абулғазының жазуына20 қарағанда Қорқыттың әкесі – Қарақожа.
Академик В.В.Бартольдтың анықтауынша, Қорқыт өмір сүрген Х ғасырда Жанкент (ескі аты Яныкент) Оғыз елінің әкімшілік орталығы болған21.
Осы есіммен байланысты назар аударатын бір ескерткіш бар, ол қазіргі Жамбыл қаласындағы Қараханның мавзолейі. Мавзолей Х-ХІ ғасырларда салынған, кейін ескіріп құлай бастаған соң, қайта тұрғызылған22. Қараханды жергілікті қазақтар мен өзбектер Қарақожа әулие, тіпті қысқартып «Әулиеата» деп атаған, қала «Таразы» атынан «Жамбылға» дейін солай аталып та келді.
Қорқыттың туып-өскен жеріне, өмір сүрген дәуіріне және екі есімнің ұқсастығына қарап Қорқыттың әкесі осы Қарахан Қарақожа «әулие» емес пе екен деген ой келеді. Әрине, бұл әлі де болса құнттап зерттеуді, анықтай түсуді керек ететін мәселе.
Қорқыттың есімі және ол жайындағы аңыз-әңгімелер түрік тілдес халықтар арасына кеңінен тараған және ертеден мәлім. Бұл пікірді дәлелдеу үшін ол жайында өзбек әдебиетінің классигі Алишер Науаидің, әзірбайжан ақыны, «Ләйлі-Мәжнүн» хиссасының авторы Құлатаның шығармаларында аталатынын айтсақ та жеткілікті23.
Әр халық өзінің аңыз-жырларында Қорқыт атаға қазақ аңыздарында айтылатын қасиеттердің (даналық, көрегендік, бақсылық, жыршылық) үстіне жаңа сапалар қосып айтатыны байқалады. Мәселен, оған түркімендер күн жайлататын «жаңбыр иесі» ретінде жалбарынса, осман түріктері ауру-сырқаудан, пәле-жаладан сақтаушы Қыдыр қатарлы сиынған. Ал бұрын отқа табынған лезгиндер Қорқытқа өздерін алғаш мұсылман дінін әкелуші әулие – «имам» ретінде табынған24.
Әрине, мұның барлығы Қорқыт туралы аңыздардың көп елге жайылғандығын және көне дәуірден айтылып келе жатқанын, әлденеше халықтың, ұрпақтың өңдеуінен, екшеуінен өткенін көрсетеді. Сонымен бірге әр халықтың аңыз-әңгімелерінде Қорқытты өз тұрмысына бейімдеп, өз туысы етіп көрсетуге бой ұру тенденциясы да аңғарылады. Алайда аңыз-әңгімелер де, «Қорқыт ата кітабы» деп аталатын «Оғыз-наме» жыры да, сондай-ақ орта ғасыр тарихшылары Рашид-ад-дин мен Абулғазының жазып қалдырған деректері де Қорқыттың Түркістаннан, қазіргі қазақ жерінен шыққанын көрсетеді. Бұл мәселе жайында Қорқыт туралы аңыз-әңгімелерді «Оғыз-наме» жырларымен, түрік тектес халықтардың шежіре-тарихтарымен салыстыра мұқият зерттеген академик В.М.Жирмунский, – Таяу Шығысқа оғыздар арқылы жеткен, халықтың данышпан ақсақалы және ақылгөйі, ежелгі бақсы әрі жырау Қорқыт жайлы аңыздар алдымен өзінің бастапқы, Орта Азиядағы атамекенінде, соңғы уақытқа дейін Қорқыттың бейіті сақталып келген, халық аңыздарымен аяланған – бағзы заманда отқа табынған елде, сонымен қатар ресми мұсылман дінін қабылдаған екі дінді елде – Төменгі Сырдария бойында өмір сүрген»25.
Демек, жоғарыда айтылғандардан шығатын қорытынды – Қорқыт – Түркістан елінде, Сырдария бойында Х-ХІ ғасырларда өмір сүрген тарихи адам.
Қорқыт алғашқы қобызды жасап ән-күй, өлең-жыр шығарушы, дарынды күйші, данышпан ақын, ел басқарған хандардың, қол бастаған батырлардың ақылшысы, бұқара халықтың қамқоры делінеді. Ең маңыздысы – ол адамзаттың бақытты, баянды өмірі үшін күрескен, өнерді өлімге қарсы қойған тұңғыш бақсы, балгер. Ол – тек осы қасиетінің өзімен-ақ эпикалық тұлға, ұмытылмас кейіпкер.
* * *

Халық арасына көп тараған әңгімелердің бір тобы Қожанасыр атымен байланысты. Қазақ аңызы бойынша Қожанасыр жасынан ақылды, тапқыр, бірақ «аңқау» бала болып өскен.


Қожанасырға оқытушысы «күн неше сағат» деген сұрақ қояды. – Бүгін күн жиырма бес сағат, – деп жауап қайырады Қожанасыр.

  • Күн жиырма төрт сағат емес пе? – деп оқытушы ұрсады.

  • Кеше «күн енді бір сағат ұзайды» дегеніңіз қайда? 26 – дейді сонда Қожанасыр.

Міне, осы сияқты қаршадай күнінен айналасындағы үлкенді-кішілі адамдардың ісінен, сөзінен кеткен жаңсақтық, қателіктерді аңғарып, ол сынайды, түзейді. Екінші бір әңгімеде Қожанасыр бір еріншек, жалқаудан «қалың қалай?» деп сұрайды. Еріншек «тапсам ішім-жеймін, таппасам барына қанағат етемін де жатамын» дейді.
– Қанағатшылдығың біздің қаланың иттеріне ұқсайды екен27, – дейді Қожанасыр. Қожа ешкімге тікелей ақыл-өсиет, үгіт-насихат айтпайды, осы сияқты зілсіз, жанама сын арқылы замандастарының бойындағы оғаштықтар мен олқылықтарын сықақтайды, әшкерелейді.
Қожанасыр әңгімелерінің көпшілігі қанаушы үстем тап өкілдеріне: хандарға, бектерге, байларға, саудагерлерге және қожа-молдаларға қарсы бағытталған.
Бір аңызда Қожанасыр қарақшыларға қосылып ханның алтын қоймасына түседі, ханның қарауыл әкесін өлтіріп, ұрылар көтергендерінше құмыра-құмыра алтын алады. Олжа бөліскенде Қожанасырға бір құмыра алтын мен ханның өлі әкесі тиеді. Қожанасыр қуанып түнде үйіне әкеліп, әйеліне сыбырласа, әйелі төсегінен басын да көтерместен:
– Құмыраны алтынымен босағаға қоя сал, өлікті үйдің артындағы құрғақ құдыққа тастай сал! – дейді.
Қожанасыр әйелін сыйлайтын, сөзін тыңдайтын кісі екен, айтқандарын бұлжытпай орындап, қайтып келіп төсегіне жатып қалады. Қожанасырдың әйелі ері ұйықтаған соң орнынан тұрып, өлікті жерлеп, орнына буындырып бір текені тастайды, алтынымен құмыраны жерге көміп, оның орнына ішіне майда тас толтырып басқа құмыра қоя салады.
Ертесіне хан «қоймама ұры түсті, әкем жоғалды, ұрыны ұстап, әкемді тауып берген кісіге ат басындай алтын беремін» деп жар шақыртады. Бұл хабарды естіген Қожанасыр дереу ханға келіп:
– Ұрың мен, әкеңді де тауып беремін, ат басындай алтыныңды маған бер, – дейді. Сөйтіп, ханды нөкерлерімен үйіне ертіп келіп босағадағы құмыраны көрсетсе, ішіндегі алтын емес, тола тас. Сонсын, құдыққа ертіп келеді. Хан белінен арқан байлап құдыққа Қожанасырдың өзін түсіреді.
Қожанасыр құдықтың қараңғы түбінде жатқан өлікті сипаласа, қолына текенің жүні ілінеді.

  • Әй, әкең жүндес пе еді? – деп дауыстайды сыртта тұрған ханға.

  • Мынау не дейді, ей! Киімі шығар жөндеп қара! – дейді хан.

Қожанасыр енді текенің басын сипалап жіберіп:
– Әкең мүйізді ме еді, әй? – деді айқайлап. Хан ыза болып арқанмен Қожанасырды құдыққа тастап кетеді. Хан кетісімен әйелі Қожаны құдықтан шығарып алады. Сөйтіп, Қожанасыр ханды да осылай мазақтайды.
«Қожанасыр мен молда» дейтін әңгімеде дауыстап намаз оқып тұрған молданың бетіне қарап Қожанасыр көзіне жас алады. Іштей «менің мақамыма, үніме тебіреніп тұр-ау» деп сүйсінген молда намаздан кейін:

  • Қожанасыр, әлгінде неге жыладыңыз? – дейді.

– Сізге қарап кеше ғана өлген көк ешкім есіме түсіп көңілім босап кеткені, жануар маңырағанда сіз сияқты оның да сақалы селкілдеп, желпілдеп тұрушы еді,28 – дейді Қожанасыр.
Осы секілді «Хан мен Қожанасыр», «Қожанасырдың ораза ұстағаны», «Не болғанын артымдағыдан сұра», «Қожанасыр мен мырза», «Қожанасырдың қарыз беріп, қарыз алуы», «Қожанасырдың саудагерлерді ұтуы» деген ондаған әңгімелерде қара ниет хан, арамза молда, пасық бай, пайдакүнем саудагерлер мазақталады, масқараланады. Қожанасыр – қарапайым халық өкілі, ол сырттай қарағанда аңқау, момын, алданғыш. Бірақ «ақ пейілдің аты арып, тоны тозбайды», оның ақысы, есесі ешкімге кетпейді, оны ұры да, қу да ұтпайды. Керісінше оны алдаймын дегендердің өздері алданады, ұтамын дегендердің өздері ұтылады.
Бір аңызда Қожанасырдың үйін бір топ ұрылар тонап, үйдегі бар дүние-мүлкін арбаға тиеп әкетіп бара жатқанда Қожанасыр оянып кетеді. Орнынан атып тұрып астында қалған тоқымдай құрым киізді бүктеп қолтықтап алып, үй мүлкі тиелген арбаның артынан ереді. Тонаушылар жолға шыққан соң қараңғыда өз адамдарын санап түгендесе бір адам артық. Артық адамның кім екенін анықтаса, манағы үй иесі.
– Ей, сен қайда келесің? – дейді қарақшылардың біреуі үй иесін бүйірден түртіп.
Қарағым-ау, сендер менің үйімді көшіріп келе жатқан жоқсыңдар ма? «Қайда келе жатқандарың не?» – дейді Қожанасыр.
Қарақшылар біріне-бірі қарап «мынау бір әулие адам екен» деп алған дүние-мүлкін үйіне қайтып апарып тастап кетеді. Екінші бір аңызда Қожанасыр көлдің жағасында бір тоқтысын жайып отырса, қасына үш-төрт қу жігіттер келіп:

  • Қожеке, топан суы қаптап келе жатқанын естідіңіз бе? – дейді.

– Жоқ, шырақтарым, – дейді Қожанасыр.
– Нанбасаңыз, мына бәйтеректің басына шығып қараңызшы, көрініп те қалар, – дейді қулар.
– Қарасам қарайын, – деп Қожанасыр екі кебісін шешіп, екі қолтығына қысып ағашқа өрмелей бастайды.
– Қожеке, кебістеріңізді жерге тастап кетіңіз, қолбайлау болады ғой, – дейді қулар жаңа кебістерге қызығып.
– Топан суы тым жақындап қалса, кім біледі, айға қарай жол шығып одан әрі жаяу жүріп кеткендей болам ба, – дейді Қожанасыр кебістерін тастамай.
Қожекең теректің басына шығып айнала қарап жерге қайтып түскенше қулар тоқтыны сойып, от жағып, етін қазанға салып қояды.
– Жақын жерде ештеңе көрінбейді. Бұларың не, шырақтарым? – дейді Қожанасыр, тоқтының терісін көріп.
– Ақыр топан суы қаптап ертең дүние қарап болады. Бұйырған малға тіс тисін, бір күнде болса баққан малыңызды сіз жеп қалсын дедік, – дейді қулар.
Солай дейді де өздері шешініп суға түседі. Олар суға шомылып жатқанда Қожанасыр айналадан шөпшек теріп, от тұтатып, оған жағада жатқан киімдерді қоса жағып, етті пісіріп қояды.
– Қожеке, біздің киімдерімізді көрдіңіз бе? – дейді судан шыққан жігіттер.
Дүниеге топан суы қаптап, ақырзаман болса, киім де керек болмас, одан гөрі бір күн де болса жейтін тамақтарың піссін деп отқа жағып жібердім, – дейді Қожанасыр.
Міне, осы тақылеттес Қожанасыр әңгімелері алуан түрлі ажуа-күлкі болып келеді. Ол тек қанаушылар, дін иелері ғана емес, адам, қоғам өмірінде ұшырасатын кемшіліктерді, ерсіліктерді достық әзілмен, сыпайы күлкімен мінейді, шенейді. Тек біреуді, өзгені ғана кекетіп, келеке етіп қоймай, ақпейіл аңқаудың, ақылсыздың ролін ойнайтын артист сияқты өзі де ажуа, күлкінің объектісіне айналады, өзінің әзіл-қалжыңымен ешкімді де аямайды, елеусіз қалдырмайды. Ол жұрттың бәрімен: хан-қара, үлкен-кіші, әйел-еркек демей, құрбы-құрдасша, күйеу-жиенше қалжыңдаса, қалжақтаса береді. Оның сөзін, әзілін, сынын ешкім көңіліне алмайды, кек тұтпайды. Өйткені ол – халық өкілі, оның сөзі – халық даналығы. Алайда, ол да ойдан шығарылған кейіпкер емес, негізі – прототипі бар тарихи адам.
Қожанасыр – өзінің ақылды да күлдіргі әңгімелерімен қалың оқырмандармен қатар фольклорист ғалымдардың да назарын аударған әдеби кейіпкер, өнер қайраткері. Оның өмірін анықтауға отандастары, түрік зерттеушілері көп еңбек сіңірген және еңбектері нәтижелі болған. Қожанасыр атымен байланысты аңыз-әңгімелердің жинағын бірінші рет 1897 жылы Стамболда дербес кітап етіп бастырып шығарған да солар.
Қожанасыр әңгімелерінің жинағын түрік тілінен орыс тіліне аударып, ол туралы алғаш зерттеу-очерк жазып жариялаған – атақты совет тюркологы академик В.А. Гордлевский.
Түрік ғалымдары Мехмед Тевфих Чайлак, Стамбол университетінің профессоры М.Фуада Кепрелю және библиограф М.Тахир бидің зерттеулеріне сүйеніп В.А.Гордлевский Қожанасырдың өмір тарихын анықтады.
Қожанасыр шын аты – Қожа Насреддин. Қожа Насреддин имам семьясында туған, ескіше оқыған адам. Ол әуелде ел аралап диуана, күлдіргі және бақсы-балгерлікпен айналысқан, қыстақтық жерлерде әкесі сияқты имам болған. Кейінірек белгілі сейидтер мен қожалардың ықпалымен бақсылықты да, имамдықты да тастап, туған қаласы Ақшаһарда (Түркияда.– Б.А.) оқытушы болып істеген, сүйегі, құлпы тасы да сол қалада көрінеді.
Академик В.А.Гордлевский Ақшаһарға аты-жөні мен өлген жылы жазылған құлпы тасы жайында айта келіп, мынандай деректер келтіреді: «Екінші жақтан қайдағы бір Насреддин туралы жорамалды, күлдіргі әңгімелерінде жиі аталатын Қожа Насреддиннің туған жері Сиврихисар шаһарынан табылған осынау дерек толықтырады және тиянақтайды. Муфти Хасан ХІХ ғасырдың 80-інші жылдарында жергілікті архивтен тауып Қожа Насреддин хижраның 605 жылы (1207 ж. – Б.А.) Хорто қыстағында туған деп жариялаған. Оның әкесі Абдолла имам болған. Сейид Махмед Хайруни мен қожа Ибрагим сұлтанға еліктеп, ол (Қожа Насреддин. – Б.А.) хижраның 635 жылы қыстақтағы имамдығын тастап (міндетін шәкірті Мехмедке тапсырып) Ақшаһарға кеткен. Сонда хижридің 683 жылы (1285 ж. – Б.А.) өлген»29.
Бұдан шығатын қорытынды Қожанасыр заманында ақылды, білімді және халықшыл кісі болған. Саналы түрде діни қызметін, ата кәсібін тастап оқытушылықпен шұғылданған және өзінің сыншылдық, күлдіргіштік қабілетін әкімдерге, өсімқорларға және дінбасыларына қарсы жұмсаған.
Қожа Насреддин түрік тектес халықтан шыққанмен өзінің өткірлігі, сөздерінің тапқырлығы және халықшылдығымен түрік, араб, парсы, т.б. халықтардың ортақ әдеби қаһарманына, ал оның атымен байланысты аңыз-әңгімелер бөлінбес мұраға айналып кеткен. Сондықтан да оны әр халық, солардың бірі қазақ халқының да иемденуі, тіпті өз жерінде оған ескерткіш салуы да түсінікті30.
* * *

Қазақ ауыз әдебиетінде «Аяз би» аңызының алатын орны ерекше. Ол – мазмұны мен көркемдігі жағынан жазба шығармалардан кем түспейтін, біреу де болса бірегей әңгіме. «Аяз би» аңызының мазмұны мынадай. Адамның, құстың, шөптің жаманын тауып әкеліңдер деген Мадан ханның жарлығы бойынша уәзірлері адамның жаманы деп түсі қара, киімдері ескі, қой жайып жүрген бір жарлыны, құс жаманы деп қырғауылды, шөп жаманы деп шеңгелді ханға әкеле жатады. Жолда жаман қырғауылдың орнына сауысқанды, шеңгелдің орнына қарақоғаны алдырады. «Мен құстың жаманы – қырғауыл, шөптің жаманы шеңгел деп ойлаушы едім, сенің не білгенің бар?» – дейді хан алдына әкелген Жаманға. «Шеңгел мал жеуге жарамағанмен, отқа жағуға жарайды, ал қарақоға мал жеуге де, отқа жағуға да жарамайды. Қырғауыл сиықсыз, мамықсыз құс болғанмен еті жеуге жарамды, ал сауысқан түсі қандай ала болса, екеуі бірігіп ұшпайтын іші де сондай ала құс. Сондықтан да құс жаманы – сауысқан, шөп жаманы – қарақоға», – дейді Жаман. Ал өзінің «жамандығын» елуге келгенше өз алдына үй болмай кісі есігінде, жалшылықта жүрген талапсыздығымен дәлелдейді. Мұнымен халық әр нәрсе өмірге икемділігімен, адамға пайдалылығымен, түсімен емес ісімен, талабымен бағалы дегенді аңғартады.


Жаман ханның салмақтап көріп гауһар тасын, мініп көріп атын, мінез-құлқына қарай өзін сынайды. Өзеннен өткенде судан басын алмайтынына қарап атының сиыр ішінде өскендігін, қонақты киіміне қарай қабылдайтын әдетіне қарап ханның ата-тегі бекзат емес екендігін табады.
Хан ақылына разы болып оған хандық орын ұсынады, бірақ Жаман «...маған қамқорлығыңыз да жетеді» деп тақтан бас тартады. Мұнымен ол мансапқор емес, нысапшыл, кішіпейіл адам екендігін аңғартады. Бұлардың үстіне Жаман Меңдісұлудың жұмбағын шешіп, даналығын, сырын жасырып уәдесіне беріктігін көрсетеді. Осындай ақылдылығының, адамгершілігінің және табандылығының арқасында ол жар құшады, Мадан ханның ақылшысы, бас уәзірі болады. Сол үшін де оны уәзірлер күндейді, ханға жамандайды. Міне, осы үшін де Меңдісұлудың ақылдылығы, ақ некелі еріне адалдығы сыннан өтеді. Ол ақылмен ерін әлденеше рет қатерден, ханның қаһарынан қорғап қалады.
Аңызда Мадан хан да ақылды, әділ басшы кейпінде суреттеледі, оның шын әке-шешесі наубай-нан пісіретін еңбекші болып шығуы да кездейсоқ болмаса керек. Әзәзіл уәзірлер бүйте берсе бірімізді жазым қылар деп хан Жаманды қасынан, хандығынан шетке көшіртіп жібереді. Сонымен бірге уәзірлеріне мезгіл-мезгіл ауыр сауалдар қойып, оны шешу үшін Жаманға баруға мәжбүр етіп отырады, сөйтіп ақылды адамның қадір-қасиетін ақылсыз қызметкерлеріне таныта, тақсыретін тарттыра біледі.
Мадан хан қырық уәзірімен аң аулап жүріп бір ақылды қартпен кездеседі, онымен жұмбақтап сөйлеседі. Олардың сөздерін уәзірлері түсінбейді. «Хан үйіне келген соң, уәзірлеріне: – Мен не дедім, шал не деді?.. ойлануға бір ай уақыт беремін. Шеше алмасаңдар қырқың да өлесіңдер»31 – дейді.
Уәзірлер жұмбақты өз ақылдарымен шеше алмайды, ақыл сұрап ақыры Жаманға барады.
Жаман қырық уәзірді хан алдына өз ықтиярларымен жалаңаштап жаяу айдап келіп, жұмбағын шешіп, оларды жазалаудан арашалап қалады.
Мадан хан «Жаманның» ақылына, адамгершілігіне тәнті болып оған орнын, тағын береді, халық оны ақ киізге отырғызып хан көтереді. Аңыз «Жаман таққа мінген соң, ел арасына достық орнатыпты. Әр хандықтың адамдары өз елінен әділдік таппаса бұған келіп қосыла беріпті... Әділдігі үшін бес ханның елі Жаманға Аязби деп ат қойыпты»32 деген сөздермен аяқталады.
Аңыздың астарынан елді халықтан – бұқарадан шыққан тәжірибелі, ақылды, парасатты адам басқарса екен дейтін қауым тілегін аңғару қиын емес. Аязби аңызына, оның басты кейіпкеріне Қазақ совет энциклопедиясында берілген баға да соған саяды. Онда былай делінген: «Аязби, Жаман – қазақтың аңыз-әңгімесінің аты әрі кейіпкері, ел басшысы, қоғам қайраткерінің халық қиялынан туған үлгілі бейнесі... Аязби бейнесі елді қарапайым, ақылды, адал, қайырымды адам басқарса деген ежелгі халық арманын көрсетеді»33. Әрине, бұл – аңызға, аңыздың қаһарманы Аязбиге берілген әділ әрі лайықты баға. Алайда ол тек «халық қиялынан туған», екінші сөзбен айтқанда, ойдан шығарылған кейіпкер ме?
Алдымен аңыздың өзінде аталатын «Барсакелмеске» назар аударайықшы. Қазақ жерінде ежелден «Барсакелмес» аталатын бір ғана арал бар, ол Арал теңізінде. Совет археологтарының анықтауы бойынша Арал теңізінен екі жүз шақырымдай жерде Амударияның жағасында «Аязқала»34 деген көне қаланың орны табылды.
Сырдария (Яксарт) және Амудария (Жайхун) өзендерінің бойлары – ежелден бауырлас қазақ, қарақалпақ және өзбек халықтарының ортақ атамекені екендігі белгілі.
Ежелгі дүние тарихында бұл өлке Хорезм хандығы деп аталған және Қырым мен Қытай арасындағы үлкен Жібек жолдың бойында жатқан Хорезм хандығы Шыңғыс ханның шабуылына ұшырағанға дейін сәулетті қалаларымен, жоғары мәдениетімен, әсіресе, гүлжазира бау-бақшаларымен әлемге әйгілі болған. Ол жайында жиһангез саяхатшылар, жолаушылар жазып қалдырған деректер, мәліметтер аз емес. Солардың бірі Хорезмде 1131-1155 жылдар арасында екі рет болған араб саяхатшысы Әбу Хамид ал-Гарнати былай дейді: «Хорезм елі жүздеген мың шаршы километр аймақты алып жатыр, онда қалалар, қыстақтар және қамалдар көп. Соларда мен болған елдердің ешқайсысында кездеспейтін миуа жемістер өседі... Сондай-ақ құрма, мәнзалды шырын, қызыл, ақ жүзімдер өседі... Тағы басқа алма да, алша да, анар да бар. Олар сауда дүкендерінен жыл бойы үзілмейді және бейне бір баудан жаңа үзіп әкелгендей тіл үйіреді»35.
Одан әрі Әбу Хамид ал-Гарнати Хорезм тұрғындары мен ел басшыларының білімдарлығы мен мәдениеттілігін сүйсіне әңгімелейді. «Ал Хорезмнің тұрғындары, – деп жазады Әбу Хамид, – парасатты ғалымдар, ақындар және мейірбан жандар. Олардың уағыздаушысы ал-Муаффак Ибн Ахмад ал-Макки маған уәзір Аун ад-Дин мырзамен кездескенін айтты және «уәзірлер мен құрметті кісілерде Аун ад-Диннен асқан беделді, тақуа, қайырымды уәзірді көрмедім деді»36.
Аун ад-Дин Абул Музаффар Ибн Хубайра 1096-1165 жылдары Хорезм хандығында өмір сүрген, 1143 жылдан, яғни 53 жасынан (Аязби 50 жастан асқан соң уәзір болатын еді ғой) Мустафа мен Мустанжида хандарға уәзір болған. Жоғарыда келтірілген аңыздар мен жанама жазба деректерді салыстырғанда Әбу Хамид ал-Гарнати сипаттаған Аун ад-Дин уәзір ел аузында лақап атпен жүрген Аязби емес пе екен деген ой келеді.
Қызылорда қарияларынан жазып алынған екінші бір аңызда Аязби Хиуадан Арал теңізіне дейін ел аралап келе жатып, жолай Болфан деген ханымға кездеседі, екеуі бірге жүреді. Болфан – Шыңғыс хан Амудария мен Сырдария өлкесін басып алғаннан кейін сол жердегі бір тайпа елге хан сайлап кеткен әйел екен. Ханымның негізгі міндеті Шыңғыстың әскері үшін елден алым-салық жинау болса керек. Алым-салықты төлеуге шамасы келмеген немесе уақтылы төлемеген шаруалардың үйлерін, тіпті бүкіл қыстақтарды өртетіп, қиратып ханым халыққа өте қатал қарапты. Аязби мен Болфан бір қираған қыстақтың жанынан өтіп бара жатқанда бірі қираған қыстақтың дуалында, екіншісі әлсіз далада, ағаштың бұтағында қонақтап отырған екі байғұз кезек-кезек сұңқылдап «тілдеседі». Аязби құстың «тілін» біледі екен, екі құстың дыбыстарын тыңдап күледі. Қатар келе жатқан ханым:

  • Би неге күлдіңіз? – дейді.

Байғұздардың «сөздеріне» күлдім, – дейді Аязби.

  • Байғұздар не дейді?

Ағашта қонақтап отырған байғұз: «Сен сияқты бір қыстаққа мен қашан ие болар екенмін» дейді. Оған қираған қыстақтың дуалында отырған байғұз: «Асықпа, достым, Болфан ханым тірі болса, қыстақ түгіл қалаға да ие боларсың» дейді37.
Аңыздан Аязбидің Шыңғыс хан шапқыншылығына наразы, шабармандарына қарсы көзқараста болғаны және халық қамын ойлағаны байқалады.
Аязби сол сапарында Жем өзені бойында отырған Мөңке38 биге барып сәлемдеседі. Әңгіме арасында Мөңке:
Хиуа хандығы құрама ел еді, өз елің бар ма? – дейді Аязбиге. Аязби бірден түсініп жауап қайтара қоймаса керек. Сонда Мөңкенің шай құйып отырған қызы:
– Өз жұртың күншіл болады, қайын жұртың міншіл болады, нағашы жұртың нағыз жұртың – сыншыл болады. Нағашыңыз қай ел деп отыр әкем, – депті...
– Арсыздық неден, аңсыздық неден? – деп сұрайды Мөңке Аязбиден.
– Арсыздық жоқтықтан, аңсыздық тоқтықтан шығады, – деп жауап қайырыпты Аязби.
Аңыздан Аязбидің Хиуа хандығын басқарғандығы, ақылды адам болғандығы, сондай-ақ Мөңке бимен замандас, пікірлестігі аңғарылады. Бұл айтылғандардан Аязби бұрынғы Хорезм өлкесінде туып өскен, ХІ-ХІІ ғасырларда өмір сүрген, өзінің даналығымен, парасаттылығымен халық құрметіне, ел басқару дәрежесіне жеткен адам деп қорытынды шығаруға болады.
Қазақтың ХІІ-ХІІІ ғасырдағы тарихынан мағлұмат беретін аңыздардың бірі – «Майқы би». Майқы туралы аңыздардың бірі мынау: қырық сан Қырым, отыз сан Үрім39, он сан оймауыт, тоғыз сан торғауыт, он сан ноғай бөлінгенде Орманбет би өліп, Ноғайлы елі бір үріккен ала тайдан40 жау келіп қалған екен деп үрейленіп бүлініпті.
Сол заманда Қобан, Қоғам және Майқы есімді ағайынды үш кісі болады. Майқы тоғыз ханды қолдан таққа отырғызған кісі екен. Бұқара шаһарына Қырымнан келген қырық ханның бірі – Қызыл Арыстанның үлкен әйелінен ұл бала болмай, хан аяқ салған бір тұтқын қыздан ұл туады, ұлдың денесі сауысқандай ала болады. Бәйбішесі қызғаныштықпен ханға: «Мұны балам деп ойлама, көзін құрт, өйтпесең, түбінде бұл ержеткен соң еліңді ала тайдай бүлдіреді» дейді. Қызыл Арыстан бәйбішесінің сөзіне азып әскерлерінен қырық жігіт бөліп, олардың басшысынан «мына баланы тапқан шешесімен Сырдариядан әрі өткізіп тастаңдар, өлсе өлер, өлмесе өз бетімен күн көрер. Зихар шешесі де, бала да бұл елге қайтып келмейтін болсын, өздеріңе де бостандық», – дейді.
Қырық жігіт Сырдан өтіп, бала есейгенше Қаратау мен Алатау өңірінде аң аулап күнелтеді де, бала он екі жасқа келгенде бір жерге әкеп тастап кетеді. Балаға аң аулап жүрген Майқы бидің баласы Үйсін кез болады. Үйсін далада көргенін әкесіне айтып келеді. – Бір ағаштың түбінде отырған бала көрдім, ай десе аузы, күн десе көзі бар, көрген кісі қызығып бір қасық сумен жұтып жібергендей. Жалғыз-ақ айыбы – тілі жоқ екен, – дейді Үйсін әкесіне.
Майқы аяғы ақсақ, өмір бойы аяқ арбамен жүретін және арбасын адамға жетектететін кісі екен.

  • Балаға мені апарыңдар, мен тілдесіп көрейін, – дейді Майқы. Үйсінге ілеспеген, тіпті сөйлеспеген бала Майқыны көргеннен-ақ орнынан ұшып тұрып:

  • Ассалаумағалейкум, хан біткеннің қазығы, бұқара жұрттың азығы!41 – деп оған сәлем береді.

  • Уағалейкуміссалам, балам. Әменде аман бол! Өзің болайын деп тұрған ұл екенсің. Кел, арбаға мін! – деп баланы Майқы қасына отырғызып үйіне алып кетеді.

Ортан жілік ұстатып өкіл бала қылады, жорға бие сойып жоғарғы елді шақырып ұлан-асыр той жасайды. Бала ержеткен соң «ердің ері, егеудің сынығы» деп қасына өз баласы Үйсін бастаған жүз жігіт қосып беріп жолға аттандырады. – Қаратаудан асып әрі қарай жүре беріңдер, алдарыңнан Ұлытау, Кішітау деген таулар, Қаракеңгір, Сарыкеңгір деген өзендер кездеседі. Сол жерлерге барып аң аулап, ірге теуіп орнығыңдар, ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ел-жұрт болуды ойлаңдар. Күндердің күнінде осы бала хан болады, сендер қарашы боласыңдар. «Хан ақылды, әділ болса, қарашысы ынтымақты, батыл болса, қара жерден су ағызып, кеме жүргізеді», – деп Майқы бата береді.
Жүз жігіт Қаратаудан асып, Шу, Сарысу өзендерінен өтіп Майқының айтқан жерлеріне жетеді. Ұйқы бұзып жылқы алады, күйме бұзып қыз алады... Сөйтіп ел-жұрт бола бастайды, дабысы Қызыл Арыстан ханға жетеді.

  • Менің баламды қасына жігіт-желең ертіп желіктіріп жібергені қалай? Менен қалағанын алып баламды өзіме қайтарсын! – деп хан Майқы биге кісі салады.

  • Сендер барып келіңдер, – деп Майқы бірінші жүз жігіттің артынан Қобанұлы Болатқожа бастаған екінші жүз жігіт жібереді. Бірақ бұлар қайтпай сонда қалып қояды.

Қызыл Арыстан «баламды қайтарсын» деп мазалай берген соң Майқы Қоғамұлы Алшынды басшы етіп үшінші жүз жігіт жібереді, жігіттерге басшы болсын деп қастарына он бір қария қосып береді. Бірақ бұлар да қайтпайды.
Сөйтіп, Майқы би үйінде жатып-ақ үлкен іс бітіреді, Қазақ хандығының негізін салады.
Үш жүз жігіт алыстан мал алып, қалыңсыз қатын алып өсіп-өніп көбейген соң «ел-жұрт болғанымызды танытамыз» деп баяғы Қызыл Арыстанның баласын алашаға отырғызып, Ұлытаудың басында хан көтереді, атын Алаша хан қояды.
Алаша хан ақылды адам болады. Ұлытауға алғаш Үйсін бастап келген жүзді «Ұлы жүз – Үйсін» деп атайды. «Олардың міндеті – салықшы (жабдықтаушы) бұлар жауға шаппасын, артта тас-түйін болып (дайын) тұрсын» дейді хан. Ұлы жүздің ұраны «Бақтияр» болып белгіленеді.
Болатқожа бастап келген ортаншы жүзді «Орта жүз – Ақжол»42 (Болатқожаның лақап аты) деп атайды. Орта жүз тосқауылшы, ортада, ханның қасында жүрсін дейді. Орта жүздің ұраны «Ақжол» болып белгіленеді.
Соңғы келген Алшын бастаған жүзді «Кіші жүз – Алшын» деп атайды. Кіші жүз алда жүрсін, жауға алдымен шабатын болсын дейді. Кіші жүздің ұраны «Алдияр» болып белгіленеді.
Сөйтіп, аңыз Майқы биді, оның әлеуметтік қызметін қазақ халқының қалыптасуымен, алғашқы бір хандығының құрылуымен байланыстырады. Аңызда Майқы бидің тарихи еңбегі тағы да былай көрсетіледі: «Бетпақ шөлде «Таңбалы Нұра» деген жер бар. Сол таңбаларды да салдырған Майқы, онда үш жүз руларының таңбалары түгел қашалған. Қазақ руларының таңбаларына талас туса, сол тастан қарап ажырататын болған».
Сонсын, аңызда «Алаша ханның тамы (ғимараты) Қаракеңгірдің бойында, өзеннің батыс жағында43, күйдірген қыштан соғылған, ханның өзінен нәсіл-тұқым жоқ» делінген.
Абай Құнанбаев өзінің

Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©www.dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет